Негізгі бет / Жаңалықтар Жаңалықтар

Академик О. С. Смағұловтың ғылымдағы қиын-қыстау жолдары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің қауымдастығы атынан Оразақ Смағұлов – Қазақстан антропология ғылымының негізін қалаушы!» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырушылары мен қатысушылары, қош келдіңіздер! 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің қауымдастығы атынан Оразақ Смағұлов – Қазақстан антропология ғылымының негізін қалаушы!» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырушылары мен қатысушылары, қош келдіңіздер! 

Оразақ Смағұлұлы Смағұлов – C.М. Киров атындағы шежірелі Қазақ Ұлттық университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тарих факультетінің көрнекті түлегі. Ол осы оқу орнының дипломын осыдан 65 жыл бұрын қолына алған болатын.

Біздің бүгінгі мерейтой иесі 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіғара ауданы Қарақоға ауылдық кеңесіне қарасты Ұялысай ұжымшарында Смағұл мен Райхан Нұрпейісовтер отбасында дүниеге келген. Қазан төңкерісіне дейін ата-анасы жер шаруашылығымен айналысқан, Смағұл екінші баласы дүниеге келетін жылы Ұялысай, кейіннен Фрунзе атындағы ұжымшардың мүшесі болды.

Оразақ Смағұлұлы білімге барар жолда өмірдің біраз талқысын көрді, сол кезеңде халықтың басына түскен күштеп ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы мен оның салдарынан болған ауыртпашылықтардың бәрін де басынан кешті.

1937 жылы Смағұл бірінші сыныптың оқушысы болды және бастауыш мектепті соғыс басталар алдында ғана бітірді. 1941/42 оқу жылында Майлыағаштағы жетіжылдық мектептің партасына отырды. Алайда соғыс жылдары отбасынының ауыр тұрмысына байланысты оқуын жалғастыра алмады. Тек 1945 жылы, Ұялысайдан 12-14 шақырым жердегі Жаңажол жетіжылдық мектебінде білімін жалғастырды. Осы жерде БЛКЖО қатарына кірді. 1947 жылы – Ы. Алтынсарин атындағы Меңдіғара қазақ педагогикалық училищесінің оқушысы атанды. Училищенің «бастауыш сыныптар мұғалімі» квалификациясымен берілетін аттестатын алуды күтпестен алдын ала, 1950 жылғы 3 шілдеде ҚазМУ ректоры атына өзінің білімін жетілдіру туралы тілегін білдірген арызын жолдайды [1,  2 б.]. Ауыл ішінде аздаған қаражатты үлкен қиындықпен жинап, Оразақты Қазақстанның астанасына жібереді. Ол Алматыға қабылдау емтихандарына бір күн қалғанда жетеді.

1950 жылдың 26 тамызында ҚазМУ талапкер Смағұловтың тарих, география, әдебиет және орыс тілдерінен қабылдау емтихандарын (18 балл/ұпай) табысты тапсырғаны туралы анықтама дайындайды. Алайда оны бос орын болмағандықтан тарих факультетіне қабылдаудан бас тартады. Дегенмен бозбаланың тағдырын сол күні, яғни 26 тамыз күні ҚазМУ ректоры, Қазақ КСР Сыртқы істер экс-министрі Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаев шешіп береді. Аталған анықтамаға ол өз қолымен «Тарих факультетінің І курсына қабылдансын» деген қарар жазып және қолын қойып береді  [1, 4 б.]. Смағұловтың фамилиясы 22 тамыз күнгі № 707 университетке қабылдау туралы бұйрыққа енгізіледі. Осылайша ауыл мектебінің түлегі өз арманына қол жеткізеді, алайда ҚазМУ оған шәкіртақы тағайындағанмен жатақханадан орын тимейді.

1955 жылғы 22 ақпандағы 5 курс студентінің өндірістік мінездемесінде декан Анна Горячева пен партбюро хатшысы Нәби Даулбаев О. Смағұловтың І курстан бастап өзін шыншыл, тұрлаулы, адал студент ретінде көрсеткенін атап кетеді. Бес жыл бойына ол тек жақсы мен үздік деген бағаға оқыды, оқу тобының комсоргы (комсомол ұйымдастырушысы), факультеттің кәсіподақтар бюросының және ҚазМУ кәсіподақтар комитетінің мүшесі, Жалпы тарих үйірмесінің белсенді қатысушысы болды. «Тапсырмаларды орындауға Смағұлов жолдас әрдайым асқан жауапкершілікпен қарайтын... Факультет студенттері мен оқытушылары арасында лайықты беделге ие. Тәртіпті» [1, 12 б.].

