
Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі К.К. Тұмыш Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына және ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының 30 жылдығына орай шын жүректен құттықтау хатын жолдады. Құттықтау Ж.Қ. Түймебаевқа, ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректорына арналды.
Өз құттықтауында Қанат Тұмыш ҚазҰУ-да алған білімі үшін терең алғысын білдіріп, оқу ордасындағы ұстаздарының өмір жолын табуға бағыт-бағдар бергенін ерекше атап өтті.
Елші ҚазҰУ-дың елеулі жетістіктерін тілге тиек етіп, оның әлемдік университеттер рейтингінде лайықты орын алып отырғанын және 90 жылдық тарихы бар білім ордасының мыңдаған жоғары білікті мамандарды даярлап шығарғанын айтты. Сондай-ақ, ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі жетекші оқу орындарының біріне айналу жолында көптеген асулардан өткенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Қанат Тұмыш ҚазҰУ түлектерінің тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де еңбек етіп, жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытып жүргенін мақтанышпен жеткізді.
Құттықтау хатын аяқтай келе, елші ҚазҰУ-ға болашақта толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілеп, университеттің келешек ұрпаққа сапалы білім мен жарқын болашақ сыйлай беретінін айтты. Ол сондай-ақ, Ж.Қ. Түймебаевқа және бүкіл университет ұжымына деген ерекше құрметін жеткізді.