Негізгі бет / Жетістік тарихы / Құлбек Марат Құлбекұлы | Құлбек Марат Құлбекұлы |
|
Құлбек Марат Құлбекұлы – атақты ғалым, көрнекті ұстаз, техника ғылымдарының докторы, физика профессоры, академик (Ресей жаратылыстану Академясы - РЖА); Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Ғылым мен білім беру саласына еңбек сіңірген қайраткер (РЖА); Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қалыптасуы мен дамуына сіңірген «Айрықша еңбегі үшін» берілген алтын медаль мен сыйлығының иегері. М.Құлбекұлы 28.05.1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында қызметкер Құлбек Жұмабайұлы Досантегінің отбасында дүниеге келген. 1956 жылы қазіргі Бәйдібек ауданының Жүзімдік ауылындағы мектепке барып, 1966жылы Алматы қаласындағы Республикалық №2 мектеп-интернатын үздік бітірген. 1971жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің физика факультетін бітіріп, 1971-1973 жылдары Кеңес қарулы күштер қатарында офицерлік қызмет атқарған. 1973-1985 жж. Алматы құрылыс материалдары ғылыми және жобалау институтында (НИИстромпроект) ғылыми қызметтер атқарып, ғалым ретінде қалыптасады. 1985 жылдан бастап қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болып қызметтер атқарып келеді. М.Құлбекұлы - 1976 ж. полифазалық жүйелердегі жылуфизикалық және физика-химиялық процестерді зерттеумен және қор үнемдегіш көп функциялы жаңа керамикалық материалдарды жасау проблемаларымен айналысады. Университетте профессор М.Құлбекұлының жетекшілігімен (1990ж. басында) "Қолданбалы жылу физикасы және жаңа технология" ғылыми-зерттеу және оқу зертханасы ұйымдастырылып оның материалдық техникалық базасы жасалды. Аталған зертхана базасында полифазалық жүйелердегі күрделі жылумассаалмасу процестерін зерттеу және көп функциялы жаңа эффективті керамикалық материалдардың қор үнемдегіш технологиясын жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Зертханада жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жылуфизикасы, қайтымсыз процестер термодинамикасы, жаңа материалдар технологиясы салаларында арнайы (эллективті) курстар мен физикалық практикумдар және семинарлар дайындалып оқу процесіне еңгізілді, сонымен қатар, курстық, дипломдық, магистрлік және докторлық жұмыстар орындалып қорғалуда. Ғылыми зерттеулермен қатар, М.Құлбекұлы жалпы физика курсы және жылуфизикасының негізгі бөлімдері бойынша 40-тан астам оқу құралдары мен оқу-әдістемелік жұмыстарды, негізінен қазақ тілінде дайындады. Мысалы, оның «Молекулалық физика және термодинамика», «Жалпы физика» т.б. оқу құралдары еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен ұстаздарының игілігіне айналып отыр. «Жақсы ғалым болып қалыптасу жолында жетекші ұстаздар мен ғылыми мектептің мәні зор. Менің бұл бағытта жолым болды –деп ойлаймын. Себебі атақты да, тәжірибелі ұстаздар мен қызықты да келелі пәнаралық мәселелерді зерттеуді мақсат тұтқан жақсы ғылыми мектептен өттім»-дейді Марат Құлбекұлы жас ғалымдармен кездесу сәттерінде. Негізгі ғылыми бағыттары мен жетістіктері: М. Құлбектің негізгі ғылыми жұмыстары құрамында отын бөлшектері бар полифазалық керамикалық материалдардың күйдіру теориясы мен практикасын жасауға бағытталған. Бұл мақсатта ол ең алғаш болып қайтымсыз процестер термодинамикасы мен жылу және массаалмасу теориясының озық әдістерін жемісті пайдалана білді. М. Құлбекұлы әлемдік практикада ең алғаш Қазақстанда ойлап табылып елімізде, шетелдерде өндіріске кеңінен енгізілген жаңа керамикалық "золокерам" материалдарының қор үнемдегіш технологиясын жасаушы негізгі авторлардың бірі. М.Құлбекұлы 20-шы ғасырдың соңында алғаш болып тәжірибелік жолмен золокерамикалық материалдардағы жаңа көлемдік-беттік концентрлі-зоналық түрлі түсті эффектілерді ашты (сурет). Бұл құбылыстар «Түрлі-түсті Құлбек сақиналары» немесе қысқаша «Құлбек сақиналары» – деген шартты атқа ие болды. Мұндай құбылыстардың табиғаты әлі күнге дейін толық ашылмай отыр, олар зерттелу үстінде. Бұл ашылған жаңалықтың негізінде алынатын түрлі-түсті керамикалық материалдардың жасау тәсілдеріне 10 шақты авторлық куәліктер мен патенттер алынған. «Құлбек сақиналары» ғылым әлемінде белгілі «Ньютон сақиналарына», «Лизеганг сақиналарына», сондай-ақ табиғаттағы түрлі-түсті тастарға (Яшма, Агат, Сердолик, Кремень т.б.) ұқсас келеді. М.Құлбекұлы кейінгі жылдары «Инверсиялық үдерістер», «Фазалық түрленулер теориясы» тақырыптарына да ғылыми мақалалар жариялап, ол алғаш болып қылтүтіктіқуысты материалдар технологиясында инверсиялық эффектілердің орын алу жағдайын анықтады. М.Құлбекұлының осы жылдарда еліміздің, шетелдердің баспаларында 370-тен астам ғылыми еңбектері жарыққа шықты (монографиялар, кітаптар, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми мақалалар, өнертабыс жаңалықтарына берілген авторлық куәліктер мен патенттер). М. Құлбек 1981 жылдан жоғары оқу орындарында ұстаздық қызметпен де айналысып Қазақстан Республикасында жоғары білімді, білікті мамандар дайындауға да өз үлесін қосып келеді.
|