1955 жылы 26 сәуірде профессор А. Алиевтың ғылыми жетекшілігімен О. Смағұлов «Қытай Халық Республикасында кеңестік индустриализацияны жүзеге асыру» тақырыбындағы дипломдық жұмысын үздік қорғап шығады. Оған Мәскеудегі аспирантураға баруды ұсынады, бірақ жас маманның Одақтың астанасына баруға жол қаржысы да болмайды, өйткені отбасының көмек беруге материалдық жағдайы нашар болатын. Міне, сондықтан ол еңбек жолын туған жерінде, Беломор орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Алайда, ғылымға деген құштарлық оның өмірлік сара жолын өзгертуіне себепкер болды. Ғылымға деген оның осынау жолы қиын-қыстау болды.

Бір жағынан ол 1957 жылы арнайыландырылған мекеме – Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында (әрі қарай ТАЭИ) еңбек жолын сенімді серпінмен бастады. Ғылым белесіндегі жаңа сала – антропологияға қызығушылық білдірген жас маман ретінде Алматы медицина институты мен М. В. Ломоносов атындағы ММУ-нің биология факультеті жанындағы антропология мұражайында стажировкадан (тағылымдамадан) өтеді. 1958-1961 жж. – КСРО Ғылым академиясының Миклухо-Маклай атындағы Этнография және антропология институтының (қазір – Ресей ғылым академиясының Этнология және антропология институты) аспиранты [2,  2 б. айналым]. Кеңестік ғылым саңлақтарының мықты қолдауына ие болды. Мысалы, биология ғылымдарының докторы, профессор Георгий Францевич Дебец кандидаттық диссертациясының ғылыми жетекшісі болып тағайындалды. Аспиранттың келешек жоспарлары мен экспедициялық ізденістері жедел арада республикалық Ғылым Академиясының алғашқы Президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың моральдық және қаржылай жекелей қолдауына ие болды.

Алайда, бір жағынан Оразақ Смағұлұлы өзінің кәсіби қызметінде сол кезде күш алған тоталитарлық жүйенің мықты идеологиялық қыспағына түседі,  өткен ғасырдың 70-ші жылдары оның қазақ халқының генетикалық популяциялауға арналған ғылыми еңбегін қуғындауы зерттеушінің денсаулығына орасан зиян келтіреді, алайда оның ішкі өлшеусіз рухы мен күшін, ғалымның ғылымда Шындықты іздеп табуға деген құлшынысын түбегейлі жоя алмады.

Оразақ Смағұлұлы «Қазақстанның ежелгі және заманауи тұрғындарының краниология мәліметтері бойынша антропологиялық типін қалыптастыру мәселелері» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын табыспен қорғап шықты. Арада 19 жылдан соң көпшілікке өзінің «Қазақстанның этникалық антропологиясы» атты докторлық диссертациясында отандық ғылымдағы алғашқы соматологиялық зерттеу қорытындыларын ұсынады (1984 ж.). Ғылым тарихында ерекше орын алған оның Қазақстанда өткізген алғашқы антропологиялық,  соның ішінде Моңғолия мен Италия ғалымдары қатысқан халықаралық экспедициялары. Ол Халықаралық кеңестік-индиялық антропологиялық экспедицияда отандық ғылымның биік деңгейдегі өкілі ретінде Индияның саяси қайраткері Индира Гандидің қабылдауында болды.

1989 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының ТАЭИ-ның алғашқы этникалық энтропология зертханасын, одан кейін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайының (Нұр-Сұлтан қ.) және өзі ғылыми-зерттеу қызметін жалғастырып келе жатқан М. О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (Шымкент қ.)  физикалық антропология зертханаларының құрылуы  Оразақ Смағұлұлының есімімен тығыз байланысты. Өзі білім алған университетте 1996-1998 жылдары, ал шетелдерде – АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінде студенттерге дәріс оқыды. Оразақ Смағұлұлы 1714 жылы Италияда құрылған Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

Ғалымның басты ғылыми еңбектерінің тізімінде: «Этническая геногеография Казахстана» (1977 ж.), «Этническая антропология Казахстана» (1982 ж.), «Этническая одонтология Казахстана» (1989 ж.), «Антропологические исследования высокогорных популяций Центральной Азии» (Копенгаген, 1993 ж.), «Алтай қазақтары: тарихи-антропологиялық зерттеу» (2003 г.), «Қазақ халқы және ата тегі: Кешенді физикалық антропология анықтамаларына негізделген (ж. с. XX ғ. – ж. с. д. XX ғ. дейін)» (2020 ж.). Егерде тарихшы үшін жұмысындағы басты қаруы өзінің жасаған және зерттеген еңбегінің субъективті қордаланған мұрағаттық құжаттары болса, ал антрополог үшін аса маңыздысы этногенез бен этникалық тарих бойынша ақпараттың тарихи дереккөзі ретіндегі саясат пен идеологияның, биліктің тәртібі мен мемлекеттік құрылымның ықпалына түспейтін антропологиялық және археологиялық заттай материал болып табылады.

