Негізгі бет / Жаңалықтар Жаңалықтар

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Түлектер күні» іс-шарасына қатысты

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінің «Түлектер күні» іс-шарасына қатысты.

Алматыдағы ҚазҰУ-дың қалашығы бұл күні кәсіби жетістіктері осы жоғары оқу орнының мақтанышы болып табылатын көптеген түлектеріне өз есігін айқара ашты.

Кездесуді аша келе, ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті Қ.Мәми (2009 жылдан) сот жүйесі Ұлт Жоспарында белгіленген барлық 11 тармақты уақтылы және сапалы жүзеге асырғандығын атап өтті. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, соттар жаңа үш сатылы жүйеде жұмыс жүргізуде. Инвестициялық даулар жөнінде сот ісін жүргізетін жеке алқа, Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құрылды. Судьялыққа үміткерлерге қойылатын талап күшейтілді.

Бұған қоса, қазіргі таңда қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыру жөнінде жаңаша қойылып отырған талаптарды ескере отырып,  сапалы жоғары білім алудың ерекше маңыздылығына тоқталып өтті. «Біздің елімізге озық білімі, инновациялық ойлау қабілеті бар және оларды қолдана алатын мамандар қажет», - деді Қ. Мәми.

Жоғарғы Сот Төрғасының айтуынша, ҚазҰУ түлектерінің 155 мыңнан астамы республиканың игілігі жолында түрлі салаларында табысты еңбек етуде. Республикада бүгінде еңбек етіп жүрген әрбір төртінші судья, соның ішінде Жоғарғы Соттың 30 судьясы КазҰУ-дың түлегі болып саналады. Сот корпусына күрделі әрі көпсатылы іріктеуден өту қажеттігін ескерер болсақ, Қ. Мәмидің пікірінше, бұл атап көрсетілген сандық көрсеткіштер университет қабырғасында берілген білім мен тәрбие жұмыстарының сапасының нақты дәлелі саналады.

Өз сөзін қорытындылай келе, 35 жыл бұрын ҚазҰУ-дың заң факультетін бітірген, заң ғылымдарының докторы, профессор Қ. Мәми бұл жоғары оқу орны көптеген түлектер үшін өзгеше бір әлеуметтік баспалдақ болғанын, олардың болашағына интеллектуалдық негіз қалап, өмірге жолдама бергенін атап өтті.

 «Сіздерді алда жаңа жетістіктер мен түрлі жайттарға, табыстар мен қиындықтарға толы ұзақ та қызықты жол күтіп тұр. Сіздер бұл жолдан сүрінбей өтесіздер деп ойлаймын. Себебі, сіздер өмірлік қажеттілікке сай білімді ҚазҰУ қабырғасында алдыңыздар. Енді тек өз күш-қайраттарыңызға сенім артып, кез келген биікті бағындыруға тиіссіздер. Алдарыңызға нақты мақсат қойып, табандылық танытып, іске жігермен кірісіңіздер», - деп түйіндеді сөзін Қ.Мәми.

Қауымдастықтың атынан ол студенттерге сауатты және өз ісін жетік білетін маман ғана емес, ең алдымен, өз елінің шынайы патриоты болуды тіледі.

Қайнар: 

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі

http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-toragasy-l-farabi-atyndagy-kazuu-dyn-tulekter-kuni-sharasyna-katysty

 

Басылым күні: 3-мау-16