Негізгі бет / Құттықтаулар! / Сыдықов Ерлан Бәтташұлына - 60! | Сыдықов Ерлан Бәтташұлына - 60! |
|
Сыдықов Ерлан Бәтташұлы 1956 жылы, 29 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Абай ауданы, Қараауыл ауылында, Абай атындағы орта мектепті бітірді. Дәл осы жылы, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданып, 1978 жылы тәмамдады. 1978-1980 жылдары, Семей технологиялық ет-сүт өнімдері институтында, қоғамдық ғылымдар кафедрасында тағылымгер-зерттеуші қызметін атқарады. 1980-1981 жылдары осы кафедраның ассистенті болып жұмыс жасайды. 1981 жылдың, қыркүйегінене бастап, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, 1984 жылдың ақпанында, тарих ғылымдары кандидаты ғылыми дәрежесін алу мақсатында, диссертация қорғайды. 1984 жылдың қыркүйегінен, 1996 жылдың қаңтарына дейін Семей технологиялық ет-сүт өнімдері институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі, профессор, проректор лауазымдарында қызмет атқарды. 1996 жылдың шілде айында, Қазақстан Республикасы өкіметі аппаратының, кадрлар жөніндегі жұмыс және мемлекеттік қызмет бөлімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 1999 жылдың, 15 қазанында «Қазақстан Ресей Федерациясы құрамында (1917-1937 ж.)» атты докторлық диссертациясын қорғады. 1997 жылдың маусым айынан, 2004 жылдың сәуір айына дейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Ректоры қызметін атқарған. 2001 жылы, 25 қаңтарда, ҚР ЖАК-ның шешімі бойынша профессор ғылыми дәрежесіне ие болып, 2003 жылы Халықаралық Педагогикалық білім академиясының академигі, 2005 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының академигі болып сайланады. Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Осы жылдар аралығында, 100-ге жуық ғылыми-әдістемелік мақалалар, 3 оқу құралы, 4 монография жарық көрген болатын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкімі бойынша елімізде, бес педагогикалық институт құрылған болатын, 2004 жылдың сәуір айында Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 2008 жылдың шілде айынан, 2011 жылға дейін Шәкәрім атындағы, Семей мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған. 26 шілде, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президенті қаулысымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті ректоры лауазымына тағайындалады. «Отандық тарих » мамандығы бойынша, біріккен диссертациялық кеңесінің төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық маслихатының үш шақырылымында депутат болған, ҚР ұлттық кеңесінің мүшесі болған. 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап – Тарихшылар Ұлттық Конгресінің төрағасы, 2012 жылдың қаңтарынан бастап, Астана қалалық маслихатының V- шақырылым депутаты болып сайланған. 2012 жылдың, 13 наурызынан бастап, Астана қалалық «Нұр Отан» ХДП филиалының, саяси кеңесінің мүшесі. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен (2001 ж.), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен (2001 ж.), «Қазақстан Республикасы конституциясына 10 жыл» медалімен (2005 ж.), Ы. Алтынсарин атындағы медальмен (2004 ж.), А.Байтұрсынов атындағы күміс медальмен (2004 ж.), «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен (2007 ж.), «Парасат» орденімен (2010 ж.), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіен 20 жыл» мерейтойылқ медалімен (2011ж.) марапатталған. 2005 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған. 2008 жылы, Халықаралық биографиялық комиссия (Кембридж, Англия) шешімімен «Әлемнің көрнекті ғалымы» атағы беріліп, оның ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесі елеп ескерілді. 2009 жылы, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысы, 2011 жылы, Абай ауданының құрметті азаматы. Сонымен қатар, Ерлан Бәтташұлының жұбайы – Шырын Құрманбаева, ҚазҰУ-дың түлегі, Қазақ заң және гуманитарлық - инновациялық университетінің ректоры, саясаттану ғылымының докторы, профессор болып табылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектер қауымдастығы Ерлан Бәтташұлын мерейтойымен құттықтай отырып, оған зор денсаулық пен білім және ғылым ісінде үлкен табыстар тілейді!
|