Нұрлан Сауранбаев – мемлекеттік басқару, экономика, теміржол, мұнай-газ және көлік-логистика салаларында мол тәжірибе жинақтаған мемлекет қайраткері әрі тәжірибелі басқарушы.
Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев 1967 жылғы 20 мамырда дүниеге келген. Алматы қаласындағы №30 орта мектепті тәмамдаған. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Саяси экономика» мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар Италиядағы Мұнай өнеркәсібін оқыту орталығында білім алып, мұнай әкімшілігін басқару магистрі дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын 1991 жылы жеке коммерциялық компанияның басшысы ретінде бастаған. 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры, 1998-2000 жылдары «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
2000-2002 жылдары «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ құрамындағы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ-ның бірінші вице-президенті, бас менеджері және қайта құру жобасын басқару тобының жетекшісі болды. 2002-2004 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ Инжинирингтік және сервистік жобалар департаментін басқарды. 2004-2007 жылдары «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры, 2007-2010 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды.
2010-2011 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі және басқарушы директоры болды. 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2016-2017 жылдары ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетін басқарды. 2017-2018 жылдары Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.
2021 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көлік министрі қызметіне алғаш рет тағайындалды.
2026 жылғы 3 қыркүйекте Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев аталған лауазымға қайта тағайындалды. Қазіргі уақытта ол Қазақстан Республикасының Көлік министрлігін басқарады.
Нұрлан Сауранбаевтың кәсіби қызметі еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, теміржол саласын басқару және халықаралық көлік дәліздерін кеңейту бағыттарымен тығыз байланысты. Оның мемлекеттік қызметтегі және ірі ұлттық компаниялардағы басқарушылық тәжірибесі көлік-логистика саласының стратегиялық міндеттерін іске асыру үшін маңызды кәсіби негіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевтың жоғары мемлекеттік қызметке қайта тағайындалуы – университет үшін маңызды жаңалық. Оның кәсіби жолы ҚазҰУ түлектерінің мемлекеттік басқару мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі салаларында жауапты қызмет атқарып келе жатқанын көрсетеді.
ҚазҰУ ұжымы және Түлектер қауымдастығы Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевты Қазақстан Республикасының Көлік министрі қызметіне қайта тағайындалуымен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы жауапты қызметіне табыс тілейді.