Негізгі бет / Жетістік тарихы / Кожамжарова Кожамжарова

 

Қожамжарова Дария Пернешқызы

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, Облыстық мәслихаттың құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы.

Дария Пернешқызы Қожамжарова 1962 жылы 22 шілдеде Жамбыл облысы, Тараз қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген. 1979 жылы №5 Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін үздікке аяқтады. 1984 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша үздік бітірді.

Алғаш еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл педагогикалық  институтында ассистент болып бастады. 1989-1990 жылдары Жамбыл педагогикалық  институтында стажер-ізденуші, 1990-1995 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік  университетінің аспиранты, 1995-2001 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Тарих» кафедрасының доценті, 2001 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Педагогика факультеті деканының орынбасары, 2001-2003 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының  меңгерушісі, 2003-2008 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық, Жаратылыстану-әлеуметтану ғылымдары, Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеттерінің деканы, 2008-2010 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Тәрбие жұмыстары және қоғаммен байланыс жөніндегі  проректоры, 2010-2013 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, 2012 жылдың қыркүйек-қараша айларында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ректорының міндетін уақытша атқарушы қызметінде болды.

2013-2018 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарды.

2018 жылдың 18 мамырында ЖОО ректорларын тағайындау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры лауазымына тағайындалды.

Дария Пернешқызы 1995 жылы «1925-1929 жылдарындағы қазақ ауылындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер» тақырыбында кандидаттық диссертация, 2010 жылы «Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әсери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас (ХІХ ғ.ІІ ж –  ХХ ғ. бас кезі)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2010 жылы профессор ғылыми дәрежесін алды. 2012 жылдан бастап ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 2017 жылдан ҚР ҰҒА академигі. 2018 жылдан ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.

Дария Пернешқызы 2008-2012 жылдары ІV шақырылған Тараз қалалық  мәслихатының, 2012-2016 жылдары V шақырылған Жамбыл облыстық  мәслихатының депутаты болды.

2016 жылдың наурыз айында Байзақ ауданы, № 11 сайлау округінен  VІ шақырылған Жамбыл облыстық  мәслихатының депутаттығына сайланды. Облыстық мәслихаттың құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы.

Дария Пернешықызы Жамбыл облысы бойынша іскер әйелдер Ассоциациясының мүшесі, «Білім және әйел»  секциясының төрайымы, Жамбыл облыстық мәслихатының марапаттау комиссиясының төрайымы,  Қазақстан әйелдері І съезінің делегаты, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының, Жамбыл облыстық және Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі.

2015-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрайымы болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мен үгіттеуге арналған Жамбыл облыстық үгіт-насихат тобының тұрақты мүшесі.

Дария Пернешқызы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарған жылдары Жамбыл облысының білімі мен ғылымының дамуына зор үлес қосты. Студент жастардың сапалы білім алуына бар күш-жігерін аямады. Ұзақ жылдар институт статусымен бакалавр мамандарын дайындап келген оқу ордасын «Университет» мәртебесіне жеткізіп, магистратура мен докторантура білім бағдараламаларын ашты. Студенттер контингентін 7 мыңға жеткізді. Оқу ордасы әлемнің 45 мемлекетімен байланыс орнатып, студенттер Еуропаның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдауға мүмкіндік алды. Университеттің техникалық базасын жасақтап, замануи үлгідегі 12 ғылыми-лабораториялық зертхана ашты. Алматы, Астана секілді қалалардан танымал ғалымдар мен академиктерді шақырып, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі аймағын зерттеу ғылыми орталығын ашты. 7 бағытта жұмыс жасаған орталық аз мерзім ішінде көптеген ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды. Ректордың бастамасымен бой көтерген «Баласағұн» музейі қаланың ең көрікті нысанына айналды. 

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты ретінде, Байзақ ауданының күрмеуі шешілмеген мәселелерін мәслихаттың сессиясында күн тәртібінде алдыңғы орынға қойды.  Аудандағы жұмыссыздық мәселесіне ерекше көңіл бөліп, жастардың табысты жұмысқа орналасуына себепші болды. Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға университетте жеңілдікпен білім алуына қолдау көрсетті. Мектеп, тұрғын-үй, жол құрылыстары жұмыстарының тұрақты орындалуын ерекше назарда ұстады.

Дария Пернешқызы бүгінде Шымкент қаласындағы еліміздің ең іргелі оқу ордасы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін басқарады. Университет QS World University Rankings агенттігінің рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің үздік 480 университеттері қатарына, Қазақстандағы үздік үштікке енді.

Университетте 95 бакалавриат, 61 магистратура және 19 докторантура білім беру бағдарламалары бойынша 20 мыңнан астам студент білім алады.

Дария Пернешқызы  3 мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен, «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  Құрмет Грамоталарымен  және Жамбыл облысы Әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Жыл патриоты – 2017» номинациясының, Жамбыл облысы әкімдігінің «Көшбасшы әйел – 2017» номинациясының иегері.

400-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалардың 10 монографияның, 20 оқу-әдістемелік  құралдың авторы.