Негізгі бет / Жаңалықтар Жаңалықтар

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСІМДЕР

Бақтияр Сманов,

ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық

Ш.Айтматов академиясының академигі,

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСІМДЕР

 

1968 жылы көршілес Өзбекстанның Ташкент облысы құрамындағы Бостандық ауданының орталығындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматыға оқуға баратын болдым. Қартайғанда көрген тұңғыш баласы болғандығымнан ба, әкем сол кезгі астанаға мені жалғыз жібермей өзі бірге ілесе келді. Ол кісіні мен де, менен кейінгі іні-қарындастарым да (менің әсерім болуы керек) кішкентайымыздан «ата» деп атап кеткен болатынбыз. Сол тұстың өзінде атам алпыстан асып кеткен еді. Елу жылдан астам ауыл мектебінде ұстаздық еткен ол өткен ғасырдың 1922-1923 жылдары Ташкенттегі Карл Маркс атындағы Қазақ педагогикалық техникумын, сосын Орта Азия мемлекеттік университетінің алдымен жұмысшылар, сосын география факультетін 1929-30 жылдары бітірген кісі еді. Менің мамандық таңдауыма, одан кейінгі бүкіл ғылыми-педагогикалық қызметімнің қалыптасуына сол кісінің ықпалы ерекше болды. Өйткені, мен он алты жасқа толмай, қазақтың маңдайына басқан жалғыз университеті – КазМУ-дің филология факультетінің студенті атандым. Қабылдау емтихандары университеттің механика-математика факультетінің қазіргі Бөгенбай батыр мен Масанчи көшелерінің қиылысындағы ғимаратында өтті. Университет қабылдау комиссиясының шешімі шыққан күні атам әлгі ғимараттың кіре берісіндегі орындықта бір қызбен сөйлесіп отырды. Мен өзіммен бірге құжат, емтихан тапсырып, балы жетпестен оқуға түсе алмай қалған Жұмаш Кенебаевпен (кейіннен ол журналист-қаламгер, ақын болды) сөйлесіп болып, оларға жақындадым. Атам:

– Балам, мына қызым пысық бала екен. Сенімен бірге оқуға түсіпті. Енді бірге оқисыңдар. Танысып ал, – деп қойды да, әлгі қызға қарап: – Мынау менің балам, әлі жас. Оң-солын біле бермейді. Бас-көз боп жүр, айналайын, – деп тапсырып жатты. Әлгі қыз шынында да менен жасы екі-үш жас үлкен әрі пысық, еті тірі көрінді. Мектепті де менен бір-екі жыл бұрын бітірген екен.

Ол қыз менің курстасым, қазіргі филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, белгілі тілші-ғалым Гүлдархан Өзекбаева (Смағұлова) екен.

Содан абитуриент кездегі Болатжан Абылқасымов, Шәкір Ыбыраев, Бекен Ыбырайымов, Сейфуддин (Сашка) Сүтжанов, Айман Алдашева секілді қыз-жігіттермен (кейіннен бұлардың бәрі ғылым докторлары, профессорлар болды) қатар тапсырғанымыз әлі есімде. Сейфуддинді де әкесі ертіп жүрді. Ол кісі мамандығы заңгер-адвокат болып қызмет ететінін атаммен әңгімелескенде өзі айтыпты.

Университеттегі студенттік жылдар жайлы сыр сабақтағанда, алдымен білім нәрі мен өнегелі тәрбие үлгілерін бойымызға сіңірген ұлағатты ұстаздар туралы айтқан орынды секілді. Қазір ойлап қарасам, сол азаматтар халқымыздың қаймағы іспетті тарихи ірі тұлғалар екен. Профессорлар Бейсенбай Кенжебаев (ол кісі туралы қазақ-орыс тілдерінде «Айқын», «Казахстанская правда», «Жалын» т.б. басылымдарда туысқан қырғыз халқының атақты жазушысы, бұрынғы Кеңес Одағының ең жоғарғы – Лениндік сыйлығының иегері Шыңғыс Айтматовқа байланысты жазған естеліктерімде бірнеше рет әңгіме етілді), Мәулен Балақаев, Ыбырайым Маманов, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Қасым Бейсембиев, Әзиза Нұрмаханова, Кәкен Аханов, Белгібай Шалабаев, Темірғали Нұртазин, Владимир Петрович Барчунов, Зейнолла Қабдолов, Лениншіл Рүстемов, біз оқу бітірерде Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болған талантты ғалым, профессор Мұрат Хамраев cынды ұлағатты ұстаздарымыз, есімдері естен кетпес асыл ағаларымыз болды.

