Негізгі бет / Жетістік тарихы / Лауреаттар / Журналистер Журналистер

АЙТҰЛЫ НЕСІПБЕК

 

 

 

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан  (2015) жарық көрген эпик ақын.

1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 

1974-1984 жж. «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор. 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1995- 1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры. 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі.

2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.

Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі, Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы мұражай директоры.

Алғашқы «Балалық» деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрді. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме», «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, Шығыстың ұлы шайыры Ә. Науаидың  «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжнүн»  дастандарын тәржімалап, «Игорь жорығы туралы жыр», т. б. аударма кітаптары шыққан. Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны Дж. Родаридың, сондай-ақ, М. Исаковский, А. Барто, С. Михалков, С. Баруздин, В. Берестов, Т. Сыдықов, С. Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен.

 «Бас сүйектері» (1976), «Жасынның сынығы» (1977), «Найзағай» (1978), «Жүректегі жаңғырықтар» (1979) поэмалары кезінде «Жалын» альманахы жариялаған Республикалық конкурстардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған. «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы 2001 жылы Республикалық әдеби конкурстың жүлдесіне ие болса, «Бәйтерек» (2003) поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланды. 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері.

«Көз жасым» таңдамалы (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Ерлікке ескерткіш» (2008), «Сардар» (2008), «Құланойнақ» (2009), «Арқатірек» (2010), «Наурызбай» (2011), «Ту» (2012), «Сарайымнан шыққан сөз» (2014), «Дариға, дәурен» (2018) т. б. кітаптары жарық көрді.

     Сөз зергері  Н. Айтұлы кең тынысты эпикалық поэмалары мен лирикалық өлеңдері арқылы Қазақстанның тәуелсіздігінің  жыршысына әрі жаршысына  айналған төкпе  ақын.  Оның поэмаларында  алаш жұртының қаһармандық тарихы мен азаттық рухының қадау-қадау кезеңдерінің алып панорамасы шеберлікпен жасалған деуге болады.       Н. Айтұлы «Сардар», «Ту», «Наурызбай», «Жалаңтөс», «Шақантай», «Бердіқожа»,  «Төлегетай» секілді поэмаларында азаттық үшін жанын пида еткен біртуар  ерлердің  галереясын сомдаса, Ұлы даланың қасиетті топырағы үшін күрескен Кенесары бастаған ерлер туралы  «Ақмола шайқасы» поэмасы, осы тақырыпқа сабақтас туған  «Жер – жаннан қымбат» дастанында   елорданың терең тарихынан сыр шертіледі.  Н. Айтұлы бабалардың арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтан мәртебелі орын алып,  жаңа елорда Астананың бой түзеп сәулеті артқанын   «Бәйтерек» поэмасы арқылы қапысыз  мүсіндейді. Ақынның суреттеуінде  «Бәйтерек» – елорданың ғана емес, күллі Қазақ елінің  арман-мұратын әйгілеген рәміз, тәуелсіздігіміздің асқақ  миуалы мұнарасы.

Ақынның «Көкала үйрек», «Құланаян Құлманбет», «Сүйінбай» поэмаларында ұлт мақтанышы болған ұлы тұлғалардың  бейнесі көркем сомдалады.

       Н. Айтұлы – ән-өлең жанрына да ерекше үлес қосқан ақын. Оның «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен», «Қазақтай ел қайда» секілді көптеген туындылары халықтың сүйіп айтатын таңдамалы  әніне айналған. 

Ақын Несіпбек Айтұлы  қазіргі қазақ  қоғамында қалыптасқан өзекті мәселелер, ұлтымыздың жарқын болашағы мен бүгінгі күніне әсер ететін елеулі оқиғалар туралы сергек пікір білдіріп, шұғыл ойларын жариялап отыратын еркін ойлы  қаламгер. Ана тілі, ата ділі, ұлттық құндылықтар, әсіресе рухани өмірімізде толғағы жеткен түйткілді дүниелер ақынның назарынан тыс қалған емес.  Оның осы бағыттағы  мақалалары мен сұхбаттары  «Сарайымнан шыққан сөз»  (2014) деген атпен жеке том болып жарыққа шықты. 

Парасатты қалам иесінің қатарластары мен әріптестері, әдебиеттанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері оны «Бостандық жырының боз жорғасы» (2017) деп атауы, ақын туралы зерттеулердің осы аттас кітапта топтастырылып оқырманға жетуі  азаттықтың елең-алаңынан бері алаш жұртының терең тарихын толқыта толғап, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін шабыттанып жырлаған жемісті туынды иесі болуына берілген баға деуге болады. 

 


АСҚАРОВ ӘЛІБЕК АСЫЛБАЙҰЛЫ

 

           

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), «Парасат» орденінің (2013), көптеген мерекелік медальдардың иегері.

Жазушы Әлібек Асқаров 1951 жылы 24 қазанда Кенді Алтайдың төріндегі Қатонқарағай ауданында дүниеге келген. Бұл Алтай жері талай таланттарды баптаған өңір. Баптаған дейтініміз, Алтайдың қойнауы сырға, көкірегі мұңға толы шерлі өңір. Сол шерлі өңірде бала Әлібек мектеп бітірген бойда еңбекке араласып, ауылда түрлі шаруашылық жұмыстарын атқарды, киномеханик  болды.

             Арман қуып Алматыға келгенде  алдымен Көркемсурет училищесінде төрт жыл оқып, ойдағыдай тәмәмдайды. Артынша өзіміздің ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітіреді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтейді.

            Еңбек жолын 1975 жылы «Білім және еңбек» журналында көркемдеуші редактордан бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарады. 1986 жылы республикалық «Өнер» баспасына бас редактор болып тағайындалады. Осыдан бастап Әлібек Асқаровтың жауапты қызметтерді атқару жолы басталады.

1992 жылдың  басынан бастап жаңадан құрылған Тәуелсіз Қазақстанның  Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратына қызметке шақырылады. Ол кезең еліміздің енді ғана егемендік тізгінін өз қолына алып,  «тәуелсіздік» деген жалғыз ауыз тәтті сөзден өзге ештеңенің мәнісіне  бара қоймаған, жалаң аяқ жар кешкен алмағайып заман болатын. Сондай қиын-қыстау кезеңде, яғни 1993-98 жылдары еліміздің Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарады.

1997 жылдың маусымында Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім  министрлігі ең алғашқы болып Ақмолаға көшеді. Осы көшті ұйымдастыру, жаңа жерде орнығып, орналасу шаруаларында министрліктің екінші басшысы ретінде ол көп еңбек сіңіреді.

1998-2004 жылдары Ә. Асқаров жаңаша құрылған министрліктің  Баспа және полиграфия істері жөніндегі департаментін басқарады. 2005-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат  бөлімінде сектор меңгерушісі,  бас инспектор, бөлім меңгерушісінің  орынбасары қызметтерін атқарады.  2012-2014 жж. – Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Бас директоры, 2014-2016 жж. – Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры болып тағайындалады. 2016 жылдың мамыр айынан бері ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры.

Әлібек Асқаровтың шығармашылығымен жақсы таныс оқырман да, әдебиетші қауым да үнемі әлгіндей лауазымды қызметтерде жүре тұра шығармашылықта өнімді еңбек еткен жазушының жанкештілігіне қайран қалысады. «Сіз қызмет пен шығармашылықты қалай қатар алып жүресіз?» Бұл сауал жазушыға үнемі қойыла-қойыла жауыр болған сұрақ. Әлібек Асқаров өзі жазған тақырыптарына, жалпы шығармашылығына үнемі адал болумен келеді. Оның белгісі – әлгіндей қызметтерде бола тұрып, әлдекімдер сияқты еңбек демалысын ешқашан шетелде өткізбейді. Жаз шықса болды, резіңке етігі мен күпәйкесін киіп, Алтайдың тау-тасын кезіп кетеді. Және сол сапардың барлығы қаламгердің шығармаларында ел мен жердің қуанышы, қайғысы мен қасіреті болып шиырланып қағазға түсіп жатады. Жазушының шығармашылық қуатын айқындап, кеңінен танымал болған шығармасының алғашқысы «Ерте түскен боз қырау» десек, көпшілікті мойындатқаны «Өр, Алтай мен қайтейін биігіңді» романы болды. Жоғарыда айтып өткен елдегі жұрттың қайғысы мен қасіреті, қуанышы мен бақыты барлығы осы романда көрініс табады. Өр мінезді жазушы Шерхан Мұртаза бұл шығарма туралы кезінде: «Лев Толстойдың «Қа­жы­­мұра­тындағы» соқа жырып кеткен түйежапы­рақтың тамырындай ауылдың да жаны сірі, тамыры тереңде.  Осы көріністі көркем əдебиеттен көрем деген кісі осы хикаятты оқысын. Авторы – Əлібек Асқаров»  деп көлемді мақала жазған еді.  Ал академик Серік Қирабаев: «Бұл – бір ғажайып лирикалық хикая. Жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, тұнып тұрған лиризм. Адам сезімін, ойын қозғап, құйылып тұрған сыр. Бейімбетше жазады, сол ұлы жазушының дəстүрін жалғастырады. Дəстүр деген де көктен түскен үлгі емес қой. Өмірдің қарапайым шындығын жұпыны əңгімелеуден, адамды танып, оның сырын ашып суреттей білуден туады» деп, абыздық биік бағасын берген болатын.

            Жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдары қазақ тарихында ерекше орны бар кезең. Қоғамда болып жатқан құбылыстар, өзгерістер мен төңкерістердің сол кезеңде суреткер қаламына ілігуі – сирек кездесетін жайт. Әдетте тарихи оқиғалар әңгіме болып отырған кезең өткеннен кейін барып сараланып, қорытындыланып, қағаз бетіне түсіп жатады. Ал бұл романның құндылығы, жазушыны абырой биігіне көтеруінің өмір шындығының дер уағында жазылуы.  

            Алтай жыршысына айналған қаламгер інісі туралы әйгілі ақын Қадыр Мырза Əли былай дейді: «Əлібек кітабында туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елтіп оқисың. Оқып қана қоймайсың, көркемдіктің көне өкілі ретінде құмарта қарайсың. Бұдан бірнеше жыл бұрын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Николай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таңғалғанмын. Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көргендей сезінгенмін. Міне, енді Əлібек Асқаровтың шығармаларын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жалғасын көргендей болдым. Оған себеп – əйгілі Алтайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Əлібек інімнің туған жерге деген ұлы махаббаты. Əдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты, тіптен талантты болуға тиіс. Ал талантты, əсіресе аса талантты адамға əдемі кітап жазу  проблема емес!»

            Қадағаңның айтқаны айдай екен, расында да толысып жеткен жазушы бүгінде қырықтан астам кітаптың авторы. Кейінгі кезде еліміздің жұмбаққа, сырға, аңызға толы өңірлерін аралап, «Қазақ жерінің құпия сырлары» деген сериямен бірнеше кітаптар дестесін ұсынды. Осы кітаптардың тұсаукесерінде сұңғыла әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов Ә. Асқаровтың бұл шығармаларын ұлттық әдебиетіміздегі соны соқпақ – «сафари жанрына»  жатқызған екен. Ендеше, жазушыны қазақ әдебиетіндегі сафари жанрының негізін салушысы, ізашары деп атасақ артықтық етпес.

            Жазушының жарыққа шыққан кітаптарының тізімі мынадай: «Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл әлемге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1997, 2006, 2010, 2018), «Родники рождаются в горах» (2000), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2004), «Скрип соленого сердца» (2006), «Социализм әңгімелері» (2006), «Социализм хикаяты» (2007), «Стон дикой долины» (2008), «Кешегі күннің хикаясы» (2008), «И смех, и слезы, и любовь...» (2009), «АЛТАЙ – алтын бесік, ата жұрт» (2009), «Надейся и жди!» (2009), «Озарение» (2009), «Көңілдің көк дөнені» (2010), «Батқан күннің бояуы» (2010), Төрт томдық таңдамалы шығармалары (2011-2012), «Алтайда алтын күз еді» (2013, 2014), «Однажды осенью, далеко в горах» (2014), «Страшный черный медведь (2015), «Әдебиет әлемінің әзілдері» (2015), «Қойға шапқан қара аю» (2015), «Көккөл», «Шанағаты», «Аспантау», «Шабанбай», «Мұзтау», «Қазығұрт» (2017), «Қайырымды Үміт мүйісі немесе Жер шетіне саяхат» (2018), «Қиғаш хикаясы» (2018), «Алданған ұрпақ» (2018).

Ә. Асқаров шығармашылығы жөнiнде әр жылдары қазақ әдебиетiнiң белді өкілдері, әдебиет сыншылары көлемді мақалалар жазып, жақсы пікірлер білдіріп келеді.

 


АХМЕТОВА КҮЛӘШ ДІЛДӘҚЫЗЫ

           


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).

Қазақтың көрнектi ақыны Күләш Дiлдәқызы Ахметова 1946 жылдың 25 cәyipiнде Қырғызстанның Талас ауданы, Киров ауылында дүниеге келген.

 1966 жылы Жамбыл медициналық училищесiн, 1973 жылы қазipгi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетін бітірген.

 «Қазақстан пионері» газетінде, «Жалын» баспасында бөлім меңгерушici, редактор қызметтерiн атқарған. «Ақ гүлім менің» атты алғашқы жыр жинағы 1975 жылы жарық көрген.

Күләш Ахметованың «Сен менің бақытымсың» (1977), «Жапырақ жаздың жүрегi» (1979), «Махаббат жылы» (1980), «Мейipiм» (1981), «Бұлақтағы жұлдыздар» (1982), «Жасыл жағалау» (1984), «Ләйлектер қайтып келгенде» (1985),  «Арғымақтар даласы» (1987),  «Наурыз нұры» (1991), «Күн шыққанда күліп оян» (1996) және 2005 жылы «Бақ», «Құт» кiтаптары жарық көрдi.

Ақынға «Сен менің бақытымсың» кiтабы үшін Қазақстан Жастар Одағы сыйлығы берiлдi. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасында Бас жүлденi алды. «Еңбектегi ерлiгi үшiн»  медалімен марапатталды. Соңғы жарық көрген «Құт» өлеңдер жинағы үшін 2006 жылы ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанды.

Ойлы, сыршыл, нәзiк, табиғи жырларымен оқырманды баурап алған ақынның жеке жинақтары бiртұтас әлемдi көзіне елестетедi. Байтақ Қазақстанның жері мен еліне деген махаббат ақын жүрегiмен үндеседi.

 ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған «Құт» кiтабындағы «Теңдiк үшін мұхитқа қайық салдық» толғауында тәуелсiздiк алғаннан кейінгі халқымыздың көңіл-күйiн, өтпелi кезеңдегi қуаныш пен қайғысын шебер өредi:

 

Қайтып жатыр оралып тұз алтыны,

Алда – биік асқар шың, мұзарт ұлы.

Президент!

Қазақтың дербестiгiн

Бүкiл дүние таныды Сіз арқылы!

Ұзай алмас шiдерiн үзбеген ат,

Ұлы жолда қатса да мұзға қанат.

Тұқыртқанға  көнбедi тұлпар-тағдыр,

Сол тағдыры халықтың Сізге – аманат!

 

Тәуелсiздiктi баянды етудегi алда тұрған мақсат-мүдделердi, күрделі асуларды айтады, Елбасына артылған сенiм мен жауапкершiлiктiң салмағын саралайды. Осылайша халқының тағдырын назардан тыс қалдырмайтын қайраткер ақын екендiгiн көрсетедi.

Қадыр Мырза Әли: «Күләш Ахметова – көп ақынның бipi емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын. Жанжағынан келіп қарауға уақытым болмай, бір қырынан ғана келдiм. Бірақ соның өзін жеткiзiп айта алам ба?! Бiлмедiм. Анық көзiм жеткенi бip-ақ нәрсе – ол Күләштiң нағыз ақын екендігі.  Бiрақ  нағыз ақындар да әр түрлi болады. Мұң екiнiң біріне  бауыр баспайды. Қызымыздың бала кезiндегi мұңы ешқашан да шөкпеген. Өркештенiп өсіп отырған», – деп оның ақындығына баға бередi.

«Құт» кiтабындағы ақынның Тәуелсiздiк жайлы көрікті ойлары мен көрнектi теңеулерi оқушы қауымды еріксіз баурап алары хақ. Болашағымыздың жарқын боларына үлкен үмiтпен қарайтын ақынның Астана қаласына арнаған өлеңiндегi:

 

Астана бол, аман бол,

Ақылман бол, амал бол.

Тайсалатын тамам қол,

Тәуелсiздiгiме қамал бол! –

деуi оған артылған зор сенiмдi байқатады. Кiтапта қозғалған тақырыптың бәрі дерлік маңызды,  бәрі дерлiк көкейкестi. Дiндi сақтау, салт-дәстүрдi, тiлдi құрметтеу, бүгiнгi ұрпақ жайлы тек елін, жерiн сүйген ақиық ақын ғана жырлайды.

