
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) 90 жылдық мерейтойына орай, Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшісі Ержан Ашықбаев университет басшылығын, оқытушы-профессорлық құрамын және студенттерін шын жүректен құттықтады.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың атына жолданған ресми хатында елші университеттің Қазақстанның ғылым мен білім саласындағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол ҚазҰУ-дың жоғары білімнің символы ғана емес, рухани және моральдық құндылықтардың қайнар көзі, сондай-ақ болашаққа бағытталған инновация мен ізденіс орталығы екенін жеткізді.
Елші өз өмірінде ҚазҰУ-да алған білімінің кәсіби жетістіктерінің негізі болғанын атап, университет түлегі екендігін әрдайым мақтанышпен айтатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол университеттің талантты жастарды тәрбиелеу және еліміздің дамуына қажетті мамандарды даярлау жолындағы маңызды миссиясын жалғастыратынына сенім білдірді.
ҚазҰУ басшылығы мен ұжымы бұл құттықтауды үлкен ықыласпен қабылдап, түлектер мен университет арасындағы ерекше байланыстың маңыздылығын атап өтті.
ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы – бұл білім, ғылым және мәдениетті дамытудағы елеулі жетістіктердің көрінісі. Университет өз дәстүрлерін сақтап, жаңа белестерді бағындыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда.