Негізгі бет / Жаңалықтар Жаңалықтар

Үздік түлектерге диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бітіруші түлектерге арналған салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті.  Биыл көшбасшы жоғары оқу орнын 3702 түлек бітіріп отыр. Оның ішінде 2143-і бакалавр, ал олардың арасынан 659 жас «Үздік диплом» иегері атанды. 1559 түлек магистр дәрежесіне ие болды. Сонымен қатар бітірушілер қатарында 60-қа жуық мемлекеттен келген 1325 шетел азаматы бар.

Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Директорлар кеңесінің төрағасы – Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы сотының экс-төрағасы, заң ғылымының докторы Мұсабек Әлімбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Алик Шпекбаев, әділет генерал-майоры Мұхтар Жөргенбаев, медицина ғылымының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев, түлектер мен ата-аналар қатысты.

Салтанатты жиынды ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, түлектерге сәт-сапар тіледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе жастардың, көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет», – деп атап өткен болатын. Білім ордасын аяқтап жатқан түлектерге сәттілік тілеймін. Университетте алған білімдеріңізді қызметтеріңізде қолдана отырып, табысқа жетулеріңізге тілектеспін», – деді ректор.

Жиында Директорлар кеңесінің төрағасы – Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми сөз сөйледі.

«Бүгін түлектер үшін тарихи күн. Сіздер көшбасшы жоғары оқу орнын бітіріп, үлкен өмірге қадам басып жатырсыздар. Осыдан 50 жыл бұрын мен алма-матерді тамамдап, қолыма диплом алған болатынмын. Баршаңызға ақ жол тілеймін», – деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Салтанатты кеш барысында 30 үздік түлекке диплом табысталды. Шара университет түлектері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. 

Басылым күні: 21.06.2024