Негізгі бет / Жетістік тарихы / Генералдар картаймайды Генералдар картаймайды

Генералдар қартаймайды

 

Осындай айтулы оқиғаға қатысушылардың бірі Тоқтарбай Ержановтың бүкіл өмірбаянын университет қабырғасынан алған білімінің лайықты, үлкен істерге толы ғұмырлық өнегесі ретінде қабылдауға болады.

Жақында елордалық Тоқтарбай Қа­панұлының өмірінде маңызды оқиға болды. Туған жері – Бестөбе ауылын­дағы бір көшеге әкесінің аты берілді. Нақтырақ айтсақ, бұрын Октябрьская деп аталған көше, енді Бестөбелік ақ­сақалдар ауыл кеңесінің шешімімен Қапан Ержановтың атымен аталатын болды.

Қызыл Жұлдыз және 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің иегері Қапан аға 90 жылдары 78 жасында өмірден озды. Ол Ленинград қор­шауын бұзуға қатысушы­лардың бірі болған. Ауыр жарақат алып, жерлесі, майдандас досы Федор Мельниктің ар­қасында аман қалды. Ол Қапанды шай­қастан арқалап алып шыққан. Олар өмір бойы бір-бірімен дос, тіпті туыстай болып кетті, ал соғысты тек екеуара ғана естеріне алатын. Қатардағы жа­уын­гер Ержанов ұлы Тоқтарбайдың ҚР Президентінің Жарлы­ғы­мен ге­нерал-майор шені мен 3 дәрежелі Мем­лекеттік әділет кеңесшісі атағын алуын көре алмай кетті.

Тоқтарбай Қапанұлының 1976 жы­лы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық универ­ситеті) заң факультетін бірге бітірген курстас достары өздерінің арасынан шыққан жалғыз гене­ралды мақтан тұ­тады. Генерал атанғанға дейін Тоқтар­бай Ержанов үлкен өмір жолы­нан өтті. Оның өмірбаяны мінсіз. Көп балалы отбасында адалдық пен әділдік бі­рінші орында болатын. Сондықтан да бо­лар, ол өз жүрек қалауымен прокурорлық қыз­метті таңдады. Бұл жерде оның әкесінің тағылымын айтпай кетуге бол­мас. Соғыстан кейін, ауыр жарақатына қарамастан, диір­мен меңгерушісі қыз­метіне бел шеше кі­рісті. Осындай «пайдалы» қызметінде аш­құр­сақ ауыл­дастарының мұң-мұқтажын ұмытқан жоқ. Мұндай отбасылық сабақтар аса қымбатқа түсті... Жергілікті ақын Рыс­ты Шотбаева Қапан туралы тұтас поэма жазған. Осындай отбасылық қазы­на­ны әр­түрлі тұрғыдан пайдалануға болар еді.

Бірақ Тоқтарбай Ержанов маман­дығын тергеушіліктен бастады. Отба­сы­лық ке­ңесте Тоқтарбайдың жедел іздестіру қыз­метінің қиындықтары оның болашағы үшін жақсы тәжірибе болатындығы туралы уәжі­нен кейін, осындай шешім қабыл­данды. Осы­лайша, Ақмола облысы Мариновка ауданындағы бес жылдық қызметі бас­тал­ды. Тоқтарбайдың алғашқы тергеген қыз­меті әлі есінде. Ол үмітсіз істер са­на­тынан болатын, кәсіби тілмен айт­қанда, «бос әурешілік» еді. Бір атай жоғалып кетеді. Оны іздеп жүрген кез­де, ауылда біреулер оны вокзалдан кө­ріпті-міс деген әңгіме тарайды. Соны­мен ешкімге сыйыса ал­май­тын қарт басқа жерге кетті деп бұл іс жабылды. Бірақ жас тергеуші Ержанов бұл істі қайта қозғайды. Тәжірибелі әріптес­-тері осыдан «басшылықтан сөз естиміз» деп бастарын ала қашады. Ал ол қай­мықпай, қылмыс ізіне көз жеткізу үшін жақында түр­меден шыққан жас жігітке жолығады. Шал жоғалар күннің қар­саңында жігіт майдангермен арақ ішіп, сөз таластырып, арты төбелеске ұлас­қан екен. Қылмыскер мүрдені шалдың үйінің жертөлесіне көміп, ауылдан кет­кені туралы хабар таратқан. Тергеу процесінің барлық ережелері бо­йынша жүргізілген осы іс Тоқтарбай үшін тұң­ғыш маңызды тағылым болды, кейіннен осы жайт Ержановтың жас әріптес­теріне үлгі болды.

