ҚазҰУ түлегі болғаным үшін мақтанамын !

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – Қазақстандағы әлемдік деңгейде танылған бірден-бір жоғарғы оқу орны. Сапалы білім базасымен, мамандар даярлауда шеберлігімен, оқу кампустары мен қала ішіндегі қалашығымен ерекешеленетін киелі орданың 82 жылдық тарихы бар. Осыған сай ҚазҰУ-дың түлектері де әр саланың майталман маманы. Университетте сан тараптағы түлектерді біріктіретін – Түлектер Қауымдастығы жемісті жұмыс атқарады. Ректор Ғ.М.Мұтановтың бастауымен 2011 жылдан мамыр айының соңғы сенбісі – Түлектер күні ретінде аталып өтеді. ҚазҰУ-дың әр түлегі өз университетін мақтан тұтады.
Биылғы түлектер күні мен үшін жылдағыдан ерекше өтті. ҚазҰУ-дың 13 факультетінің үздік студенттері Түлектер Қауымдастығының шәкіртақысын иелендік. Бұл шәкіртақыны атақты ақын О.Сүлейменовтың қолынан алу – үлкен мәртебе. Унисерситет бітіргеніне 10, 20, 30 жыл толған аға-әпкелерімізбен кездесіп, үлгі-өнеге тыңдадық, жеткен жетістіктері мен бағындырған шыңдарын арман еттік. Осындай мүмкіндіктер сыйлаған ҚазҰУ-ға, Түлектер ассоциациясына алғысымыз шексіз. Университетімізде студенттер үшін барлық жағдай жасалған. ҚазҰУ – білім мен тәрбиенің алтын бесігі.
Тасболатқызы Балжан
Филология және әлем тілдері
факультетінің 4-курс студенті