 

Мұны ұқсақ, «қазынамыз – той» демесек,

Той емес, ең керегі – ой мен есеп.

Қазақтың бай тiлiнде кім сөйлесiн,

Шырынын тамызып біз сөйлемесек?

 

Қазақ поэзиясына зор үлес қосқан ақын қолтаңбасы ерекше. Шынайы жыр жолдары лирикалық сезiммен ақын жүрегiнен жарып шығады. Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңiнде:

 

 

 Өлсең де өлмейтұғын өлең жазған,

 Қандай сен бақыттысың, қайғылы ақын! –

деп, ақын өлеңнің құдipeтiне бас иедi. «Қайғылы ақын» деген теңеумен-ақ талантты ақынның тағдырын танытып отыр.

Ақын жырламаған тақырып жоқ. Табиғат тылсымдары, өмір құбылыстары, махаббат, экологияны қорғау, бейбiтшiлiктi сақтау, егемендiк, жастар болашағы...

 Кешегі мен бүгiнгiнi жалғастырған, болашақ ұрпақ жайлы ой толғаған жыр жолдарынан асқақ патриотизмдi, сом пiкірді, рухани құндылықтарды табуға болады. Ақын мұраты – халықтың өмірін коғамдағы құбылыстармен әрі уақыт талабына сай жан-жақты суреттеп, өз сезiмiмен өріп, өлең жолдарына қосу, ақындық қуатының халықтан бастау алып жатқанын көрсету. Ақын мақсаты – адамдарға рухани қызмет көрсету. Бір сәт өмірдің мәніне бойлатып, адам, тағдыр, болашақ жайлы ойландыру. Сыршыл, лирикаға толы өлеңдерi арқылы жыр сүйер қауымға ләззат сыйлау. Бұл талаптар үдесiнен шыға бiлген халқымыздың ардақты қызы, ақын Күләш Ахметованың ақындық әлемі көркемдігiмен, шыншылдығымен, сыршылдығымен ерекшеленедi. «Күннiң нұрындай, гүлдiң өрiндей, нанның дәмiндей, сүттiң өңiндей, бөбектiң иісіндей, емiрентпей, тебiрентпей қоймас, кіна тақсақ, кие ататындай пәк жыр», – деп қаламгер Әбіш Кекiлбаев дәл бағасын берген жырлардың авторы коғам, адам, болашақ жайлы әлі де қалам тербей берерi даусыз.

 

ДОСАНОВ  СӘБИТ АЙТМҰХАНҰЛЫ

 

             


Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 1962 жылғы түлегі Сәбит Айтмұханұлы Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байғабыл ауылында туған.

Қазақ теледидарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген.1985 жылдан 1988

жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағында жас әдебиетшілермен жұмыс жөніндегі Кеңестің жауапты хатшысы болып істеген. 1991-1995 жылдары С. Досанов Халық шаруашылығы мен мәдени демалыс қызметінің республикалық Орталығының директоры, кейінгі жылдары «Қайнар» баспасының аға редакторы болып қызмет атқарды. Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қылған. Африкадағы Дүнду, Қазақстандағы Қостанай қалаларының, Ақсуат, Аманкелді аудандарының құрметті азаматы. Көптеген роман, повесть, әңгімелердің авторы. С. Досановтың 1958 жылы жазған «Шабындықта» атты тырнақалды әңгімесі екінші сыныптың «Ана тілі» оқулығында басылған.

            Алғашқы «Қайырлы таң» очерктер мен әңгімелер жинағы 1966 жылы жарық көрді. Бұдан   кейін «Соны іздер» әдеби-зерттеу еңбегі жарияланды. Кейіннен Сәбит Досанов көркем жанрға бет бұрып,  «Қыран қалғымайды» (1971) повестер жинағы мен «Тау жолы» (1978), «Екінші өмір» (1981) романдарын жариялады. «Жер тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор стенного кургана», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» шығармалары жазушыны өмірдің өзекті мәселелерін көтерген өткір көркем сөз шебері ретінде танытты. Осы аралықта әдеби-зерттеу мәселелеріне қайта оралып, «Қазына» (1984), «Жүректің отын сөндірме» (1988) монографияларын жариялады.

С. Досанов соңғы жылдары «Жиырмасыншы ғасыр», «Аптаның екінші күні», «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық» романдары мен «Дүние жалған», «Жусан исі» повестер мен әңгімелер жинақтарын жарыққа шығарды. «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» пьесалары республикалық және облыстық театрлар сахнасында қойылды. «Тау жолы» (1981), «Ақ аруана» (2001), «Жиырмасыншы ғасыр» роман, повестері орыс тілінде, «Ақ аруана» (2007) француз тілінде жарық көрді. 1998 жылы мемлекеттік «Санат» баспасынан қазақ тілінде, ал 2003 жылы Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде «Жиырмасыншы ғасыр» романы жарық көрді. 2002 жылы «Советский писатель» баспасынан таңдамалы шығармаларының бір томдығы жарыққа шықты. «Дауыл», «Ертең бюро» атты драмалары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Атырау, Жезқазған, Семей, Тараз, Бішкек қалалары сахналарында қойылды.

            Қаламгер 1999 жылы Елбасы жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.  «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері. 2000 жылы Ресейдің Шолохов атындағы Халықаралық сыйлығының иегері; 2007 жылы Қырғыз Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері; 2012 жылы Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының  иегері  атанды. Еліміздің жоғарғы мемлекеттік марапаты «Парасат» орденімен марапатталған. 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалін иеленген. М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі.

            Оның қаламгерлік қуатын анық танытқан туындысы – «Ақ аруана» хикаясы. Кезінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов: «Досановтың «Аруана» хиқаясында түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің туған мекенін, балажандылығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезімін толғандырып, кейде көзіңе жас алғандай халге келтіреді. Кейбір сипатында жақсы ақындар дәрежесіне көтерілген автор қазақ тілінің қайдағы бір тәтті балын тамызады», –  деп ақжарма пікір айтады. Оның поэтикалық палитрасы көркем прозада публицистикалық қуат пен романтикалық рең арасында құбылғанмен, шығарманың өн бойындағы сезім мен сенім адам жанын баурап, өмірдің өзіндей болып көрініп, қарапайым сөзбен көңіліңе сәуле түсіреді. Жазушының қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың күрделі тағдыры бейнеленген «Екінші өмір» романын әдебиетіміздің танымал шығармалары қатарына қоюға болады. Бұл роман орыс тілінде Мәскеуден басылып шықты.

            Көркемсөз шеберінің  «ХХ ғасыр» трилогиясына қазақ халқының өткен ғасырдағы өмірі мен тағдыр-талайы арқау болған. Трилогия «Қылбырау», «Ұйық», «Тұйық» атты кітаптардан тұрады. Алғашқы романында патшалық Ресейдің отары болған қазақ халқының тағдыры, шұрайлы жерінен айрылған жайы, Алаш қозғалысының ұлтты оятқан ұлы идея болғандығы, жалпы ХХ ғасыр басында орын алған аласапыран тарихи оқиғалар көркем бейнеленген. Трилогияның келесі кітаптарында ХХ ғасырда қазақ ұлтының басынан кешкен ауыр да азапты жылдары баяндалған. Үшінші кітабы – «Тұйық» қазақты қан жылатқан 1937 жылғы зобалаңмен басталып, одан кейінгі соғыс қасіреті, тың игеру кезіндегі оқиғалар, қазақ даласының сынақ алаңына айналғаны, қазақ жерінің тұтастығы жолында күрескен қайсар тұлғалар ерлігі суреттеледі. Шығарма тарихи оқиғаларға негізделген. Онда Ә. Бөкейхан,  Е. Бекмаханов, Ж. Тәшенов, О. Сүлейменов сынды қазақ халқының біртуар азаматтары аталады. Ақыры 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі Кеңес империясының ыдырауына алып келгендігі, тәуелсіздіктің таңы атқандығы көркем суреттеледі.

            Сәбит Досанов публицистика жанрында да қарымды жазып жүрген қаламгер. Оның очерктері өмірдің өзінен алынған, кейіпкерлері өзіміз білетін, көріп жүрген заманымыздың қаһармандары. Ол бүгінгі адам, оның күрделі тағдыры, шытырман психологиялық жай-күйі жайлы баяндайды. Жазушының жаңа кітабы «Адаспаңдар, адамдар!» кесек тұлғалар өмірінен алынған, бүгінгі күннің сан қилы өзекті мәселелерін көтереді.

 

ЕЛУБАЕВ СМАҒҰЛ АБАТҰЛЫ

 

 

 

Жазушы, кинодраматург, қоғам қайраткері,   Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры,  «Қазақфильм» киностудиясының эксперттер кеңесінің тұрақты мүшесі

Смағұл Абатұлы Елубаев 1947 жылы Түркменстанда өмірге келген. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Алматыдағы 12 мектепте оқыған. 1971 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1974-1975 жылдары Мәскеудегі  екі жылдық режиссерлер мен сценаристердің жоғарғы курсын бітірген. 1976-1992 жж.  «Қазақфильм» киностудиясында редакторлық қызмет атқарған. 1992-1995 жж. «Парасат» журналын басқарды. 1995-2004 жж. арасында Прагадағы «Азаттық» радиосында журналистік қызмет атқарды. Бүгінде Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академясында кинодраматургия  пәні бойынша  сабақ береді.

Әдеби еңбектері: 1932 жыл ашаршылығы туралы, 1937 жылдағы репрессия туралы «Ақ боз үй» роман-трилогиясының авторы. Осынау романдары мен   автордың «Қиямет-қайым ғасыры» атты философиялық ойтолғаулары, таңдамалы хикаяттары 2016 жылы «Анарыс» баспасынан 2 томдық болып жарыққа шықты. «Ақ боз үй» романы Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына енген.

 «Ақ боз үй» трилогиясы жазушының басты әдеби шығармасы. Осы трилогияның бірінші кітабын, «Ақ боз үй» деген атпен жазушы коммунистік цензураның қылышынан қаны тамып тұрған 1982-1985 жылдар жазды. Бұл жылдар ашаршылық  туралы роман жазу тұрмақ ол туралы сөз айту мүмкін емес еді. Совет одағындағы 30 жылдардағы ашаршылық коммунистік партияның тарихтағы ең үлкен қылмысы еді. Қазақстанда 4 миллион қазақ, Украинада 8 миллион халық осынау жасанды ашаршылық апатынан опат болған еді. Сондықтан советтік цензура ашаршылық деген бір ауыз сөз үшін кітапты туратып тастайтын.

Смағұл Елубаев ол кезде небары 35 жаста өз ауылының басынан кешкен ашаршылық зұлматын жазғанымен, ол кітапты совет заманында шығару мүмкін болмады. Тек Совет Одағы құлағаннан кейін кітап жарық көрді. Бұл Қазақстан бастан кешкен геноцид жайлы тұңғыш роман еді. Романда бір ауылдың 1928-1932 жылдар бастан кешкен дозақ жылдары баяндалады. Ауыл ақсақалы Пахраддин мен оның жалғыз қызы Хансұлу тағдыры арқылы оқырман қазақ бастан кешкен ашаршылық зұлматы, коммунистердің қазақ шаруаларына жасаған зорлық-зомбылығымен танысады. Айналып келгенде түгел ауыл Қазақстанды тастап Ауғанстанға, Иранға  көшеді. Бірақ шекарадан өте алмай ашаршылыққа ұшырайды. «Ақ боз үй» – қазақ әдебиетіндегі ашаршылық туралы тұңғыш роман.

Трилогияның екінші кітабы «Мінәжат»  осы кейіпкерлер яғни Хансұлу мен оның жас жары Шеге бастан кешкен   сталиндік репрессия анатомиясын ашады.   «Мінәжат» – қазақ әдебиетіндегі репрессия туралы тұңғыш роман. 

Трилогияның үшінші кітабы «Жалған дүниеде» осы кейіпкердің – Хансұлудың картайған шағында оның көз алдында тілінен, дінінен айрыла бастаған  халықтың деградациялану тарихы  өтіп жатады.

«Ақ боз үй»  былтыр «Арасат мейданы» деген атпен Түркияда түрік тілінде, «Lonely yurt» деген атпен АҚШ-та Нью-Йоркте ағылшын тілінде жарық көрді.

Бұл шығармалар жайлы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Расында да, Сіздің қаламыңыздан шыққан «Ақ боз үй», «Қиямет-қайым ғасыры» тәуелсіздік болмаса шықпас еді. Енді бұл шығармаларыңыз қазақ әдебиетінен өзінің тиісті орнын алып, жоғары бағаға ие болды», – деп жазды жазушының 70 жылдығына орай жолдаған хатында.

           Сценарийін жазған  көркем фильмдері: «Қызыл отау» (1982), «Ай астындағы үй» (1983), «Өтелмеген парыз» (1983), «Сұрапыл сұржекей» (1992). Ашхабадта өткен ТМД кинофестивалінің бас жүлдесі, «Батыр Баян» (1992), «Кек» (2004), «Аңшы бала» (2012). Голливудта өткен IFFF кинофестивалінің бас жүлдесі, «Алмас қылыш» (2016), «Қазақ  хандығы» телесериалы (2016), «Оазис» (2017),  «Бала ғашық» (2018).

Смағұл Елубаев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Қазақ «Пен-клубы» сыйлығының  иегері.

 


ӘБДІРАМАН ЕРМАХАН ШАЙХЫҰЛЫ


«Аннұр сапа» баспасының бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

1966 жылы 29 қаңтарда Түркістан қаласында туған. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасында редактор, «Түркістан» газеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Түркістан қалалық әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы, «Түркістан тынысы» телеарнасының ең алғашқы директоры, «Бикеш»,  «50 де 50» газеттері мен «Той-қазына» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде және Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында дәріс берді. Әр жылдары «Дала мен қала» газеті бас редакторының орынбасары, «Айқын» газетінің тілшісі, меншікті тілшілер қосынының меңгерушісі, бас шолушы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, шығарушы редактор болып істеді.

«Түркістан» газетінде «Қисық ине», «Түркістан тынысы» телеарнасында «Сөз қамшы», «Жас Алаш» газетінде «Бір түрлі бет», «Айқап» газетінде «Қисық айна», «Дала мен қала» газетінде «Қисық қоржын», «Айқын» газетінде «Жатыпатар», «№5 жатақхана» атты беттер мен бағдарламалар һәм сатиралық қосымшалардың редакторы болды.

2007-2009 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қайта ашылған «Қымызхана» әзіл-оспақ отауының сценарийлерін жазды. Бірнеше сатиралық шығармалары әзіл-оспақ театрларында сахналанды. Қазір «Аннұр сапа» баспасының бас редакторы.

«Ауыз тие отырыңыз», «Біртүрлі кітап», «Мынауың жынды екен», «Жатыпатар», «Шылдыр шүмек», «Аққудың сыңары», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Ағынан жарылсақ...», «Әріп әлемі», «Сандалған сауал», «Қоңыр қажының күнделігі», «Атақты айтқыштар» атты кітаптардың авторы.

   Осы орайда, Ермахан Шайхыұлының «Ағынан жарылсақ...» деп аталатын жинағы үлкен тарихи жүк көтеріп тұрғанын айту керек. Кешегі Кәукен Кенжетаев бастаған қазақтың небір қабырғалы азаматы – Ермахан сұхбатының кейіпкерлері. Кәкімжан  Наурызбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабай, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Қалихан Ысқақ, Серік Қирабаев сияқты арда буын ағалар мен олардан кейінгі толқын-толқын ұлт зиялылары негізінен алғанда ел мен жұрттың, заман мен уақыттың алға тартқан әралуан мәселесін көтереді. Сұхбат алушының шеберлігі сонда, ол сұхбат берушінің жан дүниесін ашуға ұмтылады, осы мақсатпен кейіпкерін бас қатырар күрделі сұрақтарсыз, қарапайым әңгімеге тарта отырып, кешенді мәселелерді көпшілік талқысына ұсынады. Өмірлік маңызды, әрбір Алаш азаматы айналып өте алмайтын, сөз етпей кете алмайтын тақырыптарды сұхбатқа арқау етеді.

Ашық та байсалды әңгімелерден замана запыраны, қоғам қайшылығы, шындық үні тұрақты түрде қылаң беріп отырады. Бұл – журналистің діттеген мақсатына жеткені. Бос сөз, бөстекі әңгіме емес, көбісі – уақытпен тығыз үндескен тақырыптар. Әр сұхбат берушінің өмірге, өзі өмір сүріп отырған кезеңге деген көзқарасы мен таным-түсінігін көзі қарақты оқырман жазбай таниды. Таразы басына салып, ой салмақтауға таптырмайтын жинақ. Бұл – «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіптің пікірі.

Ал белгілі сaтирик Көпен Әмірбек  Ермахан Шайхыұлының «Сандалған сауал» атты жинағына жазған алғысөзінде былай дейді:

Жиылғанды шашады,

Шашылғанды жинайды.

Бұл не? Жұмбақ. Шешуі не? Құйын. Ермаханның барлық езу тартар дүниелері құйынға ұқсайды. Шашылғанды жинаған, жиналғанды шашқан.

