Негізгі бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар

ҚазҰУ түлегі Ерлан Қарин – Қазақстан Республикасының Вице-Президенті

2026 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын Қазақстан Республикасының Вице-Президенті лауазымына ұсынды. Құрылтай депутаттарының қолдауынан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті қызметіне тағайындалды.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығы университет түлегі Ерлан Тынымбайұлы Қариннің Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалуын зор мақтаныш санайды.

2026 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын Қазақстан Республикасының Вице-Президенті лауазымына ұсынды. Құрылтай депутаттарының қолдауынан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті қызметіне тағайындалды.

Ерлан Тынымбайұлы Қарин – саясаттану ғылымдарының кандидаты, мемлекет және қоғам қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Ол университеттің Философия және саясаттану факультетінің Саясаттану кафедрасында аспирантурада білім алып, 1999 жылы «Қазақстанның саяси қауіпсіздігінің ішкі саяси аспектілері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.

Ерлан Қарин 1976 жылғы 26 мамырда Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетін «Тарих және география» мамандығы бойынша тәмамдаған. Студенттік жылдарынан бастап ғылыми-зерттеу және қоғамдық-ақпараттық қызметке белсенді араласып, «Ақтөбе университеті» газетінің бас редакторы, «Диапазон» газетінің саяси шолушысы қызметтерін атқарған.

Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі ретінде бастаған. Кейін Қазақстан даму институтында, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде, «Асар» республикалық партиясында, Заманауи саясат халықаралық институтында, Антитеррористік бағдарламалар орталығында және Маңғыстау облысы әкімдігінде жауапты қызметтер атқарды.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, кейін «Нұр Отан» ХДП-ның стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болды. 2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. 2017-2019 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, 2020 жылдан бастап Президенттің көмекшісі қызметтерін атқарды. 2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, сол жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалды.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Ерлан Қарин «Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Достық» орденімен, бірқатар мерейтойлық медальдармен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Ерлан Қарин – ғылыми және талдамалық еңбектердің авторы. Оның авторлығымен және бірлескен авторлықта «Балбалтас. Орхоннан Каспийге дейін», «Солдаты Халифата: мифы и реальность», «Между ИГИЛ и Аль-Каидой: Центральноазиатские боевики в сирийской войне», «Сводный каталог картографических материалов по истории Казахстана XVII – начало XX вв.» атты еңбектер жарық көрген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі ретінде Ерлан Тынымбайұлы Қариннің мемлекеттік басқару, саясаттану және қоғамдық қызмет салаларындағы кәсіби жолы – университет үшін үлкен мақтаныш. Оның жоғары мемлекеттік қызметке тағайындалуы ҚазҰУ түлектерінің ел дамуына қосып келе жатқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы Ерлан Тынымбайұлы Қаринді Қазақстан Республикасының Вице-Президенті қызметіне тағайындалуымен шын жүректен құттықтайды!

Ел игілігі жолындағы жаңа әрі жауапты қызметіне зор табыс, мықты денсаулық, қажымас қайрат және толағай жетістіктер тілейміз!

 

Басылым күні: 02.09.2026