Негізгі бет / Жетістік тарихы / Асанов Наухан Алтайұлы Асанов Наухан Алтайұлы

АСАНОВ НАУХАН АЛТАЙҰЛЫ

педагогика ғылымдарының докторы,  химия ғылымдарының кандидаты, профессор



 

          Асанов Наухан Алтайұлы 1950 жылы 19 наурызда Талдықорған (қазіргі Алматы) облысында дүниеге келді.

          1972 жылы ҚазМУ-дың химия факультетін бітіріп, ҚазКСР Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтына жұмысқа орналасып, зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша  1979 жылы химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.  

          1979 жылдан бастап Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, химия-технология факультетінің деканы қызметтерін атқарды.

          1994 жылдан  І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университетінің бipiнші проректоры - оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры  болып істеді.

          1997 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігіне тексеру, лицензиялау және аттестаттау басқармасы бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылды.

          2000 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу бөлімі бастығының орынбасары, жаратылыстану факультеттерінің оқу-әдістемелік бөлімінің бастығы, 2001- 2008 жылдары  университеттің оқу-әдістемелік басқармасының бастығы қызметін атқарды.

          2005 жылдың қаңтар айында педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Университеттік білім беру жүйесіндегі оқу үдерісін басқарудың педагогикалық негіздері» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. 2006 жылдың қарашасында профессор атағын алды.

          2008-2010 жылдары Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, Ө.А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық Академиясының ректоры қызметтерін  атқарды.

          2011 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әдістемелік бөлімінің бастығы,  академиялық мәселелер жөніндегі Департамент директоры қызметтерін атқарды. Қазіргі кезде аталған университеттің Педагогика және білім  беру менеджменті кафедрасының профессоры болып жұмыс істейді.

          230-дан астам ғылыми және әдістемелік жұмысы жарияланған, 4 авторлық куәліктің авторы. Н.А.Асановтың ғылыми-әдістемелік жұмыстары жоғары мектептің кәсіптік-білім беру бағдарламаларын дайындауға; жоғары оқу орындарының оқу үдерісін жоспарлау, ұйымдастыру және бақылауға; сабақтың барлық түрлерін оқытудың талаптарын жүйелендіріп, жаңа инновациялық технология шарттарын қолдануға арналған. Оның еңбектері алыс және жақын шет елдерінде жарық көрді..

          1989-1994 жылдары Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық  Кеңесінің депутаты болды.

          1995 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі (академигі).

           Қазақстан Республикасы Президентінің  2014 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен Н.А.Асанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Ол 2000 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» , 2010 жылы  «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», 2019 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері»  белгілерімен марапатталды.