Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «...Біздің заң шығару жүйеміздің бастауында еңбегі халқымыздың ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да мойындауына ие болған көптеген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері тұрды», – деп атап өтті. Еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігінің құқықтық негізін әріптестерімен бірге қалыптастыруға Қазақстан Республикасы Сенатының бірінші шақырылымының депутаты (1995–1999 жж.), заңгер-ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Сабыр Ахметжанұлы Қасымов зор үлес қосты.
Арманға апарар қиын жол
Халықтың мүддесін қорғап, әділеттілікке қызмет етуді армандаған Сабыр 1971 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін ҚазМУ-ға құжат тапсырып, қабылдау емтихандарында өзінің жоғары білім деңгейін дәлелдеді. Алайда конкурс нәтижесі бойынша күндізгі бөлімге өте алмады. Соған қарамастан, кешкі бөлімге түсу мүмкіндігін пайдаланды. Қабылдау комиссиясының шешімі қатаң болды: «Тіркеуі жоқ, жұмысқа орналаспаған». Ресейден келген талапкердің тағдырын университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков шешті. Ол өтінішке: «Жұмысқа орналасу шартымен рұқсат етілсін», – деген бұрыштама қойды. Ол жылдары астанада тұрақты тіркеуге тұру тек өндіріс орындарына жұмысқа орналасу арқылы ғана мүмкін болатын. Сабыр еңбек жолын бастап, жұмыс өтілін жинады. Осыдан кейін ректор оның заң факультетіне қабылдануы туралы бұйрық шығарды. Жұмысты оқумен қатар алып жүру оңай болған жоқ. Соған қарамастан Сабыр оқуға ерекше ынтамен ден қойды. Тіпті күндізгі бөлімде оқитын студенттердің курстық жұмыстарын жазуға да көмектесетін. Курстастары оны «Ломоносов» деп атайтын, ал оқытушылары күндізгі бөлімге ауысуға кеңес беретін. Бірақ Сабыр отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етіп, соғыс ардагері әкесіне қолдау көрсетуге міндетті еді.
Үш жылдан кейін Сабыр аудандық соттың сот орындаушысы қызметіне тағайындалды. Әріптестері оның ұйымдастырушылық әрі көшбасшылық қасиеттерін жоғары бағалап, комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Екі жылдан соң КОКП мүшелігіне кандидат ретінде қабылданды. Табандылығы өз нәтижесін берді: 1977 жылы ол дипломдық жұмысын үздік қорғап, кәсіби қызметте қарқынды өсу жолына түсті.
1986–1988 жылдар оның азаматтық ұстанымы сыналған ерекше кезең болды. Әділет министрінің орынбасары қызметі ұсынылғанына қарамастан, Сабыр бұл лауазымнан бас тартып, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында білім алуды таңдады. Оның диссертациясының тақырыбы – «КСРО-дағы ұлттардың тең құқықтылығы: саяси-құқықтық мәселелер» – академия қабырғасында батыл ғылыми тұжырым ретінде қабылданды.
С.А. Қасымовтың ғылыми еңбегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды саяси-құқықтық тұрғыдан ақтаудың теориялық негізін қалады. Басқа зерттеушілер сақтық танытқан тұста Қасымов кеңестік мемлекеттің ұлттық-құқықтық құрылымына қатысты сол кезеңде жабық саналған мәселелерді батыл көтерді. Алайда автордың тың ғылыми тұжырымдарынан партиялық жүйе қауіптеніп, диссертацияны қорғауға жібермеді. Соған қарамастан, Мәскеуде өткен оқу жылдары, демократиялық көзқарастағы ғалымдармен және шетелдік мамандармен тығыз қарым-қатынасы оның мемлекетшілдік және отаншылдық ұстанымдарының түпкілікті қалыптасуына ықпал етіп, сол идеяларды Қазақстан игілігі үшін жүзеге асыруға деген берік ниетін нығайтты.
1990 жылдың ортасында Кеңес Одағы ыдырау шегіне жетіп, мемлекет шет аймақтарында ұлтаралық қақтығыстар өрши түсті. Осындай күрделі кезеңде КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросы Қоғамдық ғылымдар академиясынан одақтас республикалардың мәртебесі мен өкілеттіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді талап етті. Сол кезде Академия басшылығы өзінің түлегі Сабыр Қасымовты Мәскеуге шақырды.
