Негізгі бет / Жетістік тарихы / ЗАҢГЕРЛЕР ЗАҢГЕРЛЕР

Генералдар қартаймайды

 

    Осындай айтулы оқиғаға қатысушылардың бірі Тоқтарбай Ержановтың бүкіл өмірбаянын университет қабырғасынан алған білімінің лайықты, үлкен істерге толы ғұмырлық өнегесі ретінде қабылдауға болады.

     Жақында елордалық Тоқтарбай Қа­панұлының өмірінде маңызды оқиға болды. Туған жері – Бестөбе ауылын­дағы бір көшеге әкесінің аты берілді. Нақтырақ айтсақ, бұрын Октябрьская деп аталған көше, енді Бестөбелік ақ­сақалдар ауыл кеңесінің шешімімен Қапан Ержановтың атымен аталатын болды.

      Қызыл Жұлдыз және 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің иегері Қапан аға 90 жылдары 78 жасында өмірден озды. Ол Ленинград қор­шауын бұзуға қатысушы­лардың бірі болған. Ауыр жарақат алып, жерлесі, майдандас досы Федор Мельниктің ар­қасында аман қалды. Ол Қапанды шай­қастан арқалап алып шыққан. Олар өмір бойы бір-бірімен дос, тіпті туыстай болып кетті, ал соғысты тек екеуара ғана естеріне алатын. Қатардағы жа­уын­гер Ержанов ұлы Тоқтарбайдың ҚР Президентінің Жарлы­ғы­мен ге­нерал-майор шені мен 3 дәрежелі Мем­лекеттік әділет кеңесшісі атағын алуын көре алмай кетті.

   Тоқтарбай Қапанұлының 1976 жы­лы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық универ­ситеті) заң факультетін бірге бітірген курстас достары өздерінің арасынан шыққан жалғыз гене­ралды мақтан тұ­тады. Генерал атанғанға дейін Тоқтар­бай Ержанов үлкен өмір жолы­нан өтті. Оның өмірбаяны мінсіз. Көп балалы отбасында адалдық пен әділдік бі­рінші орында болатын. Сондықтан да бо­лар, ол өз жүрек қалауымен прокурорлық қыз­метті таңдады. Бұл жерде оның әкесінің тағылымын айтпай кетуге бол­мас. Соғыстан кейін, ауыр жарақатына қарамастан, диір­мен меңгерушісі қыз­метіне бел шеше кі­рісті. Осындай «пайдалы» қызметінде аш­құр­сақ ауыл­дастарының мұң-мұқтажын ұмытқан жоқ. Мұндай отбасылық сабақтар аса қымбатқа түсті... Жергілікті ақын Рыс­ты Шотбаева Қапан туралы тұтас поэма жазған. Осындай отбасылық қазы­на­ны әр­түрлі тұрғыдан пайдалануға болар еді.

   Бірақ Тоқтарбай Ержанов маман­дығын тергеушіліктен бастады. Отба­сы­лық ке­ңесте Тоқтарбайдың жедел іздестіру қыз­метінің қиындықтары оның болашағы үшін жақсы тәжірибе болатындығы туралы уәжі­нен кейін, осындай шешім қабыл­данды. Осы­лайша, Ақмола облысы Мариновка ауданындағы бес жылдық қызметі бас­тал­ды. Тоқтарбайдың алғашқы тергеген қыз­меті әлі есінде. Ол үмітсіз істер са­на­тынан болатын, кәсіби тілмен айт­қанда, «бос әурешілік» еді. Бір атай жоғалып кетеді. Оны іздеп жүрген кез­де, ауылда біреулер оны вокзалдан кө­ріпті-міс деген әңгіме тарайды. Соны­мен ешкімге сыйыса ал­май­тын қарт басқа жерге кетті деп бұл іс жабылды. Бірақ жас тергеуші Ержанов бұл істі қайта қозғайды. Тәжірибелі әріптес­-тері осыдан «басшылықтан сөз естиміз» деп бастарын ала қашады. Ал ол қай­мықпай, қылмыс ізіне көз жеткізу үшін жақында түр­меден шыққан жас жігітке жолығады. Шал жоғалар күннің қар­саңында жігіт майдангермен арақ ішіп, сөз таластырып, арты төбелеске ұлас­қан екен. Қылмыскер мүрдені шалдың үйінің жертөлесіне көміп, ауылдан кет­кені туралы хабар таратқан. Тергеу процесінің барлық ережелері бо­йынша жүргізілген осы іс Тоқтарбай үшін тұң­ғыш маңызды тағылым болды, кейіннен осы жайт Ержановтың жас әріптес­теріне үлгі болды.