       Бір қасық ұйытқы бір қазан сүтті ұйытып, айранға айналдыратыны рас па? Рас! Ермаханның әрбір әзіл-сықағы бір қасық ұйытқы секілді, ұйыта біледі. Көп сөзге, көбін сөзге жаны қас. Былай қарағанда айранның беті аппақ. Ішінде не бар? Көзге көрінбейді. Бірақ біз сол айранның ішінде май да бар, белок та бар, А, В, С дейсің бе – неше түрлі дәріден күшті дәрумен бар екенін білеміз бе?

       Бір қазан қою айранды күбіге құйып піскенде сары майды айырып аламыз ба? Аламыз! Ендеше, майдың да витамині майда-шүйде емес. Ақжарма әзілді айранға теңесек, күлкі – соның витамині.

Тоқ етерін айтқанда, Ермахан Шайхыұлы – күлкінің күбісі. Пісіп көріңіздер!

Сондай-ақ оның құрастыруымен «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл», Ыбырай Алтынсариннің екі томдық, Камал Смайыловтың үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Сонымен бірге «Санат», «Аннұр сапа», «Қазығұрт», «Аруна», «Алтай медия» баспаларынан жарық көрген 300-ге жуық кітаптың жауапты редакторы болды.

Бұдан бөлек, 1981-2019 жылдар аралығында аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда мыңдаған мақалалары мен публицистикалық туындылары жарияланды.

Қазір оның «Парасат», «Жақсының көзі», «Жансарай», «Сатира сардарлары» атты кітаптары баспаға дайындалу үстінде.

 Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың екі мәрте, Садықбек Адамбеков атындағы, сондай-ақ «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреаты.

Президент Алғыс хатының, сонымен бірге «Бейбітшілік әлемі», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығы», «Ел ардақтысы», «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Шона Смаханұлы», «Қадыр Мырзалиев», «Төлеген Айбергенов» атындағы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарының иегері.

 


ӘЛІМҰЛЫ АМАНХАН                

 

 

 

Ақын, публицист, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері. «Ай нұры алақанымда», «Атақоныс», «Жариям-айдай», «Кездесу», «Жанымның жапырағы» секілді көптеген жыр жинақтарының және «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық мақалалар топтамасының авторы. 

Аманхан Әлімұлы қазіргі Түркістан облысы Арыс ауданы Қожатоғай елді мекенінде 1952 жылы өмірге келген.

            1981 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін  бітірген соң республикамыздағы «Заң» газеті, «Жас алаш», «Қазақстан  пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» және Қазақ радиосында қызмет еткен. Өлеңдер мен мақалаларды мектеп жасынан жаза  бастап, кейін өзі ұнатқан мамандықты иеленіп ақын атанған жайы бар. Оған дейін ақын, яғни Аманхан Әлімұлы Алматы қаласындағы «СМУ-15»-тің құрамына кіретін «СМУ-5»-те құрылысшы болып жұмыс істеген. Кезінде  оған ақын Қадыр Мырзалиев «Аманханға құрылысшы достары қаншалықты қымбат болса, студент достары да соншалықты қымбат» деп жазуының сыры да сонда.

            Болашақ ақын алты жыл бойы оқуға түсе алмай Алматыдағы түрлі құрылыс мекемелерінде жұмыс істеген. Ол 1974 жылы, күзде ҚазМУ-дың  журналистика факультетінің дайындық бөліміне  құрылыстан жолдама алып  келеді. Бұл кезде оның артында  алты жылдық құрылыс жұмыстары мен әскери өмір тұрған болатын. Дайындық бөліміне келген кезде, оны бірден таныған сол кездегі журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев: «Біздің «вечный» абитуриентіміз келді. Енді оны оқуға қабылдамасақ ұят болады» деп ақынның журналистика факультетінің дайындық бөліміне түсуіне ықпал еткен.  

Ал енді ақындық өміріне келетін болсақ, оның ол саладағы алғашқы алымдылығын таныған ақын Аян Нысаналин, сыншы Сағат Әшімбаев, жазушы Оралхан Бөкеев, ақын Қадыр Мырзалиев болса, поэзиямыздың алыбы Әбділда Тәжібаев жас қаламгердің «Бес қоңырау» топтамасындағы:

 

Шынымен бойдан қуат кеткені ме,

Қария тұр сүйеніп кетпеніне.

Бала көзбен қарайды болашаққа,

Дана көзбен қарайды өткеніне, –

 

 деген өлең жолдарына айрықша баға беріп, «Мұндай жас ақынды құрметтеу керек» дегені бар. Сөйтіп, ақын Аманхан Әлімұлы поэзиямыздың алыптары мен корифейлерінен жылы сөз естіп өседі. Оның поэзиясын Қуандық  Шаңғытбаев, Хамит Ерғалиев секілді ақындар да ерекше бағалаған.

ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген ақын 1991 жылы  Мәскеудегі әлемде теңдесі жоқ М. Горький атындағы Әдебиет институтының жоғарғы курсына құжаттарымен қоса жолма-жол өлең аудармаларын жіберіп, оқуға түседі. Сөйтіп, ақын 1991-1994 жылдар арасында Мәскеудегі әдеби өмірін бастап, одан жан-жақты білім алып шығады.

Бүгінде Аманхан Әлімұлын қалың оқырман әдебиет сыншысы, сыршыл ақын, тамаша публицист ретінде таниды. Ақынның публицистикалық және поэтикалық шығармалары бойынша Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеті мен Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенттері диплом жұмыстарын қорғаған. 

Оның өмірлік ұстанымы әрі бағыт-бағдары – «Журналист қоғамның қозғаушы күші» және «Ақын – күрескер» принципіндегі мән-мағыналар.  

1975 жылы ақын Фариза Оңғарсынова мен жазушы Асқар Сүлейменов   сол кездегі ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті Аманхан  Әлімұлының өлеңдерін тыңдап, «Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасы бар ақын келді» деп мәлімдеген еді. Фариза Оңғарсынова сол кездегі  «Пионер» журналының 5-санына бір топ өлеңдерін жариялайды. Мәскеуде оқып жүрген кезінде ақынның өлеңдері «Наш современник» журналына жарияланып, оны Әдебиет институтындағы ұстазы, орыс поэзиясының классигі Юрий Кузнецов мақтап, Николай Старшинов қолдаған.  

Міне, содан бері қанша жыл өтсе де Аманхан Әлімұлы бүкіл өмірін қазақ журналистикасы мен әдебиетімен байланыстырып келеді. 1994 жылдан  бастап «Заң газеті» басылымында жай қызметкерден бастап, жауапты хатшы  болып істеді. Таңдап алған мамандығына адал азамат-ақын әрдайым ұлт  мүддесін бірінші орынға қояды. Аманхан Әлімұлы 2012 жылдың сәуір айында «Ақиқат» ұлттық  қоғамдық-саяси журналына Бас редактор болып келеді. Журналға   басшылыққа келген ақынның бұл саладағы қызметінің негізгі өзегі – «Ақиқат» журналын мемлекет, ұлт,  қазақ қоғамы мен құндылықтары үшін қызмет ету жолына түсірудегі игі бастамалар. Қазір де журнал сол бағыт-бағдарды ұстанған.

Бүгінде Аманхан Әлімұлы өзінің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі екенін мақтаныш етеді.         

 

ӘШІМЖАН ЖАНАРБЕК САДЫҚАНҰЛЫ

 

 

 

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы.

1976 жылы 1 сәуiрде киелі Аспантаулар өңірінде, Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш ауылында туған.

1993 жылы Жалаңаш қазақ орта мектебін бітірген.

1995-1999 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде білім алды. Тырнақалды туындылары аудандық «Хантәңірі» (бұрынғы «Коммунизм нұры»), облыстық «Жетісу» басылымдарында жарық көрген.

Қазақ ұлттық универсиетінде күндізгі бөлімде оқи жүріп, ІІ-курстан бастап, яғни 1996-1999 жылдары қалалық «Алматы ақшамы» газетiнде тiлшi болып қызмет етті.

2000 жылы републикалық қоғамдық-саяси «Қазақстан» журналында бөлiм редакторы болып аз ғана уақыт жұмыс істеді.

            Жоғары оқу орнын бітірген 2000 жылы көрнекті журналист Нұртөре Жүсіптің арнайы шақыртуымен республикалық «Жас Алаш» газетiнің әдебиет және руханият бөліміне жетекші қызметке келді. Екі жылдан кейін саясат бөліміне меңгеруші болған жас журналист талай журналистерге ұстахана болған «Жас Алашта» 2005 жылға дейін жемісті еңібек етті.

            2005-2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары қызметтерiн атқарды.

2008 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болып қызмет етеді.

Қарапайым тілшілік қызметтен бас редакторлық қызметке дейін  журналистиканың барлық сатысынан өткен еңбегі әр жылдары ресми және қоғамдық деңгейде лайықты марапатталып отырды.

2003 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң «Гран-при» иегерi.

2006 Түркiстан қаласында өткен Өмiрбай Сәуiрбаевқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының І жүлдегерi.

2007 жылғы «БТА» банкі ұйымдастырған жазба ақындардың республикалық жыр бәйгесінің бас жүлдегері.

2008 жылы «Бір өлең – бір әлем» атты халықаралық жазба ақындар жыр мүшәйрасының бас жүлдегері.

2009 жылы ҚР Үкіметінің арнайы Жарлығымен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалімен, сондай-ақ «Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Өлеңдері мен эсселері республикалық басылымдарда жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Жас қаламгерлер» кеңесiнiң төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарады.

2012 жылғы Қаламгерлер Құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.

2017 жылдан республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болды.

2017 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

2018 жылдың маусымынан бастап республикалық «Ана тілі» газетінің Бас редакторы болып еңбек етіп келеді.

«Панда жылаған жаз» атты кітаптың авторы.

 


ЖҰРТБАЙ ТҰРСЫН ҚҰДАКЕЛДІҰЛЫ

 

 

 

Жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор (2002) Жұртбай Тұрсын  Құдакелдiұлы  1951 жылғы 15 тамызда Семей  (қазiргi Шығыс Қазақстан) облысы Абай ауданының Шаған ауылында туған.

1969-1974  жылдары қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң  журналистика факультетiнде оқыды.

1974-1976 жылдары Алматы облыстық «Жетiсу» газетiнде тілші, 1976-1980 жылдары «Бiлiм және еңбек» (қазiргi «Зерде») журналының әдеби қызметкерi, редакция меңгерушiсi, 1980-1990 жылдары «Жұлдыз» журналының әдеби, сын, проза, поэзия, очерк және публицистика бөлiмдерiнiң меңгерушiсi қызметтерiн атқарды. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  М. Әуезов мұраларын зерттеу бөлiмiнiң (мұражай-үйiнiң)  аға ғылыми қызметкерi  (1990-1992), бөлiм (мұражай) меңгерушiсi (1992-1996),  ҚР ҰҒА-ның «М. Әуезов үйi» Ғылыми-мәдени орталығының директоры (1996-1998), Әдебиет және өнер институтының докторанты, аға ғылыми қызметкерi (1998-2001).

            Тұрсын Құдакелдiұлы Жұртбай  31 кітаптың және монографиялардың, сонымен қатар 1000-нан астам мақаланың авторы. Солардың ішінде: «Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1-2 кiтап, 1994; қайта басылымы, 2007,2014), «Кетбұға» (1996), «Бесiгiңдi түзе!», «Талқы» (1997), «Мухтар Омарханович Ауэзов» (түрiк, орыс тiлдерiнде, Анкара, 1997), «Күйесiң,  жүрек…сүйесiң!» (2001), «Бесігіңді аяла!» (2002), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2005), «Бұзылған бесік!..» (2010), үш томдық «Ұраным – Алаш!..» (2009-2011), «Мәңгілік аңсар» (2014), «Жолы болған жолаушы» (2014), «Біртұтас алаш идеясы» (2016), «Бейнет сусыны» (2016), «Боль моя, гордость моя – Алаш!..» (2016), «Жансар» (2018) атты деректi ғылыми-зерттеу кiтаптары қазақ ұлтының 3 мыңжылдық  рухани тарихын қамтыған тарихи көркем ой толғамдары болып табылады.

«Бейуақ» монографиясының негiзiнде кандидаттық (1992), «Бесiгiңдi түзе» зерттеу кiтабы негiзiнде докторлық (2000) диссертациялар қорғады. Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнiң 19 тiлiне, ал ғылыми еңбектерi ЮНЕСКО-ның ресми тiлдерiне аударылған.

Тұрсын Құдакелдiұлы Жұртбай қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1987-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының құқықтық комиссиясының төрағасы, 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Сыншылар мен әдебиет зерттеушiлерi Ассоциациясының  президентi, 1992-1997 жылдар аралығында М.О. Әуезов Халықаралық қайырымдылық қорының президентi мiндеттерiн атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі.

Ол 1990 жылдан бастап Абай атындағы Алматы ұлттық университетi, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң мемлекеттiк қызмет Академиясы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абайтану, Әуезовтану, жазушының шығармашылық психологиясы, Еуразия романдары, Еуразия романдарының типологиясы, халық ауыз әдебиеті – тарихи дереккөзі ретінде, әдебиеттанудың өзекті мәселелері, туындыны ғылыми талдау, сөз мәдениетi (саяси шешендiк)  бойынша арнайы курстардан дәрiс бередi.

2006, 2009, 2012, 2013, 2018 оқу жылдарында   Қытай Халық Республикасының Орталық мемлекеттік Ұлттар университетінде (Бейжің қаласы) профессор ретінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы, бүгінгі қазақ әдебиеті, Абайтану, Әуезовтану пәндері бойынша дәріс берді. Ұлттар университетінің құрметті профессоры (2012). Ол сонымен қатар, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры (2015).

   Елiмiздiң рухани-тарихи жазба мұраларын сақтау, сирек қолжазбалар мен кiтаптарды жинау, жүйелеу және кеңiнен пайдалану, қазақстандық тарихтану мен деректанудың ғылыми  базасын дамыту және кеңейту мақсатында   Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры (2001-2018), бас ғылыми қызметкер ретінде игілікті еңбек етіп келеді.

 Тұрсын Жұртбайдың ғылыми жетекшiлiгiмен 1991-2001 жылдар аралығында «М. Әуезовтiң өмiрi мен шығармашылық шежiресi» (1997, 64 б. т.), «Мұхтар Әуезов туралы естелiктер» (1997), «Әуезов әлемi» (1997), «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми-текстологиялық салыстырудан өткен басылымы (1997), М.О. Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының 1-7 томдары (1997-2001), М. Әуезовтiң «Ескермедiм, қабылдамадым…» (1998) атты ашық хаттар жинағы жарық көрдi және оның қатысуымен «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы дайындалды.

2001-2007 жылдар аралығында профессор Т. Жұртбайдың жетекшілігімен Ғылыми орталықтың ғылыми-зерттеу, ғылыми-мәдени, ғылыми-білім беру бағыттары үйлестіріле дамыды, аса көрнекті ғылым, мәдениет қайраткерлерінің мемориалдық кітапхана қорлары, кітап мұражайлары, оқу-әдістемелік «Жазу тарихы» мұражайы ашылды. Оларға 35 мыңға тарта сирек қолжазбалар мен кітаптар жинақталды. Ғалымның тікелей жетекшілігімен Сирек қолжазбалар мен кітаптардың 26 басылымы, соның ішінде «Қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы» атты 30 томдықтың 7, 11-16 томдары (2007, 2008, 2010), «Қазақ қолжазбалары (б.д.д. V ғ. – ХІХ ғғ. дейін)» атты көне түркі, көне қытай, құдам бітік, шағатай, қадыми араб, көне қыпшақ тілдеріндегі қолжазбалардың  10 томдық басылымы құрастырылып, аударылып, ғылыми түсініктемелер  жазылып, баспадан шығарылды.  

«Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжазбалары – Қазақстанның Тәуелсіздігінің рухани негізі» (2003-2005) және «Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжазбалары – Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясының рухани негізі» (2007-2009), «Мәңгілік ел» идеясы – тәуелсіз Қазақстанның ұлттық нысанасының негізі» (2010-2012), «Көне түркінің құлпытас ескерткіштері мен қазақ қолжазбаларының идеялық негізі». «Көне түркі  және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары – Қазақстан Республикасындағы Ұлттық идеяның қалыптасуының негізі» (2013-2015), «Біртұтас алаш идеясы» (2016-2018)  атты жобаға ғылыми жетекшілік етіп, түбірлі зерттеулер жүргізді. «Алаш қозғалысы – Движение Aлаш» (Сборник материалов судебных процессов над алашовцами. Документы, допросы и ответы, синхронные переводы, материалы судов, конфискованные письма. Авторское издание профессора Т.К. Журтбая. 1-3 том, 2011, 2017).

Қазақстанның рухани тәуелсіздігін нығайтуда, тарихы мен мәдениетінің тарихын түбірлі зерттеуде алдыңғы қатарда жүрген қоғамдық ғылым саласындағы  көрнекті ғалымдардың бірі ретінде Т.Қ. Жұртбайға – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген (2014).