Біз оқуға түскен жылы қабылдау емтиханы пәндік комиссиясының төрағасы Ыбырайым Маманов болды. Шығармадан «бес» алдым, ауызша емтиханда пәндік комиссия төрағасы мені осы күнгі қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бен марқұм Ақанай (Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың курстасы, оның «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Ақас) Дәулетова апай отырған бөлмеге ертіп апарып, сол кісілерге тапсырдым. Екеуі де емтиханды жылы шыраймен, абитуриентке деген жанашырлық ықыласпен қабылдады. Олардың жазбаша емтиханда – шығармадан өте жақсы баға алғанымды айрықша атап өткеніне көңілім көтеріліп қалды. Соған қарағанда менің жұмысымды өздері тексерген болуы керек деп ойладым.

Ал, Ыбырайым ағайдың маған деген ықыласы ерекше еді. Ол кісі мені өзіне қатты жақын тартатын. Жасы да менің әкеммен түйдей жасты, Мәулен ағай (Балақаев – бұл кісі де Ә.Нұршайықовтың аталған романының кейіпкері) бәрі қатар, 1907 жылдың түлектері болатын. Ыбырайым ағаның таудағы «Түркісіб» санаторийі жанындағы саяжайында талай болып, Салиха апаның қою күрең шәйінің, мол дастарханының дәмін таттым. Ыбекең қазақтың нағыз абыз ақсақалы, аса текті адам еді. Мәулен, Бейсенбай ағайлармен жақын араласып, жақсы қарым-қатынас жасады. Мәулен ағамен тең құрбы болғандықтан, екеуі қатты қалжыңдасатын. Олардың талай қызықты әңгімелерінің куәсі болдым.

Мен үйленген кезде Ыбырайым ағай бірде үйінде Салиха апаға:

– Әй, Салиха, мен Ғалиямен құда болдым ғой, – деді өзінің филология ғылымдарының кандидаты, ЖенПИ-де доцент болып қызмет ететін қызы туралы айтып.

– Қалайша? – деді кемпірі.

– Мына Бақтиярдың үйіндегі Нұржамал келін Қыздар институтында Ғалияның қолында оқыған шәкірті екен, ал өзі – менің шәкіртім. Біздер шәкірт құдамыз, – деді риза кейіппен.

Қыздар институтында тарих-филология факультетінің деканы қызметінде жүргенімде, сол жоғары оқу орнының ардагер ұстазы Ғалия Ыбырайымқызы:

– Құдайға тәуба, декан – менің күйеу балам, папамның ұлы, қолында оқыған жақсы көретін шәкірті, – деп аузынан тастамайтын марқұм.

Мәулен ағай демекші, ол кісіге байланысты да мынадай естен кетпес жағдай болды. Университет бітірерде біз дипломды әдебиеттен қорғадық та, қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсыратын болдық. Емтиханды екі нөкерімен (ассистентімен) Мәулен ағай алды. Ол кісі өзінің досы, академик Ісмет Кеңесбаевтан кейінгі атағы жер жаратын нөмірі екінші тілші-ғалым, ҚазКСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ал көмекшілері – өзімізге семинарлық, практикалық сабақтар жүргізген ұстаздарымыз, бірі – доцент Н.Хайруллина, екіншісі – доцент О.Құлкенова апайлар. Екеуі ағайдың екі жағына жайғасыпты. Ортада Мәкең отыр. Мен билет алып дайындалып болған соң, жауап беру үшін мемлекеттік емтихан алушылардың қарсысына келіп отырдым. Билетте үш сұрақ. Бірінші сұрақты оқи бастадым. Сол кезде әлгі екі апамыз кезектесе мен туралы айта бастады. Айтқанда, бірден жарыса жамандай кетті. Олардың айтуынша: мен сабаққа қатыспайды екенмін, семинарға дайындықсыз келеді екенмін және соныма қарамай газеттерге мақала жазғыш екенмін. Мәулен ағай үндемей отырды. Сәлден соң:

– Дұры-ыс... Бірінші сұрақ... Білесің бе? – деп маған қарады.

– Білемін ағай, айтайын ба?

– Жоқ, екінші сұрақ...

Мен сұрақты толық оқып шықтым. Мәулен ағай:

– Білесің бе, бұл сұрақты? – деді.