Қазақтардың популяциясының генетикалық құрылымының алғашқы зерттеушісі және антропология бойынша ұлттық мектептің іргесін қалаушы 1994 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал 2003 жылы толық мүшесі болып қосылды. Академия мүшелігіне сайлану –  бұл мықты бәсекелестікті еңсеру, үміткердің жеке ғылыми бағдарламасын қорғау және сонымен қатар Оразақ Смағұлұлы Смағұловтың қазақтар генезисінің антропологиялық аспектілерін зерттеудегі қосқан көрнекті үлесін мойындау. Маған, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы ретінде ғалымды корреспондент-мүшелікке сайлауының куәгері болу, Бөлімшенің жалпы жиналысының хаттамасын жүргізу бақыты бұйырды. 2009 жылы ҚазМУ-нің көрнекті түлектері туралы «Біздің элита» энциклопедиялық басылымының бірінші томына «Смағұлұлы Оразақ» очеркі енді [3, 166-167 б.].

Алғашқы ғалым-антрополог, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасының еңбегі сіңген қайраткері, отандық ғылымның ақсақалы Оразақ Смағұлұлы Смағұловтың қиын-қыстау жолы – отансүйгіштіктің, зияткерлік еркіндігі үшін күрестегі азаматтық батылдығының, ерлігі, мінезінің қайсарлығы мен ғылымның биік белестеріне деген адалдығының айқын үлгісі!

2020 жылғы COVID-19 эпидемиясына байланысты ерекше қолайсыз жағдайға қарамастан ғалым өзінің 90 жылдығы қарсаңында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Тәуелсіз Қазақстан – 50 ғасырлық тарихы бар байырғы Қазақ атажұрты (физикалық антропология анықтамалары бойынша» баяндамасында қазақ халқының физикалық антропологиясы жөніндегі көлемді кешенді зерттеулерінің нәтижелерін тиянақты және қолжетімді түрде ұсынды. Қазақстанның түрлі аймақтарында, сондай-ақ Моңғолия, Өзбекстан, Ресейдегі қазақ қауымдары шоғырланып тұратын жерлерде жүргізген 30 жылдық экспедициялық зерттеулерінің нәтижелері қорытындыланды. Ғылымда алғаш рет, басқа да зерттеушілер пайдасына жарайтындай, бес жүйе бойынша халықтың морфологиялық және физиологиялық белгілерінің жоғары деңгейдегі шынайы объективті деректер базасы құрылды [4].

Ғалымның өзге ойдағыларға қатысты саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қосқан жеке үлесі туралы да айтпай кетпеуге болмайды. Менің айтайын дегенім, О. С. Смағұловтың мерейтойы қарсаңында баспаға жіберуге қол қойылған соңғы еңбегі туралы. Бұл – «Қазақтың айбарлы диссиденті. Мақмет Құлмағамбеттің өмір жолы» кітабы. Кітап Меңдіғара жерінің тумасы Мақмет Құлмағамбетке (Құлмағанбетов) (30 шілде 1930 ж. – 8 қараша 2008 ж.) арналған.

Автор – қазақтың саяси эмиграция қайраткерінің жерлесі ғана емес, ол онымен сонау бала кезден таныс болған. Мақметтің анасы Халима Оразақтың атасы – Нұрпейістің отбасында тәрбиеленген, сол кісінің қолынан ұзатылған. 1932 жылы Мақметтің әкесі отбасын аштықтан сақтап қалу үшін, Еңбек ұжымшарынан Алматыға көшіріп әкелуге шамасы жеткен. Теміржол бойында жұмыс істеп жүрген жерінен 1943 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылды, сөйтіп Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан. Жасөспірім шағында Мақмет әкесінің орнын басып паровоз депосында темір ұстасы (слесарь) болып жұмыс істеп анасы мен екі қарындасының жалғыз асыраушысы болды [4].  Ресейден жераударылып келген білімді «космополиттер» дәріс берген  ҚазМУ-дің философия-экономикалық факультетінің философия бөлімшесінде оқып жүргенде де отбасы оның шәкіртақысына өмір сүреді.

