Негізгі бет / Жетістік тарихы / ФИЛОЛОГТАР ФИЛОЛОГТАР

АЙТХОЖИНА МАРФУҒА  ҒАЛИҚЫЗЫ

 

   ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Марфуға Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда  Құлжа қаласында (Қытай Халық Республикасы)  дүниеге келген. 1956 жылы осы қаладағы қыздар гимназиясын тәмамдаған. 1965 жылы қазіргі әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі жоғары  әдеби курсты бітірген. 1961-1969 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді.

   Студенттік шағында-ақ оқырман ықыласына бөленіп, әдеби ортада өз бағасын алған ақынның тұңғыш шығармалар жинағы  1962 жылы «Балқұрақ» деген атпен жарық көрді. Ақынның адам жанын тербеген сыршыл нәзік лирикасымен бірге  қоғамда  болып жатқан оқиғаларға  азаматтық  ұстанымы, көркем кестеленіп түскен өрнекті ойлары  қазақ поэзиясын жаңа бір белестерге көтерді. Марфуға Айтхожинаның өлеңдері  сұлу сөзбен өрілген талғам таразысының тамыры халықтың ауыз әдебиетінен нәр алатындығын түйіндеді. Әр жылдары жарық көрген «Шыңдағы жазу» (1964), «Жастық шақ» (1968), «Қаракөз айым» (1973), «Аққуым менің» (1974), «Баянжүрек» (1974), «Көзімнің қарасы» (1975), «Ақ бесігім» (1978), «Жарқыра, менің жұлдызым» (1980), «Қыран жеткен» (1985), «Сағыныш сазы» (1990) т.б. секілді жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тауып, өлеңдерінің әр парағынан азаматтық үні айқын аңғарылды. Марфуға  ақынның жырларында таңғы мөлдір шықтай арман, сағындыра түсер үзілмес үміттің лебі бар. Табиғат берген дарын,  шалқыған  шабытпен  жыр кәусарына қандырған ақын өлеңдері өз оқырманының жүрек төрінен  мәңгілік орын алды. Нәзік те мұңлы сезім ұялататын  ақын өлеңдерінде өзгеше талғам мен таным қатар өрілген.

   Ақын поэзиясының  жағырапиялық кеңістігі  де сан қырлы, шексіз әлем.  Марфуға Айтхожинаның   шығармашылық  ғұмыры – оның нақты азаматтық кредосы, кісілік келбеті болды.  Оның  шығармалары    тұнық та терең ойдың  темірқазығы.  Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі    «Аққу жүрек» (2001), «Аңсау» (2001), «Алатаудың ақ батасы» (2005), «Тобылғы бүрлегенде» (2008) атты  кітаптарында да ақын  табиғи құбылыстарға шебер бойлауымен, терең интуициясымен  өмірдің әрбір штрих-сызығына үңілген.

   М. Айтхожинаның  бірқатар шығармалары өзбек, қырғыз, неміс, қытай, латыш, венгр, поляк, болгар, француз  т.б. тілдерге аударылған.  Сонымен бірге «Антология поэзии» (Париж), «Молодая гвардия» (Москва), «Лотос» (Кипр)  секілді шетелдік  жыр жинақтары мен альманахтарда, басқа да мерзімді басылымдарда өлеңдері жарияланған.

  Ақын 2002 жылы Далянда және 2004 жылы Жапонияда   өткен шығыс халықтары әдебиетінің конференцияларына, 2006 жылы Кореядағы Халықаралық әдебиетшілер форумына қатысқан. «Жыр аққуы» атанған  ақынның сөздеріне елге танылған көптеген әндер мен романстар  жазылды.

   Еліміздің және ұлт әдебиетінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан  ақын еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

 

  АШИРИ АХМЕТЖАН

 

 

   Ахметжан Аширидің курс­тас­тары мен замандастары­ да бірегей абзал азаматтар Әбіш Кекілбай, Қаб­деш Жұмәділ, Ораз­ақын Асқар, Марфуға Айт­қожина, Шәр­бану Құмарова, Бек­сұлтан Нұр­жеке. Бұл кісілер ұлы Мұхтар Әуе­зовтің лекция­сын тыңдап, тәлі­мін алған таң­даулы шәкірттер. Студенттік кітап­шасынан ұстаз, академик жазушы М.Әуезовтің қолтаң­басын және сол заманның аты аңызға айналған тұлғалы ұстаз­дардың есімін көре аласың.

  Аши­ридің қаламынан туған жүз­де­ген әңгіме, повесть, эссе, мақа­лаларды айтпағанның өзінде дәуір керуенінде тасқа ойылған таң­бадай «Нұр-Ана», «Кешпес қөңілім», «Солмас гүл», «Жалғыз жалбыз», «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текін», «Ділі зия», «Жер ака­демигі» қатарлы сүйекті шығар­малары ұйғыр әдебиетінің ғана емес, Қазақстан әдебиетінің мақ­­­танып айтуға болатын жетіс­тік­тері болып қала береді.

  Дра­ма­тургия саласы бойынша «Өл­­мес болып туғандар» (1973), «Мұқамшы» (1981), «Ди­қан» (1985), «Епшіл», «Иди­құт» (2009), «Жалғыз жалбыз» (2014) пьесалары Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академия­лық Ұйғыр музыкалық комедия театрында қойылды. Әсі­ресе «Идиқут» спектаклі Орта Азия мемлекеттерінің III Халық­аралық фестивалінің лауреаты атанса, «Жалғыз жалбыз» бүгінгі күнге дейін көп-ұлтты Қазақстан қөрермендеріне үздіксіз көрсетіліп келеді. Қас­қарау мен Сейіт достығы екі ұлт, екі халық арасындағы дос­тық­тың тұлғаланып, бой көтер­генін көрсетеді.

  А.П. Чеховтың атақ­ты «Шие бағы» (2015), испан ақыны, драматург Г. Лор­каның «Қанды той» трагедия­сын, қазақ ақыны, драматург Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, жігіт­тер» комедиясын ұйғыр тіліне аударып, сахнаға даярлап берді.

  А.Ашири – үлкен қоғам қай­рат­кері. Ол ұзақ жылдар бойы Қа­зақстан Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті кеңесін басқарып таланттарды ізденуге үндеп, жұ­мылған жұдырықтай болуы­на септігін тигізіп келе жат­қан ақсақалымызға айналды. Осылайша шығармашылық ұжым­да «Ұйғыр әдебиеті кеңе­сі» күні бүгінге дейін белсен­ді қызмет етіп, ұрпақтар сабақ­тас­тығы жалғасып келеді. Оның өмірі мен шығармашылығы жөнін­де елімізге белгілі қалам­герлер С. Қирабаев, Ш. Елеу­кенов, Ә. Нұршайықов, Қ. Ыс­қақ, С. Мұратбеков, Ә. Қа­диров, Ш. Кибиров, М. Һәмраев, П. Мәх­сәтова, Р. Исмаило, У. Қалижан, Г. Орда, А. Хамраев, А. Қалиева, Г. Мұсағұлова, Н. Ақыш, А. Мұқан, Д. Байтұрсынұлы қатар­­лы жүзге тарта әріптестері бас­па бетінде пікір білдіріп, ең­бек­­терін талдап таразылап шы­­­ғып­ты.

  Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, көркем прозаның үздік өкілдерінің бірі Сайын Мұратбеков телеарнаға берген сұхбатында «Ахметжан Аши­ридің бойындағы жақсы қасиет интернационализм, халықтар арасындағы достық. Әсіресе мы­нау орыс пен ұйғыр, қазақ пен ұйғыр халқының арасындағы дос­тықты дәнекерлеп отырды. Оны өзінің шығармасында ғана емес, күнделікті өмірінде ылғи да насихаттаумен келді. Жәй құрғақ сөз күйінде емес, іс жүзінде көр­сетіп келе жатқан жазушы дер едім», – депті, ағынан жарылып.

  «Ділі зия» эссе-романы осы күнге дейін орыс, қазақ тілдеріне ауда­рылып, кітап болып жарыққа шық­қанда ол турасында үш тілдегі басылымдар жеке-жеке сөз қылып, қызу талқылаған еді. Әде­биетші ғалым Шерияздан Елеу­кенов: «А. Аширидің «Ділі зия» романының бас кейіпкері – «Бент» акционерлік қоғамының президенті Дильмурат Кузиев. Дильмурат Отанымыз­ды көркей­туге үлес қосып жатқан, Отанын шынайы сүйген кәсіпкерлердің жиынтық бейнесі. Дильмурат хал­қына, еліне пайдам тисе дей­тін патриот жан. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Тәуелсіз Қа­зақ­станға жиырма жыл болды. Ота­нымызды көркейтуге үлкен үлес қосып жатқан кәсіпкерлер бар. Соларды жазу керек. Бірлігі жарасқан тәуелсіз ел халқының өмірін, өзара бірлік, достығын көркем әдебиетте көрсету ләзім», – деген болатын. А. Аширидің атал­ған романы Елбасының әде­биетке қойған осы талаптарына толық жауап беретін шығар­ма» деп дұрыс тұжырым жасапты. Бұл шынында да бүгінгі дәуірімізді толық бейнелеген ро­ман.

  Ахметжан Аширидің «Иди­құт», «Баурчуқ Арт Текин» тарихи дилогияның орны бөлек, ора­мы қалың. Оқиға аумалы-төк­пелі, садақтың адырнасындай тартылып, ширыға түскен заманды бейнелейтін көлемді көркем еңбек. Екі ұлы тарихи тұлғаның тулаған өмірінен алын­ған салмақты дүние. Олар «Ұлы қосын», «Тәңір құт», «Ұлы қаған» атанған Шыңғыс хан және даңқты «Құтхан», «Теңдессіз әмір» атан­ған, сондай-ақ Шыңғыс­ ханның «бе­сінші баласы», «Ұлы патша Идиқұт». Осы екі алыптың ара­сындағы тағдырлы тартыстар, таңғажайып оқиғалар сымдай тартылып романның салмағын ауырлата түседі.

  Баурчуқ Арт Текин өмірден өткеннен кейін Шың­ғыс хан қағанатының билеу­шілері Құбылайхан және оның ұрпақтары, тақ мұрагерлері Оқ­тай­хан, Мөңкехан, сондай-ақ Ша­ғатай әулеті Дауахан, ұрпақ­тары Қайдулардың Идиқұт мем­лекетімен арадағы байланыс­тары, қиян-кескі қақтығыстары баян етіледі.

  Тарихи дилогияда Шыңғыс хан ұрпақ­тары құрған «Қағанат» аты­мен белгілі болған күллі қытай, Бейжіңнен Қара теңізге дейінгі алып жатқан аумақтағы, импе­рияның құрамындағы осы бір Идиқұт елінің орны, рөлі, тарихи сипаты тереңінен ашылады. Нанымды көрсетіліп, оқырманды сегіз ғасырға шегіндіріп апарады.

  Жазушы Ахметжан Аши­ридің бұл еңбегі терең ізденіс­тің, тынымсыз еңбектің, үл­кен қажыр-қайраттың, мол бі­лім, зор таланттың жемісі. «Иди­құт» роман күйінде және спектакль күйінде де әдеби орта­ның қабылдауына ие болып, зерт­теушілердің оң бағасын алды.

  Осыған дейін жазушының «Идиқұт» пьесасы және «Идиқұт» ро­маны түрік тіліне аударылып, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мының қолдауында, жазушы, аудармашы, дипломат Мәлік Отарбаевтың ықпал етуімен Еуразия Жазушылар одағы тара­пынан Анкарадағы «Бенгу» бас­пасынан жарық көріп, түрік оқырмандарынан жақсы бағасын алып еді.

  Ендігі бір айтпаса болмайтын туындысы «Шарбақ» пьесасы. Бұл шығарма 2017 жылы ТҮРКСОЙ және Еура­зия Жазушылар одағы тара­пынан өткізілген түркі дүниесі драматургтерінің халықаралық «Қорқыт ата» байқауында бас жүлдеге ие болып, Анкара қала­сында өткен қорытындыда мара­патталды. Пьеса алдағы жерде түркі тектес ұлттардың тіліне аудары­лып, сахнаға шыға­рыл­мақшы. Бұл берілген жоғары баға ұйғыр әдебиетінің ғана емес, Қазақстан халықтары әде­биетінің де кесек табысы деу­ге тұрады.

 

 

БОЛҒАНБАЙҰЛЫ ӘСЕТ (1928-1999)

 

 

 

   Қазақ КСР  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1988).

  Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлы 1928 жылдың 8 наурызында Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қараменде би ауылында дүниеге келген. Ол 1947 жылы Қарқара педучилищесін үздік бітіріп, сол жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология

  факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын бітірген соң, 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа орналасып, әуелі аспирант, кейін кіші жетекші, аға жетекші, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өмірінің соңына дейін 47 жылдан астам осы институтта еңбек етті.

  Ә. Болғанбайұлының негізгі еңбектері қазақ тіл білімінің көп ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін аса жауапты салаларына, яғни лексикологияға және тілдегі сөздердің жайын зерделейтін лексикологияға және сөздік құрамды жинақты түрде көрсететін лексикографияға арналған. Faлымның көп ізденіп, атақ, дәреже алған еңбектері – осы лексикология мен лексикография саласында жазған монографиялық жұмыстары.