Өмір өз кезегімен өтіп жатты: об­лыстық прокуратураның тергеу бөлімі аппаратында бір жыл, Шортанды ауда­нында он жыл прокурор болып қызмет етті. Елордаға, жылы кабинеттерге асықпады, ауылда бе­рік әрі мықты құ­қық қорғау жүйесін жасау жолында еңбек етті. Қазіргі жастармен са­лыс­тырар болсақ, олар шендері мен жұл­дызшаларын ала сала, бірден биік орын­тақтарға ұмтылады. Ал ол болса, тек қырық­тан аса Ақмола облысы про­курорының бірінші орынбасары болды, 1996 жылы қырық үш жасында сол кез­дегі Ақмоланың прокуроры, кейіннен жаңа Астанамыздың бірінші прокуроры болған, осы лауазымда 2001 жылға дейін қызмет етті.

Тоқтарбай Қапанұлының тергеу изо­ля­торында екі адамды кепілдікке алған екі қарақшымен келіссөз жүр­гізуі – ерекше ерлік еді. Ол қарақшы­лармен түні бойы бетпе-бет отырып, келіссөз жүргізді. Сірә, мұндай ұзақ түн болмас... Сосын таң атқан соң мұқият дайындалған арнайы бөлімше көшеден кенеттен келіп, изолятордың те­ре­зе­сіндегі торларды жұлып алып, қарақ­шы­ларды тұсаулады. Ал прокурор Ер­жанов таңғы тыныш көшемен үйіне кетеді. От­басы да бұл оқиғаны бірден білген жоқ, өйткені олар ұзақ жыл­дар­дағы қиын жұ­мысына байланысты оның үйде болмай­тындығына еттері үйренген еді. Прокурор­лық қызмет осындай... Бір кездері әкесі ысқырып ұшқан оқ астында майданда соғысса, бейбіт күні баласы адамдарды қор­ғады. Осының дәлелі ретінде Тоқтар­бай Ержанов генерал шенін ел Пре­зидентінің өз қолынан алды.

Бәлкім, ғалымдар мамандықтың гене­тикалық жолмен берілетіндігін әлі ашпа­ған болар?! Ал олардың отбасында осы дәстүр өз орнын тапқан. Алмағайып заманда про­курорлық жолды таңдады. Өзіне және бас­қаларға отбасылық дәс­түрдің беріктігі мен биік деңгейін дә­лелдеу үшін, көп жылдар бойы Шор­танды ауданында қызмет етті. Бүгінде Дәурен Тоқтарбайұлы Бас прокура­турада бөлім басшысы болып қызмет етеді. Қызы Әсем нотариус қызметін­де, дегенмен ол да заңды барлық жа­ғынан қорғайтын отбасылық дәстүрді жалғастырды.

Тоқтарбай Қапанұлы соңғы жыл­дар­дағы қызметін ҚР Бас прокуратура инсти­туты директорының орынбасары қыз­метінде өткізді. Бүгінде ол зейнет­керлік демалыста. Жұбайы Тұрсы­най­мен немере­лерін тәрбиелеуде. Барлығы да зымырап жатқан уақыт үрдісіне қайшы емес сияқты, алайда жасы қар­тайғанымен, жаны қар­тай­майтын адамдардың ерекшелігі де осын­­да бо­лар. Мұндай адамдарды зейнет­кер­лікке жіберуге болмас. Бұл жерде әң­гі­ме өмір бойы жоғарғы лауазымда болу туралы емес, осындай адамдардың мол зияткерлік және кәсіби әлеуетін пайда­лану туралы болып отыр. Оның бай тә­жірибесі әрдайым қажет. Әйтпесе, ұр­пақаралық сабақтастық пен жинақ­таған мол тәжірибе босқа кетеді. Тоқ­тар­бай Ержановтың да жанын ауыр­татын осы жағдай. Тәжірибелі прокурорлар жастардың еңбекті ғылыми ұйым­дас­тыру, қасақана қылмысты ашу тәрізді ерекше жетекшілікке алатын дәстүрдің жоғалғаны қынжылтады.

Ешқандай компьютер, ешқандай вир­туалдық дерек қоры, түйсікті, пси­холо­гия­лық талдау техникасын мең­геру, ешуақытта осы саланың кәсіби мамандарына тән кә­сіби қабілетті ал­мастыра алмасы хақ. Мұн­дай өзара әрекеттестік біреуге қарттық сезімін кейінге жылжытса, басқаларына «қанат бітіріп», жоғары ұшуға мүмкіндік бе­реді. Бүгінде білім, кәсіби өсу жүйесін­де үздіксіз реформалар жасап жатқан­дар осы мәселені ойланса екен? Мүмкін, мәселенің шығу жолын алыстан емес, жақыннан, жаныңнан іздеу керек шығар?!

Тоқтарбай Қапанұлы – әлі де еңсесі биік жан, елі үшін сіңірген еңбегі мен әкесінің атына көше берілуін, ұлының кәсіби өсуін, бақытты отбасылық өмірін қанағат тұтады, ал басқа біреулерге бақытты болу үшін осы игіліктің оннан бір бөлігі де жетер еді-ау!

 

С.ТЫНЫБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, профессор.

А.ӘБІКЕНОВ, заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

С.СИНИЦКАЯ, журналист

Айқын, 2016. – 26 мамыр. - №76 (2953).