Негізгі бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар

ҚазҰУ түлегі Жұлдыз Сүлейменова – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-ұстаз Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне қайта тағайындалды. 

Жұлдыз Сүлейменова – білім беру, мемлекеттік басқару және қоғамдық қызмет салаларында мол тәжірибе жинақтаған мемлекет және қоғам қайраткері. Ол философия және саясаттану магистрі, мәдениеттану бойынша PhD докторы.

Жұлдыз Досбергенқызы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Ол ҚазҰУ-дың Тарих факультетінде бакалавриат, Философия және саясаттану факультетінде магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша білім алған.

1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2000-2004 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, студенттік жылдары университеттің студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрайымы қызметін атқарды. Жоғары оқу орнында жүрген кезінен қоғамдық және ұйымдастырушылық жұмыстарға белсенді араласып, жастар бастамаларын дамытуға үлес қосты.

Еңбек жолын 2004 жылы Ақтөбе қаласындағы Алматы экономика және статистика академиясының Ақтөбе институтында оқытушы әрі Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы ретінде бастады. 2006 жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалында кеңесші, сондай-ақ «Жас Отан» жастар қанаты Республикалық кеңесі төрайымының орынбасары қызметтерін атқарды.

2007-2008 жылдары Алматы қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 көпсалалы гимназияда тарих және құқық пәндерінен сабақ берді. 2008–2011 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәрбие ісі жөніндегі проректордың орынбасары, Жастар әкімшілігінің төрайымы қызметтерін атқарды.

2011 жылы Халықаралық бизнес академиясында студенттік мәселелер жөніндегі декан, 2011-2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бас ғылыми хатшы қызметтерін атқарды.

2012-2017 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында аға менеджер, Білім беру саясаты және бағдарламалары департаменті директорының орынбасары, кейін Зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің директоры болды.

2021-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты ретінде қызмет атқарып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарды.

Қоғамдық қызметі аясында 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, 2023 жылы «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының тең төрайымы, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болды.

2025 жылғы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте ол аталған лауазымға қайта тағайындалды.

Жұлдыз Сүлейменованың кәсіби жолы білім беру жүйесін дамыту, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау, білім беру саясатын жетілдіру және мемлекеттік басқару салаларындағы көпжылдық тәжірибемен сабақтасып жатыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегінің Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне қайта тағайындалуы – университет ұжымы үшін зор мәртебе әрі үлкен мақтаныш. Жұлдыз Досбергенқызының кәсіби және қоғамдық қызметтегі еңбек жолы ҚазҰУ қабырғасында қалыптасқан білім мен азаматтық ұстанымның ел игілігіне қызмет етудегі сабақтастығын көрсетеді.

ҚазҰУ түлектерінің еліміздің білім беру жүйесі, мемлекеттік басқару және қоғамдық-саяси өмірдің маңызды бағыттарында жауапты қызмет атқаруы – университеттің білікті мамандар мен ел дамуына үлес қосатын тұлғаларды даярлаудағы маңызды рөлін көрсетеді.

ҚазҰУ ұжымы және Түлектер қауымдастығы Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне қайта тағайындалуымен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы жауапты қызметіне табыс тілейді.

Басылым күні: 07.09.2026