Негізгі бет / Жетістік тарихы / ХИМИКТЕР ХИМИКТЕР


АЛДАБЕРГЕНОВА (ӘУБӘКІРОВА) ҚАРЛЫҒАШ ҚАБИДЕНҚЫЗЫ

 

 

    Қарлығаш Қабиденқызы Алдабергенова (Әубәкірова) – химия ғылымдарының кандидаты,  белгілі әрі беделді кәсіпкер, меценат, «Трансаэро» компаниясының бас директоры.

   Қарлығаш Қабиденқызы  1966 жылдың 20 қаңтарында Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Баянауыл ауданының Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектебін алтын медальмен үздік аяқтап, Алматы қаласында сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түседі.

   Қазақстандағы қазақ білімінің қара шаңырағы талай танымал тұлғаларды оқытқан университетті қызыл дипломмен үздік бітірген. Университеттен соң осы ордалы оқу орнының қабырғасында білімін дамытып, ғылымға бет бұрады. 1996 жылы «Физико-химические характеристики координационных соединений хрома (ІІ), хрома (ІІІ) и хрома (VІ) с унитиолом» тақырып бойынша химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шықты. Осы зерттеу барысында бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрді.

   Қарлығаш Қабиденқызы тоқсаныншы тоқырау жылдарында алғашқылардың бірі болып бизнес саласына жол салды. Ол кәсіпкерлік жұмысын жандандырып, алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасты дамытуға көп күш жұмсады. Тұңғыштардың бірі болып туристік     саланы дамытып, халықаралық деңгейде бизнес жүргізуді қолға алды. Қажырлы  еңбегінің нәтижесінде әлемге танымал «Трансаэро» компаниясының Қазақстандағы бөлімінің басшысы болды. Кейіннен туризм, логистика, көлік тасымалдары, кедендік өткізу және тағы да басқа халықаралық жұмыстарды сапалы әрі саналы жүргізуінің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі күні Қазақстанның белсенді әрі беделді кәсіпкер ханымдарының қатарынан ойып тұрып орын алатын тәжірибелі жетекші, шебер ұйымдастырушы, көреген басшы.

   Қызық әрі қиын кәсіпкерлік жолда жүрсе де, жанындағы жандарға қамқор болып, ағайындары мен құрбы-құрдастарына қол ұшын созып, тірек болып жүреді.

 

ӨНЕРБАЕВ БАХТИЯР ӘЛТАЙҰЛЫ



 

    Бахтияр Әлтайұлы Өнербаев 1967 жылдың 9 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек ауылында дүниеге келген.

Ұлттық тәрбиенің мәйегін қанына сіңірген текті әулеттің ұрпағы жастайынан еңбекпен тапқан нанның қадірін біліп өсті. 1985-1987 жылдары Кеңес Армиясы  қатарында әскери борышын өтеп келген соң, білім жолына түсті. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін химия пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдады.

   Таңдаған мамандығын ерекше құлшыныспен игерген ол еңбек жолын өзі білім алған жоғары оқу орнынан бастады. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті бейорганикалық химия кафедрасының лаборанты, инженері болып жұмыс істей жүріп, тәжірибе жинақтады. Еліміз тәуелсіздік алып, енді ғана тәй-тәйлап, ес жия бастаған уақыттағы қиыншылықтарға мойымай, ағысқа қарсы жүзе білген, ел дамуына үлес қосуға талпынған Б. Өнербаев қызметтен қол үзбеді. 1992 жылдың тамыз айынан бастап Алматы қалалық аумақтық мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетінде маман, бас маман жұмысын атқарды.

   Өркениет көшіне байыпты қадаммен ілескен Қазақ елі білікті, білімді, бәсекеге қабілетті азаматтарына арқа сүйеді. Алға қойған мақсатына табандылықпен жетуге әдеттенген Бахтияр Әлтайұлы ілім-білімге құмарлығынан танған жоқ. 1998 жылы Қырғыз ұлттық мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қазақстанның құқықтану саласындағы мүмкіндіктері мен жетістіктерін зерттеп-зерделеп, саяси ғылымдарының кандидаты атанды.

