Негізгі бет / Жетістік тарихы / Лауреаттар / Шығыстанушылар Шығыстанушылар

                   

ИСАҒАЛИЕВ АРМАН ҚАЙРАТҰЛЫ


 

«Ата көрген оқ жонар» деген қазақ халқының даналығы бар емес пе. Қазақстанның көрнекті дипломаты, егеменді еліміздің Сыртқы істер министрлігі негізін қалаушыларының бірі, бүгінгі күні құрметті ардагер Қайрат Исағалиевтің ұлы – Арман Қайратұлы Исағалиев әкесінің ісін жалғастырып, біраз жыл дипломатия саласында қажырлы қызмет жасауда.

Арман Қайратұлы балалық шағынан араб әлеміне деген қызығушылығы ерекше болды. Соны байқаған әкесі оны Алматыда араб тілін оқытатын бірден-бір арнайы мектепке оқуға берді. Алты жасынан бастап бұл көне де қиын шығыс тілін оқып үйренген Арман Қайратұлы мектеп бітірісімен 1989 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне түсті. Еліміздің алдыңғы қатарлы арабтанушылары Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі, Бағдат Құлтайұлы Әміреев, Гүлнар Ермұратқызы Нәдірованың қолынан дәріс алды. Білімге деген таудай талабы, тіл үйренуге деген құштарлығының арқасында Арман Исағалиев факультет студенттерінің ішінен іріктеліп, ҚазҰУ атынан 1993 жылы Марокко Корольдігінің Фес қаласындағы Сиди Мұхаммед бен Абдалла университетіне екіжылдық араб тілін жетілдіру курстарына барды. Сол кездері, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары Марокко жас елімізге қолдау көрсетіп, көптеген білікті шығыстанушыларды дайындап шығаруға қомақты үлес қосты.

1994 жылы университетімізді үздік тәмамдаған түлегіміз біраз уақыт ҚазҰУ тарих факультетінің Азия және Африка тарихы кафедрасында сабақ беріп, кейін ҚР Ұлттық ғылым академиясының қарамағындағы Шығыстану институтында ғылыми қызметкер ретінде арабтану саласында білімі мен біліктілігін арттыра түсті. 1996 жылы Мысыр Араб Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық институтында дәріс алды.

Арман Қайратұлының Қазақстанда, Мароккода, Мысырда алған білімі оның дипломатия саласының баспалдақтарынан еркін көтерілуін қамтамасыз етті.

Атап айтқанда, 2000-2004 жылдары ол Қазақстан Республикасы Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы лауазымында жұмыс істеді. Мысырдағы алғашқы дипломатиялық қызмет оның үлкен тәжірибе жинап, біліктілігін арттыруына септігін тигізді.

2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінде кеңесші қызметін атқарды.

2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі лауазымында жұмыс істеп, еліміздің араб және мұсылман әлемімен ынтымақтастығын дамыту жолында қажырлы еңбек істеді.

2014 жылы ҚР Сыртқы істер министрінің шешімімен Арман Қайратұлы Қазақстанның Дубай және Солтүстік Әмірліктеріндегі  Бас консулы қызметіне тағайындалды. Әмірліктердің үлкен сауда, экономика және қаржы орталығы болып табылатын Дубаймен біздің еліміз арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарды кеңейтіп, Әмірліктерде тұратын мыңдаған қазақстандықтардың мүддесін қорғады.

2017 жылғы 16 наурызда Арман Исағалиев ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

Ең көне өркениет пен тарихтың иесі Мысыр елі – араб әлемінің саяси және мәдени орталығы, Таяу Шығыс аймағы мен Африка құрлығындағы маңызды ойыншы, экономикалық тұрғыдан Азия, Африка және Еуропаны біріктіріп отырған сауда хабы, діни тұрғыдан мұсылман әлемінде үлкен салмаққа ие ислам орталығы болып табылады. Сонымен қатар, орта ғасырда Мысыр мен Шам мемлекеттерін 18 жыл билеген даңқты бабамыз Сұлтан Бейбарыстың іздері жатқан елмен Қазақстанның қарым-қатынастары ерекше. 1993 жылдан бастап Мысырмен тығыз саяси диалог, терең экономикалық және мәдени ынтымақтастық орнатылды. Бүгінгі күні Мысыр Республикасы – Қазақстанның араб әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктесі.   