  Ә. Болғанбайұлы алғаш қазақ тіл білімінде зерттелмей, қолға алынбай жатқан тың, күрделі саласының бірі – синонимдер мен оның варианттылығын зерттеуді қолға алды. F. Мұсабаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер» атты кандидаттық (1945), А. Ыскақовтың кеңесшілігімен «Қазақ тіліндегі синонимдер» (1971) атты докторлық диссертациясын корғады. Ә. Болғанбайұлының 1970 жылы 22 баспа табақпен жарық көрген «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты ғылыми монографиясына отандық және шетелдік ғалымдар оң баға беріп, түркітануға қосылған елеулі үлес деп таныды.

  Ғалым бұл монографиясында барлық сөз табына қатысты синонимдерді талдау арқылы қазақ  тіліне тән заңдылықтарды, оның ішінде, синонимдік қатардың, ең алдымен, етістікте, сонан соң зат есім мен сын есімде көп кездесетінін көрсетті. Синонимдер мен олардың тілдегі варианттарын зерттеу ісімен ұзақ жылдар бойы түбегейлі айналысқан ғалым 1962, 1975 және 1998 жылдары «Қазақ тілінің синонимдер сөздігін» шығарды. 2005 жылы осы синонимдер сөздігінің толықтырылған, өңделіп жетілген жаңа басылымы жарық көрді.

  Білікті ғалым қазақ тіл білімінің өсу, кемелдену тұсында қолға алынып, зерттеліп жатқан ұжымдық еңбектер мен зерттеулерге қатысып, қазақ тіл білімінің дамуына үлкен үлес қосты. Ә. Болғанбаев «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1961), «Абай тілі сөздігі» (1968) тәрізді ірі лексикографиялық шығармаларды түзуге қатысты. Кезінде бүкіл түркі

  тілдері бойынша озық туындылардың бірі саналған он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (1974-1986) белді авторларының бірі болды. Осы жұмысы үшін ғалым 1988 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

  «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» – қазақ тіл білімі жайындағы бұрынғы-соңғы ғылыми еңбектерінің ішіндегі ең көп еңбек жұмсау нәтижесінде туған ең көлемді, соған сәйкес, ең нәрлі, ең құнды теориялық та, практикалық та үлесі мол жұмыс.  Осыған орай бұл сөздіктің қазақ тілі жайындағы ғылыми жұмыстардың ортасында алатын орны да үлкен, маңызы да ерекше. Мазмұны жағынан, бұл сөздік қазақ тілі лексикасының күллі аумақ-шеңберін мүмкіндігінше, бірінші рет, қиын болса да тұтас қамтуды нысана етеді. Сөздік – ана тілінің сөздік құрамына тән байлығын казіргі лексикография ғылымының талаптарына сай жинау, құрау, тізімдеу, саралау, талдау, сипаттау мәселелерін мақсат тұтқан және сол мақсат белгілі бір жүйе бойынша аяқталып шыққан, қазақ тіл білімінің өзге тарауларының барлығына дерлік тарам-тарам зерттеу объектілерін берген материалдық қойма іспетті мол қазыналы мұра. Екіншіден, сөздік мазмұнының кеңдігі мен қарымдылығына қарай үлкен-үлкен он том болып жариялануымен байланысты, көлемі жағынан қазақ тіл білімі жөніндегі еңбектердің ішінде оған пара-пар келетін әзірше бірде-бір еңбек жоқ. «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің» осындай маңызын тани келе, бағалай отыра, оның аса құнды қасиеттерін атап өткен жөн. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі қазақ тіл біліміне жаңадан талай ғылыми зерттеу жүргізуге әрі даңғыл жол ашуға, әрі соларға құнарлы материал алуға негіз бола алады. Бұл сөздік арқылы (оның нақтылы материалы бойынша), ең алдымен, қазақ тілі лексикасының көлемі шамаланып, сөздердің тұлға-тұрпаттары, олардың сала-салалары айқындалады, сөздердің семантикалық сыр-сипаттары, грамматикалық өзгешеліктері, стилистикалық ерекшеліктері бағдарланады, сөздердің қолданылу аясы мен жұмсалу шеңбері анықталады, сөздердің өзара тіркесу қабілеттерін ашуға мүмкіндік туады. Бұл аталған міндеттер – қазақ  лексикасындағы сөздердің сыр-сипаттарын талдауға қатысты бір топ мәселелер ғана. Ал түбір және түбірлік сөздер, туынды сөздер, біріккен және кіріккен сөздер, қос сөздер, кірме сөздер, лексикаланған тіркестер, фразаланған тіркестер, грамматикаланған тіркестер, термин сөздер, жаңа сөздер (неологизм), көнерген сөздер (архаизм), тарихи сөздер (историзм), этникалық, этнографиялық сөздер тағы басқа солар сияқты атаулар мен атау сөздерге жеке-жеке арнап әр алуан сөздіктер жасалуға тиісті екенін ойға келгенде олар үшін де осы сөздікке үңіліп, олардың қай-қайсысына болсын керекті материалдардың осы сөздіктен алынатыны белгілі жайт.

  «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» – қазақ лексикологиясына, лексикографиясына, семасиологиясына, фразеологиясына, этимологиясына ғана азық (материал) беретін арна ғана емес, қазақ грамматикасына, атап айтқанда, морфологиясына, синтаксисіне материал алуға да оңтайлы, оның көптеген жалпы да, жалқы да мәселелерін зерттеуге нәр беретін

казына. Қашан да, қандай да сөздік болмасын, әдетте, өзінің алдына қойылған міндетіне, нысанасына сәйкес, оқырманға қандай да болса қажетті ұғым туралы түсінік не сол жөнінде мәлімет беруді көздейді. Ендеше бұл түсіндірме сөздіктің де түпкі мақсаты жұртшылыққа қазақ сөздері туралы жан-жақты мәлімет беру болғандықтан, ондай мәліметтердің сипаты ғылыми, практикалық жақтан өте маңызды.

  Faлым «Қазақ тілі лексикологиясы» (1979) атты еңбегінде синхрондық зерттеу әдісін қолданып, лексикология кағидаларын тың тілдік деректермен толықтырды.

  Ә. Болғанбайұлы – сөз өнерінің шебері, халқымызға танымал тілші-ғалым, бойында ұлттық рухы мол, елі-жерін, халқын сүйетін патриот еді. Еңбексүйгіш, жинақы, карапайым-тұғын, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөйлесетін ақжарқын, тұла бойына біткен толып жатқан жақсы қасиеттерімен дараланатын, халқының касиетін қадірлейтін, әдет-ғұрпын сыйлайтын, аналарды қастерлеп, қыздарын айрықша аялайтын. Жазылған дүниелерді ерінбей қарап шығып, қамқор көңілін көрсетіп, ыстық лебізін білдіріп, жылы қабақ танытатын адамгершілігі мол, кісілігі биік жан болатын.

  Көрнекті ғалым А. Ысқақовтың жетекшілігімен табаны таймай елу жыл лексикография саласында еңбек сіңірген ғылым докторы Ә. Болғанбайұлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, еңбегі жоғары бағаланды. 2001 жылы қыркүйекте Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Үшарал ауылындағы мектепке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы Әсет Болғанбайұлының есімі берілді. Мектеп ішінен арнайы мұражай ашылып, сыртқы қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

  «Оқулық – даналық бастамасы», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Болғанбайұлының ізденуші жастарға, студенттерге арналып жазылған бағалы оқулықтары да бар. Faлым өзі жазған оқулықтарын үнемі жетілдіріп, жаңартып отырған. Мысалы, «Қазақ тілінің лексикологиясы» атты оқулығын толықтырып, жетілдіріліп, үш мәрте (1958, 1979, 1997) бастырды. Faлымның екінші бір маңызды ұстаздық туындысы – оның Ғ. Қалиұлымен бірігіп жазған «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулығы. Бұл еңбек жалпы тіл білімінің мәселелерін, оның соңғы жетістіктерін өскелең ұрпақтың зердесіне тиімді түрде жеткізетін құнды да байсалды ғылыми зерттеу болып табылады.

 

ЕРҒАЛИЕВ  ХАМИТ (1916-1977)


 

   Қазақтың  көрнекті ақыны, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1981) Хамит Ерғалиев  1916 жылы  Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келді.

  Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған.

  ІІ Дүниежүзілік соғысқа  қатысқан майдангер қаламгердің алғашқы  өлеңдері  1936 жылы жарияланды. 1945-1950 жж.  «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері, 1950-1957 ж. Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, 1958-1959 ж. «Қазақстан»  мемлекеттік әдебиет баспасы, поэзия редакциясының меңгерушісі болып қызмет атқарған қаламгердің шығармашылық жолы – азаматтықтың, ар тазалығының, елді сүюдің жарқын үлгісі. 

  Хамит Ерғалиев қаламынан туған «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты күн», «Аңыз ата», «Жылдар, жылдар» деп аталатын поэмалар әдебиет сүйер қауымның жоғары бағасын алған, авторлық концепциясы айқын, уақыт тынысын, қоғам диагнозын нақты көрсеткен туындылар. Әсіресе  «Құрманғазы», «Күй дастан» атты шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына  қосылған құнды жәдігерлер. Бұл туындыларда  дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының, қазақтың тұңғыш дирижері, композитор, академик Ахмет Жұбановтың  өмірі  шебер суреттеледі. 

  Ақын  өлеңдері  қазақ поэзиясына жаңа жігер, терең ой әкелген   жаңалықтарымен ерекшеленді. Әсіресе сонет жанрының қазақ поэзиясында қалыптасуына зор үлес қосқан Х. Ерғалиев  көркем очерк, публицистикалары арқылы да  заман тынысына үн қосып отырды. Өз оқырманын елін сүюге, оның болашағы үшін еңбек етуге, дәстүрін берік сақтауға шақырған  майдангер ақын екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және 1, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.

   Ақын шығармаларында ауыл адамдарының өмірі, қазақ даласында болып жатқан өзгерістер әрқашан әдемі  өлең өрнектерімен бейнеленді. Ақынның «Құтты қоныс», «Санаттағы сарбаз», «Жанарымда жұмыр жер», «Алтын зерең», «Шер толғау», «Жедел толғау» т.б.  атты жыр кітаптары  және шығармалар жинағы жарық көрген.

   Х. Ерғалиев аударма саласында да өнімді еңбек етті. Оның қаламынан  Д. Байронның,  В. Шекспирдің, П. Неруданың, .Хикметтің, А. Пушкиннің,  Р. Ғамзатовтың  таңдаулы шығармалары қазақ оқырманымен қауышты. Қырғыздың «Манас», қарақалпақтың «Қырыққыз» эпостарын қазақ тіліне аударушылардың бірі болды.

   Ақынның өз туындылары да  орыс, чех, венгр, украин, карақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, поляк тілдеріне аударылған.

 


ӘМІР РАҚЫШ СӘТҰЛЫ

 

 

    Филология ғылымдарының докторы, профессор Әмір Рақыш Сәтұлы 1930 жылы 9 қаңтарда Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Жетітөбе (қазір Аса деп аталады) ауылында туды.

   Рақыш Сәтұлы оқуды Жамбыл қаласында бастап, Отан соғысы жылдары оны туған ауылында жалғастырды, басқа балалар сияқты колхоздың  жұмысына араласты.

   Рақыш Әмір 1943 ж. Жамбыл қаласындағы педучилищеге оқуға түсті.  Cол жылы емтихансыз Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, студент атанады. Ғалым озат оқыды, қоғам жұмысына мол араласты. Р. Әмір: «Тілші мамандығын қалауыма Ыбырайым Есенқұлұлы Мамановтың ықпалы себеп болды», – дейді. «Ы. Маманов – студенттермен қоян-қолтық араласып жүретін көпшіл, өте білімді, мейірімді кісі еді. Ол кісі 1-курстан бастап курс жұмысы ретінде тақырып беріп, үйінен сирек ұшырайтын ғылыми кітаптарды әкеп беріп, таныстырып, тіл біліміне қызықтырды».

   Осындай жағдайлар әсерімен Рақыш Әмір университетті 1951 жылы үздік дипломмен бітірді, қазақ тілі мамандығы бойынша аспирантураға қалдырылды.         Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, М. Әуезов, І. Кеңесбаев, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, Ы. Маманов, Блюменфельд, Е. Ысмайылов сияқты жарқын жандардың шәкірті болғанын Әмір Рақыш тағдыр берген зор сыйлық деп есептейді.

   Р.С. Әмір «Қазақ тіліндегі жалғаулықтар» деген тақырыпта диссертация жазып, қорғап, 1955 ж. филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болды. Жетекшілік еткен білікті маман, жұртқа танымал М.Б. Балақаев еді.

   Қазақ тілін мектепте оқытудың мазмұнын, дидактикалық негізін іздеудің анық жолы экспериментке сүйенген зерттеулер екені белгілі. Р.С. Әмір – қазақ тілін оқытудың мәселелерін эксперимент арқылы шешуді қолға алған зерттеушілердің бірі. Бұл бағытты ізденіс «Бірінші класта қазақ тілін оқыту» (1962) деген еңбегінен орын алды. Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтындағы сіңірген еңбегі үшін Р.С. Әмір «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгімен марапатталды.