1991 жылғы 21 қаңтарда өткен диссертация қорғауы ыдырап бара жатқан алып державаны жайлаған ұлтаралық қатынастар дағдарысының аясында өтті. Осындай жағдайда ғалым азаматтық және ғылыми батылдық танытты. Ол ұлттық мәселелерді адам құқықтарына нұқсан келтіре отырып шешуге болмайтынын ғылыми тұрғыдан негіздеп, республикалардың шынайы егемендігі олардың КСРО құрамынан шығу құқығын мойындауды талап ететінін дәлелдеді.
Диссертант өз дәуірінен озып, Ұлтаралық қатынастар кодексін әзірлеу және осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жүйелеу қажеттігін көтерді. Ол одақтық құқықтық актілерді қайта қарауды, КСРО құзыретіне жататын мәселелерді шешу кезінде республикалардың тең құқықтылығына кепілдік беретін заң қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар ұлтаралық құқықты ұлттардың құқықтық мәртебесін, оларды қорғау тетіктері мен кепілдіктерін айқындайтын құқықтың дербес саласы ретінде қалыптастыру қажеттігін ғылыми тұрғыдан негіздеді. Диссертанттың ұсынымдары кейін жаңа Одақтық шарттың негізіне алынып, Қазақ КСР атынан әзірленген жобаға енгізілді. Сондықтан бұл тарихи құжаттың диссертацияға қосымша ретінде тіркелуі заңды еді. Мемлекеттік жоспарлау мен болжау саласында жинақталған тәжірибе кейін Сенат депутаты ретіндегі ауқымды практикалық қызметінде өз жалғасын тапты.
Заңға адал қызмет
С.А. Қасымовтың кәсіби жолы – құқықтық мемлекет қағидаттарына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол тәуелсіз Қазақстанның негізгі мемлекеттік институттарының қалыптасуының бастауында тұрды. Ғалымның екі маңызды тұжырымдамалық идеясы – босқындардың құқықтық мәртебесі және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ұсыныстары белгілі бір өзгерістермен 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның негізгі нормаларының өзегіне айналды. Ел тағдыры үшін аса маңызды осы ережелерді ілгерілетуде оған көрнекті заңгерлер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев және Николай Акуев қолдау көрсетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Конституциялық соттың судьясы ретінде С.А. Қасымов Қазақстандағы конституциялық құрылыстың негізін қалауға атсалысты. Кейін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі ретінде жас республиканың негізгі заңдарын әзірлеуге қатысты. Одан кейін 13 жыл бойы Мемлекет басшысы мен елдің жоғары заң шығарушы органы арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етті. Қоғамдық міндеттерді атқара жүріп, республика аумағындағы әскери полигондарды жабу жөніндегі комиссияның құрамында жұмыс істеді. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығына қабылдау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарып, қандастардың құқықтарын қорғауда белсенді ұстаным танытты. Оның қызметінің ауқымы ең жоғары кәсіби мойындауға ие болды. С.А. Қасымовқа «Қазақстан Республикасының жоғары санатты заңгері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары берілді.
Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне қосқан үлесі
Тарихты тарихшылар жазады деген сөз бар. Ал Әділет тарихын Сабыр Қасымов сынды заңгерлер жазады. Ол тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ұлттық жадымыздан негізсіз өшірілген азаматтардың адал есімдерін халқына қайтару жолындағы аса күрделі әрі зор моральдық жауапкершілікті талап ететін миссияны өз мойнына алды. Бұл ауқымды жұмыс қырық жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жалғасты. 1989–1990 жылдары С.А. Қасымов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына түпкілікті саяси-құқықтық баға беру жөніндегі комиссиясының» мүшесі болды.