Соңғы жылдардағы күрделі саяси оқиғалардан кейін қайтадан бас көтеріп аяққа тұрған, дамудың жаңа және қарқынды бағытын ұстанған достас Мысыр еліне аймақта үлкен тәжірибеге ие, білімді де білікті, сондай-ақ энергияға толы жас буын елші, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің түлегі Исағалиев Арман Қайратұлының тағайындалуы университетіміз үшін үлкен мәртебе.


ҚЫРАУБАЕВ ЖОШЫХАН АСЫЛБЕКҰЛЫ

 

Кеңес өкіметі кезінде шығыстанушы мамандар негізінен Москва, Ленинград, Ташкент сияқты шығыстану ғылымы жақсы дамыған орталықтарда дайындалғандықтан, егемендіктің алғашқы жылдарында шығыстанушы мамандардың тапшылығы қатты сезілді. Тәуелсіздік алардан екі жыл бұрын ғана құрылған шығыстану факультеті еліміздің егемендігімен бірге дамыды десек қате айтпаған болар едік. Шығыс елдерінің тарихынан, мәдениетінен, саясатынан, экономикасынан терең хабары бар білікті шығыстанушы мамандар дайындау жас мемлекетіміз үшін аса маңызды шаруалардың бірі еді.

Еліміздің шығыс елдерімен арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауына, саяси, мәдени байланыстардың жандануына, сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамуына байланысты шығыстанушы мамандарға деген сұраныстың күшеюі осы салаға қатысты мамандарға деген сұранысты еселей түсті. Шығыстану факультетін алғашқы бітірген түлектердің иығындағы жүк өте ауыр болды, соған қарамастан олар қай жерде жүрсе де өздерінің білікті маман екендерін танытып, өз міндеттерін абыроймен атқара білді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының ҚХР Шанхай қаласындағы Бас консулы қызметін атқарып отырған мақаламыздың кейіпкері Қыраубаев Жошыхан да шығыстану факультетінің 1998 жылғы түлегі.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Жошыханның шығыс елдерінің тарихына деген қызығушылығы арман қуған талапкерді 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне алып келді.

Біздің кейіпкеріміз  алғашқы буындағы қабылданушылардың бірі болып Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің қытай тілі филологиясы мамандығын таңдады. Құрылғанына көп болмаған факультеттегі білікті мамандардың, сол салаға қатысты кітаптардың, оқулықтардың, сөздіктердің, оқу құралдарының жетіспеушілігі сияқты түрлі қиындықтарына қарамастан, Жошыхан да өзінің сабақтастарымен бірге білімге шындап ден қойды.

Оқу барысында ол А.А. Чупеков, К.Ш. Хафизова, Н.А. Алдабек, К.Қ. Қожахметов сияқты сол кездегі еліміздегі саусақпен санарлық білікті шығыстанушы мамандардан шығыс елдерінің тарихы, мәдениеті, саясаты, экономикасы, әдебиеті бойынша тұшымды да қызықты, пайдалы да маңызды дәрістер тыңдап маман болып қалыптаса бастады.

Уақыт өте келе факультет жаңа мамандармен толыға бастады. Қытай тілі бойынша  Ташкент университеті шығыстану факультетінің түлегі Нұрсайдов Мәди оқушыларға қытайдың грамматикасы мен жазуынан қызықты да тартымды дәріс бере бастады. Егемендігіміздің тағы бір айғағы ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен алыс-жақын шет елдерде тұратын қандастарымыздың ерікті түрде тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударуына мемлекеттік дәрежеде қолдау көрсету – сан мыңдаған қандастарымыздың, білікті мамандардың қоныс аударып, өз Отанына қызмет етуіне жол ашты. Ата жұрты Қазақстанның егеменді ел болып, дербес көтерген шаңырағының астында өз білімін, еңбегін халқына сіңіру мақсатында Қытай жерінен  алғашқылардың бірі болып Жақсылық Сәмитұлы, Рахым Айыпұлы, Дүкен Мәсімханұлы секілді мамандар келді. Олар сабақ барысында  қытай халқының салт-дәстүріне, мәдениетіне қатысты  мағлұматтарды жетік те қызғылықты түсіндіре білді. Бұл Жошыхан сияқты ізденімпаз студенттердің қытай тілін үйренуге деген қызығушылығын еселеп арттыра түсті.