   1964-1971 жж. Р. Әмір Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болып істеді. Ол екі томдық академиялық «Қазақ тілі грамматикасын» жазуға қатысты.

   Р. Әмір ауызекі сөйлеу тілі мәселесін бірінші болып зерттеді, «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи» деген монографиясын жарыққа шығарып, соның негізінде 1972 ж. докторлық диссертация қорғады. Зерттеу қазақ тілі синтаксис жүйесіндегі амалдарды (қайталау, шенеу, үндеу, т. б.), тұлғаларды толық ашып, адекватты түрде танытты, түрлі коммуникативтік мақсаттарды өтеу механизмін ашып берді.

    Докторлық диссертациясы автордың кейінгі творчестволық еңбектеріне де арқау болды, диссертациясының фактологиялық материалдары, теориялық тұжырымдамалары қазақ тіл білімінен нық орын алды. Атап айтсақ: «Қазақ грамматикасы» (2002) атты академиялық еңбекті, жоғары оқу орындарына арналған «Жай сөйлем синтаксисі» (2003), «Қазіргі қазақ тілі, құрмалас сөйлемдер жүйесі» (2014) және мектептің 9-сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығы.

   1974-1979 жж. Р. Әмір Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафдрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы болып қызмет істеді. 1979-1987 жж. Р. Әмір Алматы шетел тілдері педагогтік институтында ректор, әрі жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі болды. Бұл жылдары институттың педагог кадрларының квалификациясын көтеру, материалдық базасын нығайту, оқу-методикалық ісін жетілдіру бағытында істеген жұмыстарының ізі әлі де көрініп тұр.  «Жоғары оқу орнының ректоры деген қиын, жауапты қызметтің мән-жайын игеріп, төселуіме, дұрыс жолын тауып атқаруыма сол кездегі өмір тәжірибесі мол, парасатты министр Т.Қатаев, кейін осы орынға келген жоғары оқу орындарының ісін бес саусағындай білетін, жұмысқа қатаң талап қоятын министр К.Нәрібаев демеу болды», – дейді Р. Әмір. Осы жылдары Р. Әмір «Қазақстан – ГДР»  қоғамы төрағасының орынбасары ретінде екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға үлес қосты.

   1988-1991 жж. Р. Әмір Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтында бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Сол кезде қабылданған «Қазақ тілі пәнін қоғам, мектеп реформасына сай жетілдіру концепциясы», «Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің концепциясы», «Қазақ орта мектебіндегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» деген белді құжаттарды дайындауға қатысты, қазақ тілі пәні бойынша жаңа бағдарламалар, оқу құралдарын жазды.

    1992 жылдан бері өзіне айрықша ыстық, етене жақынындай болған Қазақ  ұлттық университетінде қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры болып қызмет істеп жүр. Өзі жан-жақты зерттеген «Қазіргі қазақ тілі» курсынан лекция оқиды. Аталмыш пәннің өзі жүргізетін бөлігінің мазмұнын жаңартты, жаңа бағдарлама жасады, қызы Жанар Әміровамен бірігіп «Жай сөйлем синтаксисі» деген жаңа оқулық шығарды және «Құрмалас сөйлемдер қазақ тілінің грамматикалық, функционалдық жүйесінде» (2009) деген оқу құралы шықты.

   «Жай сөйлем синтаксисі» де, «Құрмалас сөйлемдер қазақ тілінің грамматикалық, функционалдық жүйесінде» де жоғары оқу орындарындағы оқу жұмысын жаңа технологиялық жолға қою бағытында аталып жүрген талаптарды жүзеге асыруға тигізетін септігі үлкен. Бұлар қазақ тілін оқытуда инновациялық өң беру үшін, студенттердің өз бетімен оқуы, ізденуі үшін информативтік база жасауға өте қажетті, құнды оқу құралы болады. Аталған оқу құралы 2014 ж. «Қазіргі қазақ тілі, құрмалас сөйлемдер жүйесі» деп аталып оқулық дәрежесінде жарияланды. Оқулық ретінде Қазақстан Республикасы білім министрлігі бекіткен. Осы арқылы қазіргі қазақ тілі синтаксисі пәні   бірінші рет оқулық сапасындағы ресурспен қамтылды. Осындай информативтік база жасауға Р.С. Әмірдің «Қазақ лингвистикасы мен лингводидактика мәселелері» деген кітабының да қатысы  бар.

   Р.С. Әмір – өзінің ұстаздық қызметінің әлеуметтік мақсатын актуалды етіп ұстайтын профессор. Ол қазақ тілі пәні студенттерге тек кәсіптік білім беріп қоймай, қазақ тілінің мемлекеттік статусын нығайту бағытын ұстауға, тілдің қазақ мемлекеттілігін нығайту міндетіне көмектесуге, халықтың ұлттық, азаматтық идентивтілігін бекітуге қатысуын тәрбиелейді. Бұл мәселелер – профессор оқып жүрген курстардың арқауы. Арнаулы зерттеулері де бар. Олардың бір-екісін атайық: «Тіл мәдениеті мен интеллектуалдық мәдениеттің қарым-қатынасы», «Қазақ тілі нормаларын зерттеу мәселелері», «Егемендік және қазақ тілі» т.б.

   Р.С. Әмір ғылымның үш саласын қамтып: тіл білімі; педагогикалық ғылымдар; мектеп, ғылыми мекемелер үшін маман дайындау салаларында еңбекқорлықпен, ізденімпаздықпен еңбектенуде. Осы салалардың бәрінде Р. Әмір салған айқын із, тіл біліміне, педагогикалық ғылымға қосқан келелі үлесі бар. Оның зерттеу жұмыстарының теориялық тұжырымдамалары, қорытындылары осы салаларда нық орын алды, академиялық жинақтарға енгізілді, орта мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазылды, арнаулы курстарға, диссертациялық жұмыстарға тақырып болды.

   Р.С. Әмір жоғары аттестациялық комиссия филология секциясы төрағасының орынбасары, ҚазҰУ жанындағы филология ғылымдарынан докторлық диссертация қорғайтын кеңестің төрағасы болды.

  Р.С. Әмір қазақ тілі мен қазақ тілін оқыту методикасы мамандықтары бойынша дайындаған ғылым кандидаттары, мұғалімдер жемісті еңбек етуде. Р.С. Әмір 22 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын дайындап шығарды.

   Еңбегіне байланысты Р.С. Әмірге мынадай марапаттарға ие болды: «ҚазКСР халықтарының ағарту ісінің озық қызметкері белгісі» (1961), «Құрмет белгісі» ордені (1981), ҚазКСР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасы» (1980), «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін Күміс медалі (2010).

 


 

ЖҮНІСОВ СӘКЕН (1934-2006)

 

           

       Қазақ  КСР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (1986).

   Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнiсов – қазipгi қазақ әдебиетiнiң көрнектi өкiлi. Оның кестелi қаламынан туындаған көркем дүниелер қазақ прозасы мен драматургиясын өркендетуге өлшеусiз үлес қосты.

   Сәкен Нұрмақұлы Жүнiсов 1934 жылы 11 ақпанда қазipгi Ақмола облысы Қызылту ауданы Кiшкенекөл аулында дүниеге келген. Балалық шағы қиын кезеңге дәл келсе де жастайынан өнер-бiлiмге, әдебиетке құштар болған.

    C. Жүнiсов қазipгi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетінің филология факультетіне  оқуға түсiп, оны 1957 жылы бiтipeдi. Университетте оқып жүрген кездерiнде республикалық газет, журналдарда әңгiмелерi жарияланып тұрады. Соның бipi – «Бір шофердiң әңгімесі»  атты шағын республикалық «Қазақстан пионері»  газетiнде жарияланады. 1957-1959 жылдары «Пионер» («Ақ желкен») журналында қызмет істеді.  ҚазМУ-дың аспирантурасында оқыды. Ол Мұхтар Әуезовтiң ең соңғы аспиранты болды. М. Әуезовтiң  жетекшiлiгiмен «Қазақ әңгiмелерiнiң тууы мен даму мәселелерi» жайында ғылыми еңбек жазды. Кейбip тараулары «Қазақ әдебиетi» газетi мен «Жұлдыз» журналының беттерiнде жарияланды. Сол кезде-ақ  С. Жүнiсовтiң болашақта жазушы болатындығы анықталып, ол шығармашылық жұмыс пен оқуды қатар алып жүрдi. Университет қабырғасында жүрген жылдары жазған шығармаларын «Сонарда» (1959) деген атпен жеке жинақ етіп шығарады. Жинақтағы «Сонарда» әңгiмесiнде жас жазушының саятшылық өнердi, этнографиялық ерекшелiктi бiлетiнi, бала танымына аңшылық тетiктерiн бөлшектеп, бейнелеп, терең ciңipгici келетiн талабы көрiнедi. Бұдан соң жас жеткiншектер үшін  «Әжем мен  емші және дәрігер»  (1961), «Кiмнiң мекенi жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983) т. б. кiтаптары жарық көрді. Осы шығармалардан жазушы қаламының сатылап өсу эволюциясы айқын аңғарылады. Әрі жас жазушы қаламынан шыққан бұл шығармаларды балалар әдебиетiнiң үлгiлерi қатарына қосуға болады.

   1962 жылы аспирантурадан кейiн Қазақ мемлекеттiк драма театрында әдеби меңгерушici қызметiн атқарып жүрген С. Жүнiсовтi  Казақ КСР Жоғарғы Оқу министрлігi Қостанай педагогикалық институтына aғa оқытушы  етіп жiбередi. Қостанай жерiнде оқытушы бола жүріп, Қазақстанның терістік аудандарында жүріп жатқан тың игеру iciн түбегейлi тексерiп, зерттеп «Жапандағы жалғыз үй» атты шығармасын бастайды. Бұл романы 1965 жылы «Жазушы» баспасынан жеке кiтап болып шығады. Мұнда тың игерудегi ерлік еңбектер суреттеледi. Роман көркем әдебиетiмiздегi елеулi туынды болып бағаланып, оқушы жұртшылық жылы қабылдады.

   1964-1968 жылдары «Қазақ әдебиетi» газетiнде бөлiм меңгерушici, 1988 жылдан КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлiмшесiнiң директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарды.

   C. Жүнiсовтiң роман жанрындағы шоқтығы биік туындысы – «Ақан cepi» диалогиясы.  Романда XIX ғасырдың екiншi жартысында өмір  сүрген қазақтың атақты сері ақыны Ақан Қорамсаұлының  өмiрдегi және өнердегi жолы, қазақ қоғамдық  қарым-қатынасы, әлеуметтiк құрылысы мен тұрмыс-тipшiлiгi баяндалады. Шығарманың сюжеттiк желісін  қоғамдық-әлеуметтiк теңсiздiктер, бай мен кедей, ру арасындағы қақтығыстар  құрайды. Роман сол қазақ еліне қатысты көптеген фактiлер мен деректерге толы. Автор тарихи оқиғаларды жалаң  баяндамай, оларды көркем жинақтау деңгейiне жеткiзедi. Тарихи-өмiрбаяндық шығармада халқымыздың әншiлiк табиғаты, әннiң әлеуметтiк салмағы т.б. ашылады. Ақан әнші  басындағы трагедиялық хал, мұңды нота, оған сiлтенген қамшы қазақ әншi, композиторларына тиген таяқ. Автор соны Ақан басына жинақтап көрсетедi.

    Араға он шақты жыл салып жазылып, жарық көрген «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері»  романдары – ортақ, жалғасты, сабақтасқан сипаттар мол дүниелер.

    C. Жүнісов Қазақстан жерiне келген әр  ұлт өкiлдерiнiң тың игерудегi қажырлы еңбегі  туралы «Алғашқы вагон» (1982), қазақ  әйелдерiнiң қиын тағдыры, бүгiнгi жарқын тұрмысы жөнiнде «Заманай мен Аманай» повестерiн жазды.

    Сәкен Жүнісов – драматург, сонымен қатар, уақыт талабына үн қосқан жазушы. Оның  қаламынан туындаған «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970),  «Қызым, саған айтамын» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдiң еркесi» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976),  «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981) т.б. пьесалары осыны айғақтайды.

   Сәкен Жүнісов – әдебиеттегi аударма жанрына да үлесiн қосқан жазушы. Ол әлемге аты  әйгілі Стефан Цвейгтің  бiрқатар әңгiме, новеллаларын қазақ тіліне  аударып, оны «Бейтаныс әйел хаты» деген атпен жеке кiтап етіп  жариялады. О.Т. Гончардың романдарын, Л.Н. Толстойдың, бүгінгі орыс әдебиетi классиктерiнiң, бауырлас республика жазушыларының шығармаларын қазақ  тіліне аудару тәржiмелеу жұмысы жазушының аудармашылық талантын көрсететiн өз алдына жеке еңбектер.  С. Жүнiсовтiң өзiнiң бірнеше шығармалары көптеген халықтар тiлдерiне аударылған.

   Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнісов – қазіргі  қазақ әдебиетiнiң көрнектi өкiлi. Оның кестелi қаламынан туындаған көркем дүниелер қазақ прозасы мен драматургиясын өркендетуге үлес қосты.