 

Қаз МУ студенттері Мақмет Құлмағамбетов пен Оразақ Смағұлов. Алматы. 1953 ж. Жарияланған [5, 349 б.].)

 

 Оразақ Смағұлұлы студенттік шағында  Мақметтің отбасында жиі қонақ болатын. Осы шаңырақтағы туыстары арасында алып қалада жүрегін жайлаған жалғыздық сезімі жай табатын.

ҚазМУ бітірген соң Мақмет пен Оразақ хат алысып тұрады. Содан соң екеуі бір мезгілде Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық білімдер бөлімшесінің институттарында қатар қызмет етеді. Оразақ Смағұлұлы аспирантурада оқып жүргенінде, жерлестер Мәскеу мен Ленинградта кездесіп тұрды. Бір кездері тіптен аспиранттың шәкіртақысына да бірге күн көрді. Бұл туралы Мақметтің Түркиядағы ғалым-тарихшы Әбдуахап Қараға берген сұхбаты да сақталған [6]. Ол сондай-ақ, айдалып келген соң Алматыдағы қонақжай Смағұловтар отбасында пана тапқан кезеңі туралы да асқан ризашылықпен еске алады.

Мақмет 1962 жылы 21 қарашада тұтқындалып, 1963 жылы 17 сәуірде Қостанай облыстық жабық сотының отырысында Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 56 бабының 1 бөлігі бойынша айыппен 7 жылға қатаң режимдегі лагерьге жіберілген, соңынан үш жыл жер аударылған. Оған тағылған айып «маркстік-лениндік ілімге қарсы ревизионистік тұрғыдағы көзқарасы, антикеңестік насихат пен үгіт жүргізген» [7, 12 б.].  1979 жылдың желтоқсанында Израильден бес қайтара шақыру алдырып және жалған некенің көмегімен Украинадан Еуропаға эмиграция жасайды. Германияда «Азаттық» радиосында қызмет етті. 1990 жылы 24 қарашада Халық жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтың өтінішхаты бойынша Қазақ КСР Жоғары соты Пленумының қаулысымен ақталып шықты және М. И. Құлмағамбетовке қатысты істің қылмыстық құрамы жоқтығына байланысты іс тоқтатылды.

Кеңес Одағы ыдыраған соң және Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Оразақ Смағұлұлы Италиядағы қызметтік іссапары кезінде Мақметпен кездесе алды. Көптен бергі асыға күткен кездесу екі азаматтың көзін еріксіз жасқа шылады. Содан кейін олар телефон арқылы байланыстарын үзбеуге тырысты. Оразақ Смағұлұлының отбасы және өзі де бірнеше рет Мақметтің отбасында қонақ болды.

Автор былай деп жазады: «Аталмыш кітапты кезінде кеңес үкіметінің бұйрығы бойынша туған жері мен елінен мәңгілікке айырылып, шетелге қуылған, бұл күнде Батыста жат жердің топырағын жастанып жатқан Мақмет Құлмағамбеттің 90 жылдығына арнаймын» [7,  5 б.]. Автордың пікірі бойынша тәуелсіз Қазақстанда ой-пікірі қырық жыл уақытқа озық болған жан және кеңестік елдегі шынайы жағдайды, соның ішінде ұлттық мәселе бойынша, Құлмағамбеттің сөзімен айтқанда «кеңестік империяның орыс емес халқы жалпы әлеуметтік және саяси қысымнан өзге ұлттық қыспақты көріп келеді», объективті көрсеткен Құлмағамбеттің есімі кеңінен танымал болса әділ болар еді [7, 215 б.].

Монография авторы белгілі жазушы Федор Достоевскийдің «Мен тек бір нәрседен қорқамын – тартқан азабыма лайықсыз болу» деген сөзін келтіреді. Әрі қарай: «Мақмет тартқан азабына лайықты болып шықты, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресте көрген сынақтары алдында оның рухани беріктігінің үлгісі – шындап келгенде ерлік, ол турасында осы кітаптың бірқатар бөлімдерінде  келтірілген өзінің естеліктері мен жазбаларында еріксіз сипаттаған» [7, 14 б.].

