Негізгі бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар

ҚазҰУ түлегі Әлихан Смайылов – Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы

Мемлекет басшысының 2026 жылғы 18 қыркүйектегі Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы лауазымына тағайындалды.

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1993 жылы бастаған. 1993–1999 жылдары инвестициялық-приватизациялық «А-Инвест» қорында, Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика агенттігінде, Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарды.

1999–2003 жылдары Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы болды.

2003–2006 жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер вице-министрі және Мемлекеттік экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру компаниясы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды.

2006–2009 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, сондай-ақ «ҚазАгро» ұлттық холдингінің президенті болды.

2009–2014 жылдары Қазақстан Республикасының Статистика агенттігін басқарды. 2014–2015 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

2015–2018 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті көмекшісі болды. 2018–2019 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметін атқарды.

2019–2021 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметін атқарды. 2022 жылғы 11 қаңтардан 2024 жылғы 5 ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болды.

Әлихан Асханұлы Смайылов мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін «Парасат» орденімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен және «Еуразиялық экономикалық одақты құрудағы үлесі үшін» II дәрежелі медалімен марапатталған.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы ретінде Әлихан Смайылов мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесін дамыту бағытында қызмет атқарып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Жоғары аудиторлық палата 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізіп, олардың қамту көлемі 5,8 триллион теңгені құрады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі ретінде Әлихан Асханұлы Смайыловтың мемлекеттік басқару, экономика, қаржы және мемлекеттік аудит салаларындағы кәсіби жолы ҚазҰУ түлектерінің мемлекеттік қызмет пен ел дамуының түрлі бағыттарына қосып келе жатқан үлесін көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы Әлихан Асханұлы Смайыловқа Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы қызметіндегі жауапты жұмысына табыс, зор денсаулық және жаңа жетістіктер тілейді!

Басылым күні: 21.09.2026