Жаслан Мәдиев – цифрлық даму, инновациялар, мемлекеттік басқару және жасанды интеллект салаларында мол тәжірибе жинақтаған мемлекет қайраткері. Оның кәсіби жолы қаржы секторынан бастап, мемлекеттік басқару, ұлттық компаниялар мен цифрлық технологиялар саласындағы жауапты қызметтермен сабақтасып келеді.
Жаслан Хасенұлы Мәдиев 1983 жылғы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 2000-2004 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Әлемдік экономика және халықаралық қаржы» мамандығы бойынша білім алған. Кейін Колумбия университетінде мемлекеттік басқару магистрі (MPA), Массачусетс технологиялық институтының (MIT) Слоун бизнес мектебінде бизнес әкімшілендіру магистрі (MBA) дәрежелерін иеленген.
Еңбек жолын 2004 жылы «Альянс Банк» АҚ-ның Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс жөніндегі басқармасында маман ретінде бастаған. 2007 жылы Лондон қаласындағы «Morgan Stanley» инвестициялық банкінде Бағалы қағаздар және облигациялар саудасы департаментінің жетекші трейдері қызметін атқарды.
Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында сарапшы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры, «Kazyna Capital Management» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі құрылымдарында, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі ретінде және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылымында жауапты лауазымдарда еңбек етті.
2020-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі болып тағайындалды. 2022-2024 жылдары Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері қызметін атқарды.
2024 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. 2025 жылғы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне тағайындалды.
2026 жылғы 3 қыркүйекте Жаслан Хасенұлы Мәдиев аталған қызметке қайта тағайындалды.
Жаслан Мәдиевтің кәсіби қызметінің қазіргі кезеңі Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдету, мемлекеттік басқару жүйесіне заманауи технологияларды енгізу, цифрлық мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру бағыттарымен тығыз байланысты. Оның экономикалық және басқарушылық білімімен ұштасқан технологиялық саладағы тәжірибесі еліміздің цифрлық дамуының стратегиялық міндеттерін іске асыруда маңызды кәсіби негіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Жаслан Хасенұлы Мәдиевтің жоғары мемлекеттік қызметке қайта тағайындалуы – университет ұжымы үшін маңызды жаңалық. Оның кәсіби жолы ҚазҰУ түлектерінің мемлекеттік басқару, экономика және технология салаларында ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын көрсетеді.
ҚазҰУ ұжымы және Түлектер қауымдастығы Жаслан Хасенұлы Мәдиевті жаңа қызметімен құттықтап, Қазақстанның цифрлық дамуы мен жасанды интеллект саласын ілгерілетуге бағытталған жауапты қызметіне табыс тілейді.