Негізгі бет / Наша элита / Арын Берік Сақбайұлы Арын Берік Сақбайұлы

Арын Берік Сақбайұлы

 

Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі.

Берік Сақбайұлы 1969 жылы сол кездегі Талдықорған облысы Киров ауданы Мұқ ауылында туып-өсіп, 1986 жылы орта мектепті «алтын» белгімен бітірген. Жігерлі жігіт университетке өмірден сабақ алып, шыңдалып келген болатын. 1986-1987 жылдары туған ауылында жастардан құрылған құрылыс бригадасында бір жыл жұмыс істейді.

1987-1989 жылдары аралығында Марий автономиялық республикасында әскер қатарында азаматтық борышын атқарып қайтты. Елге оралған соң жоғары білім көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті араб бөліміне оқуға түсті. Терең білімі мен ішкі мәдениеті үйлесім тапқан Беріктің қатар құрбыларынан шоқтығы биік болды. Осы курста қазақтың ең дарынды, ең алғыр, өжет ұл-қыздары оқыды десе артық айтпаймыз. Шығыс тілдерін жетік меңгеріп, тәуелсіздік алған уақытта елімізге адал еңбек ете білген курстастардың ішінде Қазақстанның Иран елшілігінде Әбдімолдаев Бақтыбай консул, Оңалбаев Оңталап кеңесші қызметін атқарды, Адильбекова Жанар Иранда ҚазАзық Корпорациясында қызмет етсе, Қойшыбаев Ғабит, Нұрышев Шахрат, Нарысов Серік Қытайдағы ҚР елшілігінде, кейін Біріккен Шанхай мемлекеттерінде өздерін білікті маман ретінде көрсете білген курстастарым қатарында Арын Берікті ерекше атағымыз келеді. Үздік студенттер қатарында Мароккоға 1992-1993 жылдар аралығында тіл ұстартуға барғанда да ол өзін өзгелерге ұқсамайтын қырымен таныта білді. Мекнес қаласындағы Маулей Исмаил университетінде араб тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен тарихына қатысты пәндерді жеңіл меңгеріп, сол университет оқытушыларының ықыласына бөленгенін бірге оқыған достары әрдайым айтып жүреді. Оқуда озат, университеттің қоғамдық өмірінде болып жататын іс-шараларда белсенді Берікті адамгершілігі де жоғары жігіт деп бағалайтынбыз. Сегіз қырлы, бір сырлы, жігіттің сарбазы Беріктің болашағынан үлкен үміт күткенбіз, ол сеніміміз бүгінде ақталып отыр.

1994 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің шығыстану бөлімін бітіре сала, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, онда 1996 жылға дейін Таяу және Орта Шығыс пен Африка басқармасында референт, атташе қызметтерін абыроймен атқарды.

Әрдайым ізденіс үстінде, талмай ізденетін Берік Сақбайұлы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия академиясына түсіп, осы салада екінші жоғары білімін алған маман сыртқы саясаттың алғашқы сатысына қадам жасады. 1996 жылы Сауд Арабия Корольдігі, Эр-Рияд қаласында орналасқан Қазақстан Елшілігіне атташе болып тағайындалып, үшінші, екінші, бірінші хатшы ретінде жоғарылап, 2001 жылға дейін ол елдің арасында ынтымақтастықты орнату мен нығайту жолында еселі еңбек етті. Қажыр-қайраты, жастық жалыны лапылдаған Берік Сақбайұлы өзіне жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен атқарып, өз ісінің тәжірибелі маманы болып қалыптасты. Дипломатияның қыр-сырын жақсы меңгерген, араб тілі мен ағылшын тілдерінде ана тіліндегідей еркін сөйлейтін Берік Сақбайұлы 2001-2002 жылдар аралығында Сыртқы істер министрлігінің екіжақты Ынтымақтастық департаментінің Таяу және Орта Шығыс пен Африка басқармасының бөлім бастығы болып тағайындалды. Бұл қызметті де абыроймен атқарды.

2002-2006 жылдары Араб Египет Республикасы астанасы Каирда орын тепкен Қазақстан Елшілігінде кеңесші болып, Мысыр мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынастың дамуы мен оны нығайту жолында қызмет етті. Дипломатия саласында жинақталған тәжірибесінің мансап деңгейі одан әрі өскенін мақтанышпен айтамыз. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінде сыртқы саясат орталығының бас инспекторы қызметін атқаруы Беріктің жеке басының ғана емес, Қазақ ұлттық университетінің абыройы деп бағалаймыз.

2007 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты аппаратының парламентаралық байланыс және халықаралық ынтымақтастық бөлімін басқаруы жүктелді. Берік Сақбайұлы осы саланың жетекші маманына айналып Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты аппараты Басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2012 жылдың 13 сәуірінде еліміздің Сыртқы істер министірлігің кеңеітілген алқа мәжілісіне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ведомствоның алдағы онжылдықтағы қызметінің негізгі бағыт-бағдарын айқындап, шет елдегі дипломаттарымыздың алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктелген еді. Сонымен Ұлт көшбасшысының Жарлығымен Серік Сақбайұлы Арын Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіне Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

Өзіне жүктелген дипломатиялық және мемлекеттік қызметтерде талмай еңбек ете білген Берік Сақбайұлы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медалімен, «ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблея кеңесінің» және ҚР Парламент Сенатының Құрмет грамоталарымен марапатталған.