    Өмір өз кезегімен өтіп жатты: об­лыстық прокуратураның тергеу бөлімі аппаратында бір жыл, Шортанды ауда­нында он жыл прокурор болып қызмет етті. Елордаға, жылы кабинеттерге асықпады, ауылда бе­рік әрі мықты құ­қық қорғау жүйесін жасау жолында еңбек етті. Қазіргі жастармен са­лыс­тырар болсақ, олар шендері мен жұл­дызшаларын ала сала, бірден биік орын­тақтарға ұмтылады. Ал ол болса, тек қырық­тан аса Ақмола облысы про­курорының бірінші орынбасары болды, 1996 жылы қырық үш жасында сол кез­дегі Ақмоланың прокуроры, кейіннен жаңа Астанамыздың бірінші прокуроры болған, осы лауазымда 2001 жылға дейін қызмет етті.

    Тоқтарбай Қапанұлының тергеу изо­ля­торында екі адамды кепілдікке алған екі қарақшымен келіссөз жүр­гізуі – ерекше ерлік еді. Ол қарақшы­лармен түні бойы бетпе-бет отырып, келіссөз жүргізді. Сірә, мұндай ұзақ түн болмас... Сосын таң атқан соң мұқият дайындалған арнайы бөлімше көшеден кенеттен келіп, изолятордың те­ре­зе­сіндегі торларды жұлып алып, қарақ­шы­ларды тұсаулады. Ал прокурор Ер­жанов таңғы тыныш көшемен үйіне кетеді. От­басы да бұл оқиғаны бірден білген жоқ, өйткені олар ұзақ жыл­дар­дағы қиын жұ­мысына байланысты оның үйде болмай­тындығына еттері үйренген еді. Прокурор­лық қызмет осындай... Бір кездері әкесі ысқырып ұшқан оқ астында майданда соғысса, бейбіт күні баласы адамдарды қор­ғады. Осының дәлелі ретінде Тоқтар­бай Ержанов генерал шенін ел Пре­зидентінің өз қолынан алды.

    Бәлкім, ғалымдар мамандықтың гене­тикалық жолмен берілетіндігін әлі ашпа­ған болар?! Ал олардың отбасында осы дәстүр өз орнын тапқан. Алмағайып заманда про­курорлық жолды таңдады. Өзіне және бас­қаларға отбасылық дәс­түрдің беріктігі мен биік деңгейін дә­лелдеу үшін, көп жылдар бойы Шор­танды ауданында қызмет етті. Бүгінде Дәурен Тоқтарбайұлы Бас прокура­турада бөлім басшысы болып қызмет етеді. Қызы Әсем нотариус қызметін­де, дегенмен ол да заңды барлық жа­ғынан қорғайтын отбасылық дәстүрді жалғастырды.

   Тоқтарбай Қапанұлы соңғы жыл­дар­дағы қызметін ҚР Бас прокуратура инсти­туты директорының орынбасары қыз­метінде өткізді. Бүгінде ол зейнет­керлік демалыста. Жұбайы Тұрсы­най­мен немере­лерін тәрбиелеуде. Барлығы да зымырап жатқан уақыт үрдісіне қайшы емес сияқты, алайда жасы қар­тайғанымен, жаны қар­тай­майтын адамдардың ерекшелігі де осын­­да бо­лар. Мұндай адамдарды зейнет­кер­лікке жіберуге болмас. Бұл жерде әң­гі­ме өмір бойы жоғарғы лауазымда болу туралы емес, осындай адамдардың мол зияткерлік және кәсіби әлеуетін пайда­лану туралы болып отыр. Оның бай тә­жірибесі әрдайым қажет. Әйтпесе, ұр­пақаралық сабақтастық пен жинақ­таған мол тәжірибе босқа кетеді. Тоқ­тар­бай Ержановтың да жанын ауыр­татын осы жағдай. Тәжірибелі прокурорлар жастардың еңбекті ғылыми ұйым­дас­тыру, қасақана қылмысты ашу тәрізді ерекше жетекшілікке алатын дәстүрдің жоғалғаны қынжылтады.

