Негізгі бет / Ассоциация жайлы / Президиум ассоциации / ЖӘРМЕНОВ ӘБДІРАСУЛ АЛДАШҰЛЫ ЖӘРМЕНОВ ӘБДІРАСУЛ АЛДАШҰЛЫ

ЖӘРМЕНОВ

ӘБДІРАСУЛ АЛДАШҰЛЫ

 

 

           Минералды және техногенді шикізатты кешенді өңдеу саласындағы ірі маман, техника ғылымдарының докторы (1991), «металлургия» мамандығы бойынша профессор (1994), ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері (2001), әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (2015), Е.А.Букетов атындағы сыйлықтың (2005), жалпыұлттық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері.

           1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бабайқорған ауылында туған. 1976 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетін бітірген соң, ҚазКСР ҒА Химия-металлургия институты мен Қарағанды мемлекеттік университетінде еңбек етті. 1993 жылдан бастап ҚР минералды шикізатты кешенді өңдеу ұлттық орталығының директорының орынбасары болды, 1999 жылдан бері – бас директоры.

           Орталық отандық кәсіпорындарға 100-ден аса технология енгізген. Орталықтың технологиялары бойынша кәсіпорындар шет елдерде: ТМД елдерінде, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Европа мен Азияда да жұмыс жасайды. Орталықтың Қазақстанда ғана емес, Жапония, АҚШ, Гонконг, Оңтүстік Корея, Үндістан, Бразилия, Индонезия, Чили, Мексика, Алжир, Ресей, Украина, Қырғызстан және басқа да елдерде патенттері бар. Металлургиядағы әлемдік алпауыт компаниялар – Thyssen Krupp, Nippon Steel, Kobe Steel, Baosteel, Sinosteel, Jiangxi Copper Corporation, POSCO, HANWA, JinZhou Tian Sheng Heavy Industry Co.Ltd, Zhuzhou Smelter Croup Co. орталықпен ынтымақтастық орнатқан. Орталық үшін тек лицензиялық келісім-шарттар жасау ғана емес, шетел инвестициясын тарту да маңызды, мұны Елбасы ғалымдер мен бизнеске мақсат етіп қойып отыр.

           Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан айтарлықтай үлесі үшін А. Жарменов «Құрмет» орденімен (2000 ж.) марапатталды. Ол ғылым саласындағы көрнекті жетістіктері үшін «КСРО өнертапқышы» (1980 ж.) және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2001 ж.) төсбелгілерімен, «Астанаға 10 жыл» (2008 ж.) және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 г.) мерейтойлық медальдарімен,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы ҚазҰЖҒА алтын медалімен (2011 ж.) марапатталған.