   Білім көкжиегі кең, жас маман мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін мойнына алып, 1998 жылы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Ірі мегаполистің тыныс-тіршілігіндегі сан алуан түйткілді сәттер оған сындарлы шешім қабылдауды үйретті. 2003-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратында абыройлы қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі лауазымында жұмыс істеген уақытында мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарымды қадамдар жасады. Оның өмірлік тәжірибесі, ішкі, сыртқы саясаттың тұрақтылығын екшей білу деңгейі Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген кезінде жемісті нәтижеге жетуге ықпалын тигізді.

   Б. Өнербаев бүгінгі таңда Текелі қаласының әкімі қызметін абыроймен, асқан жауапкершілікпен атқарып келеді. Моноқаланың әлеуметтік, экономикалық өркендеуіне жаңашыл көзқарас, креативті идеямен жол ашуды мұрат тұтқан әкім сан саладағы мемлекеттік бағдарламалардың халық игілігіне айналуына екпін беруде.  

   Қай іске де адамдық, азаматтық ар бигінен қарай алатын Бахтияр Өнербаевтың ел дамуына қосқан үлесі шексіз. Ел-жұрттың алғысына бөленіп жүрген азаматтың «Құрмет» орденінің иегері атануы оның өлшеусіз еңбегіне берілген бағалардың бірі.

 

ТАЛТЕНОВ АБЗАЛ АХАТҰЛЫ

 

 

 

    Химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі,  Қазақстан Республикасының Ұлттық Жараталыстану ғылымдары Академиясының, Халықаралық педагогикалық білім Академиясының, Қазақстан Республикасының Жоғары мектеп ғылым Академиясының  мүше-корреспонденті, Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері Ассоциациясының президенті, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Талтенов  Абзал  Ахатұлы 1972 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Чкалово ауылында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. 1989 жылы Индер ауданы орталығындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін  үздік аяқтап, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасына  қабылданған.

   1997 ж. химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады, 2007 жылы «Азот (І-V) оксидтерінің  тотығу-тотықсыздану реакцияларының механизмі мен кинетикасы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Үш ғылыми монография,  8 патент пен 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

  1998 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім комитетінің Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының бас маманы, 1998-2001 жылдары осы орталықта  басшының орынбасары болып қызмет атқарды.

   2001 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қызметкерлер мен істер басқармасының бастығы, осы университетте 2002-2003 жылдары Әкімшілік департаментінің директоры, 2003-2004 жылдары  ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2004-2008 жылдар аралығында бірінші проректоры қызметтерін атқарды.

  2008 жылдан 2011 жылдың қарашасына дейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің бірінші проректоры, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің аппарат жетекшісі, 2012-2016 жылдары оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарды.

  2016 жылдан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарып келеді.

   Абзал Ахатұлының жоғары мектепті жақсы білуі оқу үдерісін және оның материалдық-базасын заман талабына сай жаңғыртып, нығайтуға, университетті заманауи ғылым-білім кешеніне айналдыруға бағытталған іс-қимылдарымен өз нәтижелерін бере бастады. Мәселен, 2016-2017 оқу жылы ҚР Қорғаныс министрлігімен келісілген әскери кафедра ашылды, университетте Қазақстан бойынша алғашқы бірегей  пилоттық жоба – Kids University – Балалар Университеті, оқу орны базасында «FavLabAtyrau» цифрлық зертхана, тілдерді  жетілдіру  бағытында English Only Space – әдістемелік зерттеу алаңы жұмыс жасап жатыр. Университет стадионы мен бассейні,  волейбол, баскетбол және үстел теннисін дамытуға жазғы ойын алаңдары жөндеу жұмыстарынан  өтіп, толық іске қосылды. Университет өз тарихында алғаш рет халықаралық рейтингке енді.

   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Алғыс хаты», «Қазақстан Республикасы Білім саласының Құрметті қызметкері» төс белгісі,  «Қазақстан Республикасы ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі, «Мәшһүр Жүсіп» естелік медалі,  С. Торайғыров атындағы «Алтын медаль», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл»,  «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік  медальдары, Еуразиялық экономикалық одақтың Халықаралық «Танылу» сыйлығының лауреаты атағы Абзал Талтеновтің тынымсыз еңбегіне берілген әділ баға.