Главная / Поздравления! / Поздравление Посла Республики Казахстан в Королевстве Саудовской Аравии Поздравление Посла Республики Казахстан в Королевстве Саудовской Аравии
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Сақбайұлы Арынның құттықтауы

Құрметті Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлы!

Қадірлі университет ұстаздары, студенттері мен түлектері!

 

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі» атты кітапқа өзімнің студенттік кездерім туралы естелік жазуға мүмкіндік берген Университет пен Шығыстану факультетінің басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Мен еліміздің маңдай алды жоғарғы оқу орны қабырғасында білім алып, үлкен жолға жолдама алғаныма әрқашанда мақтанамын.

Бүгінде университет өзінің заманауи жоғары білім беру сапасының, ғылыми ізденістерінің арқасында әлемнің үздік 200 университет қатарынан орын алып, бүкіл ел мақтан тұтарлық жетістікке жетіп отыр. Оқуды тәмәмдағаныма отыз жыл таяп қалғанына қарамастан университетіміздің тыныс-тіршілігін ұдайы қадағалап, оның жетістіктеріне қуанып отырамын.

Ал, біз оқыған 1989-1994 жылдар  Кеңес Одағының ыдырап, әлем картасында жас Тәуелсіз Қазақстан Республикасы пайда болған кезеңмен тұспа-тұс келді. Университеттегі оқуымыздың алғашқы жылдары «ауада тәуелсіздік лебі» сезіліп тұрған кез еді. Қазақстанның желтоқсанынан бастау алған егемендік үшін күрес қарқынды жүріп жатты. Сондықтан әрине, біз де, қазақ жастары, бұл үрдістен тыс қалмадық.  Өзіміздің күнделікті сабағымызға  егемен елімізге қызмет етеміз деген сезіммен үлкен жауапкершілікпен қарап, уақытымыздың барлығы аудиториялар мен кітапханаларда өткізетінбіз.  Ал кешке бір бөлмеге жиналып, түн ортасына дейін, кейде тіпті таң қылаң бергенше Қазақстанның саяси болашағы төңірегінде қызу пікірталасқа түсетінбіз. Тіпті, арасында Алматының орталық алаңдарында өтіп тұратын саяси шерулерге қатысатын едік.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялаған тарихи күні - 1991 жылғы 16 желтоқсанында университеттегі достарыммен Республика алаңына барып, осы қасиетті сәттің куәсі болдық. Нұрсұлтан Әбішұлының жасаған мәлімдемесінен кейін төбеміз көкке жетіп, өзімізді ең бақытты жандай сезінгеніміз әлі есімде.

1992 жылы бір топ студенттер университет Марокко Корольдігінің Мекнес қаласында орналасқан университетке тілдік машықтанудан өтуге жолдама алдық. Ол кезде Алматы қаласының әкімдігі мен Мекнес муниципалитетінің арасында жарияланған келісімге сәйкес, қазақстандық жастар бір жылдық курстан өтетін, ал марокколық студенттер Алматы жоғары оқу орындарында медицина, ауыл шаруашылығы және т.б. мамандықтар бойынша білім алатын. Мароккодан оралғаннан соң, кейінгі өмір жолымды осы араб әлемінде жалғастыратыныма нық сеніммен оралдым. Бір қызы, араға тура 20 жыл салып, 2012 жылы ҚР атынан Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалдым. 1993 жылы Алматыға оралып, оқуымды жалғастырдым. Сол жылдар халық үшін үлкен сынға айналған, жас елдің экономикасы зор қиындықтарды басынан кешірген кезең еді. Осыған қарамастан, университет ұстаздары бойымыздағы ізденіске деген құштарлықты сақтап, жақсы білім алып шығуымызға көмектесті. ҚазҰУ қабырғасында алған білімім өмірлік азық болды, «егемен еліміздің кемел келешегі үшін қызмет етсем» деген арманым орындалып, міне ширек ғасырдан астам мемлекеттік қызмет пен дипломатия саласында еңбек етіп келем. Араб әлемінің көптеген елдерінде, жалпы 40-тан астам шығыс-батыс мемлекеттерінде сапарда болдым. Алайда, туған жерге жетерлік мекенді кездестірмедім.

Осы орайда мүмкіндікті пайдаланып, Шығыстану факультетінің алғашқы деканы болған Әбдісаттар Бағызбайұлы Дербісәлі қажы бастаған барлық ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Президентіміз Қ.К.Тоқаев атап өткендей, «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болу керек».

Сондықтан, ҚазҰУ студенттеріне білім мен ғылымға деген талмас құштарлық, ал ұстаздары мен профессорларына қажымас қайрат пен тың шығармашылық табыстар тілеймін!

Ел болашағы Сіздердің қолдарыңызда!