Негізгі бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар

ҚазҰУ түлегі Мұхтар Тілеуберді – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, көрнекті дипломат және мемлекет қайраткері Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

 

Мұхтар Тілеуберді – дипломатиялық және мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын қалыптастыру мен дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткері.

Мұхтар Бескенұлы 1968 жылғы 30 маусымда дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінде білім алып, 1990 жылы философия мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған. Студенттік жылдары М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдерін зерттеу институтында, сондай-ақ Корея Республикасының Сеул қаласындағы Ёнсе университетінде тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолын жоғары білім алған оқу орнымен байланыстырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында қызмет атқарған.

Мұхтар Тілеубердінің дипломатиялық қызметі 1993 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде атташе қызметінен басталды. Кейін министрліктің орталық аппаратында Азия елдері басқармасының үшінші хатшысы, Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаменті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Дипломатиялық қызметінің әр кезеңінде Қазақстанның халықаралық байланыстарын дамытуға бағытталған жауапты жұмыстар атқарып, Корея Республикасындағы Елшілікте екінші хатшы, Израиль Мемлекетіндегі Елшілікте кеңесші қызметтерін атқарды. 2000-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының сыртқы саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып еңбек етті. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы Елшісі міндетін қоса атқарды.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі және Қазақстан Республикасының БҰҰ Кеңсесі мен Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды.

2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 2021–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметін атқарды.

2023 жылғы тамыздан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметін атқарды.

Мемлекеттік және дипломатиялық қызметтегі еңбегі үшін Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді бірқатар мемлекеттік наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі дипломатиялық дәрежесіне ие.

Мұхтар Бескенұлы Тілеубердінің кәсіби және дипломатиялық қызмет жолы – Қазақстанның сыртқы саяси мүдделерін ілгерілетуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған ұзақ жылғы еңбектің көрінісі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін өз түлегінің елдің сыртқы саясаты мен дипломатиялық қызметінің маңызды бағыттарына жауапты жоғары мемлекеттік қызметке тағайындалуы – үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш. Мұхтар Тілеубердінің кәсіби жолы университет қабырғасында алған білімнің, қалыптасқан азаматтық ұстаным мен кәсіби құндылықтардың ел игілігіне қызмет етудегі маңызын көрсетеді.

ҚазҰУ ұжымы мен Түлектер қауымдастығы Мұхтар Бескенұлы Тілеубердіні жаңа қызметімен құттықтай отырып, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын одан әрі дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жауапты қызметіне табыс тілейді.

 

Басылым күні: 07.09.2026