Негізгі бет / Жетістік тарихы / Лабенда Михал Рафал (Labenda Michal Rafal) | Лабенда Михал Рафал (Labenda Michal Rafal) |
|
Еуропалық дипломат, Египет Араб Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, гуманитарлық ғылымдар (PhD) докторы. Михал Лабенда 1974 жылы 10 қыркүйекте Вроцлав қаласында (Польша) дүниеге келген. 1993 жылы Еленя Гура қаласында неміс тілін тереңдетіп оқытатын Стефан Жеромский атындағы жалпы білім беретін лицейді, одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетел азаматтарына арналған дайындық бөлімін үздік бітірді. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің жолдамасы бойынша, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен Польша ұлттық Білім министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама аясында 1994 жылдың 1 қыркүйегінде Михал Лабенда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті араб бөлімінің студенті болып қабылданды. 1999 жылы Михал Лабенда ҚазҰУ-ды «Шығыстану» мамандығы бойынша үздік бітіріп,«Шығыстанушы-филолог, араб тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы-референт» біліктілігін иеленді. Филология ғылымдарының кандидаты Ақбота Кәрібайқызы Ахметбекованың ғылыми жетекшілігімен «Күрделі бағынышты сөйлемдерді араб тілінен қазақ тіліне аудару үлгілері» тақырыбында диплом жұмысын қорғады. Михал Лабенда Варшава университетінің тіл білім институтында доктор дәрежесін алған (2006). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіргеннен кейін Михал Лабенда дипломатиялық қызметте болып, дипломатиялық мансаптың барлық сатыларынан өтеді. 1999-2002 жылдары – Польша Сыртқы істер министрлігінің Азия, Австралия және Латын Америкасы департаменті, атташе. Өзбекстандағы Польша елшілігінің екінші хатшысы (Ташкент, 2002-2005), Польша СІМ екінші хатшысы (2006), АҚШ мемлекеттік департаментінде дипломаттар айырбастау бағдарламасы бойынша екінші хатшы (тамыз 2006 –қыркүйек 2007), 2007-2010 жылдары – Польша СІМ Шығыс департаменті директорының орынбасары. 2010 жылдың қазан айынан 2014 жылдың тамыз айына дейін Михал Лабенда Польшаның Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2012 жылдың 31 шілдеде Польша Республикасының Елшілігі Ашхабад қаласында өз қызметін аяқтағандықтан, 2012 жылдың тамыз айынан бастап Бакудегі Польша Республикасының Елшілігі Түрікменстанда қоса аккредитацияланған. 2013 жылдың 29 қаңтарында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың тапсырмасы бойынша мәжіліс төрағасы А. Нұрбердиева Польша Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михал Лабенда мырзадан сенім грамоталарын қабылдады. 2014 жылғы қыркүйектен 2015 жылғы сәуірге дейін – Польша СІМ Азия-Тынық мұхиты аймағы департаментінің стратегиялық кеңесшісі. 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін Михал Лабенда – Польша Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Елші 2016 жылдың қаңтар айында берген сұхбатында «Моңғол тілін меңгергенім соншалық, моңғол тілінде жазылған нәрсені оқып, түсіне аламын», – деді. Ол туралы «Нағыз уникум, полиглот-адам, оннан астам тілді біледі және қазақ тілін жетік меңгерген. Еуропалық дипломат Бұхар жыраудың дәйексөзін ұнатады және Шәкәрім мен Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды», – деген жағымды пікірлерді де кездестіруге болады. «Мен қазақ тілін жетік меңгеру арқылы ғана, осы халықтың мәні мен жан-дүниесін түсіне аламын», – дейді Михал Лабенда. Елші Лабенда Қазақстандағы достарын жылы еске алып, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әлия Әбжанқызы Құрышжановаға алғысын білдіреді. Қазақ және поляк тілінен басқа, Елші әзірбайжан, ағылшын, араб, неміс, орыс, өзбек және француз тілдерін меңгерген. «Неліктен мен қазақ тілін жақсы көрдім? Біріншіден, бай сөздік қоры мне сирек кездесетін фразеологизмдер үшін. Бірегей фразалар мен көптеген идиомаларға бай болғандығы үшін. Екіншіден, бұл өте ыңғайлы тіл, себебі сөздер XV-XVI ғасырлардан бері формасын жоғалтпаған. Мысалы, қазіргі таңда Бұхар жыраудың өлеңдерін еш қиналмастан оқуға болады. Өте жақсы талданған көптеген әдебиеттер», – деп мақұлдайды елші. Еуропалық дипломат қазақ ақындарынан өлеңдерінен мысал келтіргенді ұнатады. Ол Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт болмаса да, қазақ тілін ұмытпаған. Өзін үнемі бір қалыпта ұстап тұру үшін қазақ тілі атақты және сұранысқа ие болар деген оймен ол кісі интернет желісінен қазақ тілінде жаңалықтар оқып тұрады. «Мен интернет-газеттерін және мақалалар оқып отырғанда, тіпті Facebook желісінде қазақ тілінің сондай таза болып келе жатқандығына таңқаламын. Егер бұрынырақта орыс тілді синонимдер немесе аса дұрыс емес аудармалар қолданылған болса, ал қазіргі уақытта қазақ тілі бай да, әдемі тілге айналды. Тек қана тіл арқылы халықты шынымен де түсініп, онымен танысуға болады». Шығыстанушы және дипломат Михал Лабенда оған азиаттық мәдениетті үйренуге көмектескен қазақ тілінде Еуропада қарым-қатынас жасаған ұнайтындығын айтып ағынан жарылды. Ол әлемнің әр бұрышынан келген полиглот-әріптестерімен кейде сирек қолданылатын сөздерді қолданып әңгіме айтқанды жақсы көреді. Оның негізгі туындылары «Қазақ тілі» кітабынан басталатыныдығы кездейсоқ емес. Сонымен қатар, ол «Ислам және терроризм», «Ресейдегі Ислам», «Еуропадағы Ислам», «Ислам кезеңіндегі Ферғана аңғары» және Абдурасул Ниязовпен бірге «Самарқандағы күнделікті өмір» атты жариялынымдардың авторы. 2018 жылдың қазан айында Михал Лабенда Египет Араб Республикасы, Судан Республикасы және Эритрея мемлекетіндегі Польша Елшісі болып бекітілді.
|