Онда Махмет Ибатоллаұлының құжаттары, Мордовиядағы темір тордың ар жағында, № 2 Владимир жалғызілікті түрмесінде, Коми АКСР-нде айдалып келген адам ретінде газқұбырының құрылысында өткізген ғұмыры туралы жазбалары, қапаста болғанда және ақталудан соң Қазақ КСР Жоғары сотының төрағасына қуғын-сүргін құрбаны балалар үйінің жетімдеріне берілетін өтемақы төлемдері туралы жазған хаттары, тұтқындалуы мен эмиграциясы туралы естеліктері, өзі туралы естеліктер мен Қазақстан, Ресей мен Германияда өзімен жүргізілген сұхбаттар және суреттер берілген. Еуропада шыққан кейбір мақалаларға Махмет Керей (Құлмағамбетов) деп қол қойылған. Сондай-ақ, ақталуы жөніндегі құжаттардың фотокөшірмесі, ҚазМУ дипломы, адам құқығын қорғаушы академик Андрей Дмитриевич Сахаровты босату туралы талаптарға арналған Боннда өткен акцияға қатысқаны жайында, АҚШ Президенті Билл Клинтонның құттықтаулары және басқа да көптеген материалдар бар. Бір сөзбен айтқанда, басылымда зерттеу тәжірибесіндегі (oral history)  ауызша тарихтың үзінділері кеңінен берілген.

Нақтылап айтсақ, 90 жылдығы қарсаңында Оразақ Смағұлұлы өзінің алтын уақыты мен денсаулығын мүдделесі, қазақ халқының біртуар ұлы Мақмет Ибатоллаұлы Құлмағамбеттің (Құлмағамбетов) жарқын есімін Отанына қайтаруға арнады. Өзінің кітабы арқылы ҚазМУ түлегі, саяси тұтқын, сотта «Өзімді мүлдем кінәлі сезінбеймін» деп ашық жариялаған адамның тағдыры мен әрекетіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді [7, 397 б.].

Оразақ Смағұлұлының еңбегі өткені тарихымыздың антропологиялық мазмұны зерттеулердің тақырыбы ретінде өзінің заңды орнына ие болуы тиіс. Толыққанды антропологиялық ақпараттар тарих жадындағы бақылау мен уақыттың үлкен кезеңі шамасында тікелей қатысуы, сұхбаттары тәсілімен өзінің қатысушысымен «life story» түрінде берілген. Адамның өміріндегі төтеннен килігетін оқыс оқиғаларды, айталық тарих жадындағы қиын-қыстау көріністермен байланысты 40-шы жылдардағы қанқұйлы соғыс пен 60-70-ші жылдардағы саяси қуғын-сүргінді баяндайтын ХХ ғасырдың тарихи оқиғалары мен қарама-қайшы үдерістері секілді антропологиялық қырлары анық байқалады. Зерделі оқырманның кеңестік антропология құбылысы туралы ой қозғайтыны да сөзсіз.

Кітапта этнология, мәдени және әлеуметтік антропология үшін сенімді дереккөзі болатын антропологиялық ақпарат кеңінен берілген. Дегенмен, мұндай маңызды ақпарат ресми құжаттармен бекітілмейді. Ауызша тарихтың (oral history)  тарихи үдерістер мен оқиғалардың антропологиялық негіздеріне шығуы әлеуметтік гуманитарлық ілімдердің кең шоғыры үшін көбіне әдістемелік маңызға ие болады. Осы аспектіде академик Смағұловтың жаңа кітабының үлкен ғылыми және әдістемелік құндылығы бар.

«Қазақтың айбарлы диссиденті. Мақмет Құлмағамбеттің өмір жолы» кітабы – тоталитарлық жүйе кезеңінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына арналған жазбаша ескерткіш. Оразақ Смағұлұлы достыққа, студенттік бауырластыққа адалдығын көрсетті, Мақмет Ибатоллаұлының жарқын бейнесі алдында өзінің парызын толықтай орындады. Келешекте Құлмағамбет есімі Алматы шаһарының бір көшелеріне берілетіне үмітті  [7, 16 б.].  Осы конференция қатысушылары да Оразақ Смағұлұлының бұл ұсынысын толықтай қолдайды және конференция қарарына енеді деген ойдамын.

Көріп отырғанымыздай, Оразақ Смағұлұлының ғылым мен еңбек қызметінің жолы тақтайдай тегіс болған жоқ, әдейі қолдан жасалған тайғақ, сүрінер жерлері тіптен көп болды. Алайда бірбеткейлігі, орасан еңбекқорлығы мен шығармашылық қабілеттері үнемі табысқа жетелеп отырды.

Құрметті Оразақ Смағұлұлы, мерейтойыңызбен!

Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ісіңізді жалғастырар игілікті шәкірттер мен ізбасарлар тілейміз!

Қазақ елі, ұшқан ұяңыз Сізді мақтан тұтады!


 

 

 

 

Балтабаева К.Н., тарих ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектері қауымдастығының

Атқарушы директоры

 

 

Басылым күні: 5-қар-20