1991 жылғы 14 қарашада ол 1928 және 1930 жылдардағы Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің бай шаруашылықтарын тәркілеу, тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу, ірі және жартылай феодал байларды жер аудару, ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды күшейту және кулактар мен байларға қарсы күрес туралы қаулыларын зерделеу жөніндегі Жоғарғы Кеңес Президиумы комиссиясының мүшесі әрі хатшысы болып бекітілді. Аталған комиссия Қазақ ОАК пен Қазақ АКСР ХКК-нің бұл қаулыларын халыққа қарсы бағытталған және саяси қуғын-сүргінге әкелген құқықтық актілер деп таныды. Алайда бұл мәселе Жоғарғы Кеңестің қарауына шығарылған жоқ.
С.А. Қасымов пен оның пікірлес әріптестері аталған құқықтық актілерді қабылданған күнінен бастап жарамсыз деп тану туралы ұсыныс енгізгенімен, Президиум бұл ұсынысты қабылдамады. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі арнайы заңда қарастырылады деген уәж келтірілді. Алайда кейіннен бұл мәселе заңда да өз көрінісін таппады.
Сенатор Сабыр Қасымовтың бастамасымен келесі комиссия 1997 жылғы 5 желтоқсанда Сенат қаулысымен құрылды. Комиссия егемендік жолындағы күреске қатысушыларға, сондай-ақ Қазақстаннан еріксіз көшіп кеткен отандастар мен олардың ұрпақтарына қатысты тарихи әділдікті зерттеу және қалпына келтірумен айналысты. Отаршылдықтың зардаптарын жою және зардап шеккендердің құқықтарын қалпына келтіруге қатысты халықаралық құқықтық актілер мен халықаралық стандарттарды негізге ала отырып, комиссия алдына тоталитарлық режимнің халыққа қарсы жүргізген қуғын-сүргін әрекеттеріне саяси-құқықтық баға беру, қуғын-сүргіннің санаттарын, түрлерін және құрбандарын анықтау, сондай-ақ Қазақстандағы қуғын-сүргіннің ерекшеліктерін айқындау міндеті қойылды. Алайда С.А. Қасымов Сенаттың екінші шақырылымына сайланбауына байланысты комиссияның қызметі 1999 жылы тоқтатылды.
Тарихи жады саясатының жаңа кезеңі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын жариялауымен басталды. 2020 жылғы 24 қарашада Президент «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы комиссияның мүшесі әрі әдіснама жөніндегі кіші комиссияның жетекшісі болып С.А. Қасымов тағайындалды.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің өкімімен ол Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы болып бекітіліп, республикалық деңгейде атқарылған жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асырды.
Жобалық кеңсенің серпінді жұмысы
Бірқатар ғалымдардың біржақты тұжырымдары мен қалыптасқан көзқарастарын еңсеруге ұмтылған С.А. Қасымов зерттеу жұмысына саясаттанушыларды, заңгерлерді, философтарды, тіл мамандарын, дінтанушыларды, тарихи информатика және клиометрия саласының мамандарын тартты. Пәнаралық зерттеу тәсілі мен жаңа теориялық-әдіснамалық ұстанымдар оң нәтиже берді. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ерекше атап өтуінше, Мемлекеттік комиссияның негізгі жұмыс органы ретінде Жобалық кеңсеге Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері іссапармен жіберілді. Соның нәтижесінде республика бойынша жұмыс істеген 32 өңірлік жұмыс тобын тиімді үйлестіруге мүмкіндік туды.
Жобалық кеңсенің басшысы ретінде С.А. Қасымов мемлекеттік құпияға сілтеме жасап, тоталитарлық террордың ақиқатын ашуға қарсылық танытқан кейбір лауазымды тұлғалардың ұстанымына қарсы тұруға мәжбүр болды. Басқалар жабық архивтердің есігінен кері қайтқан жерде, Қасымов оларды ашудың заңды жолдарын іздеді. «Аса құпия» белгісімен қорғалған қорларға қатысты ол әділет жолындағы табандылық танытып, оларды құпиясыздандыру қажеттігін негіздеп, тиісті қорлардың тізбесін қоса бере отырып, мемлекеттік биліктің ең жоғары органдарына ресми түрде бірнеше мәрте өтініш жолдады.
