Негізгі бет / Жаңалықтар / АҚПАРАТТЫҚ ХАТ АҚПАРАТТЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы, ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және ҚР БҒМ ҒК «Ғылым Ордасы» 2019 жылдың 16 мамыр күні ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.-А.Х. Асылбековтың 90 жылдығына арналған «Қазақстан тарихындағы тұлғатану мәселелері: Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі» деп атап көрсеткен. Осы орайда Қазақстан ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып кеткен ғалым-академиктің ғылыми-шығармашылық мұрасын талдап, еңбектерін саралап, еске алу қажет.

Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков сан қилы өмір белестерінен өткен. Оның еңбек жолы қарапайым жеті жылдық мектеп оқытушысынан басталып, ҚР ҰҒА академигі атты ең жоғарғы ғылыми мәртебесіне дейін жеткен. М.А.-Х. Асылбеков бүкіл ғылыми-шығармашылық өмірін қазақ халқы тарихының әртүрлі мәселелерін зерттеуге арнады. Еңбектерінің негізгі бөлігі тарихи демографиялық тақырыптарға, Қазақстанның индустриалды дамуы мен тұлғатану мәселелеріне арналды.