 


ҚЫДЫР ЕРКІН САҒЫНДЫҚҰЛЫ

 

 

 

Көне қазақ өркениетінің ордасына айналған шежірелі Отырар өңірінде дүние есігін ашқан Еркін Қыдыр мектепте жүрген шағында-ақ осында әйгілі археолог Кемел Ақышев жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен достарымен бірге ұдайы танысып, ғалымдармен сұхбат құрып отыруды әдетке айналдырған еді. Сол әуесқойлық танымға, білуге құштарлық Шәуілдірдегі Ш. Қалдаяқов мектебін 1979 жылы алтын медальмен бітірген бозбаланы КазГУ-дің журналистика факультетіне алып келді. Бұған дейін оның тырнақалды мақалалары жарияланып, «Қазақстан пионері» газетінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

1984 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, 2007 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін экономика және басқару мамандығы бойынша бітірген.

Университетті үздік бітірген соң еңбек жолын 1984 жылы Шымкент қорғасын зауытында слесарь болып бастады. 1985-1990 жылдары Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет атқарды. 1990-1996 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Әйгілі Шерхан Мұртаза басқаратын елдің бас басылымы тәуелсіздік қарсаңында халқымыздың санасын сілкіндіруге, ұлттық мұраттарды ұлықтауға үлкен үлес қосты. Қалың қазақ қоныстанған өлкедегі тілші ретінде бұл іске Е. Қыдыр да қалам қарымымен атсалысты.

Е. Қыдыр 1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ директоры, 2008 жылдан 2016 жылға дейін акционерлік қоғам вице-президенті (басқарма төрағасының орынбасары) болды. Ал 2016 жылдың сәуір айында  «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Еркін Қыдыр басшылық қызметте болған кезеңде бас басылым Алматыдан Астанаға қоныс аударды, ол сондай-ақ газеттің тиражы үздіксіз өсуіне үлес қосты. Атап айтқанда, 2000 жылғы 34 мыңдық таралым 2016 жылы 210 мыңнан асып түсті. Ол осы жылдарда жаңа елордаға қоныс аударған редакция қызметкерлері үшін 2 тұрғын үй кешені, 2 жатақхана және 8 қабаттық кеңсе ғимаратының салынып, пайдалануға берілуіне тікелей атсалысты. Акционерлік қоғам әр жылды табыспен қорытындылап отырды.

2017 жылғы наурыздан бастап республикалық «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады. «Астана ақшамы» газеті 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алды, «Нұр Отан» партиясының «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, 1 миллион теңге жүлдеге ие болды.

Еркін Сағындықұлы республика ақпарат саласында атқарған жемісті қызметі нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты (1999) атанып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2010) құрметті атағына қол жеткізді. Ол сонымен қатар, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері. 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары тәртіптік кеңестің мүшесі болды. 2015 жылдан Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясының, 2016 жылдан «Нұр Отан» партиясы партиялық бақылау комитетінің мүшесі.

«Ұсақтама, Үкімет», «Отырар», «Бас басылым», «Кәусар кез» кітаптарының авторы.

1999 жылы Президент сыйлығын тапсырған сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еркін Қыдыр туралы былай деген еді: «Оның экономика және саяси тақырыптарға жазған жарияланымдар дестесі өздеріңізге жақсы таныс. Газет басшыларының бірі бола тұра таза әкімгерлікпен айналысып кетпей қолынан қаламын тастамауының өзі Еркіннің жақсы қасиеті деуіміз керек. Осылай жұмыс істей бер енді, Еркін».

Ал ұстазы, қазақ журналистикасының патриархы Шерхан Мұртаза Е. Қыдырдың «Ұсақтама, Үкімет» деген кітабына жазған алғы сөзінде «Қоғамымызда орын алып отырған әртүрлі оқиғаларды жан-жақты саралай келе автор қарапайым халық мүддесін қорғауды басты мақсат етіп алған. Еңбектерінің қайсысына болмасын көз жүгіртсеңіз, өз ұлтына деген құрмет пен сүйіспеншілік лебін аңғарасыз» деп баға берді.

Адуынды ақын Серік Ақсұңқарұлы 2018 жылы 1 тамызда Фейсбук желісінде былай пікірін білдіріпті:

«Ит мініп, ирек қамшылаған көп жазарманның бірі емес, Алаш жұртына айтары бар журналистердің бірі һәм бірегейі – бұл! Сонау Ахмет Байтұрсын, берідегі Шерхан Мұртаза, Камал Смайыл, Нұрмахан Оразбек қалыпқа салған уыздай жас ұлттық журналистиканың уытты өкілі! Кір жуып, кіндік кескен жұртына жаман жазушы болғаннан жақсы журналист болғанның мәртебесі әлдеқайда биік екенін дәлелдеп берген санаулы саңлақтарымыздың бірі – осы Еркін Қыдыр!

«Газет – Бас редактордың автопортреті!» деген сөзді осындай журналистерге қарап айтуға болады! Ол редактор болып барған газет бір-ақ күнде өзгеріп кетеді. Қуқарақан басының күйкі ойына мәз-мәйрам болмай, өзімшіл, төменшектеген провинциялық деңгейден ат кекілін үзіп шығып, ұлтының өзімен өзі сөйлесе алатын диалогына айналады! Бұлар барда, күндердің бір күні қазақ газеттері төртінші биліктің тізгінін қолына ұстап отырған ойы озық, тегеуріні де мықты Еуропа-Батыс журналистикасымен тізе қағыспай қоймайды!».

Ал белгілі қайраткер, ғалым, журналист Бауыржан Омарұлы «Түркістан» апталығында жарияланған эссесінде «Стиль демекші, кейіпкеріміз ағысқа қарсы жүзгенді тәуір көретін секілді. Бірде ол өзгелердің сан рет шарлаған ізіне түспей, мәселеге басқаша қырынан келіп, «Қызмет – қолдың кірі емес» деп тақырып қойып, мақала жазды. Еркін Қыдыр мақалаларына тақырып қана емес, форма табу жағынан да соны соқпақ салды. Еркін мақаланы жазу барысында сәтті детальдарды көбірек іздейді. Оны молынан табады да. Қаламы қарымды, қадамы қадірлі Еркін – еркін ойдың адамы», – деген еді.

 

ҚЫДЫРӘЛІ ДАРХАН ҚУАНДЫҚҰЛЫ

 


 

Халықаралық Түркі Академиясының Президенті.

Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі 1974 жылы 16 сәуірде Түлкібас ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Жастайынан білімге, тарихқа қызығып өскен ол университет қабырғасында оқып жүргеннен-ақ түркология тақырыбына ерекше ден қойды.

Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін Түркияның Мармара университетінде (1992-1996), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998), Ыстамбұл (1998-2001) университеттерінде білім алды. Эгей университетінде 1998 жылы «Мұстафа Шоқайдың өмірі, қызметі және дүниетанымы» тақырыбы бойынша диссертация қорғаған. Ал 2001 жылы Ыстамбұл университетінде «Түркістанда жәдитшілік қозғалысы және оның Түркиямен байланысы» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленді.

Д. Қыдырәлі Анадолыда білім алып жүргенде Мұстафа Шоқайдың өмірін жете зерттеп, 2001 жылы Анкара қаласында «Мұстафа Шоқай» атты кітап шығарды. Аталған туынды оқырмандар тарапынан жоғары бағаланып, Мұстафа Шоқайды тануға зор үлес қосты деп айтсақ қателеспейміз.

Ізденіске құштарлығының арқасында Д. Қыдырәлі 2001 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде аға ғылыми қызметкер болып тағайындалды. Кейіннен ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер деңгейіне дейін көтерілді. Сондай-ақ «Түркология» институтының және «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында жетекші ғылыми қызметкер ретінде еңбек етті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары ретінде қызмет етіп жүргенде көптеген мәдени шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болды. Бұған дейін көпке беймәлім таланттарды бұқара халыққа таныстыру ісіне өлшеусіз үлес қосты.

Д. Қыдырәлі бұдан бөлек Білім және ғылым министрлігінде Министрдің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған. 2009-2012 жылдар арасында Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болған. Д. Қыдырәлі – 2014 жылдан бері Халықаралық Түркі Академиясының Президенті. Оған дейін екі жыл Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

Жалпы, Д. Қыдырәлінің Мұстафа Шоқай, Түркістан идеясы, Алаш қайраткерлері, қазақ тарихы, түркі дүниесінің тұлғалары, түркология мәселелері, әдебиет тарихы және руханият тақырыптарында зерттеу жұмыстарын жүргізгені мәлім. Осы бағытта көптеген ғылыми еңбектер жазып, кітаптар шығарды. Солардың қатарында «Ұлық Түркістан», «Мұстафа» секілді еңбектерінің шоқтығы биік.

Сонымен қатар Ыстамбұл, Анкара, Париж, Каир секілді әлемнің көптеген қалаларындағы маңдайалды кітапханаларында болып, ондағы мұрағат қорлар мен ғылыми материалдарды зерттеген. Түркі халықтарынан шыққан ойшылдардың шығармалары мен өлең-жырларын қазақ тіліне аударған. Халықаралық іргелі ғылыми жобалар мен халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған. Ғылыми монографиялар мен танымдық жинақтардың авторы. Көптеген ғылыми басылымдар мен әдеби-танымдық журналдардың редакция алқаларына мүше ретінде енген. Мерзімді басылымдарда 300-ге тарта ғылыми және танымдық-публицистикалық мақалалары жарық көрген. Еңбектері Түркия, АҚШ, Голландия, Франция, Польша, Чехия, Қытай және Ресей елдерінде жарияланды.

Дархан мырзаның ғылыми атақтары жетерлік. Ол – Шыңғыс атындағы халықаралық академияның академигі, халықаралық «ПЕН» клубының мүшесі. Қазақстан жазушылар одағының Басқарма мүшелігіне сайланған. ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі. ІI сыныпты Кеңесші дипломатиялық рангі бар.

Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Түркиядағы Ыстамбұл, Мимар Синан университеттерінің профессоры. Египеттегі Каир университетінде (2006) және Вашингтондағы Халықаралық лингвистикалық институтында (2013) біліктілігін жетілдірген. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған тағылымдамалардан өткен.

Д. Қыдырәлі 2008 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Еңбектегі жетістіктері үшін Мемлекет басшысының Алғыс хатымен, «Парасат» (2018) орденімен және мерекелік медальдармен марапатталған.

2014 жылы Түркология саласындағы үздік жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлықты иеленді. Бұдан басқа, «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын (2015), «Қызыл алма» сыйлығын (2015), «Түркі тарихы және мәдениетіне қызмет» Алтын медалін (2015) алды.

Сондай-ақ Венгрияның «Офицерлік крест» орденімен (2017), «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен (2017), Әзербайжанның «Достлуг» орденімен (2018) марапатталды.

Түлкібас ауданының құрметті азаматы. 

 

 


МҰҚАЙ БАҚҚОЖА СЕЙДІНҰЛЫ (1948-2008)

           

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2000).

Көрнекті қазақ жазушысы Баққожа Сейдінұлы Мұқай 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында өмірге келген. 1971 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы Алматы облысы, Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінде бастаған. 1970-1988 жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар Одағында жемісті еңбек етті. 1990-1995 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының Бас редакторы, Бас басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 1990 жылы Алматы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырып, оның жұмысына басшылық жасады. 1995-2008 жылдары республикалық «Парасат» журналының Бас редакторы болып қызмет істеді.

            Сонау жетпісінші жылдары қазақ әдебиетіне үркердей болып келген бір шоғыр таланттылар тобының ішінде Баққожа Мұқай да бар еді. Өзінің дара шығармашылық әлеуеті мен дарыны арқылы оқырмандар жүрегіне жол тапқан қаламгер уақыт тезімен, өмір лебімен шыңдалды. Өзіндік ой-өрнегімен, сыршыл суреткерлігімен халық көңілін тап басты. Көркем проза мен драматургияның кемелденіп-көркейе түсуі үшін білім-білігін, табиғи талантын сарп ете еңбектенді. Жалпы өзіндік адамгершілік болмысындағы кішіпейілділік, уәдеге беріктік, адалдық, бауырмалдық, парасаттылық сынды қасиеттерін қашан да биік ұстайтын жазушы әдебиет атты әлемнің дәстүрлі берік қағидаларына да мейлінше адал болды. Әріптестері айтқандай, оның шығармашылығына көп қаламгерлер бара бермейтін күрмеуі көп ой иірімдері – драматизм мен психологизм тән болатын.

            Баққожа Мұқай артына 5 томдық мұра қалдырды. Ол – «Жалғыз жаяу» және «Өмірзая» атты қос роман мен «Өмір арнасы», «Жаңбыр жауып тұр», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Шығармалары орыс, түрік, қырғыз, беларус, якут, татар, башқұрт, чех, қарақалпақ, түрікмен, лак, корей тілдеріне аударылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Жазушы-драматургтың драмалық шығармалары Қазақстандағы және таяу шетелдердегі көптеген театрларда қойылған. Баққожа Мұқай 1982 жылы «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. 1995 жылы Қырғызстан Республикасының Әдебиет жөніндегі сыйлығын алған. 2000 жылы «Өмірзая» романы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Алпыс сынды асудан тұратын мерейлі мерейтойына санаулы уақыт қана қалғанда өмірден өткен көрнекті қаламгердің бөлекше бітім-болмысы оның еңбектерінде де ерекшеленіп тұратын. Қоғам мұңы, халықтың көкейіндегі сан сауалдардың күтер шешімі отаншыл, ұлтшыл азаматтың көңілінен бір сәтке де алыстамағандығы шындық. Ұлтының дәстүр-салтына, тарих-шежіресіне құрметпен қарап, оның келешек көкжиегінің кең кемелденуіне барынша мүдделі болған азаматтың өмірлік өнегесі бүгінгі ұрпаққа қастерлі. Қазақ халқының өркендеп өсуіне, жас ұрпақтың өрелі пайымдармен тыныстауына қызмет етті. Жазушының бір ғана «Өмірзая» романы – соның нақты дәлелі.

 «Өмірзая» – тұнып тұрған өмір трагедиясы. Өмірің зая кетпесін! Осынау бір ұғым төңірегінде ұлтқа, ұлт азаматтарына шамырқандырар, толғандырар өсиетті қаламгер көркем сөздің құдірет-қуатымен жеткізген. Досы, қаламдас ағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Герольд Бельгер: «Роман – ащы шындықтың куәсі, шынайы, деректі өмірдің айнасы, үлкен азаматтық, әлеуметтік, рухани, қоғами мәселелерді көтеріп, заманның дертін тап басып тұрған реалистік шығарма», – деп тап басып айтқандай оның алуан тәсілімен жүзеге асырған.

1980-1990 жылдары қазақ ұлтының өміріндегі сан алуан тіршілікті қамтыған шығармамен танысқан кеудесінде оты бар азаматтың серпіліс пен әлдебір ұмтылысқа бой ұрары заңдылық. Өйткені «Өмірзая» романы көрсоқырлықтың, имансыздық пен ибасыздықтан, қансыздық пен рухани жансыздықтан, мансапқорлық пен меңіреуліктен жиренуге, ақтық пен адамдыққа, азаматтық пен абзалдыққа жігерлене ұмтылуға жетелейді. Өмірді зая өткізудің қаншалықты машақатты екендігіне, масқаралық екендігіне шүбәсіз болмайды. Қаламгер көздеген мүдде-мұрат та осы. «Өткеніңді ұмытпа!», «Қазақ екеніңді ұмытпа!», «Құл болма!», «Серпіл!», «Ақиқатты пір тұт!», «Қоғамның дертін тек шындықпен емде!» – деп шынайы жазады автор. «Ұлттық сана мен рухтың жанышталуын ащы суреттеген автордың роман-трагедиясының ең басты мақсаты отарлық заманның зымиян зұлматын айғақтау. Бұл өз үдесінен шыққан туынды.

Демек «Өмірзая» романының қасиеті де осында». Осы бір дәл пікірді Қазақстан халық жазушысы М. Мағауин де айтқан. Жақсы сыйласатын, жақсы қарым-қатынастағы аға-інілеріне: «Шындықты айтайықшы, шындықты», – деп лебіз тастайтын Баққожа Мұқайдың шығармашылығындағы шымбайға батарлықтай шындық, шыншылдық оның жаратылысына тән болмысындағы қайсарлық пен табиғилық болатын. Баққожа Мұқайды табиғи дарыны мен табандылығы қазақ әдебиетінің биігіндегі өз тұғырына алып шықты.

