Негізгі бет / Жетістік тарихы / Лауреаттар / Географтар Географтар

БЕГМАНОВ АБДЫҒАЛИ САЛБЕКҰЛЫ


Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару Агенттігінің Алқа мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі  Бегманов Абдығали Салбекұлы 1955 жылы 23 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қызыл-Дихан елді мекенінде дүниеге келген. 

            1972 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын Алматы облысы, ҚазМҒЗИ ауылы Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығының жұмысшысы болып бастаған.

            1973 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне, 1974 жылы аталған университеттің география факультетіне оқуға түсіп, 1979 жылы бітірген. 1979 жылдың қазан айынан бастап, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының география факультетінде аға лаборант болып істеген.

            1980-1990 жж. аралығында комсомол және партия органдарында жұмыс істеді. Алматы облысы, Күрті ауданы, Т. Бокин атындағы совхоз комсомол ұйымының хатшысы, Алматы облыстық комсомол комитеті комсомолдық ұйымдар бөлімінің инспекторы, Алматы қаласы Москва аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Талғар аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Талғар ауданындағы «Алматы» колхозында аға экономист, Алматы облысы «Қараой» совхозы партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарған.

            ҚР Мемлекеттік жоспарлау комитеті, ҚР Мемлекеттік экономикалық комитеті төрағаларының көмекшісі, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі, ҚР Президент аппараты мен ҚР Министрлер кабинетінің Ұйымдастырушылық-инспекторлық және аймақтық дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі, бас инспекторы (1991-1996), ОҚО «Мичурин» атындағы жеміс-жидек шарап совхозының директоры, «Мичурин» агрофирмасының президенті (1993-1996), ҚР Үкімет аппаратының Аймақтық дамыту бөлімінің бас инспекторы (1997), ҚР Қаржы министрлігі Кеден комитеті «Достық» кеденінің бастығы, Алматы облысы бойынша Кеден басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары (1997-2004), ҚР Президенті Іс басқармасының іс-шараларға қызмет көрсету және сыртқы байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2006), ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттінің басқарма бастығы, аппарат басшысы (2006-2007), ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша өңіраралық жер инспекциясының бастығы (2007-2011), КР Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Жерге орналастыру мен жер ресурстарының мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы (МемЖерҒӨО)» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бас директоры (2011-2012) қызметтерін атқарған.

2012 жылғы қазан айынан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты (АШАІМИ)» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын директоры қызметін атқаруда.

2017 жылдан бастап  6М060900 және 6D060900 География, 6М090300 Жерге орналастыру, 6М090700 Кадастр мамандықтары  бойынша магистранттар мен докторанттарға кешенді емтихан тапсыру және магистрлік диссертацияны қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы.

2018 оқу жылынан бастап кадастр және жерге орналастыру мамандықтары бойынша магистранттарға лекция жүргізеді. «Қазақстан жер ресурстары. Земельные ресурсы Казахстана» журналының редколлегия мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекеттік аттестациялау комиссиясының төрағасы. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры, жер ресурстары және кадастр кафедрасының  құрметті меңгерушісі және диссертациялық кеңес құрамының мүшесі.

    «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрметті жерге орналастырушы», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгілері және Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық және қайта өңдеу мекемелері қызметкерлерінің кәсіподақтар одағы орталық комитетінің І, ІІ санаттағы «Еңбек даңқы», Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Айрықша еңбегі үшін» төс белгілері, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетіне 80 жыл», «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісінің ғылыми-зерттеу институтына 80 жыл», «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институтына 80 жыл» мерекелік медальдары, Қазақстан Республикасындағы Бизнес-рейтингінің Ұйымдастыру комитетінің «Слава Казахстана» ордені, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кеден басқармасының Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істерін басқару агенттігінің «Алғыс хаты»,  Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Алғыс хаты», Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Құрмет грамотасы», Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің «Құрмет» грамоталарының иегері.