– Иә, білемін. Айта берейін бе? – деймін тағы да.

– Жоқ. Үшінші – сөйлем талдау... Талдауды білесің бе? – деді ағай.

– Білемін ағай, талдайын ба?

Мәулен ағай әлгі екі ассистентіне асықпай көз тастап барып, баяу ғана:

– Бәрін біледі екен... Білетін баладан сұрағанда, ол білмей қалса, ұят болады ғой, ә? Қалай ойлайсыздар? – деді ойлы көзбен.

Апайлар аң-таң. Мен емес, мына тосын ұсыныстан қос ұстаз апайлар сасқандай болып, бір-біріне қарады. Үнсіз отыр. Мәулен ағай:

– Әкел, зачеткаңды, – деп сынақ кітапшамды алды да «отл» (өте жақсы) деп жазып, өзі қолын қойып, әлгілердің де қолдарын қойғызып, маған ұстатты. Мен де ойламаған жерден тұңғыш әрі соңғы рет қазақ тілінен (оның өзінде әйгілі академик ұстаздан) «өте жақсы» баға алғаныма таң қалған күйі шығып кеттім.

Содан арада біраз жылдар өтті. Білім министрлігінде Бас басқарма бастығы болып қызмет етемін. Бірде Мәулен ағай оқулық авторы ретінде қазақ тілінен орта мектептерге арналған оқулық авторларының біз өткізген мәжілісіне қатысты. Жиналысқа тіл білімінің кілең марқасқа мықтылары оқулық авторлары ретінде қатысты. Соңынан қадірменді ұстазым менің жұмыс кабинетіме келді. Хатшы қыз шәй әкелді. Сонда баяғы университет бітірерде емтихан тапсырғандағы жағдайды есіне түсіріп, ұстазымнан сыр тарттым. Ол кісі:

– Ой, айналайын-ай, есімде. Ол екі кісі өздерін-өздері ұстап беріп отыр ғой. «Мақала жазады» дейді. Кез келген студент мақала жаза бере ме? Жоқ, әрине. Демек, сенде бірдеңе бар болғаны. Оның үстіне сенің «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Жетісу» газеттерінде жарық көрген мақалаларыңды, университет, факультет, М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік өмірінен жазған жарияланымдарыңды мен де байқап жүрдім. Бұл, бір. Екіншіден, баға деген шартты нәрсе ғой. Түсінген адамға мақала жазу – үлкен шығармашылық еңбек. Сосын, маңдайдағы бақ дегенің сол еңбекке қарай да келеді. Мәселен, сен тынымсыз еңбек пен үлкен ізденістің арқасында осындай дәрежеге жеттің. Жаңа көрдің, барлық оқулық авторлары, үлкен ғалымдар сенің аузыңа қарап отыр. Соған қарағанда, менің сол кездегі байламым дұрыс болған сияқты, – деп тоқтады. Мәулен ағай, марқұм, жұмсақ мінезді, өте бір зиялы азамат еді. Сөйлегенде асықпай-саспай, баяу, әдемі сөйлейтін. Дауыс ырғағы да әсерлі әрі сауатты болатын. Ол кісіні білетіндердің бәрі менің осы ойымды растайтын шығар.

Екінші бір үлкен тұлға, ұлы ұстаз деуге болатындай оқытушымыз – халқымыздың мақтанышы, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин болатын. Ол кісі фольклордан сабақ берді. Бірде мен ағайдың алғашқы сабақтарының бірінде, түскі 13:15-те басталатын дәріске кешігіп келдім. Сабақ басталып кетіпті. Ұстаздан рұқсат сұрап, аудиторияға кіре беріп ем:

– Қайда жүрдің? Неге кешігесің? – деп сұрақтың астына алды Мәлік ағай. Басым салбырап үнсіз тұрдым. Аты-жөнімді сұрады. Айттым.

– Әкең бар ма?

– Бар.

– Қайда тұрады?

– Ауылда.

Туған жерімді, ауылымды айттым.

– Соғыста болған ба?

– Иә... Алдымен Фин соғысында, кейіннен Германиямен соғыста болған. Екі рет аяғынан жараланып, немістердің тұтқынына түскен, – деп жауап бердім. Мәлік ағай қайыра:

– Әкең қай жылғы? – деді маған жақындап қарап тұрып. Омырауында Кеңестер Одағы Батырының «Алтын жұлдыз» медалі жарқырап тұр.

