Негізгі бет / Жетістік тарихы / Лауреаттар / Филологтар Филологтар

Филология факультетін бітірген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары

 

1966 жылдан 2019 жылға дейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген  10 факультеттен 120 түлек Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды. Лауреаттардың көбі филология факультетін (қазіргі – филология және әлем тілдері) бітіргендіктен, университет бойынша факультет бірінші орынды иеленеді.

         27 мемлекеттік сыйлықтың иегерлерінің ішінде 12-сі Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының, 14-і ҚР әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың, біреуі Шешенстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері болып табылады.

Әдебиет және өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы осы салада құнды шығармаларымен  отандық мәдениетті дамытуға орасан үлес қосқан тұлғаларға беріледі.  

         Факультет түлектерінің ішінен 1978 жылы Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының алғашқы лауреаттығына ұсынылған  Бауыржан Момышұлына арналған «Ақиқат пен аңыз» романы үшін Әзілхан Нұршайықов болды.

1980 жылы «Жерұйық» өлеңдер жинағы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын ақын Мырза Әли Қадыр Ғинаятұлы және 1982 жылы «Жүректегі жазулар» еңбегі үшін Тұманбай Молдағалиев иеленді.

1982 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын 1939-1941 жылдары ҚазМУ-де оқыған болашақ ақын, Қазақстанның халық жазушысы  Хамит Ерғалиев «Алтын зерен» поэмалар мен өлеңдер жинағы үшін алды.

1984 жылы Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын «Аспандағы әпке» атты балаларға арналған жыр кітабы мен ертегілері үшін  Мұзафар Әлімбаев иеленді.

Мағауин Мұхтар Мұқанұлы – 1984 жылғы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

1986 жылы «Өлара» повесі үшін жазушы және драматург Сәкен Жүнісов – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

1986 жылы Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары үшін иеленді.

1988 жылы 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасауға зор үлес қосқаны үшін филология ғылымының докторы, ғалым Әсет Болғанбайұлы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығына ие болды.

1988 жылы 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасауға зор үлес қосқаны үшін Қалиев Байынқол Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

1988 жылы халық жазушысы Сафуан Шаймерденов Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын «Әдеби толқындар», «Ағалардың алақаны» еңбектері үшін иеленді.

1990 жылы халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов Отанынан жырақта өмір сүріп жатқан қазақтың қилы өмірі туралы жазған «Тағдыр» романы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды.

         ҚР әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 8 қазандағы қаулысында атап көрсетілгеніндей,  осы салаларда қазақтың және әлемдiк өркениеттiң үздiк жетiстiктерiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасының рухани және мәдени қазынасының құнды байлығы ретiнде қоғамдық кәсiптiк тұрғыдан танылып, сарапшылық баға алған әдебиет, өнер және сәулет шығармалары үшiн мемлекеттік ынталандыру ретінде берiледi. 

1992 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы тәуелсіз мемлекеттік сыйлығын жазушы, драматург Дулат Исабеков алды.

1994 жылы «Еділ-Жайық» романы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын жазушы Әнес Сараев иеленді.

1996 жылы әдебиет және өнер саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығын Абай мұрасын насихаттаудағы зерттеу топтамасы үшін Зәки Ахметов ие болды.

1996 жылы әдебиет және өнер саласы бойынша  «Құм кiтабы» атты әңгімелер мен повестері үшін жазушы Дүкенбай Досжан ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

1998 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша «Менiн Әуезовiм» атты  роман-эссесі үшін ҰҒА академигі Зейнолла Қабдолов ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды.

2000  жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша 1948-1949 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде оқыған Мақатаев Мұқағали «Аманат» өлеңдер жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды.

2000  жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша «Шеңбер» романы үшін прозашы Оразбек Сәрсенбай  ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды.

2002 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша ақын Айтқожина   Марфуға  «Аңсау» өлеңдер жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды. 

2002 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша ақын Нұрлан Оразалин «Ғасырмен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 

          2002 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша әдебиет сыншысы Серікқали Зейнолла «Алтын жамбы» еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

2004 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша «Парасат майданы» повесі үшін жазушы Төлен Әбдікұлы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

2006 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша «Тамұқтан келген адам» романы үшін жазушы Смайыл Алдан Зейноллаұлы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды. 

2014 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша «Тар кезең» романы үшін жазушы Қажығали Мұқамбетқалиұлы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды. 

2016 жылы әдебиет, өнер және сәулет саласы бойынша «Әй, дүние-ай!» романы үшін жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 

Рафаэль Ниязбек – «Ичкерия» кітабы үшін  Шешенстан республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған.      

 

Күлғазира Балтабаева,

тарих ғылымдарының кандидаты