    Ешқандай компьютер, ешқандай вир­туалдық дерек қоры, түйсікті, пси­холо­гия­лық талдау техникасын мең­геру, ешуақытта осы саланың кәсіби мамандарына тән кә­сіби қабілетті ал­мастыра алмасы хақ. Мұн­дай өзара әрекеттестік біреуге қарттық сезімін кейінге жылжытса, басқаларына «қанат бітіріп», жоғары ұшуға мүмкіндік бе­реді. Бүгінде білім, кәсіби өсу жүйесін­де үздіксіз реформалар жасап жатқан­дар осы мәселені ойланса екен? Мүмкін, мәселенің шығу жолын алыстан емес, жақыннан, жаныңнан іздеу керек шығар?!

     Тоқтарбай Қапанұлы – әлі де еңсесі биік жан, елі үшін сіңірген еңбегі мен әкесінің атына көше берілуін, ұлының кәсіби өсуін, бақытты отбасылық өмірін қанағат тұтады, ал басқа біреулерге бақытты болу үшін осы игіліктің оннан бір бөлігі де жетер еді-ау!

 

     С.ТЫНЫБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, профессор.

    А.ӘБІКЕНОВ, заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

С.СИНИЦКАЯ, журналист

Айқын, 2016. – 26 мамыр. - №76 (2953).

 

Әбіш Баймұханбетұлы Әділбеков

 

 

       Прокуратура органының зейнеткері, Жетісулық  жыршы-термеші.

     Әбіш Баймұханбетұлы Әділбеков  1959 жылы 25 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1986 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Қостанай, Ақмола, Алматы облыстарында прокуратура саласында қызмет атқарған, Егіндікөл, Ұйғыр ауданы мен Қапшағай қаласында прокурор лауазымында болған.

    2012 жылдан бері отставкада, яғни қызмет атқарған жылдар үшін зейнеткерлікке шыққан.  «Нұр Отан»  партиясының мүшесі. Прокурорлық қызметпен қатар, Жетісу жыршылық мектебін жалғастырып, қазақ өнеріне де еңбек сіңірген өнерпаз.

       2015 ж.   Қазақ хандығының 550 жылдығына орай  «Ұлт рухы», «Ғасырлар үні» атты жыр-термелерден тұратын үнтаспалары жарық көрді. Онда  мұрағат көздерінен алынған, бұрын еш жерде жарияланбаған XVIII-XX ғасырларда Жетісу өңірінде ғұмыр кешкен Қаблиса, Саршуаш, Сабдалы, Құлмамбет, Бақтыбай, Бөлтірік, Зарзаман Асан, Көдек (Мұқағалидың нағашысы), Жүсіпбек қожа, Шарғын сияқты ақын-жыраулардың жыр-термелері тұғыш рет жырланып, халыққа жария болған.

     Сондай-ақ, бұл үнтаспада Абылайхан, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы батыр дастандары да жырланды. Оның бұл еңбегін баспасөз беттерінде «3 ғасырлық мұраны үнімен тірілткен»  деп  баға берген.

      Бұдан басқа бұл үнтаспаларда жарық көрген 33 жыр-терме Қазақ радиосының алтын қорына жазылып, халық қазынасына айналған. Қазіргі уақытта Шалқар радиосынан тұрақты түрде беріліп тұрады, әрі осы 33 жыр-терменің ішінде 21 туындыға авторлық меншік құқығы бар (ҚазАҚ реестрі 31.03.16 ж. 2298 жазба).

      Аталған үнтаспалар Америка, Англия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Еуропаның 14 мемлекетіндегі қандас бауырларға тегін таратылған.

        2015 ж. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстанның Солтүстік облыстарының Павлодар, Петропавл, Өскемен, Көкшетау қалаларында және 2016 ж. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында университет студенттері және музей қызметкерлерімен кездесу жасап, қазақ тарихына қатысты, ұлттық рух, ұлттық сана мен мінез, ұлттық тәрбие жайлы лекция-концерттер өткізген. Осындай кездесулер Алматы қаласы мен Алматы облысының бірнеше аудандарының мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттерімен де өткізілді.  Қарттар мен мүгедектер үйінде де болған. Осы тақырыпта баспасөз беттері мен радио, телевидениеге көптеген сұхбаттары берілген.

     2015-2016 жылдары Еуропа, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерін аралап, қандас бауырлардың алдында Атажұрттың сәлемі ретінде жыр-термеден шашу шашып қайтқан.