– 1907 жылғы, – деп жауап бердім қалпыма келіп.

– Е-е, бәсе... Жасы менен үлкен екен... Шалдың баласы екенсің ғой. Жарайды онда. Шалдың баласына ұрыспай-ақ қояйын. Отыра ғой. Ендігәрі кешікпейтін бол, түсіндің бе?!

Мен ұқтым дегендей басымды изедім де, орныма барып отырдым. Ал жауынгер-ұстаз сонау жылдардағы сұрапыл соғыс, майдандас үлкенді-кішілі достары, онда қаза тапқан, Отан үшін жанын қиған ардагер азаматтар есіне түскен болуы керек, ауыр күрсініп, ойланып біраз үнсіз тұрды. Осы күні сол көрініс, әйгілі батырдың, Одақтық академик-ғалымның жылы жүзбен маған еш зілсіз жасаған ескертпесі, сөйтіп қалған студенттерге көрсеткен ұлағаты, одан үндемей ойланып тұрып қалғаны әлі көз алдымда.

Тағы бірде Мәлік ағайдың тоқсан минуттық сабағының үзілісінде дәлізде старостамыз Мәкен, Мұхтар, Тәңірберген, Болатжан секілді курстас студенттермен бірге тұрдық. Мәлік ағай жақындап келіп, менің жасымды сұрады. Мен он алтыда екенімді айттым.

– Осы сен баласың ба, жігітсің бе? – деді көзінің қиығымен.

Мен намысқа тырысып:

– Иә, жігітпін, – дедім сенімді түрде ойымда ештеңе жоқ.

– Әкел қолды, міне жігіт! – деп қолымды ұстап тұрып, дәлізде қаннен-қаперсіз көлденең өтіп бара жатқан курстасымыз Ақкенже Ахмедияроваға (әйгілі домбырашы, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың кенже қарындасы):

– Ақкенже, мына Бақтиярдың қолын ал, бұл – жігіт! – деді.

Ақкенженің ойында ештеңе жоқ, менің қолымды алды да секеңдеп аудиторияға кіріп кетті.

Мәлік ағайдың қалжыңына жігіттердің бәрі мәз болысты. Ол кісінің астарлы әзілін, нені меңзеп отырғанын мен де түсінгендей болдым.

Мәлік аға керемет педагог, шебер дәріскер еді. Ол кісінің «Ақ қасқыр», «Үш ауыз сөз», «Жақсы әйел» атты терең мазмұнды ертегілері, жаңылтпаштары, жұмбақтары, шешендік өнер, жыр-дастандар, Асанқайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр туралы әңгімелері өте қызықты болатын. Шәкірттерін жақын тартып, өзіндей көретін. Әдемі әзілі, қазақи қағытпа қалжыңдары, ұтымды юморлары қатар жүретін. Онда да ол өз орнымен, ретімен шебер айтылатын.

Ағай өте мәдениетті, кішіпейіл, қарапайым еді. Студенттерімен сөйлескенде баласы қатарлы болсақ та, бізге Біздің Бақаң, Бөке (Болатжан Абылқасымов), Омеке (Омархан Құлахметов), Тәке (Тәңірберген Аймұратов), Мұха (Мұхтар Пернеқұлов), Болыс-бөлкей (курс старостасы Мәкен Әлібаев) деп ерекше ілтипатпен, көпшік қоя сөз айтатын. Онысы тағы өзіне жарасып та тұратын.

Бірде:

– Жүректі емдейтін кардиолог дейтін дәрігердің түрі бар. Менің сондай дәрігерім маған «қызықты әңгіме, әзіл-қалжың айтып, көңілді жүріңіз. Сонда сіздің жүрегіңізге аса көп салмақ түспейді. Қан қысымыңыз да көтеріліп, көп мазаңызды алмайды» дейді. Дұрыс сөз екен... Оны мен де байқап жүрмін... Содан ғой, атамыз қазақтың «Күлкі – денсаулықтың мүлкі» дейтіні. Сондықтан, сендер, менің кейде айтатын қалжыңдарымды көңілдеріңе алмаңдар, түсіністікпен қабылдаңдар.., – деп ағынан жарылды даңқты батыр.