Азаматтық бітім-болмысымен, айтар ойының шынайылығымен, сөзінің өткірлігімен, қуатымен суреткер өз туындысында қоғамдағы орны мен миссиясын қаншалықты жоғары деңгейде атқарғанын байқатты. Жазушы бақыты, әрине, осы құндылықтарда. Ұлттық мақсат-мүддеден, ұлттық мұраттан тысқары өмірдің бәрі – зая өмір. Саналы ғұмырында сарабдал ой-пікірлерін шебер өрнектей алған қайраткер жазушы өз өмірін зая кетірген жоқ. Көкейіндегісін бүкпей, бұлтарыс-қалтарыссыз айтып өтті. Қазақ ұлтының құндылықтары үшін күресті, қызмет етті. Қаншама адамның болашағын дұрыс байыптай алуына мұрындық болды, жігерін жаныды. Сондықтан жазушының еңбектерін қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған қомақты үлес деп таныған жөн.

Б. Мұқай «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының және Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комитетінің, қоғамдық ұйымдардың бірқатар редакциялық алқасының мүшесі болды. Б.С. Мұқай «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналында Бас редактор болып қарымды қызмет етті. «Парасат» журналы Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдызына» («Үздік республикалық журнал» аталымы бойынша) ие болды.

            Халқының тұғырлы тірлік байыптауына айрықша ықыласты болып, елін, жерін, перзенттік төл махаббатпен сүйген қайраткер жазушылардың бірегейі – Баққожа Мұқай.

 


МҰРАТБЕКОВ САЙЫН  (1936-2007)

 

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).

            Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда қазіргі Алматы облысының Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында дүниеге келген.                                                     

            1963 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген.

              Еңбек жолын 1954 жылы ауылда колхозшы болып бастаған.

             1962 жылға дейін аудандық, облыстық газеттердің әдеби қызметкері болды. 1962-1972 жылдары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры;

              1972-1977 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде сектор меңгерушісі;

            1977-1980 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы; 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы; 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының директоры; 1988-1991 жылдары Қазақстан  Жазушылар одағының екінші хатшысы болып жемісті қызметтер атқарды.

             С. Мұратбеков – қазақ прозасындағы Бейімбет салған мектепті жаңа бір көркемдік биікке көтерген хас суреткер. Оның 50-жылдардың аяғынан баспа беттерінде жариялана бастаған әңгіме, хикаяттары әдебиетімізге келген соны леп, үздік туындылар ретінде танылды. Қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналды.

            «Менің қарындасым» атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1961 жылы оқырман қолына тисе, одан бергі кезеңде: «Ауыл оты», «Көкорай», «Отау үй», «Жабайы алма», «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар», «Өліара» атты прозалық кітаптары жарық көрді. Көптеген туындылары орыс, украин, беларусь, грузин, армян, әзірбайжан, литва, араб, өзбек, татар тілдеріне аударылып, басылды.

            1991 жылы таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көрді.

            Ол көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ә. Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, Г. Толмачевтің Д. Қонаев, Н. Назарбаев туралы деректі повестерін, Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақ тіліне аударды. «Тел өскен ұл» көркем фильмінің сценарийін жазды.

            С. Мұратбековтің таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан қымбат қазыналар болып саналады. Олар болашақ талай ұрпақтың рухани азығына айналып, келер толқын оқырмандарымен бірге жасай берері сөзсіз.

            Қазақтың көрнекті жазушысы, көркемсөз өнеріне бар болмысымен адал қызмет еткен аяулы ел перзенті С. Мұратбеков өзінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалық шағы, замандастарының тағдыры, әсіресе, жастар өмірі туралы көп жазды. Жалпы, ол қаламгер ретінде жас адамның ішкі сезімін қағазға мөлдіретіп түсіруге өте шебер болатын. Оның шығармаларында артық сөз, орынсыз бейне, қажетсіз суреттеу болмайтын. Кез келген туындысы оқырманның жүрегінен орын тауып жататын.

            Сайын Мұратбековтің Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалары мол. Солардың ішінде «Күзгі бұралаң жол» және  «Жеңеше» атты әңгімелері қарама-қайшы сәттеріне қарамастан, түпкі мәндегі түбірлестігімен, түрлі оқиғалық шешімдері бар өмірлік құбылысқа қатысты автор тарапынан ауыр заман зардаптарын айыптау сарынының ортақтығымен өзара ұқсас. Екі шығармада да Мұратбеков стиліне тән нәзік лиризм бар.

            «Анамның арманы» әңгімесінде керемет мұңды өмір ақиқаты әрі сыншылдық көзқараспен, әрі нанымды, қашанда бүкпесіз ашықтыққа бастайтын «мен» формасымен өрнектелетін нәзік сезім тербелістері арқылы түйінделеді.

            «Жусан исі» әңгімесінде лирикалық интонация қаншалықты мол болса, тұрмыс тауқыметіне қатысты сынау сарыны да үстем. Өлшеусіз қасірет әкелген соғыс зұлматына лағнет айту – негізгі идеялық лейтмотив болғанымен, жекелеген әлсіз, панасыз жандардың жазықсыз жәбір-жапа көруіне себепкер ниеті бұзық адамдар да соншалық дәрежеде үнсіз айыпталады.

            Жазушының «Қысқы кеш», «Алғашқы қар», «Ескек жел», «Ұлтуған» әңгімелерінде оқиға үшінші жақтан суреттелгенмен, сюжет барысы, қаламгер идеясы мен позициясындағы жасырын әуендер сөз болған құбылыстарды жүрек жылуы, терең тебіреніспен қабылдауға мәжбүр етеді. Сайын Мұратбеков әңгімелерінің ерекшелігі – автордың құлашы мол пластикалық бейнелеуден, психологиялық амалды басым пайдалануы, әрі адам жанының ішкі иірімдеріне үңілу мақсаты нәтижесінде, объективті көркемдік-философиялық тұжырымға субъективті сана процестерінің нанымдылығы арқылы жете білуі.

            Сайын Мұратбеков – проза жанрындағы лирик, ХХ ғасырдың талантты жазушысы. Лиризм – ең басты шеберлік өлшемі емес және оны негізгі стильдік бағдарына табиғи түрде айналдырған жазушы эпикалық қарымдағы әріптестерінен бір сүйем де қалыс тұрмайды. Мәселенің екі жағы да, шығармашылық тәсіл мен дарын қуатының заңды жарасымымен шешілетіні күмән туғызбаса керек.

            С. Мұратбеков оқырман ықыласын шығармада баяндалар хикаяларға шек келтіртпес нанымдылық арқылы өзін ұнамды идеал ыңғайымен мүсінделетін кейіпкерлердің ұғым-түсінігімен бір санауы, адамгершілік игілікке нұқсан тигізе қоймайтындай кейбір арсыздау істерге кешірімділігі, ол ахуалдың эстетикалық формасы – тамаша юморы, мөлдір оптимизмі іспетті көптеген жеке тұлғалық ерекшеліктерді ұтымды аңғартып, дәлелдей білуі арқылы жаулайды.

            Сайын Мұратбеков – қазақ әдебиетіндегі орны ерекше қаламгер. Ол 1970 жылдардағы өзінің қысқа, мөлдір, мейірбан әңгімелерімен сол кездегі жазушыларға да, оқырмандарға да үлгі болды. Оның ауыл өмірінен жазған лирикалық әңгімелері, «Жабайы алма», «Көкорай» повестері қазақ әдебиетінің асыл туындылары болып, әдебиет тарихында мәңгі қалды.

            «Жабайы алма» – С. Мұратбековтің шоқтығы биік сүбелі шығармасы, осы повесі үшін  2006 жылы ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алды. Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қабырғасы қайысқан балалық шақ пен бүгінгі балалар мен үлкендердің тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсас жайттарды көзі қарақты зерделі оқырман тап басып тани қояры ақиқат. Бұл шығарма бүгінгі кезең шындығымен астарласып жатқанымен құнды.

            С. Мұратбеков басым түрде ауыл өмірі, халық санасындағы Ұлы Отан соғысы зардаптарының жаңғырығы, таза махаббат үшін күресетін жастар, тағдыр тауқыметін қайыспай көтеретін өр мінез аналар, еңбек шаттығы, қиын сезім азаптарын шарлатып келетін шын адам бақытты тәрізді ұждандық-адамгершілік мәні мол тақырыптарды философиялық-эмоционалдық пайыммен барынша қарапайым әрі көркем жазды. Нағыз талант иесіне тән қасиеттердің бірі – қарапайымдылыққа қаламгер тек өзі бейнелейтін еңбек адамдарының әлеуметтік-қоғамдық жағдайларымен емес, сол әдеттегі таныс жандарды типтік биікке шығарып, дара характер ерекшеліктерімен сипаттай алуға жететін суреткерлік қырағы назары, ой сергектігі, зерде тереңдігі, стилистік өнер, ең мәндісі – айналасын, туған жері мен қаһарман елін пәк көңілмен сүйетін таза болмысымен, осы сапарлардың бір-бірімен қанаттаса үйлесер тұтас психофизиологиялық бітім ірілігімен жетеді.

            Сайын Мұратбековтің шығармашылығы өте жоғары бағаланып, 1990 жылы «Қалың қар» повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М. Әуезов атындағы әдеби сыйлығының, 2003 жылы қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

           Сайын Мұратбеков ХІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 

 

МҰСЫРМАН КӘРІБАЙ ИМАНЖАНҰЛЫ

           

 


Алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі.: «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие.

      Кәрібай Мұсырман 1957 жылғы 28 ақпанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Дәуқара ауылында дүниеге келген. 6 жасында жергілікті сегізжылдық мектептің табалдырығынан аттап, оны 1971 жылы үздік бітірген. Содан кейін оқуын қазіргі Ш. Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылындағы № 2 қазақ орта мектебінде жалғастырған.

          Еңбек жолын 1973 жылы туған ауылында жұмысшы болып бастаған. Екі жылдай  астық қабылдау кәсіпорны мен мектепте от жағушы, кеңшардың бөлімшесінде малшы болып істеген.

       Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінен бастап шығармашылықпен айналысып, мақалалары, өлеңдері мен әңгімелері аудандық және облыстық баспасөз беттерінде жарияланып тұрған. 1975 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түскен.

         Журналистік қызметін жолдама бойынша 1981 жылы Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газеті редакциясында мәдениет бөлімінің тілшісі болып бастаған. Кейін өнеркәсіп бөлімінің тілшісі қызметіне ауыстырылған. Отбасы құрғаннан кейін қаладан ешқандай баспана берілмеуіне байланысты жас маман  1982 жылы өз қалауымен «Ленин туы» облыстық газетінің Жамбыл және Преснов аудандары бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалып, Жамбыл ауданының орталығы – Благовещенка ауылына қоныс аударған. Сонда үш жарым жылдай жемісті еңбек етіп, мақалалары мен очерктері жергілікті баспасөзбен қатар, республикалық басылымдарда да жиі жарияланып тұрған.

           Осылайша есімі елге таныла бастаған жас қаламгерді 1985 жылы бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Жанайдар Баймырзаұлы Мусин өзі басқаратын басылымның Щучье (қазіргі Бурабай) және Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал) аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне шақырып, аталған газет редакциясының Щучинск қаласындағы қызметтік пәтерін ұсынған. Осындай қамқорлықпен қанаттанып, курортты аймақтың тыныс-тіршілігін облыстық және республикалық баспасөз беттерінде жан-жақты жазып көрсеткен жас журналисті 1987 жылы «Көкшетау» облыстық газеті редакциясының алқа мүшесі, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындап, облыс орталығындағы қызметтік пәтермен қамтамасыз еткен.

          К. Мұсырман 1990-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет етіп, көкейкесті мәселелерді көтерген жарияланымдарымен ел көлемінде кеңінен танылды. Ол әсіресе әлеуметтік әділдік тақырыбында әңгіме қозғаған өткір мақалаларымен ерекше көзге түсті.

         Кәрібай Иманжанұлы 1992 жылы Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы болып тағайындалды. Бұл жауапты қызметінде оның алдына Көкшетау облыстық телевидениесін құру міндеті қойылды. Таратылған коммунистік партияның Көкшетау қалалық комитеті орналасқан ғимаратты телестудияға айналдыру жұмысы қызу жүргізіліп, республиканың басқа өңірлерінен шығармашылық және техникалық мамандар қызметке шақырылды. Сөйтіп Көкшетау облыстық телевидениесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бір жылдығы қарсаңында алғаш рет телевизиялық хабарларды тарата бастады. Аз уақыт ішінде қалыптасып үлгеріп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын жан-жақты насихаттап, Көкше өңірі телекөрермендерінің ыстық ықыласына бөленген рухани  ордаға айналды. Оның іргесін өз қолымен қаласқан алғашқы басшысы ретінде К. Мұсырман 1996 жылдың қорытындысы бойынша «Көкшетау қаласының жыл адамы» деп танылды.

          1997 жылы ел Президентінің Жарлығымен Солтүстік Қазақстан және  Көкшетау облыстарының біріктірілуіне байланысты Кәрібай Иманжанұлы өзінің журналистік қызметін бастаған Петропавл қаласына қайтадан қоныс аударып, Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясына 10 жыл бойы басшылық жасады. Осы кезең Петропавл телестудиясы үшін шығармашылық өрлеу жылдары болып, ол Қазақстан республикалық  телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының алдыңғы қатарлы бөлімшелерінің бірі атанды. «Қызылжар» теледидары 2002 жылы қыркүйек айында республика өңірлері арасында бірінші болып, Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Қажымұрат Ыбырайұлы Нағмановтың жан-жақты қолдауымен спутниктік байланыс арқылы хабар таратуға сәтті көшті. Осындай жетістіктердің арқасында 2005 жылы К. Мұсырман телерадиокорпорацияның «Алтын жаршы» төсбелгісімен марапатталды. 

      Ол 2007-2016 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Қызылжар – Ақпарат»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, бас редакторы қызметін абыроймен атқарып, «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетіне, «Қызылжар нұры» Петропавл қалалық газетіне және «Муниципиалды телеарна» телекомпаниясына басшылық жасады. Әрдайым заман талабынан қалыспауға ұмтылған жаңашыл басшының бастамасымен жасалған «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің сайты «Қазконтент» акционерлік қоғамының бағалауынша, еліміздегі қазақтілді өңірлік басылымдардың арасында үздік деп танылған.

      К. Мұсырман – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, бесінші шақырылымдағы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы ретінде қазақ еліне, әсіресе Қызылжар өңірінің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген тұлға. Ол Солтүстік Қазақстан облысында ана тіліміздің өрісін кеңейтуге, ата салт-дәстүрлерімізді қайтадан жаңғыртуға аянбай атсалысты. Сондай-ақ Тайынша қаласы мен Новоишимка ауылындағы үш ауысымда оқытатын қазақ орта мектептеріне жаңа ғимараттар салу, өзі облыстық мәслихат депутаты болып сайланған Шал ақын ауданының жолдарын жөндеу мәселелерін оңынан шешуге ұйытқы болды.

          «Нұр Отан» партиясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, сайлаушыларды толғандыратын өзекті мәселелердің атқарушы билік органдары тарапынан тиісті шешімдерін табуына белсене атсалысып келеді. Жұмыспен қамту және көші-қонға қатысты заң жобалары бойынша құрылған жұмыс топтарына жетекшілік жасап, әсіресе атажұртқа оралған ағайындардың кейбір проблемаларын оңынан шешуге ықпал етті. Мәселен, олардың бір бөлігінің Қазақстан азаматтығын алу үшін қажетті құжаттарды бір жыл ішінде рәсімдеп үлгермеуіне байланысты  «Оралман» мәртебесін үш айға ұзарту жөніндегі өтініштері заң жүзінде орындалды. «Елдің шетінде, желдің өтінде...» кітабының авторы.

    Кәрібай Иманжанұлы Мұсырман Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, мерекелік медальдарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталған.

                                                            

 

САЛҒАРАҰЛЫ ҚОЙШЫҒАРА

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996).

Қазақтың белгілі жазушысы Қойшығара Салғараұлы 1939 жылы 1 сәуірде қазіргі   Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Көкалат ауылында дүниеге келген. Баймағамбетұлы Салғара екінші Дүниежүзілік соғыстан ауыр жараланып, елге оралғаннан кейін қайтыс болған соң, шешесі Бірсұлу Конақбайқызы Баймағамбет келінінің тербиесінде өскен.

            1957 жылы онжылдық мектепті бітіргеннен кейін сол кездегі мектеп бітірген қазақ жастарын ауыл шаруашылығына жіберу саясатына орай ол туған ауылында екі жыл қой бағады. Мақтаулы шопан атанып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталады.

            1959 жылы ол отарын өзге шопанға өткізіп, Алматыға оқуға келеді. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, оны 1964 жылы бітіреді. Ол соңғы курста оқи жүріп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Телерадио хабарларын тарату жөнінде мемлекеттік комитеттің «Ауыл өмірі» редакциясында редактор болып кызмет істейді. Оқуын бітіргеннен кейін осы Комитеттің Қостанай облысы бойынша бес жыл меншікті тілшісі болады, кейін жаңадан Торғай облысы ашылғанда ол сол облыстың Телерадио комитетінің бас редакторы қызметіне шақырылады.

