Негізгі бет / Жаңалықтар Жаңалықтар

«Еуразия қазақтары және олардың ұлтаралық келісімді нығайтудағы үлесі» атты халықаралық конференциясы өтті

     Омбы қаласында 19-20 қазан күндері «Еуразия қазақтары және олардың ұлтаралық келісімді нығайтудағы үлесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Бұл іс-шара Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің  Археология және этнография институты Омбы филиалының негізінде өткізілді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан Күлғазира Балтабаева бастап барған қазақстандық делегацияны іс-сапары «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының демеушілігімен жүзеге асырылды.

          Бұл конференция Ресей Федерациясы және Қазақстан тарихындағы айтулы даталарға: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Омбы қаласының 300 жылдығына және Әлихан Бөкейхановтың туылғанына 150 жыл толғандығына арналды.

       Конференцияда Қазақстан және Ресей ғалымдары мынадай мәселелерді қарады:   қазақ интеллигенциясының қалыптасуындағы Омбы қаласының маңызы;    Ә.Н.Бөкейхановтың саяси және ғылыми-зерттеушілік қызметі;   Еуразия қазақтарының тарихы мен мәдениеті;  діни сенімдер мен түсініктердің қазақ мәдениетіндегі көрінісі;   археологиялық, тарихи, этнографиялық, филологиялық және мәдени зерттеулер негізіндегі қазақ мәдениеті;  қазақтардың мұражай мұрағаттарындағы тарихи-мәдени жәдігерлері; осы заманғы этникалық үдерістер; қазақ ұлттық-мәдени және қоғамдық ұйымдары: құрылу тарихы, қызметі және мемлекеттік, ғылыми, мәдени мекемелермен, қоғамдық-саяси бірлестіктермен өзара әрекеттестігі.        

         Ресей тарапынан Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің  Археология және этнография институының Омбы филиалы, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының мүшесі – «Мөлдір» Сібірдегі қазақ мәдени орталығы» Аймақтық қоғамдық ұйымы үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.

     Қазақстан тарапынан ұйымдастырушылар қатарында – Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкелік мұражайы сияқты ұйымдар бар.

 

Басылым күні: 24-қаз-16