Қандай сыпайылық десеңізші! Біз болсақ, кардиолог түгілі жүректің қай жақта екеніне мән бере бермейтін кезіміз. Осы әңгімеден Екінші дүниежүзілік соғыстың әйгілі қаһарманы, баһадүр ұстазымыздың үлкен жүрегі оны жиі мазалайтынын аңғардық. Кейін жүрек ауруының қандай болатынын, қан қысымының көтерілуінің не нәрсе екенін өз басымызға түскенде ғана барып білдік.

Сол кезде ол кісінің жасы небәрі елу үште ғана екен жарықтық. Ал бізге, әрине, аса үлкен көрінетін. Кейде сабақтан соң кешке қарай бізбен бірге жатақханамызға барып Мұхтар, Мәкен секілді курстың атақты «гроссмейстерлерімен» шахмат ойнайтын. Арасында бөлмедегі студенттердің кереуетіне керіліп жатып:

– Ой-хой, шіркін, бойдақтардың төсегі қандай рахат! Қиялыңа қанат бітіреді ғой, – деп қоятын.

Өз басым ол кісінің менімен аттас Бақтияр Меңдіғазин деген ержүрек майдандас досы болғанын, оның бір қырғын ұрыста ерлікпен қаза тапқанын, соғысқа дейін ол «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, Жазушылар одағы мен Көркем әдебиет баспасында қызмет еткенін, Мәкең досы туралы, оның қаһармандық істері жөнінде баяндайтын «Өзіміздің Бақаң ғой» атты әңгіме жазғанын, сол шығармасын оқығанда бір-ақ білдім. Мәлік ағайдың маған жиі қалжыңдайтынының себеп-мәнісі мен баяғы сабаққа кешіккенімдегі ағай сұрағанда атымды айтқан кезде ол кісінің үнсіз тұрып қалғанының да терең сыры сонда – шынайы достық сағынышта жатыр екен-ау деп ойладым.

Әңгімесінде «...Бақтияр өте турашыл, әділ адам еді. Алдау, өтірік айту сияқты жаман қылықтарға жаны қас болатын. Біреудің терістігін көрсе, соған күйіп кететін және оны бақырайтып отырып бетке айтатын. Ол мақтану дегенді, біреудің табысына ортақтаса кетуді мейлінше жек көретін.

Ол – интернационалист еді. Өзімен бірге жүрген жігіттерді ұлтқа бөлмей, бір семьяның мүшесі деп қарайтын.

Бақтияр білімі көп адам еді. Ол, әсіресе, әдебиет тарихын жақсы білетін. Қорғаныс шебінде жатқан жігіттерге өзінің әдеби кітаптардан оқып, есіне сақтаған нелер қызық әңгімелерді айтып беретін. Бұларды ол орыс, қазақ тілдерінде бірдей әңгімелейтін.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі Бақтиярдың бойына біткен жақсы қасиеттер еді. Сондықтан оны үлкен де, кіші де, командирлер мен қатардағы жауынгерлер де қатты құрметтеп отыратын. Оны олар басқаша емес, «өзіміздің Бақаң» деп атайтын. Жауынгерлердің Бақтиярға деген сүйіспеншілігі де, құрметі мен сыйлауы да «өзіміздің Бақаң» деген осы бір сөзінен сезіліп тұратын...

Бақтияр майданнан елге қайтпаса да, ерлігімен өзіне ескерткіш орнатқан адам. Біз оның Отан үшін жасаған бұл ерліктерін әр уақытта еске алып, ерлік иесіне мәңгі бас иеміз», – деп жазыпты жазушы-жауынгер Мәкең ол туралы.

Қайран Мәлік ағай! Өзі айтқандай, жүректің ауруынан біз университет бітіретін 1973 жылғы 2 қаңтарда, 58 жасында өмірден өтті. Атақты батырдың алып жүрегі оны тал түс – алпысқа да жеткізбеді. Міне, биыл ол кісінің қайтыс болғанына да 46 жыл толыпты. Келесі жылы асыл ағамыздың туғанына 105 жыл толады.