 


ЖҰМАДІЛОВ ҚАБДЕШ

 

 

 

    Қазақтың көрнекті жазушысы Қ. Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай аулында дүниеге келген.

    Болашақ жазушы туған ауылында бастауыш білім алады да, оқуын Шәуешек гимназиясында жалғастырады. Шәуешек гимназиясында оқып жүрген шәкірт бала әдебиетке ерекше ықылас қояды, көңілін тербеген жайлар туралы өлеңдер жазады. 1954 жылы «Шыңжаң газетінде» жарық көрген алғашқы өлеңдері жас талаптың қиялына қанат бітірді. Көңіл іздеген жарық пен жылуды әдебиеттен тапқан Қабдеш өлеңмен қатар әңгіме жазуға талаптанады. Осы бағыттағы алғашқы табысы «Жамал» атты әңгімесі 1956 жылы «Шұғыла» журналында жарияланады.

    Қ. Жұмаділов 1965 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.

      Жазушының жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Осыдан кейін жазушы бірыңғай проза жанрына ойысады. «Қаздар қайтып барады» (1968) атты алғашқы әңгімелер жинағы, «Көкейкесті» (1969) романы Қабдеш Жұмаділовтің жазушылық өнердегі талабын да, талантын да танытты. Содан бері жазушы қаламынан түрлі жанрда, түрлі тақырыпта толып жатқан көркем шығармалар туды. Он екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді (2003-2004).

     Екі кітаптан тұратын «Соңғы көш» (1974-1981), «Атамекен»  (1985), «Тағдыр» (1988) романдарына Шыңжаң қазақтарының өмірінің шындықтары негіз болды. Авторға «Соңғы көш» диалогиясы үшін 1983 жылы М. Әуезов атындағы әдеби сыйлық, ал «Тағдыр» романы үшін 1990 жылы Абай атындағы әдеби сыйлық берілді. 1998 жылы жазушы «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын алды.

    Екі кітаптан тұратын «Дарабоз» (1996) романы, «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Бір каланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы» атты шығармалары қазақ прозасының үлкен жетістіктері қатарында қабылданды. Жазушының «Қылкөпір» романы (2003) мен соңғы жылдары жазылған басқа да шығармалары тәуелсіздіктен кейінгі өтпелі дәуір шындығын суреттеудегі арнайы айтарлықтай табыс болды. Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалык романы да (1999) мазмұны мен мәні, түрі мен түсі жағынан ерекше болмысымен дараланады.

«Тағдыр» романы Шығыс Түркістандағы қазақтардың тағдырындағы қилы кезеңдердің бірінің оқиғасына негізделген. XIX ғасырдың 80-жылдары Цин империясы мен Ресей арасында шекара сызығы жүргізілді. Шекара сызығы тауды бұзып, тасты жарып, өзен мен көлді кесіп өтті. Азуын айға білеген екі империяның билігінен ел де, жер де қақ бөлінді. Мұның зардабы, қайғысы мен қасіреті, жеке тұлғалардың тағдыры, халық өмірі арқылы көрініс тапты. Шекара сыртында қалған халық елінен адасып бір қиналса, жаттың билігінен екі қиналды. Шекара сыртында қалған қазақтардың осындай қиын да қилы тағдыры Демежанның айналасы, өмірі мен өлімі арқылы көркем суреттеледі.

    Жазушының кейіпкер характері мен адам образын жасау тәжірибесінде екі түрлі ұстаным бар. Оның бірінде оқиғалардың даму кезеңдеріне орай кейіпкердің танымы, азаматтық тұрғысы даму үстінде суреттеледі. Екінші жағдайда оқиғалардың даму кезеңдерінде адамның танымы бір қалыптан, бір күйден айнымайды, бірақ оның мінезі, ішкі әлемінің шындығы әр қырынан ашылады.  Демежан образы осы екі ұстанымның біріншісі аясында сомдалған. Өмірде көргені, білгені, танығаны, сондай-ақ өз басынан өткен, өзі араласқан немесе өзіне қатысты оқиғалардың әр кезеңі, әр сатысы тұсында Демежанның мінезі байып, танымы тереңдеп, адам, кісі, азамат ретінде кемелдене береді, бірте-бірте өз ортасында адамгершілік тұрғысы биік те берік, көрнекті қоғамдық тұлға болып қалыптасады. Кейіпкерінің тұлға ретіндегі осы даралығын жазушы оның қайғысы мен бақытсыздығының да, ақырында, қазасының да басты себебі, бастау көзі секілді сатыға дейін көтеріп көрсетеді. Ақылымен, адамгершілігімен, кісілігімен өз заманынан, өз замандастарынан, өз ортасынан озып шыққан кейіпкердің ақыры осылай бітпеске мүмкін де емес еді. Айналасында қандастары, үзеңгілестері қара құрым болып тұрса да, бұл жалғыз қалды. Кешегі өзі асырап баққан күшік ит болып қапты, кешегі дос дегендері енді жау болып шапты. Бет берген заманы енді сыр берді.

   Жазушылық – биік өнер. Өнерге әркімнің-ақ таласы болуы ғажап емес. Таласқандар мен тырмысқандардың бәріне бірдей асу бермейді. Жалпы, жазушылық өнердің биігі – мазмұн мен мағынаның, ар мен ожданның биігі. Жазушылық өнердің асқарына талас пен тартыс, амал мен айла емес, білім мен білік, талант пен талғам, ақыл мен ой, еңбек пен бейнет жеткізеді. Қабдеш Жұмаділов үшін жазушылық – өнер ғана емес, еңбек. Бір кездері жазушы еңбегінің рақаты мен азабы, зейнеті мен бейнеті қатар жүрді. Ендігі тұста оның азабы артып, рақаты азайды, зейнеті сейіліп, бейнеті қалды. Соған қарамастан, Қабдеш Жұмаділов бейнеттен талған емес, еңбектен қалған емес. Өйткені шын жазушы, шын талант үшін шығармашылық еңбек пен бейнет – оның жазушылық өнерінің мәні. Содан да болар, жазушы кезекті шығармасын жазып бітіргенде, азаптан арылып, бейнеттен босайды, ойы сергіп, бойы жеңілдейді, сол шығармасының кітап болып баспадан шыққанын көргенде сүйсінеді.

Қабдеш Жұмаділов әрбір жарық көрген шығармасынан осындай қуаныш, осындай рақат тапты. Адам, халық тағдырындағы өзекті өртеп, жүректі күйдіргендей шындық құбылыстарды суреттей отырып, белгілі бір тарихи дәуірдің көркем бейнесін жасаудан жазушының суреткер табиғаты тоят та тапқан болар-ау. Әйтсе де қаламгер тоят таптым деп тоқтап тұрмайды, жаңа шығармасын жазуға құлшынады. Жазушының әрбір шығармалары осындай шығармашылық құлшыныстан туды.

 

ҚАЛИЕВ БАЙЫНҚОЛ

 


 

   Қазақ тіл білімінің көрнектi өкілі, Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (1988),  филология ғылымдарының  докторы (1991), профессор (1995).

    Байынқол Қалиев 1939 жылы қаңтар айының 23 күні  Алматы облысының  казipгi Райымбек ауданындағы Саты ауылында дүниеге келген.

    Ол 1955 жылы Саты ауылындағы «Құрметтi» жетi жылдық мектебiн, 1958 жылы Жалаңаш қазақ орта мектебін аяқтаған соң, Алматы қаласындағы қазipгi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң филология факультетіне оқуға түсiп, оны 1963 жылы бiтipeдi. Сол жылы университет ғылыми кеңесiнiң шешiмiмен ол аспирантураға қалдырылады.

     Академик I. Кенесбаевтың жетекшiлiгiмен 1967 жылы «Қазақ және қарақалпақ тiлдерiндегi қысаң дауысты дыбыстардың редукциясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды да, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл бiлiмi институтының Түсiндipме сөздiк бөлiмiнe ғылыми қызметкер болып орналасады. Содан бастап ғалым Қазақ КСР Fылым академиясы Tiл бiлiмi институтында кіші ғылыми қызметкер (1967-1970), аға ғылыми қызметкер (1970-1986), жетекшi ғылыми қызметкер (1986-1991), бөлім меңгерушici (1991-1995) болып, табан аудармастан 28 жыл еңбек етедi.

    1995 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері  университетіне ауысып, алдымен қазақ және шығыс филологиясы кафедрасының, кейiннен қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушici болып қызмет істеді. Бұл қызметтi ол қатарынан жеті жыл атқарып, 2002 жылдан аталған университетте қазipгi күнге дейін профессорлық қызмет атқарып келедi.

    Ғалымның ғылыми-зерттеу тақырыптарының ауқымы өте кең. Оның басты еңбектерi қазақ тiл бiлiмiнiң фонетика, лексикология, терминология, терминжасам, семасиология, фразеология, лексикография, орфография тiл теориясы, тіл мәдениетi, этнолингвистика салаларына арналған. Бұл салалардың iшiнен, әсipece, төрт саланы жеке бөліп атаған жөн. Олар қазақ тілінің фонетикасы, лексикасы, лексикографиясы, терминологиясы және сөз мағыналары (семантикасы).

     Б. Қалиев қазақ тiлiнiң фонетика саласы бойынша «Қазақ тiлiндегi дауысты дыбыстардың редукциясы» атты монография (1984), 18 ғылыми мақала жариялады. Соңғы кезде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазіргi қазақ тiлi. Фонетика» оқулығын жарыққа шығарды (2004, 2006, 2009). Ғалымның қазақ тiлiнiң фонетикасы жөнiндегi бұл еңбегiн «Қазақ фонетикасына жаңаша көзқарас» деп атауға әбден болады. Өйткенi мұнда қазақ тiлiнiң дыбыстарына деген кеңестiк көзқарастың  көбесi сөгiлiп,  ол ұлттық көзқарас тұрғысынан сипатталған.

     Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл бiлiмi институтының Түсiндiрме сөздiк бөлiмiнде қызмет ете жүріп, Б. Қалиев «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» деген тақырыпта өзiндiк зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп жылдық еңбектiң нәтижесiнде iзденушi осы тақырып бойынша 20 шақты ғылыми мақала жазды. Ол мақалаларды жинақтау, қорыту арқылы ғалым 1988 жылы «Қазақ тiлiндегi өсімдік атаулары» атты монографиясын шығарды. Зерттеу жұмысын ары қарай жалғастырып әрі оны толықтырып, орыс тілiне аударып, 1991 ж. «Названия растений в казахском языке» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

    Бұл еңбегiнде Б. Қалиев қазақ тіліндегі бес мыңға жуық қазақша өсімдік атауларына тілдік тұрғыдан талдау жасаған. Онда өсімдік атаулары лексикалық, фразеологиялық, семантикалық, морфологиялық, ономасиологиялық, этимологиялық тұрғыдан сипатталып, жан-жақты зерттелген. Оған қоса әлгі атаулардың тіліміздегі  қолданылу аясын, стильдiк өpiciн, олардың  әдеби, жергiлiкті, кәсіби лексикаларға қатысын айқындаған. Аталған мәселелер ғалымның 1996 жылы шыққан «Лексико-семантическая и морфологическая структура названий растений в казахском языке»  атты орыс тілінде жазылған монографиясында кеңінен сөз болады.

   Қазақ тілінің лексикасына байланысты Б. Қалиев тек өсімдік атауларын ғана зерттеп қойған жоқ, ол сонымен бірге төл сөздер мен кірме сөздерді, әдеби сөздер мен жергілікті сөздерді, жаңа сөздер мен көне сөздерді, кәсіби сөздер мен терминдерді, арнаулы сөздер мен елтаным сөздерді, бейтарап сөздер мен стильдік бояуы бар (сыпайы, тұрпайы, табу т.  б.) сөздерді, сондай-ақ, кісі есімдері мен жер-су атауларын, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді үзбей зерттеп келеді. Нәтижесінде ол «Қазақ тілінің көкейтесті мәселелері» (1997), «Қазақ терминтанымының өзекті мәселелері» (2008)  және «Сөзстан» (2009)  деген аттармен мақалалар жинағын, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» (2004, 2006, 2009) оқулығын жарыққа шығарды. Кейін «Қазақ тілінің семантикасы» деген тарауын теориялық-практикалық жақтан толықтыра түскен. «Сөз мағыналарының негіздері» атты (А. Жылқыбаевамен бірге) екінші кітабын бастырды. Бұл да жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне арналған оқу құралы.

     Б. Қалиевтың орасан зор күш жұмсап, өзінің қажыр-қайраты мен күш-жігерін, қуатын сарп етіп, ерекше еңбек сіңірген саласы – сөздік түзу, яғни қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін жасауы.

     Б ұл сөздікке Байынқол Қалиев авторлардың бірі ретінде әрі осы көлемді еңбектің жауапты редакторы ретінде қатысты. Ол сөздіктің инструкциясынан бастап, оның жасалу ұстанымына дейін айқындауға, оларды жүзеге асыруға белсене атсалысты.

    Жауапты редактор ретінде Б. Қалиев бүкіл 710 баспа табақ сөздіктің қолжазбасын түгелдей редакциялап шығып, оларды баспаға әзірледі; гранка, версткаларын оқып, оның барлық ауыртпалықтарын мойнымен көтерді.