            Қ. Салғараұлы 1975 жылы Алматыға келіп, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне орналасып, онда тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ол журналистиканың барлық жанрында бірден қалам тербеген республикаға белгілі әмбебап журналист атанды. Оның қаламынан туған очерктер мен фельетондар, проблемалық мақалалар үнемі оқушы назарын өзіне аударып, қызықтырып отырды. Екінші дүниежүзілік соғыстың батырына арналған «Естай Есжанов», еңбек ерлеріне арналған «Жаныңда жүр жақсы жан» атты очерктер соның айғағындай жеке-жеке кітап болып жарық көрді.

Ол 1993 жылы ҚР Ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына қызмет ауыстырып, осында «Абайдың тарихи танымы және оның әдеби кездері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

1994 жылы жазушы Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңеске қызметке шақырылып, осында кеңесші, Кеңес хатшысының орынбасары, хатшы қызметтерін атқарады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен 1997 жылы Қ. Салғараұлы Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінде Елшінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып, сонымен қатар Қытайдың мемлекеттік мұрағатынан қазақ халқының тарихына қатысты материалдар жинайды. «100 құжат», «138 құжат», «Таным тармақтары», «Қытай деректері: атаулар мен терминдер (анықтамалық)» және басқа кітаптар жазылды.

            1999 жылдан ол Ел Ордасы Астанада тұрады. Алғашқы жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің кеңесшісі  болса, қазір 2001 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығы Деректану  зертханасының жетекшісі қызметін аткарады. Оның «Түрік әлемі» және «Байырғы түрік бойы», «Ұлы Қағанат» атты монографиялары, «Ертеңі бар ел боламыз десек...» және «Елдік негіздері» деген зерттеулері мен 100-ден астам ғылыми зерттеу мақалалары жарық көрді

Салғараұлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Оның қаламынан туған «Ілгешек» атты сатиралық өлеңдер  жинағы, «Соқпақ жолға бастайды», «Сол бір күндер», «Тағдырлар тоғысы» атты повестері мен әңгімелері, «Алтын ғасыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Қазақ қазақ болғанға дейінгі, қазақ болғаннан кейін» атты роман-эсселері оқушының жылы ықыласына бөленген шығармалар. 1996 жылы «Қазақтар» атты роман-эссесі үшін оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

«Қазақтар» – қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған  шығармалар ішінде роман-эссе жанрында жазылған тұңғыш көркем шығарылымымен өрнектелсе, екіншіден, қазақ Хандығының тарихын тұлғалар арқылы көрсеткен қазақ тарихындағы алғашқы туынды. Бұған дейінгі енбектер кейіпкерсіз бірыңғай саяси-әлеуметтік  оқиғалардың: соғыстардың, төңкерістердің, бесжылдықтардың және т. б. тарихы болатын. Тарихтың басты кейіпкері – адам. Адамсыз жерде тарих жоқ. Тарих жеке адам арқылы танылуы, жазылуы қажет. «Қазақтар» осы қажеттілікті етуге жол көрсеткен тарихи көркем шығарма.

Қ. Салғараұлы екі рет КСРО медалімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына және Астананың 10 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері» атағының иегері.

 

САНДЫБАЙ АЯҒАН ӨТЕНҰЛЫ

 

 

 

Қазыналы Қостанай өңірінде 1950 жылы дүние есігін ашқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Аяған Сандыбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1981 жылғы түлектерінің бірегейі болып табылады.

Аяған Өтенұлының шығармашылығы ғана емес, өмір жолы да өзгеге өнеге боларлық. Қарапайым құрылысшыдан басталып, ішкі саясат бөлімі, баспасөз істері жөніндегі агенттікте жалғасқан, Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) бас редакторлығы (1982-1991), ҚР Президент Аппараты және Министрлер Кабинетінің жауапты қызметі (1991-1993), Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары (1993-1994) лауазымдары сеніп тапсырылған, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің (1997-2003, 2005-2013), «Қазақстан» ұлттық телерадиокомпаниясының басшылығындағы (1995-1997)  абыройлы еңбек жолы да елге, жастарға үлгі етерлік өнегелі жол. Сондай-ақ ол «Қазмұнайгаздың» (2004-2005) қоғаммен байланыс департаментін басқарып, бизнесте де өз қолтаңбасын қалдырды. Қаламгер кейінгі кезеңде Орталық коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары, «Астана ақшамы» газетінің (2013-2016) бас редакторы лауазымында жемісті жұмыс істеді. Қазіргі таңда Аяған Сандыбай – жүзжылдық тарихы бар жалпыұлттық саяси-қоғамдық «Мысль» журналының бас редакторы. 

Аякең бірнеше кітаптың авторы ретінде де оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп үлгерген қаламгер. Міне, соның бірі Астанадағы «Фолиант» баспасынан 2004 жылы жарық көрген «Чем порадовать сердце…» («Жүректі қайтіп жұбатам») деген орыс тіліндегі көсемсөздері жинақталған кітабы. Бұл кітап заманымыздың көкейкесті проблемаларына, яғни тіл мен діл, ұлттық мәдениет, баспасөз түйткілдері, экономика мәселелеріне арналған. Осы орайда публицистің бүгіндері қазақ қоғамында әзірге шешімі толық табылмай тұрған проблемалардың бірі – тіл мәселесіне арналған

Аяған Өтенұлы еліміздің аумағына ғана емес, алыс-жақын шет елдерге тарайтын «Известия», «Московский комсомолец», «Комсомольская правда» сынды басылымдардың, «Казахстанская правда», «Экспресс К» газеттерінің бетінде жарияланған көсемсөздері, талдау-зерттеу мақалалары, сұхбаттарымен тәуелсіз мемлекетіміздегі жағдайды жұртқа шынайы жеткізіп, ұлттық ақпараттық кеңістігіміздің салиқалы сөз сарбазы ретінде танылды.

Қаламгер ұлттық баспасөздің бет-бейнесін көрсетумен қатар, дүниежүзілік деңгейдегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге үн қосып, түрлі тақырыптарға қалам сілтеді: елдегі қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық ахуал, ғылым-білім, мемлекеттік тілдің жайы, Отырар кітапханасы, жаһандану, мамандар мәселесі, мәдениет пен спорт, журналистер мәдениеті, сөз бостандығы, жарнама, демографиялық жағдай, балалардың болашағы, діни бірлестіктер, Нобель сыйлығы т.с.с. мәселелер журналист назарынан тыс қалмады. Аяған Сандыбай аталған мәселелерді ел шеңберінде ғана сөз етпей, көршілес мемлекеттердегі, сондай-ақ Ресей, Германия, АҚШ-тағы т.с.с. хал-ахуалмен салыстыра отырып талдайды. Сол арқылы қарымды журналист дүниетанымы кең, ұлттық ақпараттық кеңістігімізде өзіндік орны бар білгір қаламгер, ұлтжанды азамат ретінде танылды.

Қалай болғанда да, «тілі басқа, тілегі – бір, түрі басқа, жүрегі – бір» жүздеген ұлт мекендеген еліміздің негізгі қарым-қатынас тілі орыс тілі болып қалып отырғаны ақиқат. Бұл ретте Аякең өз ойын былайша қысқа тұжырымдайды:

Екі тілді еркін меңгергенімен, шығармаларын орыс тілінде жазатын журналист бауырларымыз осындай ақпараттық ахуал жағдайында өзіндік бір «мәдени көпір» рөлін атқарып келе жатқанын атап өтуіміз керек.  Бұдан 5-6 жыл бұрын бір басылым бетінде бұрқ ете қалған айтыста орыстілді қаламгерлерімізге «мәңгүрт» деген «атақ» тағылған болатын. Осынау түйткілді мәселе төңірегінде басқалармен қатар мен де өз ойымды кәсіби ортада мәлімдеген болатынмын. Бүгін де қайталап айтамын: олар, кейбір керауыздар айтқандай, «іштен шыққан шұбар жылан» емес, қайта ұлттық ақпараттық кеңістігіміздің сайыпқыран сақшылары, тіліміз бен діліміздің туын жоғары көтеріп келе жатқан салиқалы сөз сарбаздары. Аякеңнің осынау жүрекжарды пікірін Қазақстан журналистика академиясы секілді танымал қоғамдық ұйымның мүшелері де бірауыздан қуаттап, қолдаған.

А. Сандыбай журналистика саласын дамытуға ықпал ететін көптеген жобаларға, журналистердің төл мерекесін белгілеуге, БАҚ саласында Президенттік сыйлықтың тағайындалуына, Қазақ ақпараттық агенттігінің қайта жандануына бастамашы болды. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында жабылып қалған «Қоғаммен байланыс» мамандығы республика Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкері Аяған Өтенұлының қолға алуынан кейін қайта жалғасын тауып, содан бері университетіміз пиар-менеджерлер даярлауды жүзеге асырып келеді. Публицист  өзі де ортақ істен қалыс қалыспай, әріптестерімен бірлесіп «Брендке барар жол», «Жарнама. Жұртшылықпен байланыс. Брендинг» атты оқу құралдарын өмірге әкелді. «Ел брендингі» атты құралы  «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді. Мыңдаған балалар ғана емес олардың ата-аналары да Аяған Сандыбайды «Қазақстан» телеарнасынан жиі көрсетілетін көпсериялы «Ғажапстанға саяхат» мультфильмінің бас редакторы, бірнеше деректі телефильмдер авторы ретінде де жақсы таниды. Ертеңнің көкжиегіне барлай көз жүгірткенде, нағыз азаматтың ақиқатпен суарылған күллі болмысы ұлттық мүддеге қызмет етіп, ұрпақ қамын күйттеуімен көңіл қошын үстемелей түсері сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің абыройлы түлектерінің бірі Аяған Сандыбай қара шаңырақпен жиі байланысып тұрады. Ол жуырда ғана  ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының студенттерімен жүздесіп, баспасөз қызметтерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы тақырыбына қызғылықты дәріс оқыды.

 

СЕРІКҚАЛИ ЗЕЙНОЛЛА (1938-2004)

 

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2002).

            Қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы, публицист, жазушы, баспагер. Зейнолла Серікқали 1938 жылы 10 ақпанда Атырау облысы Құрманғазы ауданының Нұржау ауылында дүниеге келген. 1960 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген.

            Абай атындағы Қазақ педогогикалық институтының аспирантурасында білімін жалғастырған З. Серікқали академик Қажым Жұмалиевтің жетешілік етуімен 1968 жылы «Қазіргі қазақ тарихи романының кейбір мәселелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

            З. Серікқали алғашқы шығармашылық еңбек жолын студент кезінде «Пионер» журналынан бастайды. 1960-1965 жылдары «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, сын және көркемөнер мен ғылым бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшы. 1968-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы сын секциясының меңгерушісі, 1970-1975 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1975-1979 жылдары «Қазақстан» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарды. Осы алуандас мәдени-баспагерлік қызметтер атқара жүріп, бұл жылдары әдеби сын және баспасөздегі әдебиет, көркемөнер мәселелері бойынша 1980 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде арнаулы курстан дәріс жүргізді.

            Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға байланысты, 1980-1987 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері жұмысына ауысып, одақтық, орталық (Мәскеу, Орынбор) мұрағаттар қорларынан жазушы мұрасын жинастыру, жариялау ізденісіне белсене араласқан. Мұнан кейін байырғы баспагерлік жұмысына қайта шақырылып, 1987-1991 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакторы, 1991-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті (Жоғары Кеңес) редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының Бас редакторы болды.

            Ол сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі (X, XI съездерде сайланған), Сын кеңесінің төрағасы, Жазушылар Одағының Халықаралық Қауымдастығы Тексеру комиссиясының мүшесі (Мәскеу, 1992 жылдан), Қазақстан Үкіметі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның (комитеттің) мүшесі  (1992 жылдан); Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және Ұлттық Ғылым академиясының гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша сарапшысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті диссертациялық кеңесінің (журналистика мамандығы бойынша) мүшесі, Мемлекеттік Терминология комиссиясының мүшесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жәрдемдесу Қоғамдастығы Басқармасының мүшесі сияқты түрлі қоғамдық жұмыстар атқарды.

            З. Серікқали 1994 жылы  «Дүниетану даналығы» кітабы үшін Қазақстан Жазушылар Одағы Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. Автордың бұл еңбегінде бағзы заманнан бүгінгі дәуірге дейінгі өнер сұлулығы, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері  жүйелі зерттеліп, әлем әдебиеті мен бейнелеу өнерінің дүниежүзілік таңдаулы мәдени қазыналарды байыту үлгілері, ізденіс жолдары өзара сабақтас қарастырылады. Эстетикалық, ізгілік, имандылық тәрбиесі тақырыбындағы тың деректермен толықтырлыған  «Дүниетану даналағы» кітабы 1994 жылы Білім және ғылым министрлігінің арнаулы бағдарламасына енгізіліп, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, филология, журналистика, өнер факультеттері студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылады.

            Жазушы З. Серікқали Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1988), «Еңбек ардагері» медалімен (1991), Тәуелсіздіктің он жылдығы медалімен марапатталған. 1997 жылы Шыңғыстау өңірі Абай ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры (2002), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

            З. Серікқали әдеби сынға алпысыншы жылдардың басында «Өзгеге ұқсамайтын, тек өзіне ғана ұқсайтын әдемі ажармен, өзінше бір нұсқалы таным-пайыммен келді» (З. Қабдолов).

            Сондай-ақ жазушының жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарияланған. Ол Р. Ролланның  «14 шілде», А. Штейннің «Толас», Н. Мирошниченко мен Э. Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын  (Қызылорда, Семей, Торғай, Жамбыл облыстық драма театрларының сахнасында қойылған), В.Г. Короленконың және бірқатар венгр әңгімелерін тәржімалаған. З. Серікқали көп томдық  «Өнердің ықшам тарихын» (Б.И. Ривкин «Антик өнері» (1988), «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін (2000) қазақ тіліне аударушылардың бірі.

            Теориялық даярлығы мен эстетикалық талғамы жоғары сыншы көркемдік құндылығы жоғары шығармаларға пікір айтуға, соның жетістігі мен кемшілігі жайлы ортаға ой салуға, сөйтіп халықтың да, автордың да эстетикалық мәдениетін көтеруге көп көңіл бөлді. Ондай шығарманы талдаса да оның көркемдік табиғатын тануға, кейіпкердің тағдырына, ішкі жан дүниесіне үңілуге, олардың қандай бейнелеу құралдары арқылы жүзеге асырылғанына нақты мысалдар арқылы теориялық талдау деңгейінде зерттегені, жарық көрген шығармалары толық дәлелдейді.        

            «Ойлар, толғаныстар» еңбегі (1967) қазақ әдебиетінің мәселелеріне айналды. Әдеби сын зерттеуді арқау еткен «Жылдар сазы» (1971), «Бәрін білсем» суретті кітапша (1972), ғылыми және көркемдік таным ерекшеліктері қарастырылған «Ақыл таразысы» (1976), «Ақ жол» сын кітабы (1990), «Дүниетану даналығы» (1994), әдеби сыншылдық көзқарастары, толғаныстар мен эсселерінің топтамасы «Тағдыр және біз» (1996), таңдамалы «Сын кітабы» (1997), «Алтын жамбы» (2001), «Жандауа» (2004) кітаптары жарық көрді.

            Автордың  «Жылдар сазы» еңбегінде туған әдебиетіміздің кемшілік-жетістіктері, бағыт-бағдары, қазақ прозасының қазіргі мәселелері, жазушы мәдениеті, іздену жолдары, характер проблемасы, көркем-эстетикалық үлгілер өзара салыстыра зерттелген.

            Ғылыми топшылауы, логикалық ой-қисыны, пікір-түйінімен ерекшеленген филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Серікқали  «Ақыл таразысы» кітабында қазақ әдебиетінің эстетикалық-тәрбиелік мәні, рухани бауырластық, психологиялық  шыншылдық, тереңдік, суреткерлік, шеберлік тәрізді қазіргі көкейтесті  тақырыптарды кеңінен қарастырады. Аталған кітапта автор шын суреткерді «бір қалыптан шыққандай өз табы, өз заманының ортақ ұлы ғана емес, ол қайталанбас дара тұлғасымен, шеберлігімен, ерекше қатынас көзқарасымен өзі жасаған сом суретке өз қолтанбасын қалдыра алатын адам» ретінде тануға шақырады.

            2002 жылы З. Серікқали «Алтын жамбы» атты жинақ пен эссе кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

 

 

СӘРСЕНБАЙ ҚАЛИ ҚОШҚАРҰЛЫ

 

 

 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерiнiң иегерi, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі,  «Нұр Отан» партиясы XV және  XVI съездерінің делегаты, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезінің қатысушысы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Алматы ақшамы» газетiнiң Бас редакторы.

            1959 жылы 22 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. 1976 жылы орта мектептi бiтiрiп, осы жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетiне оқуға түсiп, оны 1981 жылы журналист мамандығы бойынша бiтiрiп шықты. 