Біз оқыған тұста университетте орыс тілі, орыс және шетел әдебиетінен филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Х.Х.Махмудов, К.Ш.Кереева-Қанафиева, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттер В.Х.Мищенко, М.В.Мадзигон, С.М.Сагалович, В.П.Барчунов, Г.М.Мучник сынды бірқатар елге белгілі ғалымдар, өз салаларының білікті мамандары дәріс берді. Бұл ұстаздарымыздың біразының аты-жөндері мектепте оқып жүрген кезімізден белгілі. Өйткені, олардың бірқатары орта мектеп оқулықтарының авторлары болатын. Мәселен, қазақ мектептерінің VIII-X сыныптарына арналған өзіміз оқыған орыс тілі оқулығы авторларының бірі ­– Халаби Мұхитұлы Сайкиев ағамыз. Ол кісі факультет деканы екен. Ал екінші авторы – біздің топта сабақ беретін тәжірибелі ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент В.П.Барчунов еді. Деканымыз, әрине, орыс тілінің білгір маманы, үлкен ғалым болғанымен қатар, әрі француз тілін де жетік білетін кісі. Оның кейде сөз арасында французша сөз, мақал-мәтел араластырып айтатын әдеті бар болатын.  Бұрында Францияда елшілікте қызмет атқарған адам деп еститінбіз. Ол жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие жұмысын жақсы білетін, ұйымдастырушылық қабілеті аса жоғары азамат еді. Орыс тілі пәнінен Р.Аманжолова, С.Әлімов,  В.П.Барчунов секілді мұғалімдер курсты үш (жоғары, орта, төмен) топқа бөліп оқытты. Бізге сабақ беретін ұстазымыз Владимир Петрорич шәкірттерімен жақын араласатын. Ол кісі студенттердің барлық жағдайына ерекше мән беруші еді. Студенттердің жатақханадан орын алуына, шәкіртақы алатындардың тізіміне ілінуіне, материалдық көмек алуына, олардың басқа да тұрмыстық мәселелерінің дұрыс шешім табуына көмектесетін, қамқорлық жасайтын абзал азамат болатын. Сабақта әр қайсымызға жеке-дара тапсырмалар беріп, оның орындалуын жіті қадағалайтын нағыз педагог болды. Ол әр сабағын түрлендіре өткізетін шебер ұстаз, мықты әдіскер еді. Ұстазымыз орыс тілін, оның тылсым сырларын, мол тілдік қорын, сөздік байлығын оқыту мен үйретуде әдістемелік амалдарды орайлы қолданатын, шын мәнінде шығармашылықпен жұмыс жүргізетін. Ол бірде-бір орысы жоқ алыстағы шалғай ауданнан келген қарадомалақ ауыл балаларына өзге тілді үйретуден еш жалықпайтын, оған өзінің барлық ынта-жігерін, күш-қайратын, білімдік-ғылымдық бай әлеуетін сарқа пайдаланатын зиялы жан болатын. Сондықтан да ол кісіні шәкірттер жақсы көрді, құрмет етті. Бұл кісі кешегі күнге дейін, ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұстаздық қызмет етті.

Бірде мынадай жағдай болды. Біз бірінші курсқа түскен 1968 жылдың қысы ерте басталып, қар қалың жауды. Алғашқы күндердің бірінде менің сабаққа бас киімсіз, жеңіл-желпі күртешемен келгенімді байқап қойса керек, сабақ үстінде орнымнан тұрғызып:

– Бастан, құлақтан тиген суық жаман болады, менің қымбаттым. Саған бұл жер Ташкент емес. Алматының қысы қатты екенін есіңнен шығарма. Басыңа малақай киіп жүр, – деп ескертті.

Мен үндемедім. Тек мақұлдағандай бас изедім.

Жастықтың жалыны болу керек, оған мен пақыр аса мән бере қойған жоқпын. Күнде сабақтамыз. Онда қатысуымыз қатаң тексеріледі. Оның үстіне қаланы да жақсы біле бермейміз. Білетініміз – жалғыз ЦУМ. Онда да бара қалсаң, аяқ астынан көңілдегідей қалпақ табыла қоймайтын кез. Сонан қар жауғаннан бірер күн кейін тағы да Владимир Петровичтің кезекті сабағы басталды. Ол кісі аудиторияға кіріп, үлкен портфелін үстел үстіне қойды да, алдымен оқу-әдістемелік құралдарын, кітаптарын, қағаз-қаламдарын шығарды. Одан соң сөмкесінен бір қара елтірі құлақшын алып, мені тақтаға шақырды да, маған:

– Мә, мынаны ал, ұялма. Маған артық. Үйде бос жатқан екінші құлақшыным еді. Бас киім киіп жүр, басыңа, құлағыңа суық тиеді деп өткен сабақта айттым, саған. Бас, оның ішіндегі ми әлі керек болады, – деп қолыма ұстатты.

