Негізгі бет / Құттықтаулар / Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлына - 85 жас Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлына - 85 жас

 

Мұсаев  Кеңесбай   Мұсаұлына - 85

      Түркі тіл білімі мен қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлы 1931 жылы 24 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы,  Қаратау елді мекенінде дүниеге келді.  Ол 1944 жыл 6 сыныпты бітірген соң, өзінің алғашқы білім жолын Түркістан педагогикалық училищесіне түсіп, аталған оқу орнын  1947 жылы үздік дипломмен тамамдады.  Болашақ түркітанушы, тіл ғылымының үздік білгірі  Кеңесбай Мұсаұлы тілтанудың әліпбесін С.М.Киров атындағы  Қазақ Мемлекеттік университетінің  филология факультетінде дәріс алудан бастап,    1952 жылы  қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы  бойынша диплом алады. 

      Кеңесбай Мұсаұлы 1952 жылы өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында   Мәскеу   Ғылым Академиясының  Тіл білімі институтына аспирантураға түседі. Оны бітіргеннен кейін сол институттың түркі халықтары секциясы бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.   Осы   институтта оқып жүрген жылдары отандық көрнекті  түркологтар А.М. Кононов, В.Баскаков, С.Е.Малов,  И.А.Батманов, Э.Наджип, Г.Санжиев сияқты танымал  ғалымдардан дәріс алып, озық ойлы шәкірт ретінде қалыптасқан Кеңесбай Мұсаұлы  1956 жылы   аталған  білім ордасын сәтті аяқтап шығады.

      Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлы  тілдің морфология саласындағы қиын мәселердің бірі етістікті-есім сөздердің тіркесімділік қабілетіне арналған ғылыми зерттеу жұмыстарының ізденісі негізінде 1957 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістікті-есімді тіркестер жайында» деген тақырыпта  кандидаттық диссертация қорғады.

      Ал 1968 жылы «Қарайым тілінің құрылымы» (Строй караимского языка) деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған ол бүгінде Мәскеудегі Тіл білімі институтының орал-алтай тілдері бөлімінің бас ғылыми қызметкері.

      Қарайым тілінің фонетикасы мен морфологиясын қамтығын «Қарайым тілінің грамматикасы» (1963) деген  еңбегі жарық көрді.

      К.Мұсаев түркология, социолингвистика, терминология, фольклор, көркем аударма және жалпы тіл білімі мәселелеріне қатысты 300-ге ғылыми тарта ғылыми еңбек жазған ғалым. Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлы  түркі тілдерінің қыпшақ тобындағы қарайым тілін зерттеу нысаны етіп, Литва мен Украинада тұратын қарайымдардың тілдері туралы деректер жинап, тракай, галиция диалектілері жайында жан-жақты  салыстырмалы  грамматикалық талдау жүргізді.

      Оның жетекшілігімен Мәскеу, Моңғолия, Қырғызтан, Өзбекстан, Түркіменстан, Украина, Башқұртстан, Қалмықия, Хакасия және Қазақстаннан 24 адам, 7 адам докторлық диссертация қорғаған болса, ғалым қазақ және түркі тілдері мәселелеріне қатысты Германия, Венгрия, Үндістан, Финляндия, Түркия, Испания, АҚШ, Норвегия, Моңғолия, Чехия елдеріндегі университеттерде әр жылдары дәріс оқып тұрады. Қазақ тілінің толық сипаттамасын беретін еңбегін шет тіліне аударып, Финляндияда жарыққа шығарды.

 

 

 

      К.Мұсаев 1958-1994 жылдардың аралығында Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының көркем аударма кафедрасында қазақ, қырғыз, түркімен, татар, қарақалпақ, алтай және хакас тілдерінде дәріс оқыды. Ол 1972 жылы аталған институттың профессоры атағын алды. 1988 жылы Түркиядағы «Turk Dili Kurumu» қоғамының құрметті мүшесі болып сайланды. Кеңесбай Мұсаұлының түркология саласындағы еңбегін ескеріп, Түркістандағы Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті де құрметті профессор атағын берді. 1997 жылдан бері М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Африка және Азия елдері институтында профессор ретінде қазақ тілінде дәріс оқиды.

      К.Мұсаұлы шетте жүрген қазақтардың басын біріктіретін бір орталық болу керектігін түсініп, 1990 жылы өз бастамасымен Мәскеуде құрылған «Қазақ тілі» қоғамына төрағалық етті. Ана тілін білмейтін қазақтарға арнайы курстар ашты. Мұсаұлы бастамашы болып, 1997 жылы Мәскеуде Қазақ аймақтық ұлттық мәдени автономиясын құрды. Оған 5 жылдай төрағалық етті.

      Мәскеудегі  Тіл білімі институтының Түркология орталығында  көп жылдар жемісті еңбек еткен ғалым осы салаға байланысты көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  "СССР халықтары тілінің алфавиттері", "Түркі тілдері лексикасының салыстырмалы түрде көрінісі", «Қарайым тілінің грамматикасы (фонетиека, морфология)» сияқты бірнеше оқу құралдары мен оқулықтар жазды.

      Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлы қыпшақ тобындағы тілдерді салыстырмалы-тарихи қарастырып, әліпби, лексика және орфография мәселелерін зерттеумен айналыса отырып, 100-ге жуық мақалаларын жарыққа шығарған ғалым.

      1975 жылы жалпы түркі тілдерінің лексикалық ерекшеліктерін қамтитын атықты "Түркі тілдерінің лексикасы" атты монографиясын жариялады.

      Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлы қазақ тіл білімінің дамуына қосқан  зор үлесі үшін 2003 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі ретінде сайланды.

      Түркі тіл білімінде өзіндік ғылыми зерттеу еңбектерімен танымал болған Мұсаев Кеңесбай Мұсаұлы "Түрік тілі" ұйымының құрметті мүшесі атағымен және Қырғызстан Республикасы білім беру ісінің үздігі (1991), Ресей Федерациясы ғылымынң еңбек сіңірген қайраткері, Кувейттің Абдель Азиз Сауд Аль-Баптина атындағы сыйлығының лауреаты (1997), сонымен қатар КСРО-ның бірнеше медальдарымен марапатталған.

      Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектер қауымдастығы, Альма-матердің  көрнекті түлегі - Кеңесбай Мұсаұлын шын жүректен туған күнімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық тілейді!