    Әрине, ғалымның бұл көрнекті еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1988 жылы осы сөздіктің авторлар ұжымы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып лауреаттар атағына ие болған 6 адамның алдыңғы қатарында Б. Қалиевтың да есімі аталды.

     Байынқол Қалиев – тіл білімінің теориялық мәселелеріне де еркін барып, бұл салада да қомақты үлес қосып келе жатқан маман. Оған дәлел ретінде ғалымның жалпы тіл біліміне қатысты жазып бастырған оқулықтары мен оқу құралдарын, мақалаларын келтіруге болады. Ол жоғарыда айтылған 3 оқулықтың («Қазақ тілінің фонетикасы», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Сөз мағыналарының негіздері»), басқа тағы да 2 оқулықтың, атап айтқанда, «Тіл біліміне кіріспе» (1-басылымы, 1997; 2-басылымы, 2003) және «Жалпы тіл білімі» (1999, 2000, 2004, 2005, 2006) оқулықтарының авторы.

     Байынқол Қалиев кейінгі жылдары қазақ тіл білімін дүниетанымдық тұрғыдан зерттеумен айналысып жүр. Бұл тақырыпқа байланысты оның ой-пікірлері бұған дейін мақалалар көлемінде әр жерде, әртүрлі деңгейде айтылып, жазылып жүрсе де, оны ғылыми-теориялық тұрғыдан тек «Қазақ тіл білімінің ғылыми бейнесі» (2008) мен «Танымдық қазақ тілі» (2009) атты монографияларында ғана (соңғы еңбек С. Исақовамен бірге жазылған) жан-жақты әрі жүйелі түрде толық баяндалып шықты. Faлым монографияларында дүниенің тілдік бейнесін, тіл мен таным, олардың арақатынысын, танымдық концептілер мен фреймдер, бұл  құрылымдардың тілдегі көрінісін, қазақ тіл білімін, оның терминдері негізінде теориялық тұрғыдан жан-жақты сөз етеді.

     Байынқол Қалиев – саналы ғұмырын тынымсыз еңбектенумен өткізіп келе жатқан ғалым. Ол өз қызметінің 45 жылын Қазақ КСР Ғылым академиясы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ғылыми ізденістермен, ғылыми-ұйымдастыру және педагогтік, оқу-тәрбиелік, қоғамдық жұмыстармен айналысуға арнады.

 

МАҒАУИН МҰХТАР МҰҚАНҰЛЫ

 

 

 

   Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік  және Түркияның халықаралық «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса  көрнекті қаламгер  және  әдебиет зерттеушісі  Мұхтар Мұқанұлы Мағауин  1940  жылы  2 ақпанда  Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген.

   1962 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантураны бітірді.

   Алғашқы еңбек жолын 1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі ретінде бастаған  қаламгер 1967-1971 жылдары «Жазушы»  баспасында бас редактордың орынбасары, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. Мәскеуде М. Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. Хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясын зерттеген ғалым 1968 жылы «Қобыз сарыны» деген монографиясында тамыры тереңде жатқан жәдігерлерді  ел игілігіне ұсынды. Бұдан кейін  әдеби шығармашылыққа ден қойып,  проза жанрында өнімді еңбек етті. «Көк мұнар» романы,  «Бір атаның балалары», «Көк кептер»  атты әңгімелер мен повестер жинағын  әдебиет сүйер қауым жақсы қабылдады.  Қазақ ордасын Тәуекел хан басқарған тұстағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайды шебер бейнелеген  «Аласапыран» атты  тарихи роман-дилогиясы   оқырман жүрегіне жол тауып, сөз өнерінің алтын  қазынасына қосылды.  Шығармада хан мұрагері Ораз-Мұхаммед пен оқымысты Қыдырғали Жалайиридың  көркем бейнелері, көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас шебер  сомдалған. Бұл  туынды  халық пен тарих туралы көркем ойдың көкжиегін  кеңітіп, тұтас бір  дәуірдің полотносын жасаған қаламгердің  ұзақ жылғы ізденістерінің жемісі.

   Тақырып аясы кең, асқақ талант иесінің шығармаларындағы образдар жүйесі, сюжет шымырлығы, идеясы  жинақ сайын кемелдене түсті. Мақсаты айқын, «Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы берік ұстанған қаламгердің әр туындысы оқырманы  әркез асыға күтетін жәдігер қатарына қосылды.

    Қай тақырыпқа болсын батыл, еркін қалам тербеген жазушы өз шығармаларында  қазақ халқының азаттық жолындағы шерлі шежіресінің, қайсар рухының жаңа парақтарын ашты.

   Мұхтар Мұқанұлы Мағауин  1984-1986  жылдары «Жазушы» баспасының, 1988-2006 жылдар аралағында «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Жазушы бұл жылдар аралығында да  «Шақан шері», «Мен», «Шыңғыс ханның  шарапаты»  секілді  шығармаларымен қазақ әдебиетіне  тың серпін әкелді. Қаламгердің   «Тазының өлімі», «Құмырсқа қырғын», «Қыпшақ аруы» секілді туындылары да  қазақ руханиятының көкжиегін кеңіткен құнды туындыларға айналды. Шығармалардағы кейіперлер мінезі мен әрекеті  суреткердің тіл бедерін, өзіне ғана тән ерекшелігін дәлелдейді. Көрнекті қаламгердің  Чехия мемлекетінде  жарық көрген «Жармақ» романы  ұлт  тарихын  бүгінгі психологиялық тартыстар жүйесінде берген жаңа сипаттағы шығарма ретінде оқырман қауымының зор ілтипатына бөленді. Сол секілді  төрт кітаптан тұратын «Шыңғыс хан» тарихи деректі романы да  ұлт  рухының жаршысына айналып, жазушының  азаматтық болмысын, қайраткерлік тұлғасын  жаңғырта түсті. Ұлы даланың тарихына терең бойлатқан  еңбек  Шыңғыс хан өміріне арналған құнды шығармалардың бірі.

   2002 жылы  жазушының он үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

  Қаламгердің көптеген  шығармалары  шет тілдеріне тәржімаланған. Ұлт әдебиетінің, қазақ  елінің  өркендеуі жолында қажырлы еңбек етіп  келе  жатқан Мұхтар  Мағауинның   шығармалары    өскелең ұрпақтың, сөз өнерін қадірлейтін оқырман қауымының   жан азығына айнала береді. 

 


МАҚАТАЕВ МҰҚАҒАЛИ (1931-1976)

 

  

 

 

           Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999).

        Қазақтың көрнекті ақыны, поэзиямыздың дара тұлғасы Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз деген жерде дүниеге келген.

        1948-1949 жылдары Мақатаев қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде оқыған.

        Мұқағали Мақатаевқа «Аманат» атты жинағы үшін 1999 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

        Мемлекеттік мәртебелі сыйлық алған «Аманат» жинағы «Атамұра» баспасынан 1999 жылы басылып шықты. Жинақ ақынның бұрынғы екі және үш томдықтарында жарияланбаған, кейіннен табылған жырларынан тұрады. Ақынның бұл өлмес, өшпес, өресі биік, өрнегі айшықты музасықалың халқына, адамзатқа жолдаған аманаты. Сондықтан ақынның киелі музаны табына, тебірене жырға қосуының зор мәні бар.

       

        Күтемін сенен үміт, сенен жігер,

        Қисаң маған, биік пен тереңді бер!

        О, Муза!

        Маған алыс сөреңді бер!

        Ғайыптан кел де, мені демеп жібер.

 

        Ақын Тәңірден, қасиетті Музадан үміт пен жігер күтті. Өмірінің талай қысталаң, қиын шақтарында оған күш-қуат берген, ертеңге үміттендірген осы киелі поэзия еді. Музадан шабыт биігі мен ой тереңдігін беруді өтінді. Өлең өнерінде өзіндік үнін танытуға, дара қолтаңба қалдыруға асықты.

         Қалай да қатарымнан озамын деп,

         Қатындай күндестігім қозады кеп, – деп поэзияда өз қатарластары, замандастарының толқынына қосыла отырып, жыр әлемінде жаңашыл, жарқын жол ашты. «Осы заманғы ақын, тәжірибелі құбылмашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс», – деген парасатты пайымдау жасады да, өмірінің соңына дейін поэзиясында осы көзқарасты батыл ұстанды.

         Ақын халқын қалтқысыз сүйді. Жинақтағы халқына арнаған өлеңдері («Халқыма хат», «Халыққа хат», «Елім барда») де бір шоғыр. Бірде тағдыр тауқыметін тартқан шақта жыр-сырын аманаттап, пенделік қылықтары үшін кешірім сұраса, енді бірде «ақ, қараны ажыратсам деп жүргенде езумен таптағанды көріп», торығып, қамыққан сәттерінде: «Сен келіп селбеспесең, қайран жұртым, Сенделіп екі ортада өледі жан», – деп елінен демеу күтті, үміттенді, оған арқа сүйеді. Ақынның елім деп елжірей соққан жүрегінің дүрсілі қуатты да шуақты жырларында соғып тұр.

 

         Не сыйласын, несін берсін ел маған?!

         Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман, – деп елінің амандығын ақ жүрегімен тіледі. Өйткені:

         Мен бақытсыз бола қойман, сірә да,

         Туған елім болса екен бақытты, – деуі атамекенді, туған жерді перзенттік пәк пейілмен, адал да ақ жүрекпен шынайы сүюдің үлгісі.

         Әйтпесе:

         Адасып кеткен,

         Алдыңа жеткен.

         Мен де бір жетім құлыңмын,

         Жек көрсең, жек көр,

         Қуала шетке,

         Бәрібір сенің ұлыңмын! –

деп өткір де өжет үн қатар ма еді?

         Жинақтағы жыр-тақырыптар әр алуан: өмір, жастық, махаббат, елге, Отанға сүйіспеншілік, адамгершілік қасиеттері, туған жер табиғаты. Қай-қайсысы да адуынды, алғыр ойлы ақынның айшықты да айқын, әдемі де әсерлі, қарымды пафосты, образды да бояулы, ұлттық тіл байлығын терең сіңірген керемет жырларынан да, сюжетті лирикасынан да, поэмаларынан да көрініс табады. Ақын жан дауысымен, сол заманның кеселі көріністерін, қоғамның кертартпа зияндықтарын  батыл жырлады. Өлең өнеріне адалдықпен, шынайы сүйіспеншілікпен, талантпен, ізденіспен баруға қаламдасын шақырды. Өлең өнерінде жалпы, өнер әлемінде ақындардың бірін-бірі қолдауын, бір-бірінің жақсылығын, ізденісін байқап, бағалап, кемшіліктерін көзге айтуын ұсынды. Киелі өнерде талант бағын жандырмайтын дәуір дерті – күндестік, қызғаншақтық, көреалмаушылық, жершілдік, рушылдық зардаптарынан сақтануды өткір қозғады.

 

        Ойлаңдар, достар!

        Өнерде «жарсы» болмайды!

        Өресі жетпей,

        Күндестік қылған оңбайды!

        Өнерің жетіп,

        Өсе алмай қалсаң, сол қайғы...

        Күндес таласқан

        Өнерің өнер болмайды!!!

        «Күндестік құрысын!» –

деп, өлең атауы ғана емес, ақынның өз заманындағы таланттарды зарлатқан, сорлатқан бақталастық пен күндестікке бағытталған ащы да айқын зары, сол уақытқа ғана емес, бүгінге, ертеңгіге айтылған қағидадай.

         Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,

         Өмір деген – көк аспанның күркірі, – деп, ақын жырларында табиғаттың осы бір селт еткізер отты жарқылы мен селк еткізер қуатты жаңғырығынан өмірдің өткіншілдігін аңғартса, «тағатсыз бір қозғалыс» деу арқылы қадір-қасиетін терең сезіндіру бар. Ақынның жеке басына арнаған өлеңдері өзінің азаматтық, адамгершілік болмыс-бітіміне сын көзбен қарау, Абайша айтсақ, «өз-өзіне есеп беру», ал адамзат ойшылдарының даналығына сүйенсек, «өзін-өзі тану» екендігі белгілі. Ақынның ұлылығы да, парасаттылығы да осында.

         Ақын мен табиғат қашанда – егіз. Ақын кейде адамнан қалған көңілін табиғаттың тамаша бір сәттеріне,  көріністеріне, көркіне қарай түгендейді.

         Туған жердің ғажап табиғаты, ғаламат сұлулығы да жинақта өз орнын алған.

          Сенің әрбір бұлағың –

          Менің әрбір қан тамырым емес пе?

          Қасиетті тұрағым,

          Қасиетіңнен суыңның! – деп өзін дүниеге әкелген Қарасаздай қасиетті мекенді тамсана жырлауы да туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, құштарлық белгісіндей.

           «Ескі ауылды еске алу» жырын оқығанда кім-кімнің де ауылға деген сағыныш сезімі алаулап, көңілін шарпитыны айдан анық. Оның  «Ұйықтасам ылғи түсіме тау кіреді» деп Аспантауын, Елшенбүйрек, Кетпенін аңсап жырлаған өлеңі де туған жерге деген сағыныштың, сүйіспеншіліктің шынайы сезімнің алауы іспетті. Сондықтан ұлы Гетенің «ақынды білгің келсе, еліне бар» деген сөзін ойға тоқып, ақындық әлемін зерттеушілерге  туған жерін көруді ұсынады. Мұқағалида туған жер  туралы тамаша лирикалар мол.