Мен үнсіз ұстаз қалпағын қолыма алып, оған жәй ғана алғыс білдірдім. Айтқандай-ақ, ертеңіне күн қатты суытып, сықырлаған сарышұнақ аяз басталып кетті. Соны білгендей ағай мені ойлап арнайы әкелген болу керек. Владимир Петровичтің берген қалпағы мені сол жылғы ұзаққа созылған қыстан аман алып шықты.

Не деген адами асыл қасиет, адамгершілік биік үлгі-өнеге десеңізші! Бүгінде осы жайтты ойлап отырып, қадірменді мұғаліміміздің жасаған жақсылығына, асқан жанашырлығына, мол адамгершілік қасиетіне қайран қаламын. Әрі ұстазымның сол шынайы қамқорлығын үлкен ілтипатпен еске аламын. (Жаны жәннатта болсын марқұм...)

Шәкірттердің мұндай қамқоршы ұстаздары бүгінде жоғары оқу орындарында бар болғанымен, мұндай жәйттар өте сирек кездесетін шығар деп ойлаймын. Бұл – кейінгілер өнеге алатын ұлағат үлгісі.

 Бірінші курстың қысында «СОКП тарихы» пәнінен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жанпейіс Қарағұсов ағамыз (Парламент депутаты, қазақтың қайраткер қыздарының бірі Гүлжан Қарағұсованың әкесі) сабақ берді. Ол кісінің үнемі қолынан тастамайтын үлкен қоңыр сөмкесі, пальтосының жағасы мен түсі көгілдір қаракөл елтірісінен арнайы тіктірген түсі бірдей кубанка қалпағы болатын. Ұстазымыз сұсты да мысты, қатқыл да қатал көрінетін. Өзі көп көңілдене бермейтін. Оның үстіне оқуға жаңа түскен сарыауыз біздерге бірер курс жоғары оқитын жатақханадағы бөлмелес Уәлихан (Қалижанов), Сәбит (Сүлейменов), Махмет (Түменбаев), Мүбарак (Үмбетаев), Зинол (Бисенғали) сияқты үлкен курс студенттері тарихшы мұғаліміміздің талапты өте жоғары қоятынын, тым қаталдығын жыр етіп айтып, зәре-құтымызды қашыратын. Сонан бірінші семестрдегі сынақтардан әупірімдеп жүріп әйтеуір өттік-ау. Біздің жақта: «Балық Шыршықта шоршып құтырады, Қарасуда ауға түсіп тұтылады» деген диалект-мақал бар. (Мұндағы Шыршық – ағысы қатты тау өзені де, Қарасу – оның жазық жердегі бір тармағы). Сол айтпақшы, нағыз қызық жазда болды. Біразымыз шетімізден «қырылдық». Емтихан тапсыра алмай, ұстазымыздың соңынан шұбырдық.

Кейбір емтиханнан өте алмаған жігіттер кешке қарай жатақханада жатып:

«Атаңнан айналайын Қарағұсов,

Артыңнан мен бір ерген бала күшік.

Емтихан тапсырам деп сандаламын,

Сен жүрсің ресторанда арақ ішіп», – деп

мандолина, домбыраларымен, әндетіп, көңілдерін жұбататын. Сөйтіп, соңынан қайта-қайта барып жүріп, әрең тапсыратынбыз. Соның өзінде де ол кісі жөнді баға қоймайтын, марқұм.

Ұстазымыздың мұндай қатаң талабы орынды да болды. Коммунистік партия тарихының әбден майын іштік. Кейіннен оның пайдасын өз басым жиырма үш жасымда ауылда партияға өткенде байқадым. Мені партияға қабылдаған Сарыағаш аудандық партия комитетінің бюро мүшелерінің қойған сұрақтарына еркін жауап беріп, сол баяғы жаны жәннатта, иманы саламат болғыр Жанпейіс ағамыздың сенімін ақтадым ғой деп ойлаймын.

Филология ғылымдарының докторы, профессор-жазушы Әзиза Нұрмаханова апамыз «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәнінен сабақ беретін. Апай «Шығыстың қос шынары» атты қазақтың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүк жайлы роман жазған, марқұм, жақсы адам еді. Бұл кісімен де жақын араластым, сыйластым.