Еңбек жолын «Лениншiл жас» газетiнде (қазiргi «Жас Алаш») корректор болып бастап, осы басылымда 1987 жылға дейiн тiлшi, аға тiлшi болып iстедi. 1987-1988 жылға дейiн «Өркен – Горизонт» газетiнде жауапты хатшы, 1988 жылдан «Жетiсу» газетiнде жауапты хатшының орынбасары болды. 1990-1995 жылдар аралығында «Егемен Қазақстанда» тiлшi, аға тiлшi, бөлiм бастығы қызметiн атқарды. 1995-1997 жылдары «Парасат» журналы Бас редакторының орынбасары. 1997-2005 жылға дейiн «Жас Алаш» газетi Бас редакторының бiрiншi орынбасары болып еңбек еттi.

2005 жылдың 23 ақпанынан бастап «Алматы ақшамы» газетiнiң Бас редакторы.

 «Өнер-өмiр», «Сендердi сағынғанда», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Абыз-аңыз»,  «Шер-шындық», «Имаш»  атты кiтаптардың авторы. Екi ұл, екi қызы бар. Жұбайы Таңсұлу Мирманова халықаралық «Түркiстан» газетiнде қызмет iстейдi.

Еңбек жолын баспахананың қара жұмысынан бастап, еліміздің беделді басылымдарында басшылық қызметте болған Қали Сәрсенбай ең алдымен қаламы ұшқыр, өткір журналист ретінде танылды. Ол көбіне өнер, мәдениет, руханият саласында қалам тербеп, осы саладағы көптеген қордаланып қалған мәселелердің шешімін табуына зор ықпал еткен қаламгер. Бұл ретте оның еңбегін халқымыздың аса танымал тұлғалары аса жоғары бағалады.

Мәселен, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әли «Қали не нәрсені жазса да, біліп жазады. Біліп жазу үшін алдымен Құдай беретін жазғыштық қасиетті айтпағанда, білімпаздық, ізденімпаздық және керек. Бұл критерийлер болмаса, әлгі қасиетті ұстап тұру бекершілік. Осы орайда мен Қалидың эстеттік әлеміне баса назар аударған болар едім. Күнделікті шығып жатқан газетте ағымдық мәселелерге ілесіп отыруы, ой ұшқырлығын танытуы өз алдына, оның терең толғаныстарға құрылған дүниелері маған әлдеқайда қымбат көрінеді» десе, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбай «...Мұндай терең тіркестер Қалида мейлінше көп. Осылардың қай-қайсысы да әлемдік нақылдар хрестоматиясына еркін ене алатындай деңгейде» дейді.

Қали Сәрсенбай журналистикамен қоса, әдебиетте де олжа салып жүрген азамат. «Сеньор Саттаров» (хикаят), «Сегізінші жұт», «Павороттидің сәлемі», «Тек», «Кешігіп жүретін кісі», «Белгісіз суретші», «Сендерді сағынғанда», т.б. әңгімелері әр кезде оқырмандардан жылы бағасын алды. Белгілі қаламгер Мәлік Отарбаевтың аударуымен «Жұмбақ жолаушы» атты әңгімесі түрік тілінде жарық көрді.

Қали Сәрсенбай Алматы қалалық мәслихатының 5-ші, 6-шы шақырылымына Алатау ауданынан депутат болып сайланып, қайраткерлігімен де танылып жүрген тұлға. Қала әкімдігінде, мәслихатта көптеген комиссиялардың, әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі. Алматы қалалық мәслихатының жергілікті өзін-өзі басқару, заңдылық комиссиясы төрағасының орынбасары. Ол республикалық мінберлерде, телеарналарда, радиода, жалпы БАҚ-тарда түрлі өзекті тақырыптардағы сұхбаттарға жиі қатысып, өз ой-пікірін батыл білдіріп отырады.

Оның қызметіне мемлекетшілдік, ұлтжандылық, елжандылық тән. Осыған орай тұлғалар өміріне қатысты «Алматы ақшамы» бетінде ашқан «Тұлғатану» айдары бүгінде ғылыми айналымға еніп кетті десе де болады.

Қали Сәрсенбайдың идеясымен тұңғыш рет «Алматыны басқарғандар» және «Градоначальники Алматы» атты кітаптар жарық көрді. «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен басылым қызметкерлерінің кітаптары да оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, Алматы шаһарының 1000 жылдығы туралы сең бұзылмай жатқан тұста «Алматы ақшамының» маңдайшасына «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп жаздыруы да оның туған тарихқа деген адалдығының бір қыры. Танымал қаламгер, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіптің жазғанындай, бұл қоғамда рухани ерлік іспетті қабылданды.

Бүгінде оның қамқорлығымен республикалық басылымдарда, билікте басшылық қызметтерге жоғарылап, қалам қуатымен танылған бірқатар жастар өсіп шықты. Олар өзін «Қалидың қайрағынан шыққанбыз» деп мақтан етеді.       

 

СМАЙЫЛ СРАЙЫЛ  МАҚАТҰЛЫ

 

 

       

Бала күнгі арманы орындалғанда, ол бәлкім ел-жұртына танымал спортшы атанар ма еді, кім білсін. Бұлай деуге негіз де жоқ емес. Срайыл Смайыл – аяқдоптың нағыз шебері. Студенттер арасында Лейпцигте (Германия) өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері, ардагер футболшылар арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, Алматы қаласының бірнеше дүркін чемпионы. Шаңғышы-журналистер арасында  жыл сайын өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғап жүр.

Дейтұрғанмен, оның жұлдызы өзі де, өзгелер де күтпеген мүлдем басқа салада жанды. Оған дейін ауылда қарапайым жұмысшы боп істеп, әскерде екі жылдық борышын өтеді. Спорт және дене шынықтыру институтына түсем деген үміті ақталмай, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжатын тапсырды. Қызығы да, қиындығы да қатар жүретін  мамандықты меңгерді. Студент кезінде-ақ, араб әрпімен шығатын халықаралық «Біздің Отан» («Шалқар») газетінің тілшісі атанды. Осы басылымда жүріп, төте жазуды үйренушілерге арнап шығарған оқулық-әліпбиі жас маманды жаңа қырынан көрсетті.

Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты Срайыл Смайылдың есімі қазақ баспасөзіне етене таныс. Ол «Түркістан», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Қазақ ақпараттық агенттігінде» экономиканы терең талдайтын кәсіби шолушы ретінде көрінді. «Отты аймақтарға» (Косово, Македония) барып, ұрыс аймағынан, босқындар лагерінен репортаж жасады. Мұнай мен газ тақырыбына маманданып, отандық және әлемдік саясаткерлер, экономистер және танымал сарапшылармен сұхбат жүргізді. Америка, Африка, Еуропа және Азияның көптеген елдерінде журналистік сапармен болып, жолжазба очерктерін жариялады.

«Қазақстанның үздік редакторы» атағының алдымен оған берілуі де бекер емес.  «Журналист», «Құн», «Қазақстан Барысы», «ARDA» сияқты газет-журналдарды басқарды. Қазір республикалық «Жас қазақ» газетінің  Бас редакторы. Қазақ баспасөзіне жаңа леп әкелді. Бұл әріптестері берген баға. Осы газетте әсіресе, журналистік зерттеу, очерк, шолу, фоторепортаж жанрлары  жанданып, материалды тың әрі тосын формамен беру сәтті тәжірибеге айналды. Соның нәтижесінде дизайн мен безендіру басылымның ажарын ашып, тартымды ете түсті.

Мерзімді баспасөз бен телевизияны қатар алып жүру – қиын шаруа. Екі саланың  ерекшелігін, күрделі шығармашылық үрдісін білетін маман ғана бұл істі еңсереді. Срайыл, міне, 20 жылдан бері журналистиканың осы екі сүрлеуінде. Мемлекетаралық «Мир» телеарнасының Бас редакторы болып жүргенде жаңалықтар қазақ тілінде эфирге шықты. «Who Wants to Be a Millionaire?» («Миллион кімге бұйырады?») бағдарламасы қазақша нұсқасының тұңғыш продюсері әрі редакторы. Ол «Осы бағдарлама жастар арасында қазақтың мақал-мәтелдері, қанатты сөздері, ауыз әдебиеті мен тарихын білуге деген ынта- ықыласты оятты»  деп еске алады. «КТК» телеарнасында жарық көрген ақпараттық-сараптамалық, репортаж және журналистік зерттеу бағдарламаларында да кейіпкеріміздің қолтаңбасы бар. Бірқатар деректі фильм түсірді. Соның ішінде АҚШ-та түсірген «Америкадағы мұсылмандар» атты фильм – шоқтығы биік туынды. Ол бүгінде «КТК» арнасында да Бас редактор. Көрермен қазақша бағдарламарды қашанда асыға күтеді. «Көмекке зәру жанның мәселесі журналистердің араласуымен шешіліп жатқанын көргенде, біздің мамандықтың қадірлі екеніне көз жеткізесің», –  дейді ол.

Оған әлемдік ақпарат айдынына алғашқылардың бірі болып шығу бақыты бұйырды. Сонау 90-жылдардың басында түріктің «Turkiye» газетінің тілшісі атанды. Содан кейін 10 жыл бойы  Түркияның мемлекеттік «Anadolu» ақпарат агенттігінің Қазақстан мен Қырғызстан бойынша меншікті тілшісі болды. Бұл кезеңді өзі  медиада халықаралық стандартпен жұмыс істеуді меңгеруіне мүмкіндік  берген мектеп деп есептейді. Қазір «TRT AVAZ» телеарнасында қазақ күресінен өтетін жарыстар тікелей эфирде түрік тілінде репортаж жасайды.

Ол әдебиетке де ден қойды. Ататүрік туралы елімізде шыққан алғашқы кітапты жазды. Бұған қоса тәжірибелі аудармашы. Әзиз Несиннің сатиралық әңгімелерін, Ахмет Жәудат Пашаның пайғамбар туралы хикаясын, Қызырбек Ғайратулланың «Алтайдағы қанды күндер» повесін түрік тілінен, шотланд жазушысы Арчибальд Крониннің «Вероналық мырзалар» атты әңгімесін ағылшын тілінен, Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында жарияланған мақалаларын аударды.

Ұлттық баспасөзді ұлықтап, кең құлаш жаюына сүбелі үлес қосып жүрген бесаспап журналист Срайыл Смайыл жетістік сыры университетте алған білімі мен үздіксіз ізденісте дейді. Шәкірттерін де соған шақырады.

 

 


ЫСҚАҚ ҚАЛИХАН


 

        

 

         Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1992).

         Қазақтың көрнекті жазушысы,  драматург Ы. Қалихан 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген.

         1957 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемкино жанындағы режиссерлер мен сценаристер даярлайтын жоғары курсты бітірген. «Лениншіл жас»,  «Қазақ әдебиеті», «Халық конгресі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби бөлімнің меңгерушісі болған. Прозашы, журналист, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы, Ғ. Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты.

           «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Күреңке» т.б. повестер жинағы, «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» романдары, «Жарық дүние» пьесалар жинағы жарық көрген. «Ақсу – жер жаннаты» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.

            Осы романдағы жазушы бейнесі шығарманың публицистік шеберлік тұрғысынан көрінеді. Ол Алтайдың қат-қабат қазынасының түр-түсіндей күрделілікті, адамдардың мінез-құлқындағы кесек қырлар мен қайталанбас сырларды қаз-қалпы қопарып әкеліп, шығарма жүзіне қондыра салған. Әдетте бір әншінің таңдайына ән ұялаған деп жатамыз, ал Қалекеңнің таңдайына емес, көмейіне сөз ұялаған, демек, өзі туған табиғаттың ажарын айнытпай беретін көркем сөз ұялаған.

            Жазушы шығармашылығында күрделі-күрделі өзгеге ұқсамайтын үш қасиеті бар. Біріншісі, көркем сөз шеберлігі. Оның өңі де бөлек, өлкесі де бөлек, өресі де бөлек құбылыс. Екіншісі, осы тұрғыдан туындап жатқан халық мұңы мен шерінің, шаттығы мен шенінің қарапайым қағытпа сөзбен жазған жыры. Үшіншісі, сөз өңіріндегі жанды бітімнің тек қана оқулығы емес, көзге қанық, өзіңмен күнделікті құшақтасып жүрген кейіпкердей әсер еткізуі. Осы үш бірдей қасиет Қ. Ысқақтың қарабайыр көп сөзінен сілкініп жатқан қарағайдай құбылыстың қағидасы демеске хақымыз жоқ.

             «Ақсу – жер жаннаты» романында: «Соңғы он шақты жылын түзде өткізген Бекет өмірі шешесін есіне алып көрмеген екен. Бір ұқсастық тапса не қылсын. Тоқ отырып тозып, тойып отырып озып, таңдап отырып таусылған, барлықтан ғана қажыған анасы көз алдына келгенде, еш пендеге міндеті жоқ, жұртты жүзімен де жылытатын мынау екі мұңлықтың алдына қарадай қысылып, еш болмаса бір мұңын бөліп-жарғысы келіп еді, бірақ өз пейілінен бір жақсылықтың өнетініне сенімі жетпеді», – деп жазады автор кейіпкері туралы.

             «Ақсу – жер жаннатынан» бір мысал: «Маңдайында қара-құрасы да жоқ, қара шаңырақтан енші бұйырмаған отау үйдей шошайып жетім отыратын Қоңқай да көрінді. Алтайдың бір пұшпағынан кесіп алып, алақандай жазыққа әкеліп қондыра салғандай іргесі де жап-жалаңаш».

             Қ. Ысқақ жасаған кейіпкер табиғат пен адамның, немесе әр қилы жаратылыс иелерінің икемді нұсқалары мен адамның арасындағы жарасымдылықты үнемі жарып шығып отыратын күй кешеді. Жазушы жазған шығармалардың қай-қайсысын шолсаң да, көз алдымызда бүкіл Алтай өңірі өзінің ғажайып тұтас тұлғасымен, ішкі табиғатымен тұра қалады. Теңіз суының дәмін тамшысынан-ақ білуге болады дегендей, шығарманың қастер тұтар қадір-қасиеті әрбір сөйлем, сөздерінен-ақ көрінеді.       

             Тағы бір айтарымыз, жазушы тілінің уыттылығы сарказмның тек өзіне тән бірегей нұсқасын жасағандығы айқын. Сондықтан да сөз жүйесіндегі, тіл өрнегіндегі уытты мысқылды ерекше атаған жөн. Кейіпкерлер бойындағы бүкіл жетістік пен жетімсіздік қабаттасып, сол адам жан дүниесі айқара ашылады. Мешел, Ситан мен Бекетті бір-бірімен шатастыра алмаймыз. Мысалы, біз «Ақсу – жер жаннатындағы» Сиғатты алатын болсақ, өте күрделі бейне. Оны «Ақсу – жер жаннаты» сияқты үлкен романның күре тамырындай күй кештіретін тұлға етіп көрсетеді. Оның үстіне ол тым сүйкімсіз де емес, тіршіліктің жықпыл-жықпылына сүрініп құлап, қайта тұрып, қайта өмірдің өзекті ағысында бір батып, бір шығып жүрсе де, еліне сыйлы кесек жан екендігіне кәміл сеніп және елді ел ететін осындай тұлғалардың болмысы барлығына ырза болып көңілің олқы түспей толығып отырады. Әрине, автор айтқандай, бүкіл бір ауыл Мұрат галлереясы болмағанмен, ондағы әрбір бейнелердің өзі өзектесіп оқырман жанын жаулап алып жатқандығын айтсақ та жетіп жатыр. Мұндай сатиралық мысқыл-уыттың, кей сәттерде күрделеніп күлкі ошағына айналып отыратындығы жазушының шыңдалған шеберлігі екендігінде сөз жоқ. Жалпы, Қ. Ысқақ көп толғанып, түйткіл ойды іркіп қалған жері болған емес. Осыған орай айта кетер тағы бір жай, біздің қазақ әдебиетінде «Ақсу – жер жаннаты» романының Мемлекеттік сыйлық алуында да заңдылық бардай. Сондықтан да болар жазушының бүкіл шығармаларындағы тіл шеберлігі қара өлең жырдай төгіліп, өрнектеле өріліп жатады.

             Қ. Ысқақтың жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрлардың репертуарларына енді. Солардың басты-бастылары: «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Мазар», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», т.б.

             Бүкілодақтық экранға шыққан бірнеше толықметражды фильмдердің («Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы») сценарийін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық таңдамалылары 1997 жылы оқырман қолына тиді.

             Аударма саласында Л.Н. Толстойдың, А.П. Чеховтың, И.С. Тургеневтің, А.И. Куриннің, И.А. Буниннің шығармаларын, Нобель сыйлығының лауреаты болған жеті драматургтің пьесаларын қазақ тіліне тәржімалады.

             Қ. Ысқақ «Көбе астындағы көк ине», «Егемен Қазақстан» (1998), «Игла под ногтями», «Караван» (1998), «Асылдың сынығы болмасақ та», «Халық конгресі», «Семей таңы» (1996), «Кейінгі ұрпақ келешекке кепіл бола ма?», «Парасат» (1995), «Ұлттық идеологияның негізін қалайтын зиялы қауым», «Дала мен қала» (2005) атты ғылыми-талдамалық мақалалар жазған.

