Негізгі бет / Ассоциация жайлы / Президиум ассоциации / ЖОЛДАСБЕКОВ Мырзатай | ЖОЛДАСБЕКОВ Мырзатай |
|
ЖОЛДАСБЕКОВ Мырзатай
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, ғалым-жазушы. Мырзатай Жолдасбеков 1937 жылы 27 мамырда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1960 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Мырзатай Жолдасбеков – өзі білім алған университеттің ассистенті, аспиранты, аға оқытушы, доценті, деканы, одан соң І. Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының ректоры (1977-1987) бола жүріп, халқының ұлы мұратына қызмет етті. Одан беріде Оқу министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі, Президенттік кеңестің мүшесі, Мемлекеттік кеңесші, вице-премьер, Президент кеңесшісі (1987-1993), Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (1993-1999), Дипломатиялық Академия ректоры (1997-1999), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры (2000-2004), Еуразия гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры (2004-2006) қызметтерін атқарған жылдары да Мырзекең халқымыздың ұлы мұраты жолында маңдай терін төгіп, аянбай еңбек етті. Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығының директоры. Бүгінде Мырзатай Жолдасбеков – қоғамдық сананы, ғылыми ойлар қорын байытқан «Ежелгі әдебиет нұсқалары» (1967), «Күлтегін» (1968), «Асыл арналар» (1986, 1990), «Жүз жыл жырлаған жүрек» (1992), «Тоқсан толғау» (1992, Н. Төреқұловпен бірге), «Жамбыл және оның ақындық ортасы», «Асыл сөздің атасы» (1996), «Ел тағдыры – ер тағдыры» (1997), «Елтұтқа», (А. Сейдімбек, Қ. Салғаринмен бірге) «Сөзді ұғатын кез келді» (2007), «Камни заговорили» (2007), «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (2007, Қ. Сартқожаұлымен бірге) және басқа іргелі ғылыми-зерттеу еңбектердің, бірнеше киносценарий мен музыкалық трагедияның («Ұлбике», Н. Айтовпен бірге), әндер мен күйлердің авторы. Бұл еңбектердің бірқатары Қытай, Түркия және Иранда, басқа да елдерде жарық көріп, әлем жұртшылығының игілігіне айналды. Автордың ғылыми-шығармашылық еңбектері бірнеше іргелі елдердің ірі ғылыми орталықтарында жоғары бағаға ие болды, өзі отандық әрі бірнеше елдің ғылым академияларына мүше, университеттеріне құрметті профессор болып бекіді.
|