     2016 ж. 8 ақпан күні  Үрімжі қаласында Қытай халқының мемлекеттік Шаған мерекесіне орай екі ел арасындағы ғасырлардан жалғасқан достық пен тату көршілікті  дәріптеп,  Шынжаң халық радиосынан концерт берген.  Тағы бір мақтанышпен айта кететін жағдай, 2016 ж. мамыр айының 15-17 күндері Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының Құрылтайына қатысып 14 мемлекеттен келген 2000-нан аса қандас бауырлардың алдында жыр-термеден  шашу шашқан.

    Құрылтайға келген қонақтардың құрметіне Қазақстанның Германиядағы елшілігі ұйымдастырған   қонақасыда Қазақ елінің атынан бата беріп, оның сәтті шыққаны соншалық «неміс халқына бата берген қазақ» атанып еліміздің абыройын асқақтатып қайтқан.

   2016 ж. 24-25 қараша күндері Астана қаласында «Дәстүрлі халық мәдениетін зерттеудегі теориялық және практикалық мәселелер» атты ЮНЕСКО        өкілдері қатысқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Жетісудың жыраулық дәстүрі»  тақырыбына баяндама жасаған,мастер-класс көрсеткен. 

    Сонымен қатар, 2017 ж. 23-25 маусым күндері  Астана қаласында өткен қазақтардың 5-ші Дүниежүзілік құрылтайына қатысып, шетелдік қандас бауырлардың алдында жыр-термеден шашу шашқан.

    2017 жылдың қыркүйек-қараша айларында Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алматы облыстық әкімдігі жанынан құрылған  «Рухани керуен»  құрамында Алматы облысының 13 ауданында болып,  аудан активтері, ардагерлер және жастармен кездесу жасап «Ұлттық  құндылықтар» тақырыбына  сөз сөйлеп, лекция-концерт берген. Рухани керуенде белсенділік танытқаны үшін Алматы облысы әкімінің «Алғыс хатымен»  марапатталған.

   25 қазан 2017 ж. Алматы қаласында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған шығармашылық жыр кешін өткізген. 23 қараша 2017 ж. Алматы қаласында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы мен қалалық Ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай  «Ұлтым деп өткен ұлылар»  атты  қала ардагерлеріне тарихи жыр-термеден жеке концерт берген.

   Осыншама игілікті істер бабалар аманатын орындау, перзенттік борышты атқару, Отанға деген сүйіспеншілік,  әрі жас ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну мақсатында жүргізілген.

   Ол жайлы қазақтың  көрнекті тұлғаларының төмендегідей пікірін келтіруге болады.     Айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков 2013 ж.  «Жетісу»  газетінде берген   сұхбатында: «Өнер жолының асуы мен белесі көп қиындыққа толы. Заң мен  қазақтың төл өнерін құстың қос қанатындай қатар арқалап жүру үлкен ерлікпен пара-пар» десе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтай  «Ұлт рухы» атты үнтаспаға жазған пікірінде: «Әбіш өзінің орындау шеберлігімен, кез келген әншінің шамасы келе бермейтін өресі биік өнер саласы – термешілік, жыршылық дәстүрді терең меңгерген дарын иесі әрі ерекше талантымен  қазақ өнерінде өзіндік орны бар сирек өнерпаздарымыздың бірі» деген.

    Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов «Ғасырлар үні» атты үнтаспаға жазған пікірінде «Ә. Әділбеков Жетісу жыршылық мектебін жалғастырып қана қоймай  тың туындыларымен  қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып отыр. Мұндай еңбек үлкен дарын иесінің қолынан  ғана келеді. Жетісу жерінде ғұмыр кешкен ақын, жыраулардың дастандары  мен термелері мұндай үлгіде жинақ болып тұңғыш рет жарыққа шығып отыр. Сонымен қатар, таза талант иесі өнерге соны жаңалықтармен келетіні белгілі. Әбіш өнерге ешкімді қайталамай өзіндік үн, өзіндік жолмен және тың туындыларымен келген», – деп жоғары баға берген.

   Әбіш Баймұханбетұлы Әділбеков Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы» (2011), «Қазақстан Республикасы Прокуратурасының 25 жылдығы» (2016) және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жанындағы Қазақстан тарихшылары қауымдастығының Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы (2016) медальдармен марапатталған.