Негізгі бет / Ассоциация жайлы / Президиум ассоциации / ҚҰЛАЖАНОВ Құралбек Сәдібайұлы ҚҰЛАЖАНОВ Құралбек Сәдібайұлы

ҚҰЛАЖАНОВ

Құралбек Сәдібайұлы

 

Химия және тамақ технологиясы саласындағы ірі зерттеуші, химия ғылымдарының докторы (1995), профессор (1996), Халықаралық Инженерлік академияның, ҚР Ұлттық Инженерлік академияның, Халықаралық жоғары мектеп ғылымы академиясының академигі, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, Андогон ұлттық университетінің (Оңтүстік Корея) құрметті докторы,  Мәскеу мемлекеттік тамақ өнеркәсібі университетінің құрметті профессоры. 1996 жылдан бастап Алматы технологиялық университетінің ректоры.

1943 жылдың 23 ақпанында Жамбыл облысы Талас ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген. 1967 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетін, 1972 жылы кандидаттық диссертация қорғап,  университеттің аспирантурасының күндізгі бөлімін бітірді.

Қ.С. Құлажанов көп жылдық зерттеулерінің нәтижелерін «Поли- және бициклды көмірсутегілердің, нитроароматты және арилацетинді қосылыстар мен олардың практикалық қолданысының бағытталған айналысының реакциялары» тақырыбында жазылған докторлық диссертациясында жинақтап, оны 1995 жылы табысты қорғады.

Оның ғылыми жетістіктері 424 ғылыми еңбекте жарық көріп, 26 патентпен және 15 өнертабыстың авторлық куәліктерімен ескерілген.

Қ.С. Құлажанов жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауда едәуір үлес қосты: оның жетекшілігімен екі докторлық және жеті кандидаттық диссертация қорғалды.

Қ.С. Құлажанов ҚР «Құрмет» орденімен (2004), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына - 10 жыл» (2005) мерейтойлық медальдармен,  ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2007), «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» (1996), «Мәдениет қайраткері» (2006) белгілерімен марапатталған.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет атағына ие (1998). ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың алғыстары табыс етілген (2004, 2005).

Өзінің іскери және интеллектуалдық қасиеттерінің арқасында  Қ.С. Құлажанов республикадағы, сондай-ақ одан тыс жерлердегі білім беру жүйесінде және ғылым әлемінде үлкен беделге ие.