Жошыхан университетті үздік бітірген соң  еліміздің сыртқы істер саласына жұмысқа алынды. Ол 1998-2000 жылдар аралығында Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің жетекші маманы, Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің референті, Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің атташесі сияқты қиын да жауапты қызметтерді атқара жүріп, шығыстанушы маман ретінде біліктілігін шыңдай түсті.

2000-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінде атташе және үшінші хатшы қызметін атқарған Жошыхан дипломатиялық жұмыстың қыр-сырын меңгере жүріп сыртқы істер саласының мықты маманы болып қалыптасты.

2003 жылдан Жошыханның жұмысы өзінің тікелей оқыған мамандығы Қытай елімен тікелей байланысты болды. 2003-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ҚХР Үрімші қаласындағы паспорттық-визалық қызметінің үшінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің үшінші хатшысы, Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінің вицеконсулы, Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінің бірінші хатшысы, Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған Қыраубаев Жошыхан өзінің білікті қытайтанушы маман екенін кеңінен көрсете білді.

2008 жылы Қазақстан Республикасының САР Гонконгтегі және САР Макаодағы Бас консулы қызметіне тағайындалып, абыройлы еңбек етті. Ал 2015 жылғы мамырдан бері Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында ҚР Бас консулы қызметін атқарып отырған Қыраубаев Жошыхан өзінің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің түлегі екенін мақтаныш тұтады.

Біз де өз кезегімізде еліміздің жарқын болашағы жолында  аянбай еңбек етіп жүрген Қыраубаев Жошыхан сияқты абыройлы түлектерімізбен мақтанамыз.

 


Лабенда Михал Рафал


 

Еуропалық дипломат, Египет Араб Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, гуманитарлық ғылымдар (PhD) докторы.

Михал Лабенда 1974 жылы 10 қыркүйекте Вроцлав қаласында (Польша) дүниеге келген. 1993 жылы Еленя Гура қаласында неміс тілін тереңдетіп оқытатын Стефан Жеромский атындағы жалпы білім беретін лицейді, одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетел азаматтарына арналған дайындық бөлімін үздік бітірді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жолдамасы бойынша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Польша ұлттық Білім министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама аясында 1994 жылдың 1 қыркүйегінде Михал Лабенда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті, араб бөлімінің студенті болып қабылданды. 1999 жылы Михал Лабенда ҚазҰУ-ды «Шығыстану» мамандығы бойынша үздік бітіріп, «Шығыстанушы-филолог, араб тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы-референт» біліктілігін иеленді. Филология ғылымдарының кандидаты Ақбота Кәрібайқызы Ахметбекованың ғылыми жетекшілігімен «Күрделі бағынышты сөйлемдерді араб тілінен қазақ тіліне аудару үлгілері» тақырыбында диплом жұмысын қорғады.

Михал Лабенда Варшава университетінің тіл білім институтында доктор дәрежесін алған (2006).

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіргеннен кейін Михал Лабенда дипломатиялық қызметте болып, дипломатиялық мансаптың барлық сатыларынан өтеді. 1999-2002 жылдары – Польша Сыртқы істер министрлігінің Азия, Австралия және Латын Америкасы департаменті, атташе. Өзбекстандағы Польша елшілігінің екінші хатшысы (Ташкент, 2002-2005), Польша СІМ екінші хатшысы (2006), АҚШ мемлекеттік департаментінде дипломаттар айырбастау бағдарламасы бойынша екінші хатшы (тамыз 2006 – қыркүйек 2007), 2007-2010 жылдары – Польша СІМ Шығыс департаменті директорының орынбасары.