          Жинақтың үшінші тарауы «Дариға жүрек шөлдедің» деген топтастырылған поэмалардан құралған. Моцарт «Жан азасында» өмір мен өлімді салыстыра пайымдап, өмірдің қымбат қадірін, қайталанбас қасиетін айқын танытады. 

          Қазақ поэзиясына қосылған тамаша тағылымды әрі поэтикалық әрі эстетикалық танымда жазылған «Аққулар ұйықтағанда» дастаны – классикалық поэзия. Адам мен табиғат мәселесін, адамгершілік, адал, ақ сезім сипатында қозғай келе, табиғатты қорғап, аялаудың ежелден келе жатқан ата-дәстүрін ойға салады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрді аттаған қиянаттың себеп-салдарын аша келе, бір отбасын ойран еткен ащы сабағын алға тартады. Қасиетті бұзған қасіреттің адам қолымен жасалғанына қапаланады, қайғыланады. Ақынның табиғатқа деген шексіз ықылас-пейілі дастанның әр шумағында, жекелеген жолдарында, поэтикалық детальдарында дәл де шынайы жеткізіледі.

          «Бала шақтан – болашаққа» толғанысты өмірдастанына ақынның ауыр тағдыры, балалық жастық шағы өзекті жарған өмір шындығы арқау болған. «Дариға-жүрек» – сонау сұрапыл соғыс жылдарында балалық шағы ауыр да азапты еңбекпен өткен ақынның туған жерінің адамдарына, қарттарына, аналарға, жеңгелеріне, іні-қарындастарына жырмен жазылған ескерткіш.

         М. Мақатаев сонау кеңестік қатал идеология заманында «Райымбек! Райымбек!» атты тарихи дастан жазды. Аңыз-әңгімелер негізінде XVIII ғасырдағы даңқты қолбасшы, саясаткер, қайраткер Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған  Хангелді немересі Түкеұлы Райымбек батырдың ерлік істері дәріптелген дастанда сол кездегі айтулы тарихи тұлғалар бейнеленіп жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстағы олардың қаһармандық өнегесі тарихи дәуір шынайылығымен жырланған.

        Қалай да айтарымды айтып өлем,

        Айта алмасам жасайды қайтып өлең, –

деп ақиық  ақын М. Мақатаев өшпес, өнегелі жыр қалдырды.

 

 


МҰХАМЕДҚАЛИҰЛЫ ҚАЖЫҒАЛИ

 

 

 

    Көрнекті қаламгер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2014)  Қажығали Мұхамедқалиұлы  1942 жылы 8 желтоқсанда Ақтөбе облысының Байғанин  ауданында дүниеге келген.

      1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітіргеннен кейін  еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. Кейінірек  «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы,  «Қазақстан» баспасында аға редактор,  «Жаңа фильм» журналында Бас редактор қызметтерін атқарған жылдары  Қажығали Мұхамедқалиұлы  өзін білікті басшы, талантты ұйымдастырушы ретінде танытып, талантты  жастардың  әдеби ортадан өзіндік  бағасын алуына бағыт-бағдар берді.

     Осы жылдар аралығында қаламгердің проза жанрындағы  шығармашылық ізденістері  оқырман жүрегінен орын алып,  қоғамда  болып жатқан оқиғаларды шебер суреттеген туындылары әдебиетші қауымның ыстық ықыласына бөленді. Қаламгер туындылары  адамның жан дүниесіне терең үңілуімен, образдарды шебер сомдауымен, психологиялық нәзік  иірімдерге терең баруымен ерекшеленді. «Мінез», «Ескі достар»,  «Дала әуендері», «Қарымта», «Қаңтардың қара суық түні»  атты шығармаларында   адамдардың арақатынасы, аңғал достық пен бақастық, рухани құндылықтардың әлсіреуі, идеалдардың өзгеруі секілді мәселелер тереңнен қозғалып,  қазақ қоғамының диагнозы қойылады. Замана келбеті, ұрпақ тәрбиесі, болашақ бағдары қаламгердің шебер суреттеген  кейіпкерлер әлемінің іс-әрекеттері, сезім иірімдері арқылы беріледі. 

     Қажығали Мұхамедқалиұлының  қаламынан туған «Сырым Датұлы»  атты еңбек қазақ халқының азаттығы үшін күрескен би әрі батыр болған тұлғаның өмірін терең зерделеген тағылымы мол мұра. Ал  2012 жылы жазушы  Сырым  батыр туралы «Тар кезең»  атты  тарихи  туындысын  оқырман қауымға тарту етті.  «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда...»  атты кітабы да қаламгердің қоғамда болып жатқан өзгерістерге, әдебиет пен өнерге қатысты азаматтық көзқарасын, берік ұстанымын  да  танытты.

    Қажығали Мұхамедқалиұлы көптеген шетел жазушыларының туындыларын өте шебер аударды. Оның  тәржімалауымен Р. Акутагава, С. Чубек,   Л. Хонвано, Я. Брыль, Л. Колодезный, Дж. Одинаев, т.б. шығармалары қазақ оқырманымен қауышты. Жазушы 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

 



НИЯЗБЕК РАФАЭЛЬ

 

  

 

    Қазақтың белгілі қаламгері, Чешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Чешенстан Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері, жазушы, ақын  Рафаэль Ниязбек 1943 жылы 24 наурызда  Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген.

     1961 жылы орта мектепті бітірген соң, Талас аудандық «Ленин жолы» газетіне қызметке тұрған.  1978 жылы  қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  филология факультетін тамамдаған. 1967 жылы Қазақ радиосының әдебиет редакциясында қызметкер, 1971-1977 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1977-1991 жылдары  «Жұлдыз» баспасында редактор болып істеген. 1972 жылы сыншылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысқан. «Бәйтеректер жел өтінде тұрады» атты жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Iлияс Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері атанған.  Чечен Республикасы Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденін және Чешенстан Мемлекеттік сыйлығын  Аслан Масхадовтың бұйрығымен «Шешендер» және «Ичкерия» кітаптары үшін алған.

     Өлеңдеріне өршіл рух пен асқақ дауыс, алдаспан ақиқат пен қайтпас қайсарлық тән ақын таланты әдеби ортаның, жырсүйер  қауымның ыстық ілтипатына бөленіп, үнемі назарында келеді.  Ол – қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері, Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бірінші жүлдегері, сондай-ақ, Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған жазба ақындар мүшәйрасында өлеңдері ең үздік деп танылып, бас бәйгені қанжығасына байлаған. 

   Рафаэль Ниязбек алғашқы шығармашылық  қадамын өлең жазудан бастаған. Ақынның  «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Биіктей бер, тауларым», «Жетіген», «Тамұқ отына жанбаған», «Шешендер», «Ичкерия», «Тыңда мені, замана», «Жүрегімде – ғасырлардың салмағы», «Махамбет майданы», «Құлагердің құлыны», «Кемеңгер», «Армысың, ару дүние!» атты жыр кітаптары жарық көрді.  Әр жинақ сайын  ақын мақсат-мұраты айқын, тақырып аясы кең, ізденіс талабы асқақ талант иесі ретінде танылып, ақындық қуаты кемелдене түсті. Қазақ жырының алдаспаны Махамбетке 200 өлеңнен,  ел тізгінін ұстаған кемеңгер басшы Д. Қонаевқа арналған 300 өлеңнен тұратын жинақ шығарды. «Махамбет майданында» Махамбеттің азаттық жолында басын бәйгеге тіккен батырлығы, күрескер ақындығы, жаужүрек жырлары  өлең тілінде сөйледі. 2002 жылы жарық көрген «Қыдыр ғұмыр» деп аталатын кітабында елімізді талай жылдар бойы басқарған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ел ағасы Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолдары кеңінен қамтылып, дара тұлғасы өлеңмен әдіптелді. Бұл өлең-романдар ақынның ғана емес, қазақ әдебиетінің рухани қазынасына айналып отыр. Ал «Шешендер» дастаны ұлт рухының жаршысына айналып, рух сілкінісінің поэтикалық панорамасын құрады.  Қай тақырыпты да батыл, еркін жырлайтын ақын ержүрек шешен халқының азаттық жолындағы күресін қуаттап, жырдан ескерткіш соқты. Шешеннің шерлі шежіресін өлеңге сыйдырып, өршіл рухына талайларды тамсандыртты. Бұл туындылар ақынның да азаматтық болмысын, қайраткерлік тұлғасын, қаламгерлік қуатын жарқырата көрсетті. Өз дауысы, өз үні, өз ерекшелігі бар ақын екенін дүйім жұртқа танытты.

    Рафаэль Ниязбек  проза жанрына да қалам тартып, жан-жақты талант иесі екенін дәлелдеді. Оның қаламынан «Отағасы», «Қаңтар», «Қызғыш құс» сияқты повестері, «Қызыл үй», «Тас құдай» атты романдары дүниеге келді. «Қызыл үй» романында кеңестік әкімшіл-әміршіл билікті, заман мен қоғам қайшылықтарын, саяси жүйені шенеді,  оның озбыр саясатын сынады.
       Ал «Тас құдай» романында кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты, сталиндік зұлмат, сол кезеңнің ауыр тұрмысы, ашаршылық зардаптары шынайы суреттелген. «Тамұқ отына жанбаған» деген шер-дастаны көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат  Асанбай Асқаровтың қызыл империяның кесірлі кесапатына ұшырап, азап шеккен қилы тағдырына арналған.  2002 жылы жарық көрген «Қыдыр ғұмыр» деп аталатын кітабында елімізді талай жылдар бойы басқарған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ел ағасы Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмір жолы өлеңмен суреттелген.  «ҚазАқпарат» баспасынан таңдамалы 9 томдығы жарық көрген.

  Рафаэль Ниязбектің  поэтикалық тілі шұрайлы, жігерге толы жалынды жырлары, тақырыбын кеңінен толғап, жанр талабының үдесінен шығатын, ойларын кесек турайтын салиқалы, көркем  прозасы ұлт рухының жандануына  зор үлес қосып келеді.

 



ОРАЛБАЕВ ӨТЕГЕН ОРАЛБАЙҰЛЫ

 

 

 

 

    Ақын, публицист, Мәдениет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2018, «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін берілген) және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Оралбаев Өтеген Оралбайұлы  1952 жылы  Атырау облысының Жылыой ауданында  дүниеге келген.

    1974 жылы қазіргі әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров)  атындағы  Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін  бітірген.

    Өтеген Оралбайұлы алғашқы еңбек жолын  1974-1976 жылдары Маңғыстау облыстық Телерадиостудиясында және облыстық газетінде редактор, тілші болып бастады. Шығармашылық жолындағы ізденістері әдебиет сүйер қауымның назарына ерте іліккен қаламгер  1978 жылғы республикалық «Жігер», 1980 жылғы Бүкілодақтық поэзия фестивалінің лауреаты, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері атанды.
1978 жылдан КСРО журналистер одағының, 1986 жылдан КСРО жазушылар одағының мүшесі болды.

   1976-1994 жылдары «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Дала дидары» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған уақыттары өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен де  танылған.

    Өтеген Оралбайұлы ғылым жолында да  аянбай еңбек етіп,  филология ғылымдарының кандидаты  атанды.  Оның «Ақындықтың өлшемі – азаматтық», «Қазіргі қазақ поэзиясы: дәстүрлі арналар және көркемдік
сабақтастық» атты  монографиялары бүгінгі қазақ  әдебиеттану ғылымының жаңа белестерін айқындап, саралауға зор үлес қосты.

   Өтеген Оралбайұлы ел тәуелсіздігінің нығаюы, мемлекетіміздің өркендеуі жолында да қажырлы еңбек етіп, азаматтық үнін қосып келеді.  Көрнекті қаламгер 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Комитеттің жауапты хатшысы, 1995 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінде жауапты
қызметтер атқарды. 2016 жылдан «Назарбаев Орталығының» аға ғылыми
қызметкері.

   Қаламгер әдебиеттің әр жанрында да өнімді еңбек етті. Оның қаламынан «Тұңғыш», «Мәңгілік қозғалыс», «Жұлдызды шақ», «Ақ пен қара», «Аспаны биік атажұрт», «Өлеңбаян» (2 томдық), «Сүмбіле саздары», «Қағбаның қарлығаштары», «Айсұлудың алақаны», «Шуақты шақ» т.б. жыр жинақтары, «Жолға шықты жүрегім», «Жолдар мен жылдар», «Серпер сезім», «Текті өнердің Тұмары»,  «Тәуелсіз  елдің Тұңғышы» атты прозалық шығармалары жарық көріп, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.

    Өтеген Оралбайұлы аударма саласында  әлем халықтарының  40-тан астам ақынының өлеңдерін орыс және басқа тілдерден қазақшаға аударған. Өз шығармалары да  оннан астам шет тілдеріне аударылған. Ол сонымен қатар көптеген танымал  ән мәтіндерінің,  Қысқы 7-ші Азиада ойындары мен  Ақтау, Атырау, Түркістан қалалары гимндерінің мәтін авторы.   Республикалық мүшәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы.  Қазақстан журналистика Академиясының академигі, Маңғыстау облысы Бейнеу, Атырау облысы Жылыой аудандарының Құрметті азаматы.