             Кемелі келген жазушы күні бүгін де шабыт бесігінде тербеліп, жаңа туындылар жазу үстінде.

 

ЫСМАҒҰЛОВ ЖҰМАҒАЛИ (1928-2011) 


 

 

 

Қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағы  – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің айтулы түлектерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, талантты журналист, көсемсөз шебері, аудармашы, әдебиеттанушы-ғалым, педагог, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов 1928 жылы 17 сәуірде Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылында туған.

1942 жылы орта мектептің 8 класын бітіргеннен кейін, Қостанайдағы оқытушылар институтының дайындық курсына түсіп, сол жылдың күзінде физика-математика факультетінің 1-курсына студент болып қабылданды. Алайда, соғыс уақытының қиын жағдайында оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмай, еңбекке араласады. Еңбек жолын Әулиекөлдегі аудандық газетте бастаған ол 1946-1951 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқиды.

Профессор Ж. Ысмағұловтың жазушылық жолы журналистикадан басталды. Қостанай облысының Әулиекөл аудандық «Сталин жолы» газетінің баспаханасында 15 жасында  әріп теруші болып еңбек жолын бастаған жас өреннің талант қыры осы редакцияда  істеген кезде танылды, алғашқы тырнақалды мақалалары мен суреттемелерін, шағын әңгімелерін осы газет бетіне жариялап, жастығына қарамастан аудандық газеттің жауапты хатшысына дейін көтерлді. Ал қаламгердің елімізге белгілі жазушы-аудармашы болып танылуына Қазақ мемлекеттік университетінің үшінші курс студенті болып жүріп «Қазақстан коммунисі» сияқты беделді республикалық журналда бөлім меңгерушісі, соңынан жауапты хатшы болып қызмет етуі үлкен ықпал етті.

1953-1954 жылдары  қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Үгітші блокноты» атты шағын журналдың жауапты редакторы болып қызмет етуі жас журналистің аудармашылық талантын тіпті  шыңдай түсті. Қазақстан компартиясы екі съезінің, Алматы облыстық партия конференциясының жұмысына, басқа да осындай ірі жиындарға ілеспе аудармашы болып қатысып, тәжірибе жинады. 1954 жылы күзде Қазақстан Жазушылар одағының ІІІ съезінде ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің драматургия жөнінде жасайтын баяндамасының орысша нұсқасын осы тілде оқу Жұмағали Ысмағұловқа сеніп тапсырылады. Аудармашы тарапынан кеткен кейбір қателерді жөндеп, съезде ұлы жазушының өз сөзінің бабымен бар мазмұнын жатық тілде жеткізе білген жас талантты М. Әуезов үзіліс кезінде шақырып алып, барша жұрт алдында ризашылығын білдіреді.

Жұмағали Ысмағұлов өзінің аудармашылық қызметінде  баспасөз-ақпараттық, деректі, қоғамдық-саяси (публицистикалық), ғылыми және философиялық мәтіндерді тәржімалаумен танылып, көркем аударма тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әлемдік қоғамдық даму тарихында өзіндік орны бар марксизм-ленинизм классиктерінің көп томдық шығармалар жинақтарын қазақ тіліне аударушылардың бірі болды. Орыс және әлем әдебиеті классиктерінің, әсіресе Стендальдың «Қызыл мен қара», Бальзактың «Үзілген үміттер», Ю. Бондаревтің «Жағалау», «Таңдау» романдарын ана тілімізде жасаған тәржімалары әдеби және оқырман қауымның жоғары бағасын алды.

Қаламгердің көркем аударма саласындағы соңғы сүбелі еңбегі – дүние жүзінің көптеген тілдеріне тәржімаланып, сан мыңдаған оқырманын таба алған белгілі бразиялық жазушы Пауло Коэлоның «Заһир» романын 2005 жылы қазақ тіліне аударуы. Дүние жүзінің 83 еліне 8 миллионнан астам таралыммен шыққан бұл кітаптың қазақша аудармасы елді елең еткізді. Қаламы жүйрік аудармашы Жұмағали Ысмағұлов кітаптың жолма-жол жасалған орысша нұсқасын әдеби тілмен қысқа уақыт аралығында қазақшаға аударып берді. Екі нұсқаны салыстырған кезде аудармашының шығармашылық тәжірибесінің биік деңгейі, шеберлік қырлары айқын байқалады.

Жұмағали Ысмағұловтың әдебиеттанушы-ғалым ретіндегі тұлғасының қалыптасуына оның Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқыған жылдары игі ықпал етті. Одаққа белгілі оқу орнында ол атақты әдебиеттанушы-ғалымдардан тәлім алып, үлкен ғылыми мектептен өтті, осы академияда «Қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкер проблемасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Отыз жылдай облыстық, республикалық газеттерде, ҚазТАГ-та басшылық қызметтер атқарып, ғылымнан қол үзіп қалды. 1987 жылы екі облыстық газет беттерінде және «Ұйғыр авази» газетінде желтоқсан оқиғасына байланысты сурет жарияланғаны үшін жазықсыз айыпталып, ҚазТАГ директоры қызметінен босатылғаннан кейін біржолата ғылыми жұмыспен айналысты. Осы сын сағатта бірге өскен айнымас достар көмегі көп тиді. Сол жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болған Ш. Елеукенов қызметке алса, артынан институт басшылығына келген С. Қирабаев қаламгердің Абай мұрасын зерттеуіне себепкер болып, үлкен қамқорлық жасады. Осылайша ол көп жыл үзілістен кейін ғылымға қайта оралды. Қалам қайраты мен табиғи талантының арқасында ұлттық әдебиеттану ғылымында өзіндік із қалдырды. «Абай поэзиясындағы өмір шындығын бейнелеудің реалистік принциптері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, ұлы Абай шығармашылығы туралы көптеген тың еңбектер жазды. «Абай: ақындық тағылымы», «Абай: даналық дәрістері» атты монографиялары – Абайтанудағы жемісті еңбегінің айқын айғағы.

Алаш қайраткерлері А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың ақталу ісіне белсене араласып, олардың баға жетпес мұраларын алғашқылардың бірі болып айналысты, екі ақын шығармашылығы туралы он томдық «Қазақ әдебиеті» тарихының 6-томында портреттік тараулар жариялады. Міржақып Дулатұлының 2002 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген бес томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазды.

Профессор  Жұмағали Ысмағұлов Абай мұрасын зерттеп жариялау ісінде көп  еңбек сіңірді. 1990 жылы ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында институттың сол кездегі директоры С. Қирабаевтың бастамасымен Абай шығармашылығын арнайы зерттейтін бөлім ашылып, оның жұмысына белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар тартылды. Ғылыми топтың бірлескен жұмысы оң нәтижесін беріп, Абай шығармаларының академиялық екі томдық толық жинағының жаңа басылымы дайындалды.  Мәтіндік, жүйелеу, сараптау сияқты күрделі ғылыми жұмыстардың барлығына профессор Жұмағали Ысмағұлов бастан-аяқ қатысып, жаңа басылымның жауапты редакторы болды. 1995 жылы жарық көрген Абай шығармаларының бұл екі томдық жинағы Абайтану тарихындағы үлкен жетістік болды. 1996 жылы Абайдың шығармашылық мұрасын жариялап зерттеудегі еңбектері үшін Жұмағали Ысмағұлов ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Ғалым Абайтану саласында жемісті еңбек етті. Профессор Жұмағали Ысмағұловтың басшылығымен 2009 жылы Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан тұңғыш жинағының факсимиле түріндегі және кириллица әрпіндегі екінші басылымы арада жүз жылдан кейін қайта басылып шықты, 2007 жылы Абайдың қара сөздері ақынның соңғы екі томдық жинағы негізінде дайындалып, әр жылдары жарық көрген басылымдарға  берілген түсініктер, ақын қара сөздерінің тақырыптық мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері туралы Ж. Ысмағұловтың зерттеу мақаласы жарияланды. 2011 жылы шыққан «Алтын ғасырдың ақ таңы» атты зерттеулер жинағында да ғалым Абай тұлғасына қайта оралып, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі ұлы ақын дәстүрі туралы ой тұжырымдады.

           


 

Ақмарал Қайназарова


 

Ақмарал Қайназарова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф, Бхаратанатьям үнді классикалық биін орындаушысы, Қазақстан мен Орта Азиядағы тұнғыш және жалғыз «Үнді классикалық би орталығының»  (www.indiandance.kz) негізін қалаушысы.


Ақмарал Қайназарова Алматы қаласында дүниеге келді. Ол алты жасынан бастап Үндістанға және оның көне мәдениетіне қызығушылық танытты. Алтын медалімен № 56 орта мектепті математикалық бағдармен аяқтады. Оқу жылында мәскеулік «Пионерская Зорька» және алматылық «Дружные ребята» газеттерінде жас тілші болды. 1987 жылы ҚазМУ журналистика факультетіне түсіп, 1992 жылы қызыл дипломмен бітірді. Университетте оқыған кезінде «Огни Алатау» газетімен белсенді түрде жұмыс істеді, қазақ теледидарында «Үнді киносының фанаттары» және «Сіз Үндістанды білесіз бе?» бағдарламаларын жүргізді. ҚазМу-да алғашқы үнділік «Шанти» би труппасын басқарды. 1993 жылы Үндістан Үкіметі шақыруымен ол Үнді классикалық биін кәсіби үйренуге өткен Қазақстаннан алғашқы студент болды.

 

Ақмарал Қайназарова - Калакшетра әсемдік өнері Колледжінің  түлегі (Ченнай қаласы); Мумбай Университетінің жанындағы Наланда би зерттеу Орталығының үнді өнері бойынша Дипломның иегері; Бхаратанатьям Үнді классикалық биінің Өнер Магистрі (Ченнай қаласы), Хореография Магистрі (Астана қаласы). 2011 жылы Ақмарал Ченнай қаласы, Мадрас Университетінің  санскрит факультетінің  терапиялық Йога бойынша Дипломның иегері болды. 2013 жылы Ақмарал Катхак Үнді классикалық  биін сырттай оқу бөліміне «Праяг Сангит Самити» Университетіне түсті (Аллахабад, Үндістан).

Ақмарал өз өнерін көптеген шет мемлекеттерінде, сондай-ақ Қазақстанда  көрсетті. Ол мына би жобаларының авторы: «Мәдениеттер диалогы-біртұтас әлем» (2006), «Үнді классикалық биінің әдеби негізі» (2007), Мұхтар  Әуезовтың «Үндістан туралы очерктері» Үнді классикалық би орталығының би бейнелерінде (2009). Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына арналған мерекелік концерт (2011); Мәдениет жылына арналған мерекелік концерт (2012); зияткерлік жоба  “Гуру-Шишья” (Ұстазбен - Түлек) (2014); Үнді классикалық би орталығыны 10 жыл толуына арналған мерекелік концерт (2016), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарованың творчестволық шығармашылығының 20 жылдығына және «Жаңадан бастауышыларға арналған Бхаратанатьям Үнді классикалық биі» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде төрт бөліктен тұратын алғашқы оқу бейне материалының шығуына арналған мерекелік концерт (2018).

Ақмарал АҚШ-та, Голивудта орындаушының өнер түрлері бойынша өткен Жетінші  Чемпионаттағы «Этникалық би» номинациясында Алтын медаль иегері және 2003 жылғы Әлем чемпионы. 2004 жылы Ақмарал Қазақстаннан  ЮНЕСКО жанындағы Париждегі Халықаралық Би Кеңесінің бірінші мүшесі болып қабылданды.

Ақмаралдың есімі бірінші және бірден бір жалғыз Бхаратанатьям биін орындаушысы ретінде Алматы-2000 Алтын кітабына, Қазақстан рекордтар кітабы 2002, 2003-2005, 2006-2007, ЛИМКА 2006 Үндістан  рекордтар кітабына, КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабы 2008-2011, 2010-2013, Қазақстан Республикасында 2011 жыл «Кімнің кім Екені» атты энциклопедиясына енді. Ақмарал Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай шыққан Қазақстан рекордтар кітабы – 2016 мерейтоилық шығарылымының иегері.

2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігі  Ақмарал Қайназарованы Мәдениет Қайраткері құрмет белгісімен  және медалімен марапаттады.

Үндістанның Қазақстандағы Елшілігінің ұсынысы бойынша Ақмарал Қайназарова Үндістаннан келген құрметті қонақтардың алдында  Бхаратанатьям Үнді классикалық биімен, Үндістанның Премьер-Министрі Жоғарғы Мәртебелі Атал Бихари Ваджпаи мырза (маусым 2002ж, Алматы) және  Орталықтан өз студенттерімен Үндістанның Вице-президенті Жоғарғы Мәртебелі  Мохаммад Хамид Ансари мырза алдында (сәуір 2008ж, Астана)  өнер көрсету құрметіне ие болды.

Қазақстанда тұнғыш құрылған  Қазақ және Үнді классикалық би Симбиозы  «Қазақ – Үнді ырғақтарының үндестігіне» авторлық куәлігі  бар.

Ақмарал Нью – Делидегі  Мәдени Байланыстар Жөніндегі Кеңестің (ICCR) Бхаратанатьям кәсіби орындаушыларының құрамына қабылданды.

2009 жылдан 2014 жыл арасында  Үндістанда  концерттер топтамасын өткізді. Сонымен қатар Ченнай қаласының Музыкалық Академиясында жеке өнер көрсетті, Нью-Делиде өткен Қазақстанның Мәдениет күндері, Төртінші Халықаралық музыка және би атты фестивалінде (ICCR) және т.б.

2015 жылдың 21 маусымынан бастап Ақмарал өз өнерін студенттерімен бірге Халықаралық Йога күні ресми мерекесін жылда  Қазақстанда және шетелде ұсынады.
 

2015 жылдың 8-ші шілдесінде Ақмарал Қайназарова  Бхаратанатьям Үнді класикалық биімен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен, Қазақстанға ресми іс сапармен келген Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Моди мырзаларға үлкен құрметпен өз өнерін көрсетті.

 

Ақмарал Қайназарова Орталықтың студенттерімен, 2015 жылдың караша  айында   Польша  мемлекетінің «Таланттар калейдоскопы» атты Халықаралық  байқауда өнер көрсетті. Бірауыздан қазылар алқасының шешімімен Гран при кубогы «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығына» табыс  етілді. Төрт  бірінші орынға  екі санатты категориясындағы  Бхаратанатьям Үнді классикалық би және  заманауи стилінде Болливуд  би орындағаны үшін  табысталды.

2015 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында өзінің 23 жыл хореорафия өңіріндегі жемісті жұмысы және Қазақстан мен Үндістан арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президетінің қолы қойылған  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен  марапатталды.

 

2016 жылдың қазан айында «Алматы-Қазақстан, Үнді  классикалық би орталығы» «Fiestalonia-Milenio» атты Испанияда негізделген  Халықаралық  байқауда өз өнерін көрсетті. Байқау  Тбилиси қаласының Мэрінің , CID UNESCO, Британ Интернационалдық Халықаралық Фестивальдар Федерациясы қолдауымен өтті. Халықаралық әділ  қазылар алқасы шешімімен 10-12 жас аралығындағы категориясында 2-ші жүлделі орынның Диплом иегері болды. Соло категориясында  1-ші  орын Диплом иегері болып Ақмарал Қайназарова марапатталды. 

2016 жылдың 27 қарашасында «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығының» директоры Ақмарал Kaйназарова  ана мен баланы қорғау бағдарламасын іске асыратын  және әйелдердің  қайырымдылық іс-мәртебесі мен әлеуметтік рөлін биіктету үшін қайырымдылық іс-шаралар бағдарламасын  жүзеге асыру үшін зор үлесін қосқан  үшін  «Мама»  Халықаралық  қоғамдық  қайырымдылық  қауымдастығынан  алтын дипломымен марапатталды.  Фонд төрағасы - Ресейдің Халық әртісі Ринат Ибрагимов мырза.
 

«Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығы» Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына, Бхаратанатьям Үнді классикалық биі және Қазақ халық билерімен Қазақстан мен Үндістанда  бірқатар концерттік бағдарламаларын Ченнай қаласында, «Калакшетра» әсемдік өнер Колледжінде Бхаратанатьям Үнді классикалық би өнерінің ең үздік керемет институтында, Нью Дели қаласындағы, Мәдени Байланыстар Жөніндегі Кеңестің (ICCR) концерт залында, «Дели Карнатака Сангха»  залында өткізді.

2017 жылдың қыркүйегінде Ақмарал Сан-Франциско, Лос-Анджелес және Калифорния  штатында АҚШ-тың Силикон алқабындағы қалаларында бірнеше концерттер мен дәріс-демонстрациялар өткізді.
 
 «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығының»  бастамасы бойынша Қазақстанда,  Үндістаннан SPIC MACAY зияткерлік және білім беру бағдарламасының  жаңа тарауы басталды. 
 
Ақмарал қазақстандықтардың  рухани дүниесін, Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, үнді классикалық биі өнерінің  Қазақстанда және Орта Азияда дамуына үлкен үлесін қосады.