2010 жылдың қазан айынан 2014 жылдың тамыз айына дейін Михал Лабенда Польшаның Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

2012 жылдың 31 шілдеде Польша Республикасының Елшілігі  Ашхабад қаласында өз қызметін аяқтағандықтан, 2012 жылдың тамыз айынан бастап Бакудегі Польша Республикасының Елшілігі Түрікменстанда қоса аккредитацияланған. 2013 жылдың 29 қаңтарында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың тапсырмасы бойынша мәжіліс төрағасы А. Нұрбердиева Польша Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михал Лабенда мырзадан сенім грамоталарын қабылдады.

2014 жылғы қыркүйектен 2015 жылғы сәуірге дейін – Польша СІМ Азия-Тынық мұхиты аймағы департаментінің стратегиялық кеңесшісі.

2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін Михал Лабенда – Польша Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Елші 2016 жылдың қаңтар айында берген сұхбатында «Моңғол тілін меңгергенім соншалық, моңғол тілінде жазылған нәрсені оқып, түсіне аламын», – деді. Ол туралы «Нағыз уникум, полиглот-адам, оннан астам тілді біледі және қазақ тілін жетік меңгерген. Еуропалық дипломат Бұхар жыраудың дәйексөзін ұнатады және Шәкәрім мен Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды», – деген жағымды пікірлерді де кездестіруге болады. «Мен қазақ тілін жетік меңгеру арқылы ғана, осы халықтың мәні мен жан-дүниесін түсіне аламын», – дейді Михал Лабенда. Елші Лабенда Қазақстандағы достарын жылы еске алып, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әлия Әбжанқызы Құрышжановаға алғысын білдіреді. Қазақ және поляк тілінен басқа, Елші әзірбайжан, ағылшын, араб, неміс, орыс, өзбек және француз тілдерін меңгерген.

«Неліктен мен қазақ тілін жақсы көрдім? Біріншіден, бай сөздік қоры мен сирек кездесетін фразеологизмдер үшін. Бірегей фразалар мен көптеген идиомаларға бай болғандығы үшін. Екіншіден, бұл өте ыңғайлы тіл, себебі сөздер XV-XVI ғасырлардан бері формасын жоғалтпаған. Мысалы, қазіргі таңда Бұхар жыраудың өлеңдерін еш қиналмастан оқуға болады», – деп мақұлдайды елші.

Еуропалық дипломат қазақ ақындарынан, өлеңдерінен мысал келтіргенді ұнатады.  Ол Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт болмаса да, қазақ тілін ұмытпаған. Өзін үнемі бір қалыпта ұстап тұру үшін қазақ тілі атақты және сұранысқа ие болар деген оймен ол кісі интернет желісінен қазақ тілінде жаңалықтар оқып тұрады. «Мен интернет-газеттерін және мақалалар оқып отырғанда, тіпті Facebook желісінде қазақ тілінің сондай таза болып келе жатқандығына таңқаламын.  Егер бұрынырақта орыс тілді синонимдер немесе аса дұрыс емес аудармалар қолданылған болса, ал қазіргі уақытта қазақ тілі бай да, әдемі тілге айналды. Тек қана тіл арқылы халықты шынымен де түсініп, онымен танысуға болады».

Шығыстанушы және дипломат Михал Лабенда оған азиаттық мәдениетті  үйренуге көмектескен қазақ тілінде Еуропада қарым-қатынас жасаған ұнайтындығын айтып ағынан жарылды. Ол әлемнің әр бұрышынан келген полиглот-әріптестерімен кейде сирек қолданылатын сөздерді қолданып әңгіме айтқанды жақсы көреді. Оның негізгі туындылары «Қазақ тілі» кітабынан басталатындығы кездейсоқ емес. Сонымен қатар, ол «Ислам және терроризм», «Ресейдегі Ислам», «Еуропадағы Ислам», «Ислам кезеңіндегі Ферғана аңғары» және Абдурасул Ниязовпен бірге «Самарқандағы күнделікті өмір» атты жарияланымдардың авторы. 

2018 жылдың қазан айында Михал Лабенда Египет Араб Республикасы, Судан Республикасы және Эритрея мемлекетіндегі Польша Елшісі болып бекітілді.