Бірде сабақ үстінде тәртіп, тәрбие мәселесі туралы айтып тұрды да, Әзиза апай курстың жігіттеріне тиісіп:                   

– Сендерді ата-аналарың үміт етіп, оқысын деп, Алматыға жібереді. Ал сендер болсаңдар, сабаққа келмейсіңдер, сабақтан қашасыңдар. Түк бітірмей, селкілдеп көшеде босқа жүресіңдер! Арақ ішіп, мілисаға түсесіңдер, не масқара?! Менің қызым бар. Ташкентте аспирантурада оқиды. Сол қызым шарап, шампан түгілі, бөтелкедегі лимонадты да ішпейді, – деп соқты.

Бәріміз үнсізбіз. Соңғы партада тықыршып отырған ақын-сері Болат (Баймұханов – қазір ғылым кандидаты, Ақтөбе университетінде доцент болып қызмет етеді) деген жігітіміз:

– Ой-бой, апай-ай, Сіз де қай-қайдағыны соғады екенсіз. Қазақта: «Қыздың қызығы – үйде, қылығы – түзде» деген мақал бар емес пе? Сіз қайдан білесіз оны? Ол жақта сіз жоқсыз. Ал қызыңыз онда, тіпті, ақ арақ ішіп жүрген шығар... Сіз білмейсіз ғой. Айта бересіз... – деп қалды.

Әзиза апай:

– Тұр орныңнан! Оңбаған! Көргенсіз... Тәрбие көрмеген. Тәртіпсіз... Мен сенің үстіңнен Кәкен Аханышқа (профессор Аханов деканымыз) мәлімдеме жазып, оқудан шығартам. Қарай гөр, мұның білгішін, мақалшылын! – деп біраз шүйлікті.

Болат та осал емес. Оңайлықпен қолға түсе қоймайтын, онша-мұнша әңгімеге жеңіле бермейтін жігіт:

– Апай, кешіріңізші. Сіз мені түсінбей қалдыңыз, – деді жорта. – Сіздей қоғам және мемлекет қайраткерінің, бір республиканың бұрынғы Оқу министрінің, аса көрнекті ғалымның, үлкен жазушының баласына берген тәрбиесімен сонау шалғайдағы мал бағып жүрген қойшының тәрбиесін салыстыруға бола ма?! Еш қисынға келмейді ғой, апай, ойлаңызшы... Сіздерде элитный, аса биік те зиялы тәрбие өнегесі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Рас айтамын... Солай емес пе?..

Болаттың айтқан уәжі ұнады ма, Әзиза апайдың жүзіне шырай кіре бастады. Байқаймын, сабасына түскен секілді. Содан Болатқа қарап:

– Әй, қойшы сендерді... Енді сөйтесіңдер ғой, – деп жымиып, сабағын әрі қарай жалғап кетті.

Болат та, біз де апайдың көңілі орныққанын көріп мәз болдық.

Мұндай жайттар студент кезімізде көп болды. Бүгінде аттары аталған ұлағатты ұстаздарымыздың да, бірге оқыған курстастарымыздың да басым көпшілігі арамызда жоқ. Өмірден озған. Алла рахмет етсін оларға. Содан бері – оқуға түскенімізге елу жылдан асты, ал бітіргенімізге қырық алты жыл толыпты. Бұл аз мерзім емес. Сол заманда бізбен бірге бір курста оқыған елуге тарта қыз-жігіттерден жеті ғылым докторы, профессорлар, үш ғылым кандидаты, доценттер, бір Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, үш Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, көптеген ұстаздар, оқу-білім саласының басшы қызметкерлері, әлеуметтік-рухани өміріміздің көрнекті қайраткерлері шықты. Ал бізге университеттік білім мен өнегелі тәрбие үлгілерін берген, ана тіліміз бен туған әдебиетіміздің дамуына, кәсіби білікті мамандар даярлау ісіне, еліміздің жоғары білімі мен ғылымын, мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан сол бір асыл жандар, халқымыздың аяулы азаматтары туралы бүгінде көп айтыла бермейді. Сондықтан, осындай кезеңдерде олардың ғазиз есімдерін құрметпен атап-ескеріп, жылы лебіз білдіргеннің артықтығы болмаса керек.

Әрине, бұдан қаншама жылдар бұрынғы жайларды бір естелік мақала көлемінде айтып-тауысу мүмкін емес. Арнайы кітап жазуға да болатындай. Қалай дегенде де, ол кезең – екі қайтып келмейтін жарқын бір дәурен, жастық кезіміздің шырайлы шақтары болғаны ақиқат.

 

 

 

 

Басылым күні: 25-ақп-19