   Көрнекті қаламгердің шығармаларында замана тынысы, адамдардың жан дүниесі, қоғамда болып жатқан өзгерістер шебер суреттеліп,  елді сүюге,   ұлт құндылықтарын ұлықтауға, адал еңбек етуге шақырады.

    Өтеген Оралбайұлының шығармашылық жолы, республикамыздың өркендеуі жолындағы зор еңбегі мемлекетіміз тарапынан жоғары бағаланып, «Парасат» орденімен, мерекелік медальдармен марапатталған.

   Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік қызметінің Үздік қызметкері. Елбасының БАҚ саласындағы сыйлығының  лауреаты.

    Ақынның  азаматтық ұстанымы, шығармашылық жолы – тәуелсіздік тұғырын бекітудегі адал еңбектің, зор ізденістің, ізгілік пен шынайылықтың   үлгісі.

 


САРАЙ ӘНЕС ТӨЛЕНДІКҰЛЫ

 

 

  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы-драматург Сарай Әнес Төлендіұлы 1937 жылы Астрахань облысы, Володар ауданына қарасты Құрмалай селосында (Ресей Федарациясы)  дүниеге келген. 1965 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.

      Жазушы 1964-1966 жылдар аралығында  «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» газеттерінде әдеби қызметкер,  Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор болып қызмет етті. 1967-1971 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша «Жас алаш»  газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, 1984 жылы Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші, 1978-1997 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, бас редакторы болды. Бұл қызметтерде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылған қаламгер осы жылдар аралығында шығармашылық жұмысқа да бет бұрып, қарымды еңбек етті.

       1969 жылы «Мұнаралар шақырады» деген атпен жарық көрген әңгімелер мен повестер жинағын оқырман қауым жылы қабылдап, әдебиет әлеміне   даңғыл жол ашты. Қаламгердің әр жылдары жарық көрген шығармалары авторды оқырманының ыстық ықыласына бөлеп, кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңілдірді. «Бозқырау» (1973), «Қараша өткен соң» (1974) атты әңгіме-повестерінде, «Тосқауыл» (1976), «Алтын арал» (1984), «Асылдың сынығы» (1996)  романдарында еңбек адамдарының  тыныс-тіршілігі жаңа бір қырынан танылып, қазақ әдебиетінің  қазынасына  қосылды. Қаламгердің  шымыр сюжетті шығармалары, образдарды сомдаудағы шеберлігі, психологиялық иірімдерді терең жеткізе білуі  әдеби ортада өз бағасын алды. Жазушы  «Еділ – Жайық» (1994)  романында  Батыс Алашорда тарихын қамтып, қазақ халқының азаттық жолындағы өр рухын суреттеді. Бұл  шығармада  Алаш қозғалысына, Алаш қайраткерлеріне    қатысты тың  деректер  қамтылып, оқырманға  тарих беттерінің жаңа парақтарын ашты.  Автор осы туындысы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

         Қаламгердің «Исатай-Махамбет тарихы» (1997) атты еңбегі ХІХ ғасырдағы Бөкей  ордасындағы  шиелініскен  жағдайларды, Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс тарихын жан-жақты баяндаған сүбелі еңбектердің бірі. Туындыда Махамбет Өтемісұлының азаттық үшін күрестегі    қилы тағдырына қатысты жаңа  деректер де жүйелі түрде беріледі.

        Әнес Сарай  драматургия жанрында да өнімді еңбек етті. Оның қаламынан туған «Қу тазша», «Тойтиып қалды», «Ару Алматы», «Аңсау», «Тымырсық» т.б.  пьесалары  республикамыздағы  театр сахналарында қойылып, сыншылар мен көрермендердің  жылы лебізіне бөленіп келеді. Автор  көрерменді  адамның  жан дүниесіне, ішкі әлеміне терең үңілдіріп, ой талқысына салады. Қаламгер пьесалары бүгінгі күндері де еліміздегі жетекші театрлардың репертуарларынан берік орын алған.

     Жазушы  қазақ кино өнерінің дамуына да зор үлес қосты.  Автордың сценарийі негізінде көгілдір экранға шыққан «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдері – көрермендердің ыстық ықыласына бөленген туындылар.

       Әнес Сарай шығармалары  әдебиет әлемінде көркем өрнектерімен, азаматтық бітімімен соны із қалдырды.  Оның қаламынан туған туындылар   келер ұрпақпен де үндесіп,  адамгершілікке,  ұлтты  сүюге тәрбиелей берері сөзсіз.

 

 

СӘРСЕНБАЙ ОРАЗБЕК

 

 

        

 

   Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты (2000).

   Қазақтың белгiлi жазушысы Оразбек Сәрсенбай 1938 жылдың тамыз айында       Қызылорда облысы Шиелі ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген.

   1957 жылы қазіргі  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседi. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан соң О. Сәрсенбай туған ауылына қайтып оралып, Шиелiдегi М.В. Ломоносов атындағы орта мектепке қазақ  тілі мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi болып қызметке орналасады. Ал 1966 жылы Алматыға, жастар газеті «Лениншiл жасқа» (қазipгi «Жас Алаш») жұмысқа шақырылады. Бұдан соң «Жұлдыз» журналында (1968-1973), «Қазақ әдебиетi» газетiнде (1974-1982) бөлiм меңгерушici, Қазақстан Жазушылар Одағында (1982-1986) әдеби кеңесшi қызметiн атқарады. 1987-1993 жылдардың аралығында «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасының директоры (1993-1995) болады. 1996 жылдан O. Сарсенбай – «Қайнар» баспасының директоры.

    O. Сәрсенбайдың шығармашылық өмiрбаяны орта мектепте, университетте оқып жүрген шәкірттік жылдарда басталады. Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында аудандық «Стахановшы», облыстық «Ленин жолы», республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншiл жас» газеттерiнде оның алғашкы өлеңдерi мен әңгiмелерi жарияланады. Кезiнде «Лениншіл жас» газетiнде басылған «1961 жыл» атты публицистикалық дастаны әдеби, саяси ортада үлкен дау-дамай туғызып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң сол тұстағы хатшысы Н. Жандiлдиннiң баяндамасында сынға ұшырайды.

  Жазушы О. Сәрсенбай осы уақытқа дейiн 20-ға жуық кiтап жазды. Оның әдеби сын, көркем публицистика, аударма, поэзия саласындағы жарияланымдары да қалың оқырманға жақсы таныс. Ол әр жылдарда B. Короленко, В. Иванов, Ф. Абрамов, Ф. Искандер т.б. өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгiмелерiн қазақша сөйлеттi.

  O. Сәрсенбай қаламынан туған әңгiмелер негiзiнде «Долана» атты («Қазақфильм», 1981, режиссері – С. Нарымбетов) көркем-суреттi фильм түсipiлген.

  Жазушының жеке шығармалары украин, орыс, эстон, якут, марий, тува, венгр, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тiлдерiне аударылған. Оның «Уәде» аты повестер мен әңгiмелер жинағына Қазақстан Жазушылар Одағының  М. Әуезов атындағы сыйлығы (1987), ал «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» сыйлығы берiлген (1994).

   «Шеңбер» романы үшін O. Сәрсенбайға 2000 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берiлдi. Жазушының «Шеңбер» романында ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы қоғам сөз болады. Бұл роман көркемдiк жанрлық жағынан әлеуметтiк-психологиялық шығармалардың қатарына жатады. Романда кешегi социализм заманында өмір сүрген естияр, жасамыс ұрпақтың тапқандары мен жоғалтқандары, түптiң түбiнде зор қасiретке айналған бақталастық пен тақталастық, өзiмшiлдiк пен дүниеқорлық  сырлары жан-жақты көрініс табады. Осындай сиқырлы шеңбердiң ішіне түсіп, ар мен азаматтық жолында арпалысқан ел ағалары Шерәлі мен Тоқтарбайдың, өзге де иманды адамдардың қилы-қилы тағдыры оқырманды бейжай қалдырмайды.

  «Шеңбер» романы үлкен-үлкен сегіз тараудан тұрады. Бұл әлеуметтiк- психологиялық романда автор өмір шындығын айна-қатесiз берудi мақсат етіп қана қоймаған, айналадағы әлеуметтiк-психологиялық құбылыстарды терең, дұрыс пайыммен қорытып бере алуымен ұтқан секiлдi. Роман қаhармандары Тоқтарбай Арыстанов, Шерәлi Дүйсенбаев, Мүбәрәк Құсниденов, партизан Аппақов, Ақтай Жаһилов т. б. бейнелерi жадағай күйде емес, олардың рухани дүниесi тартысқа толы, ойланатын, ақылды, бірақ жаңылыс басатын тұстарын да көрсету арқылы құнарлы дәстүрдi жалғастырған.

  Уақыт өзгермелi екенi даусыз. Дегенмен кешегi мақтаныш болған саясат пен идеологияның бүгiнгi күні еpci болып отырғаны да табиғи құбылыс. Сондықтан бұл романда өткен күнге топырақ шашады деуге болмайды, дегенмен кешегi социализм заманындағы өмір сүрген қарапайым халық, басшы қауым, ортақ қызметкер т. б. арасындағы талас-тартыс, бақталастық  жан-жақты суреттеледi. Осы арқылы жазушы түрлі әлеуметтiк топтағы адамдардың түсінік, наным, дағды, өмірге көзқарасын шебер кестелеуге қол жеткiзген.

  «Отыз жетiншi разъезд» атты тарауда облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығы Тоқтарбай Арыстанбековтiң орынбасары Шерәлі Дүйсенбаевтың өлігі 37-разъезд маңындағы көпір астынан табылады. Бұл азаматтың өліміне  кім себеп болғанын қарапайым халық түгiлi, құқық органдары да анық  таба алмайды. Айтулы азаматтың оқыстан болған қазасы және оны жерлеу үстiндегi оқшау оқиғалар жайында лақап сөз әдеттегiдей үстемеленiп, жан-жаққа тарап, облыс басшыларының басы қататындай оқиғаға айналғанын нақтылы өмірлік деректер арқылы көз алдыңызға елестетедi. Романның алғашкы беттерiнде ауыл қазақтарының қалыптағы мiнез-құлқын, жiкшiлдiкке бейiм тұратындығын тұтастыра қамтиды. «Ел іші қашаннан жiкшiлдiкке, талас-тартысқа, тiптi, жауығуға, өшігуге кенде емес-ті, бұдан қазipгi шен-шекпен, атақ-абырой үшiн жандарын сатып, жанығып жүрген басшылар жағы құралақан деуге солардың бел ортасында жүрген отағасының аузы бармайды», – деп халық пен басшының портреттiк белгiлерiн ашық бағалау сарынын танытады.

  Бұл роман 1970 жылдарда өмір сүрген ұрпақтың басында болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі тұрмыс-тіршілік, олардың өмірі, қоршаған ортасымен, Мүбәрәк Құснидинов тағдырымен сабақтастырыла, тұтастыра отырып, суреттеледі.

  Оразбек Сәрсенбайдың «Шеңбер» романында көтерілген қазақ қауымының әлеуметтік-психологиялық проблемалары күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер.

 


ТӘЖІБАЕВ ӘБДІЛДА (1909-1998)

 

 

 

     Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, қарымды драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі.

       Ә. Тәжібаев 1909 жылы 4 ақпанда Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласы) дүниеге келген.

         Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдардың соңын ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерінен, дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткер ретінде танылды. Ә. Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген бірден-бір ақын. Оның өлендері мен поэмалары сыршылдығымен, ойшылдығымен, шыншылдығымен, оттылығымен ерекшеленеді. Ә. Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғарғы мәдениеттің, кәнігі шебердің туындысы.

         Ә. Тәжібаев драматургия жанрында да шабытты қалам тербеп, айтулы дүниелер жазды. Әдебиеттану саласында да жемісті тер төгіп, талантты ғылым екенін танытты. Оның  әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді.

         Ә. Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.

         Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі, халық ақыны Айманкүл (1888- 1952) күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тындаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне  Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бекежанов пен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау дастанының дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей мұң қосқан.

         Жаңа бір түсіп, шам сөнді,

         Ашыла түсіп, гүл солды, –

деген,  мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған.

         Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әнгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпаған. Ақын кейін өзінің «Еске алу» деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер болып қалған аңсары жайында:

         Есімде жоқ шын суреті,

         Әкем менің қандай кісі.

         Тек елестей бұлдырлайды

         Әлдекімнің көленкесі, –

деп жырлайды.

Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес.

         Әбділда Тәжібаев 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық меткепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғарғы әдебиет курсын бітіреді. Еңбек жолын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген  (1927-1928) ол небары 4-5 жылда  «Лениншіл жас»  (қазіргі «Жас алаш») газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың «Жұмысшының гудогы»  өлеңі 1926 жылы «Жұмысшы» газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады. 30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармашылығының көркемдік сапасы  жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі.  «Жаңа ұрпақ»  (1935),  «Лирикалар» (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. «Оркестр», «Абыл», «Толағай»  сынды романтикалық поэмалары мен М.О. Әуезовпен бірігіп жазған  «Ақ қайың»  деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі еді. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы көреген М.О. Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын», -  деп бағалайды.