Өзінің жоғары беделі мен терең құқықтық білімінің арқасында С.А. Қасымов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратурасының архивтерін бұрын-соңды болмаған деңгейде құпиясыздандыруға бастамашы болып, бұл істің жүзеге асуына қол жеткізді. Бұл үлкен азаматтық батылдықты талап етті, өйткені билік құрылымдарының белгілі бір деңгейінде тоталитарлық өткеннің шындығын ашуға деген қорқыныш әлі де сақталған еді. Соның нәтижесінде жазалау органдарының мыңдаған архивтік істері алғаш рет қоғам үшін қолжетімді болып, «Кіші Қазан» саясаты мен Үлкен террор жылдарындағы халық басынан өткен қасіреттің шынайы көрінісін ашып көрсетті. Ол тарихшыларға құжаттық тарихи жадыны қалпына келтіру мүмкіндігін қайтарса, мыңдаған отбасыға өз ата-бабаларының тағдыры туралы ақиқатты білу құқығын сыйлады.
Жобалық кеңсе Мемлекеттік комиссия төрағасы Ерлан Қариннің жалпы редакциясымен 72 томдық ғылыми жинақты әзірлеп, Тарих және этнология институтымен бірлесіп жарыққа шығарды. Біз, тарихшылар, деректер мен архивтік құжаттармен жұмыс істейміз. Ал Сабыр Қасымов бұдан да ауқымды міндет атқарды – ол тарихи деректерге саяси-құқықтық мән беріп, олардың мемлекеттік деңгейде мойындалуына жол ашты.Тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіне қосқан С.А. Қасымовтың айрықша жеке еңбегі жоғары бағаланды. 2023 жылы оның ұзақ жылдарғы жанқиярлық қызметі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысына ие болды.
Әрбір ұлы істің артында қайсар мінезді тұлға тұрады. Алайда мұндай мінез кабинетте қалыптаспайды, ол өмірдің ауыр сынақтарында шыңдалады. Сабыр Ахметжанұлының әріптестері 1980-жылдардағы бір тағылымды оқиғаны жиі еске алады. Жас судья Қасымов, майдангерлердің көпбалалы отбасында өсіп, әкесінен ерте айырылған өз буынының көптеген өкілдері сияқты, туған-туыстарының қамқорлығын өз мойнына алған еді. Әріптестері асханалар мен дәмханаларда түскі ас ішіп жүргенде, ол жұмыс бөлмесінде бір тоқаш пен бір бөтелке айранға ғана қанағат ететін. Үнемделген әрбір тиынды үйіне жіберіп, інілерінің аяққа тұруына жұмсайтын.
Сол қарапайым «судьяның түскі асы» оның адалдығы мен жанқиярлығының символына айналды. Бұл қарапайым көріністе биік ұрандардан да артық шынайы адамгершілік пен отансүйгіштік жатты. Өз отбасының болашағы үшін жеке қажеттіліктерінен бас тарта білген адам бүгінде дәл сондай жанқиярлықпен халықтың болашағы үшін, саяси қуғын-сүргіннің әрбір құрбаны мен әрбір отбасының ар-намысы мен қадір-қасиетін қалпына келтіру жолында еңбек етіп келеді. Оның патриотизмі әдемі сөздермен емес, өз мүддесінен бұрын елдің және өзгенің мүддесін қоя білуімен өлшенеді.
С.А. Қасымовтың кәсіби қызметі мен азаматтық ұстанымы Қазақстандағы тарихи жады саясатының қалыптасуы мен әділет қағидатының орнығуына шешуші ықпал етті. Ол бұл бағыттағы қызметін қырық жылға жуық уақыт бойы үздіксіз атқарып келеді. Ол үшін тарихи шындық – жай ғана ғылыми ұғым емес, күн сайынғы қажырлы, жауапты әрі жанкешті еңбек.
Сабыр Қасымовтың жоғары кәсіби біліктілігі азаматтық жауапкершілік пен шынайы отансүйгіштік қасиеттерімен үйлесім тапқан. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қайғы-қасіретін жүрегімен сезіне отырып, ол өзінің терең құқықтық білімі арқылы әріптестерінің тарихи зерттеулеріне заңдық негіз бен мемлекеттік маңыз дарытып келеді.