Негізгі бет / Жетістік тарихы / Қалекенов Ержан Жиенғалиұлы | Қалекенов Ержан Жиенғалиұлы |
|
Қалекенов Ержан Жиенғалиұлы
Ержан Қалекенов 1962 жылы Жамбыл облысында туып, Алматы қаласында өскен. 1979 жылы № 12 қазақ орта мектебін бітіріп, қазақ білімінің қарашаңырағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Ержан Жиенғалиұлының азаматтық және кәсіби тұрғыда қалыптасу жолына көз жүгіртетін болсақ, арман қуған талай жасқа шамшырақтай бағыт сілтеп, үлгі болары хақ. Ержан филология факультетіне оқуға түскенде, қазақ бөлімінің кенже баласындай болған араб бөлімі бар еді. Бұл бөлімнің студенттері қазақ тілі мен араб тілін қатар оқыды. Ол кезде араб бөлімінде өтілетін сабақтардың көбі қазақ филологиясына қатысты болатын, арабтануға қатысты пәндер негізінен тіл мен әдебиетке ғана қатысты еді. Мектеп- өмір мектебі. Адамды шыңдап, маман қалыптастыруда мектептен артық мекеме жоқ сияқты көрінеді өзіме. Ұлағатты жанұяның ұланы Ержан да алғашқы қадамын ұстаздықпен бастаған. Жасөспірімдерге араб тілін оқытуда асқан шеберлік танытып, мұғалім атағына сай дәрежеде жұмыс істеді. Төрт жылдан кейін, әскер қатарына шақырылып, 1988-1990 жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында болып, Отан алдында борышын абыроймен өтейді. Әскери парызын атқаруда да Ержан өзін араб тілінің білікті маманы ретінде танытып, офицер-аудармашы болып қызмет атқарады. Әскерден оралғаннан кейін өзі оқыған алтын ұясы Қазақ мемлекеттік университетіне оқытушылық қызметке шақырылып, 1990-1993 жылдары араб тілінен сабақ берді. Сапалы білім, мектеп пен университеттегі ұстаздық өмір тәжірибесі, әскерлік қызметтің қатаң тәртібі Ержан Жиенғалиұлының кәсіби біліктілігінің нығаюында үлкен рөл атқарды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясат саласының мамандарына қажеттілік өсіп, 1993 жылы білікті тіл мамандары қатарында Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігіне қызметке шақырылады. Ол 1993-1996 жылдары Сыртқы Істер Министрлігінің Бас консулдық басқармасында атташе болады. 1996-1999 жылдары Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы елшілігінде үшінші хатшы болды. Сыртқы қатынас мәселелеріне байланысты біраз тәжірибе жинақтаған Ержан Қалекеновке 1999 жылы Сыртқы Істер Министрлігінің екіжақты ынтымақтастық департаментінде екінші хатшы қызметін атқару тапсырылды. Ержан жастығына қарамастан, бұл қызметті де абыроймен атқарды. Іскерлігі мен терең білімі Ержанды қызметтік баспалдақтың келесі сатысына көтеріп, 2002 жылы Сауд Арабиясы корольдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінде бірінші хатшы қызметін атқару тапсырылады. Сауд Арабиясында қызмет еткен 5 жылда Ержан Жиенғалиұлының қазақ дипломатиясына сіңірген еңбегі аз болмағанына сенімдіміз. Бейбітшіл, мәмілегер халықтың бір ұлы сауд елінде өз бағасын алып, елге абыроймен оралды. Еліне оралған соң, 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка Департаментінде кеңесші қызметіне тағайындалады. Бұл мансапта да Ержан Қалекенов өз ісінің шебері екендігін танытты. 2008-2016 жылдары Ержан Жиенғалиұлы Қалекенов Ливанда Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссияның кеңесші уәкіл қызметінде болды. Бүгінде Ержан Жиенғалиұлы ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің Араб мемлекеттері және Африка басқармасының басшысы қызметін абыройлы атқарып отыр. .
|