         Ә. Тәжібаев 1945-1948  жылдар Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланады.

         1974 жылы «Көне қоңырау» атты шығармасы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

         Ақын «Октябрь Революциясы», 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

 

 

АТҚАН БОТАГӨЗ

 

 

    Тәуелсіз Қазақ еліне оралған репатрианттар арасындағы белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі, Қазақстанның демографиясына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай Елбасының жарлығымен  II дәрежелі «Достық» орденімен репатрианттар арасында алғашқы болып марапатталды.

    Моңғолия, Сауд Арабия, Ауғанстан, Иран және Қытайдан атамекен – Қазақстанға келетін көшті ұйымдастырып, ағайындардың атажұртта жайлы қоныстануына ерекше үлес қосты. Моңғолия мемлекетінің белгілі қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының «Жылаған жылдар шежіресі»,  «Моңғолиядағы қазақтар»,  танымал ақын Жәркен Бөдешұлының «Емендер түнде бүрлейді», «Бөрінің асығы» кітаптарында және Қазақстан мен Моңғолияның белгілі журналистерінің туындыларында жазылған.

     Ботагөз Уатқан 1997 жылы алғашқы қазақ тіліндегі  «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасын дайындау үшін құрылған жұмыс тобында қызмет етті және кейін осы Заңның қабылдануына белсене кірісті. Алматы қаласында оралмандарды бейімдеу мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі қызметін оншақты жыл абыройлы атқарды. ҚР Президенті жанындағы азаматтық мәселелер бойынша Комиссияның отырысына қатысып, көшіп келген қандастардың азаматтығын шешуге атсалысты.  Республикалық «Дарын» орталығымен бірлесіп өткізген «Қазақстан – Ата жұртым, қасиетім – ана тілім»  I, II, III Халықаралық олимпиаданың әділ-қазылар алқасының мүшесі, алғашқы рет қалыптасқан Халықаралық Түрік Кеңесі жұмыс тобының мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды.

    Ботагөз Уатқан 1956 жылы 15 мамырда Моңғолия қазақтары арасынан шыққан алғашқы хирург, қоғам қайраткері Уатқан Жарқынбай мен ұзақ жылдары ұстаздық еткен Мағрипа Нұртазаның отбасында туған. 1963-1973 жж. орта мектепті монғол тілінде оқыды және спорттың барлық түрлерімен шұғылданды. 1973-1978 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін оқып тәмамдаған.

     1978-1980 жж. Баян-Өлгий аймағында орта мектептің мұғалімі, 1980-1991 жж. Моңғолия Революцияшыл Жастар Одағы Орталық Комитетінде нұсқаушы, әдістеме кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған алғашқы қазақ әйелі. 1987-1989 жж. Моңғолия Халық Революцияшыл Партиясы Орталық Комитеті жанындағы  Жоғары партия мектебін, 1985 жылы екі жылдық экономикалық білім жетілдіру халық университетін оқып  бітірген.

   1991 жылы Моңғолия Еңбек министрлігінің Еңбек биржасында, кейін  Алматыдағы өкілдігінде ұйымдастырушы қызметін атқара жүріп, көшті атамекенге бастаушылардың бірі болды, тек осы жылғы алғашқы  төрт айда Монғолиядан 45 мың қазақты атажұртына көшірді. 1992 жылдан Ұлт көшбасшысы  Н.Ә. Назарбаевтың басқаратын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында 1994-2017 жылдары  бас маман, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін 23 жыл бойы үздіксіз атқарды.

    Өзінің туып-өскен елі Моңғолия мен Қазақстан арасындағы мәдени, рухани байланысты нығайтуға ерекше күш салды. Соның нәтижесінде Баян-Өлгий аймағының теле станциясы Қазақстанның көмегімен «Кателко» қондырғысымен жабдықталып, аймақ тұрғындары Қазақ елінің телеарналарын ешбір кедергісіз көріп тамашалай алатын болды. Сондай-ақ, аймақтағы Қазақ радиосы және Қазақ драма театрының ескірген жабдықтарын жаңалауға, әдеби кітаптарды, оқулықтарды жіберуге де  өзіндік үлесін қосты. 1995 жылы Кентау қаласында қазақ диаспорасына арналып ашылған ЖОО дайындық бөліміне шетелдегі қазақ жастарын шақырып ұйымдастыру ісіне атсалысты, соның нәтижесінде көптеген жастар атажұртқа келді. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

   Дүниежүзі қазақтарының II, III, IV, V Құрылтайын ұйымдастыру комиссиясы құрамында жемісті жұмыс жасады. Сондай-ақ, Өзбекстан, Ресей (Қосағаш, Омбы, Орск, Самара), Қытай, Моңғолия (Баян-Өлгий, Ұланбатыр), Әзербайжан, Беларусь, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Австрия, Германия (Берлин, Мюнхен, Кельн), Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Франция, Швеция елдерінде өткен кіші Құрылтайларын және көптеген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, халықаралық айтыс, мүшәйра, қолданбалы қолөнер және сурет көрмелерін,  республикалық, аймақтық дөңгелек үстелдерді ұйымдастырды.  Қауымдастықтың Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстық филиалдарын ашуға, қауымдастық жанынан ғылыми орталық, студенттер орталығы мен ақсақалдар алқасын құруға еңбек сіңірді. Әлемнің 40 елінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен ширек ғасырға жуық уақытта күнделікті тығыз байланыста жұмыс істеді.

     Ұлы Абайдың 150 жылдығы, Тараз қаласының 2000 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сондай-ақ, Бакудегі Түркі Кеңесі  ұйымдарының I форумы, Астана қаласының 10 және 15, Қауымдастықтың 15 және 20 жылдығы секілді  мерейтойларға шетел қазақтарын шақырып қатынастыру, қазақ диаспорасының жас бүлдіршіндерін «Балдәурен» республикалық сауықтыру лагеріне демалдыру мәселелерімен айналысты.  «Алтын адамнан Атиллаға дейін» және «Еуроазия шабандоздары» атты жобаларды ұйымдастырды. Шымкент,  Ақтөбе, Тарбағатайда өткен халықаралық өнер фестивальдеріне қазақ диаспора өкілдерін қатыстырды.

    ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Халықаралық  әйелдер күні 8 наурызға орай Қазақстан әйелдері қауымының өкілдерімен өткізілетін  «Көктем шуағы» кездесуіне шақырылған аса көрнекті,  әйгілі 18 әйелдің бірі болды (2012).  ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ә. Ыдырысовтың Ресей Федерациясына жасаған қызметтік ресми сапарында делегация құрамында болып, Ресейдегі қазақ диаспорасының мәселелерін шешуге атсалысты (2015).

    Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болған, жазушы, Найманбаев Қалдарбек: «Бота келді, құт келді. Біздің Бота дипломат» десе, қоғам қайраткері Мамашев Талғат: «Қауымдастықтың моторы» деп бағалады. Осындай үлкен құрметке ие болуын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі болуымен байланыстырады. Оның «Атажұртқа жеткен көш» кітабының «Өмекең басқарған университеттің түлегімін» деп басталуы бекер емес. Университетте жерлестері К. Аралхан, Т. Дәметкен, Р. Күнішай, Д. Қибадет, П. Мұрат және Г. Әбдір, К. Әлпейсова, К. Бектұр, Г. Жұмағұлова, Т. Жұмаханов, Ә. Қайырбеков, М. Қожанұлы, Ә. Меңдеке, Б. Тоқтағұлова, Г. Уайсовамен бірге оқыса,  Қауымдастықта Т. Мамашев, С. Балғабаев, К. Балтабаева, Т. Дәулетов, Е. Кебекбай, Ж. Мұқашева, С. Рәсілов, Г. Салықбай сынды университет түлектерімен қызметтес болды. Олар бүгінде елге танымал ғалым, ақын жазушы, жорналшы. Р.Күнішай Моңғолияның еңбек сіңірген ұстазы атанса, қоғам қайраткері П. Мұраттың «Ел көшкенде» өлеңі оралман ағайындардың гимніне айналды:

...Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін-ай,

Ата жұртым шақырды, ашты есігін-ай.

Көшкені де қарыздар, қалғаны да-ай,

Сен аман бол, туған жер  – бақ бесігім-ай.

      Ректоры Ө. Жолдасбеков, диплом жетекшісі Р. Нұрғали, ұстаздары К. Аханов, С. Әшімбаев, К. Балақаев, А. Балтағұлова, С. Батыршаұлы, Р. Бердібаев, Ә. Дербісәлі, С. Жиенбаев, М. Жолдасбеков, Т. Кәкішев, І. Кеңесбаев, З. Қабдолов, Ы. Маманов, Г. Рамазанова, М. Томанов т. т. білімді доктор, профессор, академиктерден дәріс алғанын және де қазақтың зиялы қауым өкілдері Х. Алтай, Е. Әбдіхалық, Ж. Бабалық, М. Жүнісова, Қ. Жұмәділ, Т. Молдағалиев, Ш. Мұртаза, Қ. Мырза-Әли, А. Сейдімбек, У. Қыдырхан,  Ә. Тінәлі, С. Тұрғынбеков, Т. Шапай т. б. сапарлас болғанын, сондай-ақ, курстастары мен қызметтестерін  мақтан тұтады.

    Ботагөз «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалдармен және де Моңғолия, Түркия, Өзбекстан елдерінің медальдарымен марапатталды, көптеген алғыс хаттарға ие.

 

ДӘДЕБАЕВ ЖАНҒАРА ДӘДЕБАЙҰЛЫ



      1948 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Жамбыл қаласындағы Абай атндағы педагогикалық училищені, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1968 жылы ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. 1970-1975 жылдары аталған университетте оқыды, 1975-1977 жылдары М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызмет етті, 1977-2008 жылдары өзі оқыған университетте ассистент, аспирант, аға оқытушы, доцент, докторант (СНС), профессор, декан, кафедра меңгерушісі, проректор, 1990-1991 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Білім академиясының) директоры болды. 2009 жылдан университеттің филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында профессор, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры.

       Ж. Дәдебайұлы - көрнекті ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР жоғары мектеп Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының, Қазақ Білім академиясының, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. 1974 жылдан бастап, осы күнге дейін ол 600-ден астам еңбек жариялады, соны, жаңа ғылыми қорытындылар мен қағидалар жүйесін қалыптастырды, әдебиеттану қорындағы теориялық ойларды байытты, қазақ әдебиеті мен ол туралы ғылымның дамуына, қоғамдық сананың жаңғыруына елеулі үлес қосты. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 20-дан астам жас маман кандидаттық және докторлық диссертация қорғады, олардың қатарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасқан, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Б.К. Хаменова бар.   

    1993-2001 жылдары Ж. Дәдебайұлының басшылығымен көп сатылы жоғары білім деңгейлері бойынша университеттік филологиялық білім беру тұжырымдамасы жасалды, соның негізінде университеттік филологиялық білім берудің мемлекеттік стандарттары, біліктілік сипаттамалары, типтік оқу жоспарлары, бағдарламалар дайындалып, өндіріске енгізілді.

    2002-2008 жылдары ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқу және оқу-әдістемелік саладағы жұмыстарды үйлестіру, басқару ісімен шұғылданды. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен университеттің интеллектуалдық ресурстарының даму бағдарламасы дайындалды. Соның негізінде инновациялық технологиялар, университеттің білім беру қызметі саласында Сапа менеджменті жүйесі жасалып, өндіріске енгізілді. Аталған жүйе сапаны басқарудың тиімді әдісі ретінде маман даярлаудың сатылары мен кезеңдерін ұдайы жақсартудың және білім беру үдерісін тұтастай жаңартудың таптырмас тетігі қызметін атқарды. Бұл үлкен жетістік еді. Осы жетістіктері үшін университет Қазақстан жоғары оқу орындары ішінде бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты (2006) болды, ТМД елдері арасында өткен осындай конкурстың дипломанты (2008) атағына иеленді.

    Ж. Дәдебайұлының 2010-2018 жылдары университет жанындағы Абай институтының ғылыми-ақпараттық ресурстар қорын қалыптастыру мақсатында жүргізген ұйымдастыру, басқару жұмыстарының нәтижесінде «Абайтану» сериясы бойынша Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көптомдық еңбектердің 36 томы дайындалып, «Қазақ университеті» баспасынан жарыққа шықты, абайтану саласындағы ғылыми мектептердің зерттеу нәтижелерінің ғылыми-ақпараттық базасының негізі жасалды.

    Ж. Дәдебайұлы Білім және ғылым министрлігінің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесінің төрағасы, Жоғары аттестаттау комитеті сараптау комиссиясының төрағасы, Білім мен ғылым саласындағы бақылау мен қадағалау комитеті президиумының мүшесі бола жүріп, жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық мамандарды даярлауға елеулі үлес қосты.

    «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2002), «Құрмет» орденімен (2018) наградталған.

     Ж. Дәдебайұлы өзінің интеллектуалдық қуатын білім мен ғылымның, қоғамдық сананың дамуы жолында жұмсауда.