Негізгі бет / Жетістік тарихы / Жұмалы Расул Берекетұлы | Жұмалы Расул Берекетұлы |
|
Жұмалы Расул Берекетұлы
Жұмалы Расул Берекетұлы 1971 жылы 15 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Алматыдағы № 9 қазақ орта мектебін үздік тәмамдаған талапты да талантты жас шәкірттің болашақ мамандық алудағы таңдауы Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының ішіндегі қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің шығыстану факультеті. 1987-1992 жылдары Шығыстану факультетінің араб тілі бөлімінде оқыған Жұмалы Расул студенттік кезеңінен-ақ шет тілін игеруге деген қабілеттілігімен, топ ортасындағы белсенділігімен ерекше көзге түсті. Ол 1990 жылы араб тілін оқып жатқан үздік шәкірттер ішінен іріктелген топтың қатарында Марокко корольдігінің Мекнес қаласындағы Мулай Исмаил атындағы корольдік университетте ең алғашқы тіл ұстарту тәжірибесінен өтеді. 1992 жылы университет қабырғасынан «арабтанушы» мамандығын алып шыққан жас маман өзінің қызметтік өмір жолын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеуден бастады. Жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасының Шығыс елдерімен дипломатиялық байланыстарын орнатуына ҚР СІМ ведомствосындағы дипломатиялық қызметтегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті түлектерінің де қосқан өзіндік үлесі зор еді. Еліміздің Араб Шығысымен байланыстарына қатысты сыртқы саясат жүйесіндегі жауапты салада қызмет жолын бастаған Жұмалы Расул 1992-1994 жылдар аралығында ҚР СІМ-нің Таяу және Орта Шығыс, Африка елдері бөлімінде атташе, референт болып жұмыс жасайды. Осы кезеңдерде ол 1993 жылы Египет Араб Республикасында, 1994 ж. Сауд Арабиясында дипломатиялық курстан өтеді. Іскерлік қабілетімен, ізденгіш білімпаздығымен байқалған жас маман 1995 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің көмекшісі лауазымына дейін көтерілді. Өзіне жүктелген жауапты қызметті абыроймен атқарған Расул Берекетұлы 1996-1998 жж. дипломаттық қызметін Египет Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде 3-ші, 2-ші хатшы дәрежесінде жалғастырады. Араб әлеміндегі көшбасшы мемлекетте дипломатиялық тәжірибе жинақтаған кәсіби маманға 1998 ж. ҚР СІМ-нің Таяу және Орта Шығыс, Африка бөлімінің басшысы қызметі жүктеледі. Екі құрлық елдерімен дипломатиялық байланыстың жүгі жүктелген бөлім қызметінің қыр-сырын меңгеріп, астарын түсініп, кемелдене түскен кезеңде, 1999 ж. Жұмалы Расулға еліміздің сыртқы саясаты қызметінің жаршысы – ҚР СІМ-нің ақпараттық хатшысы міндеті тапсырылады. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста өткен бір жылда «қызыл тілдің» сынағынан сүрінбей өткен білікті маманға 2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараттық хатшысы қызметі ұсынылады. Екі жыл ҚР Үкіметінің жауапты қызметінде жұмыс атқарған Расул Берекетұлы 2002 жылы Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілеттілігіндегі саяси топтың жетекшісі болып тағайындалады. 2003 жылы Жұмалы Расул Берекетұлы Израильдегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі, 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірлігіндегі Бас консулы, ал 2006-2007 жж. аралығында Либиядағы Қазақстан Республикасы дипломатиялық миссиясының Басшысы қызметін асқан жауапкершілікпен, зор абыроймен атқарып шықты. 1992-2007 жылдар аралығында ҚР СІМ саласындағы түрлі жауапты қызметтерді атқарып, сыртқы саясаттың қыр-сырын меңгерген Жұмалы Расул Берекетұлы өзінің жинақтаған мол тәжірибесін сындарлы ой елегінен өткізіп, саяси-аналитикалық тұжырымдар жасау негізінде көптеген ғылыми мақалалар жазып, 2006 жылы «Геополитика Центральной Азии» атты орыс тіліндегі монографиясын жарыққа шығарды. Қазіргі таңда Жұмалы Расул Берекетұлы еліміздегі «Эксклюзив» аналитикалық журналының және қазақ тіліндегі «Япырай» танымдық журналының редакторы болып жұмыс істейді. Сонымен қатар Расул Берекетұлы көпшілікке еліміздегі тәуелсіз саясаткер ретінде де кең танымал. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың түлегі, сыртқы саясаттың майталманы Жұмалы Расул Берекетұлы шәкірттерге үлгі, жастарға өнеге етер Шығыстану факультеті, арабтану бөлімінің мақтанышы!
|